Жаңалықтар

Н.Назарбаев, ҚР Президенті: Жер – ұлтымыздың ұлы байлығы

ашық дереккөзі

Н.Назарбаев, ҚР Президенті: Жер – ұлтымыздың ұлы байлығы

Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Тәуелсіздік. Келісім. Болашағы біртұтас ұлт» атты Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясы өтті. Бейбітшілік және келісім сарайында өткен сессияға 1500-ден астам делегат қатысты. Олардың қатарында еліміздің барлық өңірлерінен келген ассамблея мүшелері мен ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестік төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни және қоғамдық бірлестіктердің басшылары, ғалымдар, интеллигенция өкілдері, сондай-ақ шет мемлекеттердің елшілері болды. Мемлекет басшысы сессия отырысын ашық деп жариялаған соң, Мемлекеттік әнұран орындалды. Тәуел­сіздіктің ширек ғасырлық, 25 жыл­дық тойы қарсаңында өткен сессия жұмысы барысында Ұлт көшбасшысы қазіргі қазақ қоғамында орын алған жайттардан бастап, жаһандық деңгейдегі мәселелерге қатысты ой-пікірін білдірді. Сөз басында Мемлекет басшысы «Баршаңызды Қазақстан халқы Ассам­блеясының XXIV сессиясының ашы­­луымен құттықтаймын. Биылғы алқалы жиын ең қастерлі құ­н­ды­лы­ғымыз – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында өтіп отыр. Еліміздің тәуелсіздік тарихы – тұрақтылық пен татулықты, бей­бітшілік пен келісімнің жылна­масы. «Байлық та, бақыт та – бірлікте» дейді халқымыз. Мен қоғамның бар­лық салаларында жемісті еңбек етіп жүрген сан түрлі этнос өкілдеріне зор ризашылығымды білдіргім келеді», – деді Ұлтаралық бірлік пен ынтымақтастықты қашанда ту еткен Мемлекет басшысы бұл жолы да біртұтастылық тақырыбына тоқ­талып өтті. «Біз достықты қазақ­стан­дық­тардың барлық буынының басты игілігі ретінде сақтай білдік. Біздің бірегей жолымыз – тең құқықтылық, бір шаңырақ астында өмір сүретін барлық этностың бірлігі мен келісімі халықтың тілек-қалауымен таңдалды. Қазақстан халқы Ассамблеясы – Тәуелсіздік жемісі. Ассамблея кез келген сын-қатер төнген кезде және Тәуелсіздіктің барлық кезеңінде әрдайым биіктен табылды. Оның тарихында біздің ұлттың өрлеу дәуірінің кезеңдері мен нақты нәтижелері көрініс тапқан», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп, бірлігі жарасқан Қазақстан – әлем елдеріне үлгі екендігін жеткізген Елбасы бүгінде мемлекеттік қызмет корпусында 45 этнос қызмет істеп жатқандығын, оның ішінде 3100 орыс, 580 украин,­ 264 татар, 224 неміс, 190 өзбек, 83 белорусь ұлты бар екендігін айтты. Мемлекеттік қызметкерлер ішінде корей, поляк, әзірбайжан, шешен, ингуш, еврей, армян, қырғыз, тәжік пен өзге ұлт өкілдері де бар. Мемлекеттік бағдарламаларды сәтті жүзеге асыруда өзге ұлт өкілдерінің де рөлі зор. Сондықтан, қазақ топырағында өмір сүріп, қазақ қоғамы үшін жанын беруге даяр өзге ұлт өкілдері ел экономикасына айтулы үлес қосып келеді. Бұл ретте Елбасы: «Біз мемлекеттік аппаратта әрдайым этникалық әралуандық болуы үшін бұл жұмысты жалғастыра беретін боламыз», – деді. Өз сөзінде Президент, ең бастысы азаматтық екендігін еске салды: «Әрине, ұлттық біртектілік бағытында көп дүниелер жасалды. Алайда, қоғамның бірлігі мен келісімі бойынша бәріне қол жеткіздік деп тоқмейілсуге болмайды. Ендігі күні туындаған кез келген мәселеге дер кезінде жауап берілуі керек». Бұл ретте Елбасы Қазақстан әрбір азамат үшін жайлы болуы керектігін атап өтті. Азаматтық деген ол еліміздің барлық азаматы бір заңмен, Конституциямен өмір сүреді деген сөз. Бәрі осы бір ғана заңға бағынуы керек. Рим империясында азаматтар болды, ұлт емес. Тіпті латын тілінде «ұлт» деген сөз «жаңа туған» дегенді білдіреді екен. Ал біз осы «ұлт» деген мәселені не қылып жібердік? Сондықтан да, біртектілік дегеніміз өзінің ұлттық ерекшеліктеріңді жоғалтпау, тарихыңды, мәдениет пен тіліңді ұмытпау дегенді білдіреді. Ал азаматтықта  ̶ біз бірдейміз», ̶ деді Н.Назар­­баев. Одан кейін Елбасы Ұлт жос­парын жүзеге асырудың алғашқы қорытындыларына тоқталды. «Қолайлы жылдары біз индустрияны құрдық, шикізаттық түсімді алмастыру үшін бұл шара жүзеге асырылды. Инновациялар мен индустрия мемлекетте ақша болған кезде енгізіледі. Біз бұл жұмысты бастау үшін қор жинадық. Біз уақытында бастап отырмыз», – деген Елбасы елімізде бес жыл ішінде 900 жаңа кәсіпорын салынғандығын жеткізді. Алдағы уақытта бұған қоса, тағы да 100 жаңа кәсіпорын іске қосылмақ. «Осы жылы мыңдаған кәсіпорын ашылады, 500 жаңа өнім шығаратын орындар. Біз бұрын-соңды Қазақстанда шығрылмаған өнімдерді өндіре бастадық. Экономиканың бұл бөлігі өсуде», ̶ деді Елбасы. Ал Ұлт жоспарының бірінші кезеңінің қорытындысын жалпылама оң бағалаған Мемлекет басшысы бірнеше айда 59 заңнамалар жасалып, 400 нормативті-құқықтық актілер бекітілгендігін жеткізді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы сөз барысында бүкіл әлем бойынша мемлекеттердегі реформаларға мониторинг жүргізетін Дүниежүзілік банк 2015 жылы басқа елдермен салыстырғанда, Қазақстан ең көп көлемде реформа жүргізгендігін тілге тиек етті. Оның әдістемесіне сәйкес, республикамызда 7 бағытта 19 реформа іске асырылған. «Басқаша айтқанда, Ұлт жоспары аясында біз бес емес, ендігі жиырмаға жуық маңызды жаңаруларды жүзеге асыра алдық!», ̶ деді Н.Назарбаев. Елдегі бейбітшілік пен келісім құндылықтары нәтижелі көрсеткіштің басты кілті екендігін жеткізген Елбасы: «Қайдан туындап, қайдан пайда болғанына қарамастан кез-келген дағдарыстың, кез келген қатердің толқынының кері қайтатын кезі болады. Ол мығымдылықтың, бірліктің арқасында, еліміздің ерік-жігерінің нәтижесінде кері қайтады», – деді.

«25 жыл ішінде көптеген қиындықты бастан өткердік»

Қазақ елін іштің, сырттың алауыздығынан сақтап, нығайта түсу биліктің тарих алдындағы парызы. «Біз қандай заманда да тәуелсіздік тізгінін берік ұстауға тиіспіз. Елімізді іштің, сырттың алауыздығынан сақтап, нығайта түсу тарих алдындағы парызымыз және жауапкершілігіміз. Бұрынғы өткен ата-бабалардың әруағы мен кейінгі ұрпақ алдындағы парызымыз. Ұлы далада туымызды тігіп, еркін өмір сүруге лайықты екенімізді күн сайын өзімізге де, баршаға да дәлелдеп отыруымыз керек», ̶ деді Елбасы. ҚР Президенті қай заманда да, қашан өмір сүрсе де барлық буын ұрпақтар тәуелсіздікті бәрінен жоғары қоя білуі тиістігін баса айтты. Бұл мақсат бізді бүгін қабылданған патриоттық актідегі «Мәңгілік елдің» мызғымас жеті тұғырын ұлықтап, сақтап, дамыта беруге міндеттейтіндігін атап өтті. «Тәуелсіздіктің жолы оңай болған жоқ, болмайды да. 25 жыл ішінде біз көптеген қиындықты бастан кешірдік, жаһандық, өңірлік дағдарыстарды еңсердік. Бұндай күрделі кезеңді Қазақстан қазір де бас­тан кешіруде. Әлемдік экономиканың құлдырауы жалғасуда, энергоресурс­тарды, шикізаттарды, металды, азық-түлікті қоса алғанда негізгі экспорттық тауарларға бағалар төмендеу үстінде. Осының бәрі біздің бюджетімізге, экономиканы қаржыландыруға әсер етпей қоймайды», ̶ деді Елбасы. Қазақстан халқы Ассамблеясының се­с­сиясы Тәуелсіздіктің 25 жыл­ды­ғына арналған іс-шаралардың бастауы болмақ. «Қазақстан халқы Ассамблеясы ̶ біздің Тәуелсіздігіміздің ең асыл құндылықтарының бірі. Осы жаңа қоғамдық институтты бекітуді 1992 жылдың желтоқсан айында, Тәуелсіздігіміздің бір жылдығы қарсаңында ұсыныс жасағанымның өзіндік мәні бар. Қазір көпшілік сол кезеңнің қаншалықты күрделі болғанын біле бермейді. Ал сол тұста дүниеге келгендер қазір 25 жасқа толып, ересек адам болды. Олар біздің басымыздан өткергеніміздің көбін білмейді», ̶ деді Президент. Сонымен қатар, Н. Назарбаев­ Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін бірқатар елдерде қантөгістер орын алғанын еске салып, олардың кейбірінде қақтығыстар әлі де жалғасып тұратынын атап өтті. «Әрине, қатерлер зор болды. Дегенмен, бізге қатысты айтылған ең сорақы болжамдардың барлығы Қазақстанды айналып өтті. Бұл кездейсоқтық емес, біздің мемлекетіміздің нысаналы жұмыстарының нәтижесі болатын. Біз достықты сақтап қалдық. Халықтың ерік-жігері арқасында біз бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан барлық этностардың тең құқылығы, бірлігі мен келісім жолын таңдадық. Қазақстан халқы Ассамблеясы – бұл біздің Тәуелсіздігіміздің жемісі. Ол кез келген қатерлерден жоғары тұрды», – деді Н. Назарбаев. Биыл Тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өтуге қызу дайындық басталып та кетті. Елбасы өз сөзінде айтулы мерейтой қарсаңында бірқатар тапсырмалар берді.

«Тілдер туралы заңның үстемдігі артуы тиіс»

Жиын барысында Мемлекет басшысы тіл мәселесіне жеке тоқталып, заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін тілдер туралы заңның толық сақталуы маңызды екенін атап өтті. «Мемлекеттік органдарға арызданушының хат жолдаған тілінде ақпарат алу мәселесіне қатысты бұған дейін ескерту жасаған болатынмын. Менің тапсырмам бойынша Бас прокуратура барлық орталық және жергілікті органдарға тексеру жүргізді», ̶ деді. Елбасы келтірген ақпаратқа сүйенсек, «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» жаңа заң күшіне енген алғашқы үш айда 79 рет заң бұзылған. Соның ішінде 29 факт түрлі деңгейдегі әкімдіктерде, 50-і министрліктер мен ведомстволардың аумақтық бөлімшелерінде болған. Осыған байланысты Бас прокуратура барлық анықталған деректер бойынша заң бұзуды әшкерелеу және кінәлі мемлекеттік қызметшілерді тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде ұсыным енгізді. Елбасы бұл мәселені барлық мемлекеттік орган басшылары ұдайы жеке бақылауында ұстауға тапсырды. Сондай-ақ, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу барысында елорданың, Алматы мен облыстардың әкімдеріне көрнекті ақпараттың жариялануын үш тілде – мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде қамтамасыз етуді тапсырды. Елбасы соңғы кездері қоғамда қызу талқыланып жатқан үштілділікке қатысты өз ойын да білдірді. «Балаларымыздың үш тілді білуі – бұл қажеттілік. Сондықтан балаларды кішкентай кезінен үйрету қажет дегенге толығымен келісемін. Олар мемлекеттік тілді білуі тиіс. Ал орыс тілі – қарым-қатынас тілі, ағылшын тілі болса, әлемдік тіл әлемдік ғылым, инновация мен интернет тілі. Әлемде қандай тіл басымдыққа ие болатынын кім біледі?», ̶ деді.

«Халықтың қасиетті жерімізге деген қастерлі көңілі қуантты»

Сессияда халықты толғандырған жер мәселесіне қатысты Елбасы пікір білдірді. Оның мәлімдеуінше, ұлан-байтақ қазақ даласының бір тұтам жері шетелдіктерге берілмейді және бұл шектеуді жою мәселесі ешқашан талқыға салынбақ емес. «Соңғы уақытта «Қазақстан жері шетелдіктерге сатылмақ» деген жалған ақпараттардың үздіксіз жариялануы салдарынан жер мәселесіне қатысты алаңдаушылық көбейді. Мұның шындыққа жанаспайтыны бірнеше рет түсіндірілді. Тағы да айтқым келеді: ауыл шаруашылығы жерлерін шетел азаматтарына және компанияларына сату туралы мәселе жоқ, талқыланбайды да. Бұл тақырыптың төңірегіндегі алыпқашты әңгіменің бәрі негізсіз. Сондықтан төңіректегі әр түрлі алып-қашпа әңгімелер мен пікірлер арандатышулардың бұрынғы әрекеттерінің бірі. Соның ішінде баяғы қашқындар да бар, босқындар да бар. Біз бәрін білеміз. Дегенмен, осы мәселеге көңіл бөлген ағайынға қуанамын. Біздің мақсат – ауыл шаруашылығымен айналысатындарға жекеменшігіне жер алу мүмкіндігін беру. Егер олар жерге иелік ететін болса, оны күтіп-баптап, қадірлейтін болады», – деді Елбасы. Президенттің сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылығы жерлерін иесі шетелдік қаржыны тартқан жағдайда ол жерлер бірден жалға алу шарттарына ауысады. «Он жылдың ішінде шаруалар, соның ішінде шетелдіктер өз ақшаларын қайтара алмай жатыр. Сол себепті біз жалға алу мерзімін 25 жылға ұзарттық. Ресейде 49 жыл, Араб Әмірліктерінде 99 жыл, Еуропада 50-99 жыл. Онда тұрған не бар? Бір қызығы, қазір шулап жатқан адамдар трактордан түскендер емес, жылқыдан түскен қойшылар емес. Олардың ауыл шаруашылығы төңірегінде түсінігі де жоқ. Ауыл шаруашылығы жерлерінің қайда жатқанын білмейді де. Не туралы айтып жатқандарын түсінбейді. Сондықтан менің айтайын дегенім, жер – ата-бабамыздан мирас болып қалған ең басты қазынамыз, ұлтымыздың ұлы байлығы. Қазақтың даласы халықтың меншігі. Қазақстанның 14 мың шақырым шекарасын шегелеу үшін біз 8 жыл бойы келіссөздер жүргіздік. Не үшін? Жердің тұтастығын сақтау үшін», ̶ деді Н.Назарбаев. Елбасы халықты кез келген мәселені ушықтырып, ел арасына іріткі салуға құштарланған арандатушылардың айтқанына ермеуге шақырды. Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясының маңызын арттыра түскен шара – «Мәңгілік ел» атты патриоттық актінің қабылдануы. «Мәңгілік ел» патриоттық акті бұл жалпыұлттық идеяның құжат жүзіндегі формасы, бұл халық бірлігінің әмбебап әрі толыққанды генетикалық бағдарламасы. Біздің мәдени-рухани құндылықтарымыз, экономика, сая­сат, мораль мен сенім мәселелері, жаһандық әлемде Қазақстанды қай жерден көретініміз бәрі-бәрі осы құжатта көрініс табуы шарт. Аталған акт екі жыл бойы даярланды», – деді Н.Назарбаев. Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев баршаны алда келе жатқан Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтап, бақыт пен игілік және табыс тіледі. Сессия барысында Мемлекет басшысы ҚХА мүшесі, «Беларусь мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Л.Питаленконы және ҚХА мүшесі, Қазақстан өзбектері қоғамдық бірлестіктерінің «Дустлиқ» қауымдастығының құрметті төрағасы Р.Халмурадовты Ассамблея Төрағасының этномәдени бірлестіктер атынан өкілдік ететін орынбасарлары етіп тағайындау туралы өкімге қол қойды. Сондай-ақ сессияда қазақстандық ғарышкер, шетелдік қонақтар, өңірлерден келген делегаттар, спортшылар, жұмысшы мамандықтарының, сондай-ақ бюджеттік және жастар ұйымдарының, азаматтық қоғамның өкілдері сөз сөйледі.