«25 жыл ішінде көптеген қиындықты бастан өткердік»
Қазақ елін іштің, сырттың алауыздығынан сақтап, нығайта түсу биліктің тарих алдындағы парызы. «Біз қандай заманда да тәуелсіздік тізгінін берік ұстауға тиіспіз. Елімізді іштің, сырттың алауыздығынан сақтап, нығайта түсу тарих алдындағы парызымыз және жауапкершілігіміз. Бұрынғы өткен ата-бабалардың әруағы мен кейінгі ұрпақ алдындағы парызымыз. Ұлы далада туымызды тігіп, еркін өмір сүруге лайықты екенімізді күн сайын өзімізге де, баршаға да дәлелдеп отыруымыз керек», ̶ деді Елбасы. ҚР Президенті қай заманда да, қашан өмір сүрсе де барлық буын ұрпақтар тәуелсіздікті бәрінен жоғары қоя білуі тиістігін баса айтты. Бұл мақсат бізді бүгін қабылданған патриоттық актідегі «Мәңгілік елдің» мызғымас жеті тұғырын ұлықтап, сақтап, дамыта беруге міндеттейтіндігін атап өтті. «Тәуелсіздіктің жолы оңай болған жоқ, болмайды да. 25 жыл ішінде біз көптеген қиындықты бастан кешірдік, жаһандық, өңірлік дағдарыстарды еңсердік. Бұндай күрделі кезеңді Қазақстан қазір де бастан кешіруде. Әлемдік экономиканың құлдырауы жалғасуда, энергоресурстарды, шикізаттарды, металды, азық-түлікті қоса алғанда негізгі экспорттық тауарларға бағалар төмендеу үстінде. Осының бәрі біздің бюджетімізге, экономиканы қаржыландыруға әсер етпей қоймайды», ̶ деді Елбасы. Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған іс-шаралардың бастауы болмақ. «Қазақстан халқы Ассамблеясы ̶ біздің Тәуелсіздігіміздің ең асыл құндылықтарының бірі. Осы жаңа қоғамдық институтты бекітуді 1992 жылдың желтоқсан айында, Тәуелсіздігіміздің бір жылдығы қарсаңында ұсыныс жасағанымның өзіндік мәні бар. Қазір көпшілік сол кезеңнің қаншалықты күрделі болғанын біле бермейді. Ал сол тұста дүниеге келгендер қазір 25 жасқа толып, ересек адам болды. Олар біздің басымыздан өткергеніміздің көбін білмейді», ̶ деді Президент. Сонымен қатар, Н. Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін бірқатар елдерде қантөгістер орын алғанын еске салып, олардың кейбірінде қақтығыстар әлі де жалғасып тұратынын атап өтті. «Әрине, қатерлер зор болды. Дегенмен, бізге қатысты айтылған ең сорақы болжамдардың барлығы Қазақстанды айналып өтті. Бұл кездейсоқтық емес, біздің мемлекетіміздің нысаналы жұмыстарының нәтижесі болатын. Біз достықты сақтап қалдық. Халықтың ерік-жігері арқасында біз бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан барлық этностардың тең құқылығы, бірлігі мен келісім жолын таңдадық. Қазақстан халқы Ассамблеясы – бұл біздің Тәуелсіздігіміздің жемісі. Ол кез келген қатерлерден жоғары тұрды», – деді Н. Назарбаев. Биыл Тәуелсіздіктің 25 жылдығын атап өтуге қызу дайындық басталып та кетті. Елбасы өз сөзінде айтулы мерейтой қарсаңында бірқатар тапсырмалар берді.«Тілдер туралы заңның үстемдігі артуы тиіс»
Жиын барысында Мемлекет басшысы тіл мәселесіне жеке тоқталып, заң үстемдігін қамтамасыз ету үшін тілдер туралы заңның толық сақталуы маңызды екенін атап өтті. «Мемлекеттік органдарға арызданушының хат жолдаған тілінде ақпарат алу мәселесіне қатысты бұған дейін ескерту жасаған болатынмын. Менің тапсырмам бойынша Бас прокуратура барлық орталық және жергілікті органдарға тексеру жүргізді», ̶ деді. Елбасы келтірген ақпаратқа сүйенсек, «Ақпаратқа қолжетімділік туралы» жаңа заң күшіне енген алғашқы үш айда 79 рет заң бұзылған. Соның ішінде 29 факт түрлі деңгейдегі әкімдіктерде, 50-і министрліктер мен ведомстволардың аумақтық бөлімшелерінде болған. Осыған байланысты Бас прокуратура барлық анықталған деректер бойынша заң бұзуды әшкерелеу және кінәлі мемлекеттік қызметшілерді тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде ұсыным енгізді. Елбасы бұл мәселені барлық мемлекеттік орган басшылары ұдайы жеке бақылауында ұстауға тапсырды. Сондай-ақ, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу барысында елорданың, Алматы мен облыстардың әкімдеріне көрнекті ақпараттың жариялануын үш тілде – мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде қамтамасыз етуді тапсырды. Елбасы соңғы кездері қоғамда қызу талқыланып жатқан үштілділікке қатысты өз ойын да білдірді. «Балаларымыздың үш тілді білуі – бұл қажеттілік. Сондықтан балаларды кішкентай кезінен үйрету қажет дегенге толығымен келісемін. Олар мемлекеттік тілді білуі тиіс. Ал орыс тілі – қарым-қатынас тілі, ағылшын тілі болса, әлемдік тіл әлемдік ғылым, инновация мен интернет тілі. Әлемде қандай тіл басымдыққа ие болатынын кім біледі?», ̶ деді.«Халықтың қасиетті жерімізге деген қастерлі көңілі қуантты»
Сессияда халықты толғандырған жер мәселесіне қатысты Елбасы пікір білдірді. Оның мәлімдеуінше, ұлан-байтақ қазақ даласының бір тұтам жері шетелдіктерге берілмейді және бұл шектеуді жою мәселесі ешқашан талқыға салынбақ емес. «Соңғы уақытта «Қазақстан жері шетелдіктерге сатылмақ» деген жалған ақпараттардың үздіксіз жариялануы салдарынан жер мәселесіне қатысты алаңдаушылық көбейді. Мұның шындыққа жанаспайтыны бірнеше рет түсіндірілді. Тағы да айтқым келеді: ауыл шаруашылығы жерлерін шетел азаматтарына және компанияларына сату туралы мәселе жоқ, талқыланбайды да. Бұл тақырыптың төңірегіндегі алыпқашты әңгіменің бәрі негізсіз. Сондықтан төңіректегі әр түрлі алып-қашпа әңгімелер мен пікірлер арандатышулардың бұрынғы әрекеттерінің бірі. Соның ішінде баяғы қашқындар да бар, босқындар да бар. Біз бәрін білеміз. Дегенмен, осы мәселеге көңіл бөлген ағайынға қуанамын. Біздің мақсат – ауыл шаруашылығымен айналысатындарға жекеменшігіне жер алу мүмкіндігін беру. Егер олар жерге иелік ететін болса, оны күтіп-баптап, қадірлейтін болады», – деді Елбасы. Президенттің сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылығы жерлерін иесі шетелдік қаржыны тартқан жағдайда ол жерлер бірден жалға алу шарттарына ауысады. «Он жылдың ішінде шаруалар, соның ішінде шетелдіктер өз ақшаларын қайтара алмай жатыр. Сол себепті біз жалға алу мерзімін 25 жылға ұзарттық. Ресейде 49 жыл, Араб Әмірліктерінде 99 жыл, Еуропада 50-99 жыл. Онда тұрған не бар? Бір қызығы, қазір шулап жатқан адамдар трактордан түскендер емес, жылқыдан түскен қойшылар емес. Олардың ауыл шаруашылығы төңірегінде түсінігі де жоқ. Ауыл шаруашылығы жерлерінің қайда жатқанын білмейді де. Не туралы айтып жатқандарын түсінбейді. Сондықтан менің айтайын дегенім, жер – ата-бабамыздан мирас болып қалған ең басты қазынамыз, ұлтымыздың ұлы байлығы. Қазақтың даласы халықтың меншігі. Қазақстанның 14 мың шақырым шекарасын шегелеу үшін біз 8 жыл бойы келіссөздер жүргіздік. Не үшін? Жердің тұтастығын сақтау үшін», ̶ деді Н.Назарбаев. Елбасы халықты кез келген мәселені ушықтырып, ел арасына іріткі салуға құштарланған арандатушылардың айтқанына ермеуге шақырды. Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясының маңызын арттыра түскен шара – «Мәңгілік ел» атты патриоттық актінің қабылдануы. «Мәңгілік ел» патриоттық акті бұл жалпыұлттық идеяның құжат жүзіндегі формасы, бұл халық бірлігінің әмбебап әрі толыққанды генетикалық бағдарламасы. Біздің мәдени-рухани құндылықтарымыз, экономика, саясат, мораль мен сенім мәселелері, жаһандық әлемде Қазақстанды қай жерден көретініміз бәрі-бәрі осы құжатта көрініс табуы шарт. Аталған акт екі жыл бойы даярланды», – деді Н.Назарбаев. Сөз соңында Нұрсұлтан Назарбаев баршаны алда келе жатқан Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтап, бақыт пен игілік және табыс тіледі. Сессия барысында Мемлекет басшысы ҚХА мүшесі, «Беларусь мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Л.Питаленконы және ҚХА мүшесі, Қазақстан өзбектері қоғамдық бірлестіктерінің «Дустлиқ» қауымдастығының құрметті төрағасы Р.Халмурадовты Ассамблея Төрағасының этномәдени бірлестіктер атынан өкілдік ететін орынбасарлары етіп тағайындау туралы өкімге қол қойды. Сондай-ақ сессияда қазақстандық ғарышкер, шетелдік қонақтар, өңірлерден келген делегаттар, спортшылар, жұмысшы мамандықтарының, сондай-ақ бюджеттік және жастар ұйымдарының, азаматтық қоғамның өкілдері сөз сөйледі.