Қазақ спортында қалыптасқан теріс дәстүр - легионер
Қазақ спортында қалыптасқан теріс дәстүр - легионер
Келді, көрді... ақша алды
Спортқа сырттан келіп қосылған спортшылар, яғни, ррлер ешқашан назардан тыс қалған емес. Қазіргі спорт саласында кең етек жайып тұрған «легионер шақырту» құбылысын елімізде тоқтатуды сұрағандар да табылған. Бірақ халықаралық додаларда Қазақстанның атынан сынға түсетін шетелдік спортшылар әлі күнге дейін азайған жоқ. Талай әңгімеге арқау болған легионерлер мәселесі таяуда Парламент Мәжілісінде сөз болды.«Бізге осындай спорт керек пе?»
Әрине, шет мемлекеттерден спортшылар шақыру әлемдік спорт саласында қалыптасқан құбылыс. Қазір сырттан легионерлерді тарту ешкімге де таңсық емес. Алайда біздің елімізде легионерлерге көрсетілетін «құрметтің» тым жоғары болуы халық қалаулыларының да ашуын туғызған тәрізді. Парламент Мәжілісінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қатысуымен өткен Үкімет сағатында Мәжіліс депутаты Мұхтар Тінікеев «легионерлердің жалақысын реттеу керек» деп кесіп айтты. «Кеше Семейде Қазақстан чемпионаты аяқталды, оған 350-ге тарта қазақстандық спортшы қатысты. Оған дейін бір апта бұрын Қарағандыда «Nomad ММА» чемпионаты да өткен болатын. Осының бәріне бір тиын да мемлекеттік қолдау болған жоқ. Ал енді басқа спорт түрлерін қарап көрейікші: мәселен, Аршавинге миллион доллардан астам жалақы төленгелі отыр. Жылына миллион доллардан асады. Айына 30 мың доллар алатын легионерлер бар. Ал бізге осындай футбол керек пе? Бұл қаражат неге балалар спортына жолданбайды», – деген ойын білдірді депутат министрге қарата. Айта кетейік, Үкімет сағатындағы депутат Мұхтар Тінікеевтің Аршавиннің жалақысына қатысты ойынан кейін «Қайрат» клубы жауап қайтарды. Клубтың ресми сайтында жарияланған дерекке сүйенсек, «Қайраттың» бірде-бір ойыншысы мұндай жалақы алмайды екен. «Андрей Аршавинді команданың халықаралық тәжірибесін байытады деген сеніммен алдық. Ол Қазақстан футболының атын шетелдік аренада шығарады деп ойлаймыз. Соңғы уақытта Аршавин келгелі футбол матчтарына келетіндер саны көбейген. Сондай-ақ, Мұхтар Бәкірұлына айтарымыз, «Қайрат» – елдегі балалар футболына баса мән беретін жалғыз клуб. Соңғы үш жылда балалар мен жасөспірімдерге арналған екі академия салды. Оған халықаралық дайындық жүйесін енгізді. С.П. Квочкин атындағы балалар академиясы 2 гектар аумақта орналасқан. Мұнда 7-13 жасқа дейінгі балалар оқиды. Соңғы үш жылда «Қайрат» футбол клубы 14 футбол алаңын, 6 дайындық орталығын, 2 жабық футбол алаңын салуға мұрындық болды», – деп жауап қатты «Қайрат» клубының өкілдері. Ал депутат футболдағы легионерлерді ғана сынға алып қойған жоқ, кіл сырттан келген спортшылардан жасақталған «Барыс» хоккей клубын да атап өтті. «Барыс» хоккей клубында жалғыз қазақ Дамир Рыспаев, оның өзі мұз айдынына төбелесу үшін шығады. Екі хоккейші маусымдағы мәлімет бойынша жылына 1 миллион 300 мың доллардан 1,8 миллион долларға дейін жалақы алады. Төрт хоккейші 900 мың доллардан 1,3 миллион долларға дейін. Бір адам! Елестетіп көріңіздер! Неге? Бізге мұндай спорттың не керегі бар? Бұған жауап беретін адамдар шешім жасасын!», – деді депутат. Расында да, дәл осы спорт түрі бойынша есімі ел аузында жүрген қазақ хоккейшілері жоқтың қасы. 2015 жылғы әлем чемпионатындағы Ұлттық құрамада бір ғана қазақ хоккейшісі өнер көрсеткені белгілі. Қазақстандық хоккей командаларының қатарында шетелдік легионерлер көп. Ресей, АҚШ, Канада сынды мемлекеттердің хоккейшілері әлі де отандық командалар сапында. Тіпті, олардың көпшілігі Қазақстан азаматтығын алып алған. Алайда олардың қазақстандық хоккей құрамасы үшін қаншалықты жан беріп ойнайтыны көпшілікке беймәлім. Өзге елдің азаматы қазақ хоккейін шырқау биікке көтереді деген сенімнен гөрі күмән көбірек.Легионерлер жетістігі – уақытша нәтиже
Халық қалаулылары легионерлерге төленетін жалақыны ретке келтіру арқылы балалар спортына қаржы бөліп, ауылдағы спортты дамытуды қолға алу қажеттігін тілге тиек етті. Бұл мәселе биік мінберден бірінші рет естіліп жатқан жоқ. Бұған дейін де спорттағы легионерлер мәселесін депутаттар талай рет қозғаған. Бірақ «баяғы жартас – сол жартас». Легионерлер мәселесін байыппен қарауға министрлік те, жауапты сала мамандары да құлықсыз секілді. Қыруар қаржыны шығындап шетелден легионерлерді әкелгеннен гөрі өз спортшыларымызды тәрбиелеген әлдеқайда тиімді екендігіне лауазымды жандарды әлі де сендіре алмай келеміз. Осы уақытқа дейін сан мәрте шу туғызған сырттан келетін спортшылар мәселесі соның айғағы. Легионерлерге осы уақытқа дейін төлеген миллиондаған қаражатқа бүгінде қаншама ауыл-аймақтарда спорт орталықтары салынып, жүздеген, мыңдаған балаларды спортқа тәрбиелеуге мүмкіндік туар еді. Ауылда өскен қазақ баласының спортқа бейім екендігін кәнігі мамандар да, қарапайым жұрт та айтудан жалыққан емес. Тек сол балаларды ары қарай шыңдап, кәсіби спортқа баулитын орталықтар мен мектептер қажет. Шетелден аттай қалап әкеліп жатқан жалдамалы спортшылар халықаралық деңгейде үздік өнер көрсетіп жүрген жүзден жүйріктер болса, мұншалықты қарсылық танытылмас па еді, кім білсін?! Бірақ легионерлердің басым көпшілігін шет жұртта ешкім де танымайды. Ал Қазақстан сол спортшыларды көкке көтеріп, төрден орын ұсынады. Содан кейін өз спортшыларымыз өзгелерге жалтақтап жүреді. Легионерлерге қарап бой түзеуге тырысқан жас таланттар да көріне қояр емес. Бір кездері кейбір спорт түріндегі жетістіктер мен жеңістерге ішінара легионерлердің арқасында қол жеткізгеніміз рас. Дегенмен, қазір көк Туымызды төмен түсірмейтін өз спортшыларымыз бар емес пе? Сондықтан болар, 2013 жылы Спорт және дене шынықтыру агенттігі Қазақстан спортындағы шетелдік жалдамалы спортшылардың саны қысқартылатындығын айтып, жұртты бір қуантқан. Өкінішке қарай, барлық спорт түрлері бойынша әуелі облыстық командаларда легионерлер санын азайтып, бірте-бірте ұлттық құрама командаларды қолға алуға уәде берген агенттік те сөзінде тұра алмады. Жалпы, Қазақстанда өзге елден спортшы шақыру үрдісі 90-жылдардан бастау алған. Алғашында еліміздің Ауыр атлетика федерациясы сырттан легионерлерді алдыруға қатты әуес болатын. Өйткені елімізде ең көп легионерлерді шақырып, мәртебелерін көтерген ауыр атлетика екен. Федерация құрамына келіп, Қазақстан азаматтығын алған Эдуард Тюкин, Вячеслав Ершов, Алла Важенина, Светлана Подобедова секілді ресейлік зілтеміршілердің жетістіктерін атап өтуге тиіспіз. Одан кейін қытайлық Зүлфия Чиншанло мен Мая Манеза да қоржынымызды майлады. Шетелдік спортшыларды тарту арқылы жетістікке қол жеткізген Ауыр атлетика федерациясының бұл қадамы кейін өзге спорт салаларын да дендей бастады. Теннис, күрес, футбол, велоспорт сынды спортта «Қазақстанның жаңа азаматтары» көбейе бастады. Бірақ барлық федерацияның қадамы табысты болды деп айта алмаймыз. Әсіресе, теннисте Ресейдің екінші деңгейлі ойыншыларын елге алдырып, сол үшін қазынадан қыруар қаржы бөлгенімізбен, нәтиже көңіл көншітерліктей бола қоймады. Не керек, қазаққа етене жақын спорт түрі – күрестен де сырттағыларды сынап көрдік. Қазақтың білекті һәм жүректі жігіттері тұрғанда легионерлер жастарға үлгі болады деген тым өрескел ұстаным екенін ескергендер саусақпен санарлық. Легионерлерді шақыртуға құмарлардың айтар уәжі біреу – Қазақстанның халықаралық беделін көтеру, имиджін қалыптастыру деген сылтау. Жасанды бедел алып елге абырой бола қоймасын ескергендер де тым аз. 2008 жылы өткен Бейжің олимпиадасы кезінде бапкерлердің Ақжүрек Таңатаровтың орнына якут Леонид Спиридоновты жібергені әлі де есте. Күрес федерациясы дәл осы байрақты бәсекеде Ресейден шақыртылған Таймураз Тигиев үшін Нұржан Қатаевтың спорттағы тағдырын құрбан қылған. Федерация басшылары қазақ жігіті Қатаевты олимпиадаға баратындар тізімінен сызып тастап, оның орнына Тигиевті қосқан болатын. Қазақтың жас спортшыларын ең үлкен додалардың бірінен сырт қалдырғаннан кейін кейбіреулер қазақ спортының қамын жеп жүр дегенге сену де қиындау. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері, ақша үшін Қазақстан сапында өнер көрсеткен талай спортшылар келіп, кетіп жатқаны белгілі. Шетелден келген жалдамалы спортшылардың жетістіктері біз үшін уақытша нәтиже екендігін ұғынуымыз қажет. Бүгін Қазақстанның атынан сынға түскен спортшының ертең өзге елдің намысын қорғайтыны анық. Бір Олимпиадада Қазақстанның намысын қорғап, одан кейін еліне тайып тұратын легионерлер жоқ емес. Мысалы, триатлоншы Данил Сапунов Қытайдағы бәсекеде көрсеткен сәтсіз өнерінен кейін Украинаға қайта оралған. Жоғарыда аты аталған Алла Важенина да Бейжіңде күміс жүлдеге қол жеткізіп, 150 мың долларды алғаннан кейін «шүу, қарақұйрық» деп, Ресейге қайтып кеткені де есте. Мұндай «бір реттік» легионерлер біздің спорт саласында жетіп-артылады. Ал мұның қаншалықты қажеті бар? Кез келген спорт түрінен жеңіске жету үшін ойыншының бойында ұлттық рух болуы тиіс. Бір елден екінші елге ауысып жүретін спортшыларда ұлттық рух қайдан болсын?Легионерлер легі қашан тоқтайды?
Соңғы уақытта жасыл алаңда қазақ футболшыларының саны артқанын байқап, ішіміз бір жылып қалды. Бүгінде ұлттық құрама сапында Елдос Ахметов, Абзал Бейсебеков, Бауыржан Исламхан, Ұлан Қонысбаев, Ермек Қуантаев сынды алаңда жақсы ойын өрнегін көрсетіп жүрген қазақ футбол мектебінен шыққан ойыншылар бар. Мұндай қазақ азаматтарының Қазақстан құрамасында жүргені көңіл қуантады. Десек те, ұлттық құраманың қақпасын күзететін қақпашылар қатарында бірде бір қазақ азаматы жоқ. Бұдан қандай қорытынды шығаруға болады? Қазақ ұшқан допты қағып ала алмай ма? Шашуға ғана жаратылған дарақы мінезіміз осындайда қауіп бетін қайтаруға келгенде сыр бергені ме? Қалай десек те, сырттан легионер шақыртуда Футбол федерациясы қарап қалып жатқан жоқ. Қазақ футболының өркендеуіне бір жағынан қолдау, екінші тұрғыдан тұсау болып тұрған да осы мәселе, яғни, отандық футбол командаларында қазақ футболшыларының аздығы. Иә, сырттан легионерлер шақыру әлем елдерінің тәжірибесінде кездесетін үрдіс. Еуропадағы мықты футбол клубтарының барлығында да легионерлер бар. Алайда олар ұлттық құрама үшін ең алдымен өз ұлтының, елінің азаматын дайындауды ұмытпайды. Еуропалық клубтар құрамдарына шетелдік ойыншыларды шақырғанымен, олар өз елінің жастарын ешқашан назардан тыс қалдырмайды. Ұлттық құраманың сапына шетелдіктерді алу үшін біздің еліміздегідей оңды-солды азаматтық әпермейді. Ал Қазақстанда өзіміздің сырттан келген қандастарымыз азаматтық ала алмай жүргенде, шетелден келген легионер әп-сәтте «қазақ» атанып шыға келеді. Онымен қоймай, олардың бар жағдайы жасалады. Ал тасада қалған талантты қазақ футболшыларының аяғына тұсау салып қояды. Шетелдің үздік деген футболшыларына қомақты ақы төлеу және азаматтық беру арқылы ұлттық құрама қатарына қостық делік. Ал олар бір-екі жылдан кейін қарапайым көп аяқ допшының біріне айналарын көріп те жүр жұрт. Үздіксіз жоғары деңгейлі өнер көрсете бер дей алмайсың. Олай болуы мүмкін де емес. Сонда... азаматтығымызды саудаға салғанымыз ба? Бірнеше жыл бұрын шеттен келген легионерлердің ұлттық құрама командалардың сапында өнер көрсетуіне депутаттар да ашық қарсылық білдірген болатын. Сонда депутат Нұртай Сабильянов: «Шеттен легионер тасығанды доғару керек. Оның есесіне, ауыл спортын дамытуды қолға алған жөн. Соларға жұмсалатын қаржыны спорт мектептерінде жүрген қазақ балаларының жағдайын жақсартып, аяқдопқа мейлінше баулуға жұмсау қажет. Ауыл-ауылдағы балаларды әкелгенде ғана нағыз қазақ футболын көре аламыз. Сонда ғана нәтиже болады. Өз ұлдарымыз ойнамайынша, ешкім де біз үшін жанталасып, арамтер болмайды. Ешкім де қазақтың намысын қорғап жарытпайды. Сол себепті жергілікті футболшыларға көп көңіл бөлінуі керек. Ұлттық құрама сапында шетелден келген ойыншылар көбейіп барады. Олардың басты мақсаты – ақша алу, өзінің жағдайын жақсарту, халықаралық деңгейде көзге түсіп, басқа командаға тез ауысып кету. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанды жағдай жасайтын жолға айналдыру. Сондықтан да менің ойымша, құрама сапындағы ойыншылардың кем дегенде 70 пайызы қазақ азаматтары болуы керек. Бұл бас бапкерге қойылатын негізгі талап болуы тиіс», – деген болатын. Депутаттың бұл сөзінің жаны бар. Қазақ футболын өрге сүйрейтін тек өз футболшыларымыз ғана. Ардагер футболшы Құралбек Ордабаевтың айтуынша, шетелден бапкер шақырудың да қажеті шамалы. «Футбол клубтарына шетелден бапкер шақырудың еш қажеті жоқ. Шетелдік бапкерлер тек өзінің пайдасы үшін, қалтасының қамы үшін ғана келеді. Олар шет мемлекетте жұмыссыз жүрген адамдар. Сондай жандарды бізде әулие тұтып, Қазақстанға алдырып, жағдайын жасап қояды. Олар біздің қазақстандық бапкерлерден артық ешнәрсе үйрете де алмайды. Онымен қоймай, олар өздерінің штабымен келеді. Жанына өзінің жақындарын жинап алып, екі жыл Қазақстан футболын көтерудің орнына, төмен түсіреді», – деген болатын ардагер футболшы. Бұл да шындық. Ойыншыларды ғана емес, бапкерлерді де шетелден шақыртуды сәнге айналдырғалы да талай жылдың жүзі болды. Бір қуантарлығы, биылғы жылы еліміздің футбол командаларын бірқатар отандық жаттықтырушылар жаттықтыру үстінде. Өткен жылдың соңында Ақтөбе облысының басшысы Бердібек Сапарбаев жергілікті «Ақтөбе» футбол клубына өз футболшыларымыз бен бапкерлеріміздің санын көбейту туралы талап қойған. «Бір ғана шарт – клубқа жергілікті футболшылар мен бапкерлер тартылуы тиіс. Футболшылардың жүрегінде еліне, жеріне деген сүйіспеншілік болуы тиіс, футболшы өз жерімізде туып-өскен ұлтжанды азамат болуы керек. Осы айтылғандар футболшының бойынан табылмаса, онда оның ойлағаны тек ақша болмақ. Мен легионерлердің сырын жақсы білемін. Келісімшарт жасасқан уақытта жақсы көрінуге тырысады. Алғашқы 5 матчта тәп-тәуір ойнап жүреді. Кейіннен бәрі белгілі бола бастайды. Бірде денсаулығы сыр береді, болмаса тағы бір сылтау табады. Сөйтіп үй мен жұмыстың арасын жол қылумен уақыттарын өткізеді. Олардың несі кетеді: келісімшарт жасалды, ай сайын 30-60 мың доллар қалтада, енді басты қатырып не керек?!», – деп қадап айтқан Бердібек Машбекұлы. Бердібек Сапарбаевтың айтқан сын-ескертпелері тек «Ақтөбе» клубындағы ғана жағдай емес. Барлық футбол командаларының басшылары назарға алатын-ақ жайт. Халық қалаулыларының легионерлердің жалақысын ретке келтіруді сұрағандығының сыры да осында. Ауылдағы доп теуіп жүрген қазақ балаларын спортқа тарту қажеттігі де күн тәртібінен бір түскен емес. Оларды шыңдап, әрі қарай жол көрсетіп, бағыт сілтейтін бапкерлер мен жаттықтырушылар қажеттігі күн тәртібіндегі ең өткір мәселе. Бірақ бүгінгі жаттықтырушылардың басым бөлігі өзге ұлт өкілдері. Мемлекеттік тілді білмейтін мұндай бапкерлер ауылдан келген қаракөздерді баулуға ниетті ме? Спортта жүрген қазақтың қыз-жігіттері өзіміздің ұлттық құрамаларда өгейлік көрмесе екен деп тілейміз. P.S. Латын тілінде «Veni, vidi, vici» деген сөз бар. Цезарь айтты делінеді. Қазақша айтсақ, «келдім, көрдім, жеңдім» деген мағынада. Спорттағы шетелдік легионерлер де Қазақстанға келді, көрді, ақша алды... Аз ақша емес.