Қантөгіске ұласқан жер дауы - Таулы Қарабақ

Қантөгіске ұласқан жер дауы - Таулы Қарабақ

Қантөгіске ұласқан жер дауы - Таулы Қарабақ
ашық дереккөзі
  КСРО-ның шаңырағы шайқалған өткен ғасырдың 80-жылдарының екінші жартысынан бастап бұрын алып империя құрамында өмір сүріп келген одақтас республикаларда ұлттық оқшаулану құбылыстары белең алып, соның нәтижесінде Грузия, Әзірбайжан, Молдова сияқты елдерге аймақтық бөлшектену қаупі төне бастады. Осылайша 1988 жылы Әзірбайжанның құрамынан Таулы Қарабақ, 1990 жылы Молдовадан Днестр бойы аймағы, 1990 жылы Грузия құрамынан Абхаз автономиялық облысы мен Оңтүстік Осетия автономиялық облысы бөлініп шығатынын мәлімдеп, қақтығыстар орын алды. Жоғарыда айтып өткеніміздей Таулы Қарабақтағы әскери қақтығыс 1988 жылы басталды. Алты жылдан аса уақытқа созылған бұл қақтығыс кезінде отыз мыңға жуық адам ажал құшып, елді мекендер қирады. Аймақтың экономикасы мен әлеуметтік жағдайына орны толмас орасан зор шығын келді. Бұдан тыс 1993 жылы Әзірбайжанның тағы жеті ауданы соғыс ошағына айналып, аймақта тірлік кешіп келе жатқан армяндар мен әзірбайжандар арасында босқындар көбейді. Бірақ тұрғындарының көпшілігі армяндардан тұратын, соны желеу қылып Әзірбайжаннан бөлінгісі келген Таулы Қарабақтың бұл әрекетін қолдаған Армян ССР-нің Жоғары Кеңесі мен Таулы Қарабақтың Ұлттық Кеңесі 1989 жылы Армян ССР-і мен Таулы Қарабақтың қосылуы туралы біріккен қаулы қабылдады. «Қарабақтың территориясы армяндардың тарихи қонысы болып табылады» деген Арменияның пікіріне Әзірбайжан елі де тарихта Таулы Қарабақ әзірбайжан мемлекетінің ажырамас бөлігі екенін айтып, армяндар жағының әділетсіз шешіміне энергетикалық қысымдармен жауап берді. КСРО-ның жоғары органдары мен әлемдік қауымдастық бұл қақтығысты тоқтата алмады. Керісінше, екі мемлекет арасында келіспеушілік күшейе түсіп, екі тарап та мәселені өз беттерінше шешуге ұмтылды. Әзірбайжан бұл мәселе мемлекеттің ішкі саяси жағдайы екенін, сондықтан оны шешу құқығы өзіне тиесілі екендігін айта келіп, көрші мемлекеттің территориялық тұтастығына қатер төндіретін іске барып, арандатушылық жасаған Арменияның қимылдарын агрессия деп айыптады. Дегенмен Әзірбайжан уақытша демилитаризация (белгілі бір аймақтағы әскери қақтығысты тоқтату үшін тараптар арасындағы қарусыздану жөніндегі уағдаластық) кезінде лачиндік жол арқылы халықаралық гуманитарлық жәрдем жүктерді өткізіп, Таулы Карабақтағы қақтығысты бәсеңсітуге қолғабыс жасады. Ал Таулы Қарабақ тәуелсіздігін жариялап, келіссөз процесіне толық қатысушы дәрежесін иеленсе де Әзірбайжанмен күшінің тең еместігін түсінді. Өйткені Әзірбайжан Таулы Қарабақ Республикасының сыртқы әлеммен көлік байланысын тоқтата алатындай күшке ие еді. Бұл қақтығыста Армения жай қатысушы ғана, ал негізгі қарсыластар – Әзірбайжан мен Таулы Қарабақ болатын. Сондықтан екі тарап арасында 1994 жылдың 12 мамырында тұрақты өзара түсіністік орнаған-ды. Әйтсе де бейбіт шешімге келу үдерісі әлі күнге дейін өте баяу жүріп келе жатқан-ды. Енді міне, сәуірдің бірі күні ескі дау қайта қозып, Таулы Қарабақта тағы да оқ атылып, тағы да қан төгілді. Төрт күнге созылған әскери қақтығыста жетпістей адам қаза тауып, елудей адам жараланғаны БАҚ-тарда жазылып жатыр. Тек сәуірдің бесінде ғана тараптар келісімге келіп, оқ ату тоқталды. Алайда 12 жылдан бергі келісімді кімнің бұрын бұзғаны белгісіз. Болған іске екі тарап та бір-бірін кіналауда... Алайда армяндар жағы бұл мәселеде көзжұмбайлыққа салынып, қалайда Таулы Қарабаққа әзірбайжандардың мүлде қатысы жоқ дегісі келетінін байқатып келеді. Соның бір мысалы 2011 жылдың тамызында Таулы Қарабақтың орталығы Степанакерт (әзірбайжанша атауы Ханкенді) қаласының 13 жасар оқушы қызы Аделина Авагимянның Әзірбайжан Республикасының президенті Илхам Әлиевке жазған хаты. Хатты REGNUM ақпараттық агенттігі таратқан. baku.ws сайты аталмыш хаттың толық мәтінін әрі оған сол кездегі Әзірбайжан Президенті әкімшілігінің саяси талдау және ақпаратпен қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Эльнур Аслановтың жауабын берген болатын.. Аделина Авагимян Әзірбайжан Республикасының президенті Илхам Әлиевке жазған хатында «өзі туып-өскен Степанакертті шексіз жақсы көретінін, өйткені осында әке-шешесі мен ата-әжесінің дүниеге келгенін» баяндап, «өзінің ешқашан әзірбайжанды көрмегенін, сондықтан ол халық, ол ел туралы мүлдем ойламайтынын, бірақ неліктен Әзірбайжан президентінің Таулы Қарабақ туралы ойлайтыны, осы жер туралы көп айтатынын түсінбейтінін» тілге тиек етіп, «Естуімше, сіз Арцахта (Таулы Қарабақты армяндар осылай атайды – А.Ж) болмаған екенсіз, біздің Ганзасар, Дадиванк, Амарасты көрмепсіз. Сонда сізге жер жетпей ме, Қарабақты қайтесіз? Соғысқа дейін (Екінші дүниежүзілік соғысты айтып отыр – А.Ж.), 50-100 жыл бұрын осы жерде өмір сүрген әзірбайжандар қайтыс болғанда мәйіттерін өз отанына апарып жерлеген. Өйткені олар отаны бұл жер емес екенін білген. Сондықтан бұл жерде әзірбайжандар мазары жоқ» дейді. Және бұл жерді «осыдан 70 жыл бұрын Сталин деген біреу әзірбайжандарға әдейі беріп жіберген. Үлкендерден естуім бойынша арцахтықтар митингіге шығып, Арцахтың Арменияға қосылуы тиіс екенін айтқан. Ал бұған сіздің отандастарыңыз Сумгаит, Кировабад, Баку қалаларындағы армяндарды өлтіріп, үйлерінен қуумен жауап берді. Бұнымен де тұрмай сіздің әкеңіз біздің жерімізге шабуыл жасап, күші басым болса да жеңіліс тапқан. Оның себебін сұрағанымда үлкен кісілер біз өз жерімізді қорғадық, олар бізден оны тартып алғысы келді деп жауап берді. Соғыс бола берсе біздің көп адамдарымыз қаза табады, оның ішінде әйелдер мен балалар да болады. Сол сияқты әзірбайжандық жастар қаза табады. Сіз сол үшін Қарабақты басып алуды ойлайсыз ба?» деп аяқтайды хатын степанакерттік оқушы. Әрине бұл, балалардың қолымен от көсеп отырған үлкендердің ісі сияқты. Алайда бұған Эльнур Асланов өте парасаттылықпен дәйекті жауап қайтарған. Төменде сол жауапты сәл қысқартып аударып беріп отырмыз. «Қымбатты Аделина! Әзірбайжан Республикасы президентінің әкімшілігі кез келген Әзірбайжан тұрғынының талап-тілегіне ілтипатпен қарайды, сондықтан сенің де хатыңның жауапсыз қалуы мүмкін емес. Сен бұл хатыңды саяси технологтардың қатысынсыз, Солтүстік Кавказ атты біздің ортақ үйімізге тыныштық пен келісім орнағанын қалап жазған болсаң керек. Степанакерт қаласында туғаныңды және қазір сонда тұратыныңды жазыпсың. Шындығында ол қаланың аты – Ханкенді. Қарабақты сүйетініңді, өйткені ол сенің ғана емес, ата-анаңның, бабаларыңның да отаны екенін жазыпсың. Дәл сол сияқты Ханкендіні сонда туған әзірбайжандар да ата-анасы мен бабаларының отаны санайды. Шындығында, XVIII ғасырда бұл қаланың негізін салған Қарабақ хандары, яғни сол тұста мемлекет билігіндегілердің бірінің ықпалымен әзірбайжандар салған қала. О баста ол хан отбасы мен оның жақындары демалатын орын ретінде салынған елді мекен болған. Хандарға қолайлы болу үшін алғашқы сарайлар Панахабад хандығы астанасынан бірнеше шақырым қашықтыққа (қазір тауда көлбеу жатқан Шуша қаласы тұрған жер) салынған. Солайша тек хан отбасы тұрған мекен уақыт өте келе «Ханын кенди» аталды (әзірбайжан тіліндегі мағынасы – Ханның қаласы). Кейін «Ханкенди» (Хан қаласы) аталған қала, салынғанына жүз жыл толғанда, 1923 жылы Степан Шаумян атты болшевиктің құрметіне Степанакерт деп аталып кетті. Сол сияқты саған Шуша және Қарабақ хандықтары 1805 жылдың 15 мамыры күні Шуша және Қарабақ ханы Ибрагим хан мен Бүкілресейлік қарулы күштер князы Павел Цицианов арасындағы Кюрекчай келісімі негізінде Ресей империясының құрамына кіргені қызықты болар. Егер қол қойылған келісімнің мәтіні мен келісімге қол қойған тараптарға көз салар болсаң, онда Қарабақтың саяси өміріне ешбір армянның ықпалы болмағанын білер едің. Біз ол жерде армяндардың да өмір сүргенін жоққа шығармаймыз, бірақ олар тұрғындардың аз ғана бөлігін құрайтын. Аймақтың тарихы туралы кісіні жалықтыратын ұзақ әңгіме қозғағым келмейді, тек мынаны айта кетсем деймін: Оңтүстік Кавказ, соның ішінде Қарабаққа армяндар – бұл аймақтар Ресей империясының құрамына өткеннен кейін ғана қоныстана бастады. 1828 жылғы Туркманчай келісімі бойынша Әзірбайжан елі Ресей мен Персияның бөлшектеуіне түсіп, Персияның құрамына берілген Оңтүстік Әзірбайжанға Ресей басып алған Кавказдан кім өтемін десе ерік берілген. Нәтижеде осы келісімге сәйкес Әзірбайжан хандығының мыңдаған мұсылмандары христиандық Ресейде қалғысы келмей Оңтүстік Әзірбайжанға өтіп кетеді. Ал Кавказдағы әзірбайжандардың босап қалған жеріне армян ұлтының өкілі полковник Лазарев пен Персиядағы Ресей елшісі А.С.Грибоедов бастамасымен он мыңдаған армяндар қоныстанды. Міне, осылайша патша әкімшілігі өз мақсаттарына орай Таулы Қарабақтағы этникалық құрамды өзгертіп жіберді. Қарабақ аспанынан өте әдемі көрінетін жұлдызды түндердің бірінде аспанға көз тігіп, өзіңнің жарқын болашағыңды армандап тұрып менің айтқандарым жайында өз атаңнан сұрайтыныңа сенем. Сондықтан 1978 жылы армяндардың Таулы Қарабаққа қоныс аудара бастағанына 150 жыл толуын белгілегенін, осыған орай Мардакерт-Ақдария ауданындағы Марагашен-Ленинаван селосына ескерткіш орнатылғанын әке-шешең мен ата-әжеңнің есіне салып қойғаның артық емес деп білемін. Бірақ алғашқы армян отбасының құрметіне қойылған ол ескерткішті 1988 жылы Қарабақ соғысы басталған кезде-ақ армян әскери құрамалары қиратып тастады. Ал енді, Аделина, өзің ойлап көр, тек Ханкенді емес, Армения басып алған Шуша, Ходжалы, Аскеран, Ходжавент, Агдере, Гадрут, Лачыне, Келбаджаре, Агдаме, Джебраил, Физули, Губадлы, Зенгилан сияқты Әзірбайжаннның қалалары мен аудандарында туып-өскен миллионға жуық әзірбайжандар өздерінің ата-бабаларының жеріне орала алмай жатыр. Сенің әзірбайжан құрбыларың бір кезде ата-әжелері өмір сүрген үйлер мен бабаларының мәңгілік тыным тапқан жерін әйтеуір бір көруден үміт үзген емес. Туған жерінен зорлықпен қуылып, жиырма жылдан аса уақыт жырақта қиналып өмір сүрудің не екенін білесің бе? Жер шарының кез келген бұрышында дүниеге келген армян қызының немесе оның ата-анасының сол жерді армяндардың тарихи атақонысы деп санай алмайтынын түсінерсің деп ойлаймын. Сен америкалық поп-орындаушы, тегі армян, АҚШ-та дүниеге келген Шер – Шерилин Саркисян мен Парижде дүниеге келген белгілі француз актері, түбі армян Шарл Азнавурды білсең керек. Ал бұл АҚШ немесе Калифорния, сол сияқты Париж – ертедегі Арменияның шалғай бір өңірі екенін білдірмейді ғой. Сондықтан Ханкендідегі өзің білім алып жатқан мектепте оқытылатын тарих оқулықтары мен айналаңдағы үлкен кісілер бұл пікірімнің дұрыстығына күмән келтірмесе керек. Олар, әрине, көпті көрген үлкен кісілер, сондықтан өз пікірін айтуға хақылы. Тек олар тағы бірде Қарабақтың атамзаманнан армяндардың атақонысы екенін айта бастағанда, сен Таулы Қарабақтағы армяндардың 150 жылдығын есіне салып қой. Сол сияқты үлкендер Арцах ежелгі Арменияның бір өлкесі екенін айта бастаса, сен оларға белгілі армян ғалымы Сурен Тигранович Еремянның ежелгі армяндық емес, ежелгі албандық Арцах, Утик облыстары туралы жазғандарын ескертіп қой. Ал егер ересектер Гафан, Мегри, Аскеран, Гукарктағы ойранды айтпай, Сумгаит, Кировабад, Бакудегі кісі өлтіру туралы айтатын болса, онда Әзірбайжан қалаларындағы армяндарға қарағанда Армениядағы әзірбайжандардың көп жапа шеккенін жасырғаны болады. Аделина, сенің дүниеге келгеніңе он үш жыл. Армения президенті Серж Саргсянның «қалыптыны тас-талқан ету керек» дегеніндей, 1992 жылдың 26 ақпанында Хожалы қаласында сандаған әзірбайжан айуандықтың құрбаны болғанына да сонша уақыт. Бұл датаны есіңе сақта. Бұл – нағыз геноцид болған күн. Хожалыда өлтірілген 613 адамның 106-сы әйел, 70-і қарттар, 63-і балалар болатын. Сондай-ақ 25 бала тұлдыр жетім қалды, 76 адам жарақаттанды, 19 адам кепілдікке алынған. Аделина, бұл балалардың көбі сенен де кіші болатын. Олар тірідей өртелген, бастары кесілген, көздері ойылған. Бұл жолдарды көзге жас алмай жазу мүмкін емес. Бұл күн тарихқа адамзатқа қарсы жасалған ең қанды қырғын ретінде енді. Мұншалық жауыздықты ешқандай соғыспен ақтап алу мүмкін емес. Үлкендердің «Соғысқа дейін 50-100 жыл бұрын осы жерде өмір сүрген әзірбайжандар қайтыс болғанда мәйіттерін өз отанына апарып жерлеген. Өйткені олар отаны бұл жер емес екенін білген. Сондықтан бұл жерде әзірбайжандар мазары жоқ» дегенін жазыпсың. Ал шындығында сенің жазғаның Таулы Қарабақ пен оған жақын аудандардағы әзірбайжандардың, жалпы мұсылмандарға тиесілі қорымдар мен кесенелердің жаппай қиратылып, жойылғанын білдіреді. Таулы Қарабақтағы бір ғана әзірбайжандардың Шуша қаласының маңында 37 әзірбайжан ауылы мен 21 үлкен зираты болғаны ешқашан әзірбайжанды көрмеген саған қызықты болар деп ойлаймын, өйткені ата-әжең бұны саған айтпайды. Тек Шуша қаласының өзінде «Мирза Гасан», «Мир Фасех» деген екі үлкен әзірбайжандар бейіті болды. Бейітке жақын жерде Юхары Гёйхар-ага және Шуша қаласының орталығында Ашагы Гёйхар-ага деген мешіттер бар еді, олар қазір қиратылған. Сол секілді Гайбалы, Гушчулар, Зарыфлы, Сафи Ханлар, Халфалы, Ханалы, Гушчу қыстақтарында ескі мазараттар болған... Таулы Қарабақтағы әрбір мешіттің айналасында, Джыдыр Дюзю мекенінде, Молла Панах Вагип кесенесінің жанында, Шушадан сәл төмен жерде әзірбайжан зираттары болғанын сенің атаң қалайша ұмытып қалған? Егер Қарабақта интернетке тыйым салынған болса «Google Earth» бағдарламасын пайдаланып, ғарыштан түсірілген фототүсірілімдерді қарап көр, сонда сен тұрған жеріңнен бірнеше шақырым ғана жердегі қиратылған, бүлінген әзірбайжандар қалалары мен зираттарын көресің. Туг, Ахыллы, Салакетин, Гарабаглы, Амираллар, Муганлы т.б. Ходжавенд ауданы аймағындағы зираттар ғарыштан үңірейіп тұрған қара оба болып көрінеді. 1930 жылы армяндар қоныс басқан Ходжавенд (Мартуни) қаласының орталығында Ашыглы Гоша Гүмбез кесенесі мен зираты болатын, 1989 жылы оны армяндар жермен жексен етті. Сол сияқты Ходжавенд қаласына тиіп тұрған өңiрде VII ғасырдағы «Дедем Қорқыт» эпосында айтылатын Гараджа Чабанның, тағы бірнеше оғыз хандары жерленген «Наргизтепе» атты ескі кесене болатын. «Фындыглы ястан» деген жерде кейбірі осыдан 2500, 3000 жыл бұрын қойылған әзірбайжан зираттары бар орындар болған еді. Тізімді бұдан әрі де соза беруге болады. Аделина, осы шындық сенің есіңде болсын және ата-аналарың көзіңе тура қарап, Қарабақта ешқашан әзірбайжан зираты болмаған деуге батылы жетер ме екен, соны тексер. Мен сені мол тарихи фактілермен шаршатқым келмейді, бірақ «осыдан 70 жыл бұрын Сталин деген бір басшы біздің жерімізді Әзірбайжанға әдейі беріп жіберген» деген сөз – жәй ғана қулық емес шығар. Дұрысы, ол кезде бұндай маңызды мәселеге Сталиннің дауыс беру құқығы болмаған, ол тек «Қарабақ өлкесінің таулы бөлігі Әзірбайжанға қалдырылсын» деп көпшілік дауыспен шешілген бұл мәселеге арналған жиынның жәй ғана қатысушысы болған. Ал жердің берілуі туралы бұл әңгімелердің барлығы армян тарихын қорғаштайтындарға арналған көңіл жұбату сияқты бірдеңе. Ал, Таулы Қарабақ автономиялы облысының Әзірбайжан құрамынан шығуы туралы біржақты шешіміне ұсақ-түйек оқиға деп қарау – одақтастық және халықаралық заңдылықтарға қайшы. Аделина, өкінішке қарай, саған арадағы қақтығыстың басталуы туралы айтып берген үлкендердің әңгімесі – болған жайтты бұрмалау мен шындықты қасақана мойындамау болып отыр. Сен «халқыма қарсы соғысты Гейдар Алиев бастады» деп жазып, қатты қателесіп отырсың. 1989 жылы Таулы Қарабақ автономиялы облысындағы армяндар қауымына қарсы біржақты шешім қабылдаған әзірбайжандықтар емес, біріншіден, аталған облыстағы әзірбайжандар қауымының пікірін ешкім тыңдаған жоқ, екіншіден, қалыпты заң тәртібі бұзылды. Сондықтан мынаны біліп қойғаның да артық болмас: БҰҰ және көптеген халықаралық ұйымдардың резолюциясының бекітуінше әлі күнге әлемдік қауымдастық Таулы Қарабақты Әзірбайжанның ажырамас бөлігі ретінде таниды. Тағы да айта кетейін: армяндар Таулы Қарабақтағы әзірбайжандар тұратын ауыл, қалаларға шабуыл жасап, қарапайым әзірбайжандарға қарсы этникалық тазалау науқанын жүргізгеніне әзірбайжандықтардың түк те кінәсі жоқ. Бұл орайда Гейдар Әлиевтің 1993 жылы Бакуге оралып, 1994 жылдың мамырында атысты тоқтату жөніндегі келісімге қол қойғанын атап өту орынды деп ойлаймын. Міне, соның нәтижесінде әкең үйіне аман-есен оралып, 4 жылдан соң сен дүниеге келгенсің. Сен ешқашан әзірбайжанды көрген емеспін деп жазасың. Оны түсінемін, өйткені тарихи тұғыдан әу баста тек әзірбайжандардың мекені болған Таулы Қарабақта қазір бір де бір әзірбайжан қалмаған, Арменияда армяндардан басқа ешкім тұрмайтын дәуір бүгін. Ал Әзірбайжанда қазірде ондаған ұлттың өкілдері бақытты өмір сүруде, оның ішінде армяндар да бар. Сен бос уақытыңда көп ойларға берілетініңді жазыпсың. Ал енді мынаны ойлап көрші: қалайша Армения моноұлтты, Әзірбайжан көпұлтты мемлекетке айналды? Егер моноұлтты мемлекет не екенін білгің келсе үлкендерден сұрап көр, олар оны Армения мысалында түсіндіріп бере алады. Өкінішке қарай, екі көрші халықтың арасында өршіген жанжал сен дүниеге келместен бұрын басталса да, әлі күнге жөнге түспей тұр. Түсінемін, сен әзірбайжандар туралы, екі халықтың арасындағы генетикалық сәйкессіздік жайында көп оқып, көп ойланасың. Шындығында ол – бүгінде армян газеттері мен сайттарында көп көрінетін Арменияның екінші президенті Роберт Кочарянның тезистері болатын. Аделина, бірақ сен мынаны біл, бұдан көп жылдар бұрын Германия билігіне генетика мен таза арийлік тек туралы мәселені талқылайтын саясаткерлер келген болатын. Ал олардың саяси бағыты ақыр соңында еврейлерді жаппай қырғынға ұшырату мен Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына әкелді. Ол соғыс ондаған миллион адамның өмірін жалмады. Біз соғысты қаламаймыз, біз әзірбайжандар мен армяндардың тыныштықта өмір сүруін, құрамына Әзірбайжан мен Армения кіретін Оңтүстік Кавказ аймағының гүлденіп, өркендегенін қалаймыз. КСРО атты мемлекеттің құрамында әзірбайжандар мен армяндар тату-тәтті, қатар өмір сүрген кездер болды. Сол кезде әзірбайжандар мен армяндардан құралған отбасылар аз болмады. Кеңестік-әзірбайжандық ұлы әнші Мүсілім Магомаев кеңестік армянның ұлы композиторы Арьно Бабаджанянның әндерін шырқайтын. Саған бұл туралы әке-шешең де, атаң да айтып бере алады. Егер ауызбірлікпен жанжалды шеше алсақ Оңтүстік Кавказда бейбітшілік орнап, бәріміз өз үйлерімізге қайта аламыз. Оны ұзатпай шешу – өзіміздің, оның ішінде қатарында өзің бар Таулы Қарабақтағы армяндар қауымының қолында. Сені туып-өскен мекенің Таулы Қарабақта тірлік кешу құқығыңнан ешкім айыра алмайды, сол секілді Ханкенди, Шуша, Ходжалы, Аскеран, Ходжавент, Агдере, Гадрут, Лачын, Кельбаджар, Агдам, Джебраил, Физули, Губадлы және Зенгиланда кіндік қаны тамған жүз мыңдаған әзірбайжандардың да туған жерінде өмір сүруге құқығы бар. Мүмкін саған бұл өлке қашанда адамсыз, бос, дамымаған түрде көрінетін шығар. Бірақ сенің оған кінәң жоқ, өйткені сен Әзірбайжаннан бөлініп, соғыстың кесірінен қанға бөккен, қираған Таулы Қарабақты көріп отырсың. Бірақ бұл жер – әзірбайжандар қуылмай тұрғанда бүкіл Оңтүстік Кавказдағы өмір сүру деңгейі өте жоғары болған жер еді. Қазір Таулы Қарабақтағы өмір сүру деңгейі адамдар жаппай көшіп кетіп жатқан Армениядан да төмен. Кезінде Анастас Микоянның айтқаны нағыз пайғамбарлық болды, ол: «Дашнактар – Қарабақ пен Арменияны біріктіруге қол жеткізетін армян үкіметінің жансыздары, бірақ ол жағдай орын алса Қарабақтың өзімен ешқандай байланысы жоқ Эриванмен бірігіп, тірлігінің тірегі Бакуден айрылғанын білдірер еді» деген болатын. Саған үлкендер Анастас Микоянның кім екенін айтар деп сенемін. Өкінішке қарай, Армения көрші мемлекеттің жерін басып алып, сол жерлерде этникалық тазалау жүргіземін деп қатты жеңіліс тапты. Ол армян халқының саяси және экономикалық болашағы болатын өзің секілді жас адамдарға үлкен зиянын тигізді. «Бүгінде жас қыздардың көбі тұрмысқа шығу мүмкіндігінен айрылып отыр, өйткені жас жігіттердің көбі отанынан кетіп қалуда», – деп жазды үкіметке жолдаған хатында армян елінің белгілі саяси және қоғам қайраткері Карине Даниелян. Аделина, сен қазір он үштесің. Аздаған уақыт өткен соң сен де өзіңе алыс та жақын көрінетін жұлдыздарға көз тігіп отырып отбасын құру, адами бақыт туралы ойлайтын боласың. Шынына келгенда Таулы Қарабақтағы армяндар қауымы мен Армениядағы халықтың өмірін осынша төмен деңгейге түсірген әзірбайжандықтар емес. Оны істеген – Қарабақты орға жыққан Арменияны бұрын да, қазір де билеп отырғандар. Олардың өз өмір-тұрмыстары жақсы, ал Қарабақтағы армян қауымының жағдай өте жаман. Ең сұмдығы – Қарабақ пен Армениядағы жүздеген мың адамдардың дала командирлері деп аталатын есалаң экстремистердің қолжаулығына айналғаны. Сөз соңында айтарым: «Жүз рет естігеннен бір рет көрген артық» деген халық даналығы бар. Сол айтқандай, Аделина, сені Баку, Гянджу, Сумгаит қалаларын, Әзірбайжанның көптеген аудандарын өз көзіңмен көріп, олардың дамыған жаңа бейнесін көруге шақырамын. Әке-шешеңді, ата-әжеңді ертіп кел, оларға әзірбайжандардың қонақжай және жасампаз қасиеті жақсы таныс болса керек. Бәрің бірге келіп, Таулы Қарабақ пен Арменияның не жоғалтқанын өз көздеріңмен көріңдер. Міне, содан соң өзің ешқашан көрмеген Әзібайжан мен әзірбайжандар туралы пікіріңнің өзгеретініне сенімдімін».     P.S. Міне, тарихқа сүйене отырып, нақты мысалдармен болған оқиғаның мән-жайын жеріне жеткізе түсіндірген әзірбайжандық азамат осылай дейді. Біз, әрине, сөз болған жағдайға біржақты қарай алмаймыз. Алайда бәрін қолмен қойғандай нақты уәждерімен талдап берген гуманист кісінің парасаты құрметке лайық. Атышулы Ходжалы қасіреті туралы айта келіп, Эльнур Асланов «Мұншалық жауыздықты ешқандай соғыспен ақтап алу мүмкін емес» дейді. Ал енді өзімізге келер болсақ: 2014 жылы Астанада өткен саммитте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Армения ЕАЭО-ға халықаралық қауымдастық мойындаған шекарасы аясында ғана қосыла алады» деп мәлімдеген еді. Демек бұл мәселеде Қазақстанның көзқарасы айқын.   Ахмет ӨМІРЗАҚ