Батыс Қазақстанда карантин 15 маусымға дейін ұзартылды

Батыс Қазақстанда карантин 15 маусымға дейін ұзартылды

Батыс Қазақстанда карантин 15 маусымға дейін ұзартылды
ашық дереккөзі
БҚО бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, карантин шектеу шаралары 15 маусымға дейін ұзартылды. БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев брифингте мәлім еткендей, өңірде коронавирус жұқтыру деңгейі әлі де төмендемей отыр. Күн сайын эпидемиологиялық ахуалға мониторинг жүргізілуде. Мысалы, 22 мамырда коронавирус жұқтыру өсімі – 2,8 пайыз болса, одан бір күн бұрын – 2,5, апта ішінде 3,8-4 пайызды көрсеткен. Күні бүгін облыста 370 науқас тіркелсе, соның 144-і облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында емделуде. 226 адам жазылып шықты. Науқастардың 67 пайызы (251 адам Ресей мен Атыраудан) – сырттан келгендер. 114-і – бұрын ауырғандармен қарым-қатынаста болғандар. Сонымен қатар 24 адам провизорлық, 217 адам карантиндік стационарда жатса, 1208 адам үйлерінде оқшаулануда. «Егер 15 маусымға дейін жұқтыру деңгейі 2 пайыздан төмендесе, карантиндік шектеу шаралары жеңілдетілуі мүмкін. Бәрі де адамдардың санитарлық талаптарды бұлжытпай сақтауына байланысты. Айталық, кейбіреулер ауру белгілері байқалғанын дәрігерлерден жасырады. Тек ауру дендеген кезде ғана айтады. Немесе жедел жәрдем шақырудың орнына өздері медициналық мекемеге барып, таралу қаупін ұлғайта түседі», – деді Нұрлыбек Мұстаев.