Сейдахмет Құттықадам, «Мысль» журналының Бас редакторы: Еркіндік – аузыңа келгенді айту емес

Сейдахмет Құттықадам, «Мысль» журналының Бас редакторы: Еркіндік – аузыңа келгенді айту емес

Сейдахмет Құттықадам, «Мысль» журналының Бас редакторы: Еркіндік – аузыңа  келгенді айту емес
ашық дереккөзі
  Ол – ғылымнан журналистикаға «қоныс аударған» адам. Қаламды мықтап ұстағанға дейін жиған ілім-білімінің бәрін отандық баспасөзді ілгерілету жолына арнап келеді. Журналистикадағы қызметін «Арай-Заря» журналынан бастаған қаламгерді бүгінде оқырман қауым еліміздегі белді басылымдардың бірі – «Мысль» журналының бас редакторы ретінде таниды. Жуырда «Вызов времени», «Казахская драма», «Дао Алтая», «Служение нации» кітаптарының авторы, белгілі журналист Сейдахмет Құттықадаммен әңгімелесудің сәті түсті. Сұхбат барысында қазақ баспасөзінің бүгінгі тыныс-тіршілігі ғана емес, ақпараттық қауіпсіздік, еліміздің білім беру жүйесі, ұрпақ тәрбиесі төңірегіндегі түрлі түйткілдер қаузалды.

«Ұлттың тілін білмейтін адамға ұлттық құндылықтың қадірі жоқ»

– Журналистикаға өзге саладан келгендер көп. Бірақ химия-технология институтының түлегі мерзімді басылымның бас редакторы болыпты дегенді сізге дейін ешкімнен естімегенбіз. Техника ғылымдары кандидатының журналистикаға түбегейлі бетбұруына не түрткі болды? – Бұл расында да ерекше жағдай болды. Баспасөздегі қызметімді 1991 жылы «Арай-Заря» журналынан бастап, бірнеше басылымның бас редакторы болдым. Өмірімді жазумен байланыстыру бала күнгі арманым еді. Болашақта қалам ұстаймын деген сеніммен мектеп қабырғасында әдебиетті, тарихты көп оқыдым. Мектеп бітірген соң КазГУ-дың тарих факультетіне түскім келді. Бірақ Алматы екі аттап жете салатын жер емес, Түркістаннан айтарлықтай қашық. Оның үстіне, ол кезде еліміздің үздік оқу орнына түскісі келетін талапкерлер қатаң іріктелетін, КазГУ-дың аудиториясына тек жүзден жүйріктер тап болатын. Алматы арман болып қалған соң Қазақ химия-технология инс­ти­тутына түстім. Одақ көлемінде химияның дамуына ерекше көңіл бөліне бастаған кез болатын. Хрущевтің бастамасымен электр­лен­діру мен химияландыру өндірістегі басым бағыттардың біріне айналған уақыт. Оқуды бітірген соң өндіріске, зауыт-фабрикаларға барып жұмыс істеуім керек болды. Алайда жолым болып, Атыраудағы ғылыми-зерттеу институтына тап болдым. Сөйтіп уақытымның басым бөлігін ғылымға арнадым. Қайта құру кезеңі басталып, елең-алаң шақ орнаған 1986 жылы Желтоқсан оқиғасы орын алды. Қазақстан тарихындағы сол сындарлы оқиға туралы кең көлемді мақала жазып, «Литературная газетаға» салып жібердім. Көп ұзамай редакциядан хат келді. «Мақалаңыз ұнады, алдағы уақытта жариялауымыз мүмкін» деп жазыпты. Материалым басылған шығар деген үмітпен «Литературная газетаның» әр санын тағатсыздана тосып жүрдім, бірақ жарияланбады. 1989 жылы тағылымдамадан өту үшін Мәскеуге, МГУ-ға бардым. Оқудан қол босаған күндердің бірінде «Литературная газетаның» редакциясына бас сұқтым. Баяғы мақаланың мән-жайын сұрадым. «Одан бері көп нәрсе өзгерді, қайта жазып берсеңіз, басар едік» деді. Мақаланың негізгі ойын қалдырып, қайта жазып шықтым. Көп ұзамай газет бетінде жарық көрді. Белді басылымда жарық көрген алғашқы дүнием болғандықтан ба, әлде жариялануын ұзақ күткендіктен бе, осы мақаладан кейін бойым­да сенімділік пайда болды, жазу­ға құлшыныс артты. Кейін «Советская культура», «Дружба наро­дов», «Российская газета» басы­лым­да­рында, өзіміздің жергілікті газет-журналдарда материалдарым үзбей жарияланып жүрді. «Арай-Заря» журналына мақала тапсыруға келіп жүрген күндердің бірінде басылымның бас редакторы Көпішевті жолықтырдым. Менің жазғандарымды оқып, сырттай сүйсініп жүреді екен. Орынбасары Александр Тараков жұмыстан кетіп, орны босап қалыпты. Бас редактор сол орынды маған ұсынды. Ол кезде бас редактордың орынбасары Орталық комитет бекітуімен ғана тағайындалатын. Әшірбек Көпішев ешкімнен рұқсат сұрамай, өзінің орынбасары етіп жұмысқа қабылдады. Сөйтіп журналистикадағы қызметім басталды да кетті. Баспасөздің қыр-сырына әбден қаныққан журналистер секілді редакцияның ішкі цензурасына, жоғарғы жақтың түрлі тыйым-сыйымдарына қарамай, көңілім қалаған тақырыпты қозғап, жазғым келген мәселелерді жаза бастадым. Журнал еркін ойдың мінберіне айналып, бағыт-бағдары айтарлықтай өзгерді. Оқырманнан келетін хаттар көбейіп, кері байланыс жанданды. «Арай-Зарямен» шектелмей, еліміздің өзге газет-журналдарына да жазып тұрдым. Осылайша журналист болсам деген бала күнгі арман орындалды. Журналистикада жүргеніме биыл ширек ғасыр толып отыр. – Биыл тәуелсіздігіміздің де ширек ғасырын атап өтпекшіміз. Егемендіктің 25 жылы қазақ журналистикасына не берді? – Саяси еркіндікпен бірге баспасөз бостандығына қол жеткіздік. БАҚ-тың өрісі кеңіп, тынысы ашылғандай болды. Журналистер басылым беттерінде төл әдебиетті, ұлттық тарих пен мәдениетті жазуға ерекше құлшыныспен кірісті. Мұным әлдекімге жақпай қалмас па екен деген секемнен арылды. Қазақ журналистері қаузағысы келген тақырыпты қаузап, айтқысы келгенді еркін айта алатын дәрежеге жетті. Айтқысы келгенді айту дегеніміз – аузыңа түскенді ақтара салу емес. Этика қағидаларына, редакциялық ұстанымдарына сай әрекет етуге біздің журналистердің білім-білігі де, мәдениеті де жетеді. Алайда тәуелсіздік алғалы бері қазақтілді журналистер мен орыстілді тілшілер арасындағы қашықтық алшақтай түскен тәрізді. Қазақ тілінде жазатын әріптестерім көбіне ұлттық мәселелерді – тіл мен діл, тарих пен салт-дәстүрдің озық-тозығын қаузаса, орыстілді журналистердің қаруы – саяси һәм экономикалық сараптама, геосаяси жағдайларға шолу. Қозғайтын тақырыптары, қағатын есіктері, жұмыс істейтін ақпарат көздері екі бөлек болғандықтан екеуінің таным-таразылары да бір-біріне ұқсамайды. Екеуінің арасын жақындатуға бағытталған шаралар әзірге нәтиже берер емес. Конференциялар, брифингтерге барсаңыз, ол жерге не қазақтілділер жиналады, не бірыңғай орыстілділер жүреді. Екеуінің бір ортадан табылуы сирек жағдай. Жолыға қалған күннің өзінде шүйіркелесіп жатқандарын көрмейсің. Біздің журналистиканы ақсататыны да осы. Екеуінің байланысы жанданса, бір-бірінен үйренері көп деп ойлаймын. Орыстілділер қазақтілділерден тереңдікті, байыптылықты, ұлттық құндылықтарды құрметтеуді үйренсе, қазақша жазатын журналистер олардан сараптауды, талдауды үйрене алады. Қазақша қалам тербейтін тілшілердің ішінде экономиканы, саясатты жіктеп, жіліктеп беретіндер аз екенін мойындауға тиіспіз. Бұл бірі артық, бірі кем деген сөз емес, әрқайсысының әртүрлі салаға бейімділігін айтып тұрмын. Мұндай айырмашылық тек біздің журналистикаға емес, ақпарат айдынында екі тіл қатар қолданылатын кез келген мемлекетке тән құбылыс. Мәселен, бір жиында үндістандық, пәкістандық әріптестермен бас қостық. Үндістанда үндіс тілінде жазатындар ұлттық мүдде, мәдени мұра тақырыптарында кеңірек жазса, ағылшын тілді журналистер халықаралық қатынастар, ғылым мен технология, өндіріске жақындау екен. Меніңше, орыстілді журналистердің тарих пен мәдениетті мандытып жаза алмауы тілді жетік білмейтіндігінен. Өйткені ұлттың тілін білмейтін адамға ұлттық құндылықтардың қадірі жоқ.

«Қаламның қуаты, кәсібіміздің беделі кетті»

– Өткен аптада Елбасы нұс­қауымен ҚР Ақпарат және коммуни­кация министрлігі қайта құрыл­ды. Оның болашағынан не күтесіз? – Бұқаралық ақпарат құралдары – мемлекеттік идеологияны ілгері­ле­тетін негізгі күш. Сондықтан оны өз алдына жеке министрліктің құзыретіне беру – оң шешім. 1991-1993 жылдары Қазақстан Республикасының Баспа және бұқаралық ақпарат министрінің орын­басары болдым. Сол жыл­дары Қуаныш Сұлтановтың бас­шы­лығымен ақпарат құралдарын да­мыту жолында талай іс-ша­ра­лар атқарылды. Одан кейін саланы басқару бір министрліктің қара­мағынан екінші ведомствоға өтіп, толассыз өзгерістерден қажыған ақпарат құралдарының берекесі қаша бастаған еді. Өз министрлігіміз қайта құрылғанын естіп, қатты қуандық. Енді ведомствоға өз қазанымызда қай­наған, саламыздың қыр-сырын жетік меңгерген мамандар топтастырыла, Қазақстанның ақпарат айдыны жандана түсері кәміл. Өзімізді төртінші билік деп атауға қысылмай, құқығымыз бен міндетімізді шын сезінер едік. Бірақ жаңа министрлік цензор емес, жол көрсетуші, бағыт-бағдар нұсқаушының қызметін атқаруы тиіс. Жол көрсету деген осы екен деп, таяқ алып, былай жүр, былай жүрме дейтін басшылықтың дәуірі әлдеқашан өткен. «Таланған күшік бөрібас болмайды» дейді қазақ. Қысым көрген журналистің қаламынан еркін сөз шықпайтыны айдан анық. Еркін сөйлей алмайтын ынжық журналист елдің намысын қорғай алады дегенге өз басым сенбеймін. – Ақордада өткен кеңесте Президент журналистер алдына шығудан қашатын министрлерді сынға алды. Брифингке келіп дайын мәтінді оқып беруден әрі аспайтын, қарапайым сұраққа жауап бере алмайтын шенділерге шүйлікті. Түптеп келгенде бұған өзіміз, яғни журналистер де кінәлі сияқтымыз. Шенеуніктердің тілшілер алдына дайындықсыз келуі өзімізді сыйлата алмағандығымызды көрсетпей ме? – Жоқ, мәселе журналистердің өзін сыйлата алмағандығында емес. Билікте отырған көп шенеуніктердің өз саласын жетік білмейтіндігінде. Егер өзі жауап беретін саланы түп-тұқиянына дейін білетін болса, журналистердің алдына шығудан қашпас еді. Алдындағы қағазда жазулы тұрғаннан алабөтен бірдеңе сұрап қалса, жауап бере алмай қаламын, жұртқа күлкі боламын деп тілшілерден бұғып жүретіндер көп. Президент сөзінің жаны бар, дамыған елдердің Үкіметі халық алдына күнде шығады, үкімет мүшелерінің барлығы қоғам алдында құрдай жорғалайды. Мемлекет басшысы қазір әрбір министрлік өз саласындағы саясатты түсіндіретін ақпаратты органға айналғанын, сондықтан, қоғамнан «тығылу» істі алға бастыр­май­тынын қадап айтты. Қазіргі таңда министрлердің ең басты міндеті – қоғам сеніміне ие болу. Ол үшін ақпарат құралдарымен байланысты мықтап жолға қоюлары керек. Шенеуніктердің бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпын. Журналистермен тең дәрежеде сөйлесе алатын министрлер де бар. Мәдениеті, білім-білігі жоғары болған соң елдің алдына шығудан, тілшілермен тең диалог орнату арқылы қоғаммен үнемі байланыста болудан, атқарған ісіне ұдайы есеп беруден қашпайтын шенділерге халықтың сенімі басым екенін байқауға болады. – Соңғы уақытта мұғалімдердің мәртебесі туралы жиі жазып жүрміз. Қоғамның ұлағатты ұстаздарға деген көзқарасын түзеуге талпынып жүрген журналистер көп. Ал өз беделіміз қандай? Бүгінгі қазақ қоғамындағы журналист мәртебесі туралы ойыңызды білсек... – Журналист қауіптілігі жөнінен шах­тердан кейінгі екінші мамандық. Өйткені ол көгілдір экран арқылы айт­­қан, газет бетіне басылған, радио эфирінде оқыған әрбір сөзіне жауап беруі тиіс. Негізгі міндеті  –  жаңалықты дер кезінде тарату бол­ған­дықтан, үнемі құлағы түрік жү­­руі, өзгелерден көбірек ізденуі керек. Әр саланың ақпаратымен жұ­мыс істейтіндіктен, қоғам өмірі­нің бар саласынан хабары болуы шарт. Журналист – билік пен халық арасындағы көпір. Халықтың жағдайын билікке түсіндіреді, билік жүргізіп отырған саясатты, құзыретті ор­гандар қабылдаған қаулы-қарар­ларды халыққа түсіндіреді. Сондықтан журналистің қоғам алдындағы мәртебесі әрқашан биік болуы тиіс. Өкінішке қарай, бүгінгі БАҚ өкілдерінің беделі жоғары дей алмаймыз. Өйткені билік тарапынан қолдау аз. Мерекелерде сый-сыяпат көрсетуді журналиске қолдау көрсету деп түсініп жүргендер жетерлік. 90 жылдардың соңына дейін БАҚ өкілдерінің беделі әкім-қаралардан артық болмаса, кем болмайтын. Әр сөзі өтімді болды, шенеуніктер шалыс бассақ журналистердің қаламына ілініп қаламыз ба деп алаңдайтын. Жастар журналистика факультетіне түсуді, қарымды қаламымен көптің сөзін сөйлеуді армандайтын. Қазір теледидардан жарқ-жұрқ етіп көрінуді ғана мақсат еткендер болмаса, журналист болғысы келетіндер азайған. Өйткені қаламның қуаты, кәсіптің беделі кеткенін біледі.  Мәртебеміз төмендеген болса, оған ең әуелі өзіміз кінәліміз. Айналысып жүрген ісімізге шығармашылық деп емес, өндіріс деп қарайтын болдық. Жас журналистерге тапсырма берсең, әйтеуір орындап құтылсам болды деген оймен жазады. Тақырыптың тереңіне бойлау, жан-жақты іздену кемшін. Әдетте бір мәселенің төңірегінде бірнеше мәселе сабақтасып жатады емес пе? Соларды көрсе де, басын ауыртпау үшін айналып өткенді жөн көреді. Жазғаны тартымды, айтар ойы ұғынықты болмаған соң оқырманға қайтіп сүйкімді болсын? Тым құрығанда іздеп жүріп оқитын екі-үш оқырманы, теледидар алдында телміріп күтіп отыратын екі-үш көрермені жоқ журналист журналист емес. Ат төбеліндей аудиторияны аузына қарата алмаған тілші билікке қалай сыйлы болмақ? – Жуырда CNN Money басылымы ал­дағы 10 жылда жойылып ке­туі мүмкін мамандықтар тізімін жариялады. Тізімде газет тілшісі де бар екен. Мерзімді басылымның бел­гісіз болашағы жайлы болжамдар негізді ме? – Ақпараттық технологиялар қа­рыштап дамыған сайын баспасөздің ақпарат нарығындағы рөлі кеміп бара жатқаны жасырын емес. «Сенбесеңіз мына газетті оқыңыз», «Бұл туралы тіпті газеттер де жазыпты» деп бұрынғыдай мерзімді басылымдардың сөзін басшылыққа алатын оқырман азайған. Газет оқымайтын адамды рухани өлгендердің қатарына қосу керек деп есептеген Остап Бендердің ұстанымы бүгінде естір құлаққа оғаштау тигенімен, өз заманында өзекті болатын. Автобус жолаушылары бұрын жұмысқа немесе оқуға бара жатқанда газет-журналдан бас көтермесе, қазір жас та, кәрі де смартфон мен планшетті компьтерлерге шұқшияды. Сондықтан сандық дәуірде газет-журналдардың баспа нұсқадан онлайн нұсқаға көшуі, өз контенттерін интернет қолданушылары үшін де қолжетімді етуі заңдылық. Газеттерге жарнамадан түсетін кірістің күрт азаюы, кадрлардың қысқартылуы және баспасөздің интернет қолданушылары арасында кең таралған әлеуметтік желілерде белсенділік таныта бастауы мерзімді басылымдардың келешегін күмәнді еткені рас. Алайда баспасөздің «өлімі» жайлы тұжырымдар негізсіз деп ойлаймын. Дүниежүзілік газет және ақпарат ассоциациясының мәліметі бойынша, әлем халқының үштен бір бөлігі әлі де ақпаратты қағаздан алғанды жөн көреді екен. Қағаз – жол талғамайтын көлік іспетті, ондағы жазуды оқу үшін арнайы білім-біліктің қажеті жоқ. Сондықтан оны ешқандай планшет немесе смартфон алмастыра алмайды. Бәрін уақыттың еншісіне қалдырайық. Болжам жасаудың қайырлы іс емес екеніне күн өткен сайын көзіміз жете түсті. Кезінде кино пайда болғанда дуалы ауыздар театр өледі деп даурыққан еді. Газет шыққанда кітап келмеске кетеді деген болжам айтылды. Ал интернет ақпарат нарығын жаулай бастағанда ел дәстүрлі медиа құрдымға кетеді деп шулады. Бәрі де жел сөз екенін уақыт дәлелдеді. Қазір телевизия мен баспасөз жаңа ғасырға бейімделу сатыларынан өтіп жатыр. Интернеттегі қазақ тілді контенттінің басым бөлігін мерзімді басылымдар мен телеарналардың өнімі толтырып тұрғанын ескерсек, екеуі де өлмек емес. Өлтіруге қақымыз жоқ. – «Мысль» журналын басқарып келе жатқаныңызға биыл 10 жыл. Төрт жылдан соң ғасырлық тойын тойлайтын басылымның бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? – 1920 жылдан бері үзбей жарық көріп келе жатқан журнал әр жылдары әр түрлі атпен басылды. Басылыммен бірге жасасып келе жатқан тұрақты оқырмандары оның әр жылдары «Известия бюро Киркрая», «Красный Казахстан», «Большевик Казахстана», «Коммунист Казахс­тана», «Партийная жизнь Казахс­тана» деп аталғанын жақсы біледі. 1992 жылдан бастап журнал «Мысль» деген атауға ие болып, бағыт-бағдарын өзгерте бастады. Бұрынғы партиялық басылым тәуелсіз Қазақстанның шежірешісіне айналды. Қоғамның тыныс-тіршілігі, оқырманның қызығушылығы өзгерген соң «Мысль» да мазмұнын, келбетін өзгертті. Бүгінде журнал қоғамдағы барлық өзекті мәселелерді талқылайтын ашық ойдың алаңы. Саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени үрдістерді объективті және терең сараптайтын мақалалары арқылы басылым ақпараттық технологиялар заманының өзінде оқырманның сұранысына ие. Авторларымыздың басым бөлігін еліміздің белгілі ғалымдары, танымал экономистер мен саясаткерлер құрайды. Журналдың оқырман алдында беделі болмаса, олар біздің басылымға мақалаларын ұсынбас еді деп ойлаймын. Қазіргі кезде мерзімді басылымдардың бәріне тән таралым дейтін бас ауру бізде де бар. Менеджмент пен маркетингтің қиын­дықтарына қарамастан журналдың мәні мен мазмұнын жоғалтпау үшін барымызды салып келеміз.

«Ағылшын тілі ана тілімізді байытуға көмектеседі»

– Білім мен ғылым – «Мысль» қаузайтын негізгі тақырыптардың бірі. Жаңа министр келгелі бұл салада реформалардың жаңа толқыны басталды. Үш тұғырлы тіл, бес күндік білім беруге көшу, бір мұғалімге бірнеше пәнді жүктеу, тағысын тағылар. Сіздіңше бұл өзгерістер отандық білімнің көкжиегін кеңейте ала ма? – Білім мен ғылым – реформадан, даудан көз ашпай келе жатқан сала. 25 жылда Білім және ғылым министрлігі 14 министр ауыстырып үлгеріпті. Әрқайсысы өз жаңалығын енгізіп, саланы ілгерілетуге тырысқанымен, білім жүйесі өркендеп кетті дей алмаймыз. 25 жылда талай бастама көтерілсе де, мәресіне жеткендері ілуде біреу. Оқулықтардағы олқылықтар мәселесі мінберлерде сан мәрте айтылса да, түзетілмей-ақ қойды. ҰБТ-ның да шешілмеген түйткілі көп. Оған 12 жылдық білім берудің жырын қосыңыз. Қағазбастылықтан, күнде өзгеретін стандарттардан қажыған мұғалімдердің осы күні бала оқытуға құлшынысы аз. Жыл басында министрлік тізгінін ұстаған жаңа министр Ерлан Сағадиев бес күндік оқу, үш тұғырлы тіл реформасын енгізуге мықтап кірісті. Реформа атаулыға байыппен қарайтын, өзгерістерді сан мәрте салмақтап, он рет ой елегінен өткізетін адаммын. Алайда оқушыларға үш тілде білім беру бастамасын бірден қолдадым. Үш тұғырлы тіл жобасын Елбасымыз ең алғаш 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылтайында ұсынған болатын. Қазақ тілі – мемлекеттік тіліміз, Қазақстан халқын біріктіру факторы болса, орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тілі, ал ағылшын тілі – халықаралық білім кеңістігіне ену тілі. Сондықтан ана тілімізге басымдық бере отырып, оқушылардың үш тілде бірдей білім алуына жағдай жасалуы керек. Жаһандану заманы өскелең ұрпақтың жан-жақты білімді болуын талап етіп отыр. Білім-ғылымы озық елдердің әдебиеттерімен танысып, тәжірибесін үйрену үшін бізге донор тіл керек екені белгілі. Мемлекеттің ағылшын тілін тереңдете оқытуға ерекше көңіл бөліп отырғаны сондықтан. Қазақ тілінде ғылыми әдебиеттер өте аз, аударма кітаптардың сапасы көңіл көншітпейді. Сол себепті балаларымның ағылшын тілін жетік меңгеріп, әйгілі ғалымдардың, жазушылардың еңбектерін түпнұсқадан оқығандарын қалаймын. Ағылшын тілін үйренуді қазақ ті­лі­нің өрісін тарылту деп емес, кері­сін­ше ана тілімізді байыту жолы деп түсінген абзал. Тарихты қарасаңыз, 17 ғасырдан бастап орыс зиялылары неміс, француз, голланд тілдерін меңгеруге айрықша ден қойған. Сол тілдер арқылы әлемдік әдебиет, дүние жүзі тарихымен тереңірек танысып, жиған ілім-білімдерін өз тілдерін, өз әдебиеттерін байытуға арнады. Соның арқасында орыс тілі халықаралық қатынас тілдерінің біріне айналып, орыс әдебиеті әлемдегі озық әдебиеттер санатына қосылды. Гректер де араб тілін меңгеріп, Египет пен Вавилон мәдениетін игеру арқылы дамыды, ал Еуропа латын, араб тілін меңгеріп ілгері басты. Әрине, үш тілде оқыту жүйесіне көшу көп дайындықты, қыруар қара­жатты қажет етеді. Бірақ «бала­ла­рымыз мәңгүрт болады», «қазақ тілі­нің тынысы тарылады» деген бай­баламды тыйып, мәселеге байып­пен қарайтын болсақ, құйылған қаржының да, жұмсалған уақыттың да жемісі тәтті болатынын түсінуге болады. Президент министрлікке реформаға байланысты түсіндіру жұмыстарын мықтап жолға қоюды тапсырды. Халықтың көкейіндегі екіұшты сауалдарға ұғынықты жауап беріп, реформаның мән-маңызын жіктеп-жіліктеп түсіндірер болса, үштұғырлы тіл саясатына қатысты сыңаржақ пікірлер азаяр еді. Қазақтың балалары өте алғыр, тіл үйренуге шындап кіріссе, алдағы төрт-бес жылда ағылшын тілін ағылшындардың өзінен артық біліп кетеріне сенемін. – Тіл меңгеріп, сыртқы ортамен­ бай­ланысты күшейткен сайын­ ақпараттық кеңістігіміздің қауіп­сіз­дігіне алаңдаушылық та көбейіп барады. Осы орайда Қазақстанның ақпарат айдыны қаншалықты қорғалған деген сауал туындайды. – Жаңа дәуірдегі ақпараттық-желілік соғыстар тыл мен майданға бөлінбейді және онда шекара жоқ. Сондықтан, дәстүрлі соғыстарға қарағанда қаржы аз жұмсалғанымен қаупі мен зардабы ұшан-теңіз. Ақпарттық кеңістігі жауланған мемлекет – идеологиясы, рухани-психологиялық тағдыры өзгенің қолына табысталған ел. Сондықтан әр мемлекет өзінің мемлекеттік шекарасын қалай қорғаса, ақпараттық шекарасының қорғанысын да солай қадағалауы тиіс. Өкінішке қарай, Қазақстанның ақпарат айдыны жеткілікті қорғалмаған. Қорғалған болса, газет дүңгіршектерінде қазақ басылымдарынан гөрі ресейлік басылымдардың саны көп болар ма еді? Қазақтың көрермені кіл Ресейдің арналарын көріп, қазақ телеарналарының рейтингі түсіп кетер ме еді? Жириновский сынды арандатушылардың сөзін тыңдап отырар ма едік?    Ресейлік БАҚ-тың қазақстандықтардың санасын жаулап алғанын мойындауға мәжбүрміз. Қазақстан көрермендері «Россия» мен «Хабардың» қайсысын көбірек көреді, ақпаратты «Россия-24»-тен ала ма, әлде «24.kz»-ке сүйене ме деген сауалдарға жауап іздер болсақ, көрсеткіштер өзіміздің пайдамызға шешілмеуі мүмкін. Ресейлік БАҚ-тың қазақстандық аудиторияға ықпалын кеміту үшін оларға бәсекелес бола алатын өз өнімімізді жасауымыз керек. Біздің телеарналар әзірге көшірмеден көз ашпай тұр. Төл жобалары арзан шоудан, «жұлдыздарды» жарнамалаудан әрі аспайды. – «Өз елінде арқасын кеңге салып жүре алмаған азамат елінің пат­риоты бола алмайды» деген екен­сіз бір сұхбатыңызда. Жалаң аяқ жүріп ұлтты сүю мүмкін емес деп есептейсіз бе? – Ел азаматым деп ардақтамаса, азаматы елім деп еміренуі екіталай. Өз елінде мүддесі қорғалмаған, қабағы жадырап ашылмаған, уайымсыз еңбек ете алмаған адам сол ел үшін отқа түсуге дайын тұрады дегенге сенбеймін. Сондықтан құрғақ сөз, жалаң тәрбиемен Отанымыздың патриоттарын тәрбиелейміз деу бекер. «Не ексең, соны орасың» дейді қазақ. Мемлекетте тұратын әр азаматтың өсіп-өнуіне рухани және материалдық жағдай жасалған болса, ұлтын сүйетіндер, Отанына қызмет етуді парызым деп білетіндер әлдеқайда көп болар еді. Өкінішке қарай, болашағынан үлкен үміт күттірген қазақтың ақылды жастары шекара асып кетуде. Бір-екі жыл жұмыс істеймін деп кетіп, жат елде орнығып қалғандар көп. «Болашақ» бағдарламасымен оқуға барып, туған елге оралғысы келмей қалатындар да аз емес. Мемлекет алдындағы қарызымды қайтармасам, кепілдікке қойған мүлкімнен айрылып қаламын ба деген үрей ғана Қазақстанға жетелеп әкеледі кейбір жасты. Демек, олар өз елін тамыр жаюға, өсіп-өнуге қолайлы жер деп білмейді. Бұл елімізде білімді, жігерлі жастарды қолдау кемшін екенін көрсетсе керек. – Патриотизмнің негізі от­басын­да қалануы тиіс. Ұлтқа, елге деген сүйіспеншіліктің кему себебін қазақ қоғамында отбасы құндылықтарының құл­дырауымен байланыстырсақ қате­лес­пейтін болармыз? – Отбасы құндылықтарының құлдырауы тек қазақ қоғамына тән құбылыс емес, жаһандық сипат алған үрдіс. Индивидуализм күшейіп барады. Бірлік, татулық деген құндылықтарды өзімшілдік, менмендік дейтін қасиеттер қиратуда. Мемлекеттің негізгі құраушысы – отбасы. Отбасының бірлігі тайса, шаңырағы шайқалса, әр кірпішінен біртіндеп айрылған ғимарат секілді мемлекет те берік­ті­гін жоғалта бастайды. Меніңше, бүгінгі қазақ қоғамы ұлттық тәрбиеден жырақтаудың зардабын тартып отыр. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» демей ме қазақ? Батысқа еліктеп, тұлымды ұл мен кекілді қызымыздың тәрбиесін босаңсытып жібердік. «Қызға қырық үйден тыйым» дейтін көреген ата-бабалардың өнегесі жаңа заманға сай келмейді деп ысырып қойдық. Сөйте тұра, қыңыр ұл, қырсық қыз, кесір келін қайдан шықты деп таңғаламыз. Қазақы тәрбиенің негізінде қанағат пен төзімге баулу жатыр. Ұлттық тәрбиемен сусындамағандықтан, кейбір жастар бір-бірінің мінез-құлқына шыдай алмай, отау құра салысымен ажырасуға бейім тұрады. Әке-шешесінің айлықтан айлыққа дейін әрең лаждап жүргенін көре тұра, «асырай алмасаң неге тудың?» дейтін қатыгез бала көбейді. Бұрын қанағат қылатынбыз. Киіміміз бүтін, тамағымыз тоқ болса, соны місе тұтатынбыз. Қазір олай емес, көңілі тоқ болуы үшін төрт дүниесі түгел болуы шарт. Ажырасып жатқан жастардың көпшілігі үй-күйдің жоқтығынан емес, қанағаттың жоқтығынан мұндай қадамға барады. Айта берсек, кері кеткен тұсымыз көп. – Идеал тұту деген түсінік бар. Біреуге табыну емес, өзгенің жақсы қасиеттерін сіңіру, ізгі істерінен үлгі алу. Абай айтқандай, болмасаң да ұқсап бағу. Сіздіңше, бүгінгі жастар кімге қарап бой түзеуі керек? – Оқыған-тоқығаны көп, ай­тар ойы, бөлісер тәжірибесі мол азаматтарға қарап бой түзеуі тиіс. Ондайлар мыңның арасында біреу болуы мүмкін. Жердегі көп «жұлдыздар» секілді күн демей, түн демей алдыңыздан шыға бермейді. Олар теледидардан бір рет жарқ етіп, көптің қошеметіне бөленгеннен гөрі елдің назарына ілінбейтін бір қайырымды іс тындырып, сауап жинағанды немесе бір кітап болса да артық оқып, білім жинағанды құп көреді. Дана Абай: «Адам адамнан тек білімі мен ақыл-ойы арқылы ғана озады» деген екен. Ендеше, өзіңізге үлгі болуға лайықты адамды бетінің жылтырлығы, сөзінің жылылығына қарап емес, білімінің тереңдігіне, ой-өрісінің кеңдігіне қарап таңдаңыз. – Жайнаған мамыр айында дүниеге келген екенсіз. Талайды көрдіңіз, білдіңіз. Өмірден түйгеніңіз не? – Бүгінгі күнге жеткенше талай күрделі кезеңдерден, қиын асулардан өттік. Өмірдің сынағы мен марапаты алма-кезек алмасып отырды. Әркім Алланың өлшеп берген ғұмырын сүруші ғой. 70-ке жеткен де бар, жетпеген де. Барыма шүкіршілік етем. Осы жасқа келгенде түйгенім – адамның мақсаты мен ұстанымы қаншалықты биік болса, бағындырар белесі де соншалық биік болады. Ұсақ-түйектің шеңберінен шығып, асқақ арманмен құлашты кең сермей білген адам ғана шыңға шықпақ.

Сұхбаттасқан Анар ЛЕПЕСОВА