23 Мамыр, 13:21 1732 0 Жаңалықтар Асыл ТҰМАР

Президент кеңесшісі теңгені цифрландыруды ұсынды

Президенттің кеңесшісі Бағдат Мусин теңгені цифрландыруды ұсынды. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы мұндай жаңашыл тәсіл құрылса, адамдардың заңға сәйкес жұмыс істеп, мойынсынудан басқа амалы қалмайтынын айтады.

ҚазАқпараттың жазуынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікте өткен брифингте Б.Мусин: «Мен процестерді цифрландыру туралы ғана ойламаймын. Мысалы, мемлекеттік сатып алу кезінде ақшаны қолма-қол шығару алу мәселесі бар. Мемлекеттік сатып алуды ұтып алғаннан кейін оны ақшаға айналдыру керек. Мұның бәрі алдын алу мақсатында цифрлық бақылау орнатпаудан болып отыр. Оны ақшаға айналдырғаннан кейін барып анық-қанығын білеміз. Менің идеям бойынша теңгенің цифрлық аналогы болуы керек және ол боялған болуы қажет», – деп атап өтті.

Оның айтуынша, мысалы, көпір құрылысына 3 млрд теңге бөлінсе, әр теңге цифрландырылғандықтан, ол монитор жүйесінде көрініп тұратын болады.

«Бұған уақыт керек. Бұл биткоин аналогы, бірақ биткоиннің өзі емес. Екеуін шатастыруға болмайды. Оны биткоин сияқты жүзеге асыру қиын емес. Биткоиннің технологиясы жақсы, біз оның пайдалысын ғана алуымыз керек», – дейді Президент кеңесшісі.

Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мұндай құрал құрылған жағдайда көптеген жемқорлық фактілерінің алдын алуға болады.

«Адамдар заң бойынша жұмыс істеу керек екенін түсінуі керек. Мұның бәрін 2-3 жылда жүзеге асыруға болады. 1 жылда іске асыруға болатын оңайырақ тәсіл бар. Екінші деңгейлі банктермен, Ұлттық банкпен сөйлесу керек. Бұл бірден болады деп айту қиын, бірақ цифрландыру жұмыс тәртібінде тұр, сондықтан оны неге қазірден бастап қолға алмасқа?», – дейді Бағдат Мусин.

Соңғы жаңалықтар