Мұстақымның тағдыры
Мұстақымның тағдыры
Алаш туы көтерілген кешегі ХХ ғасырдың басында өмір сүрген халық қаһармандарының өмірі – ұлттық рухтың алдаспаны, мемлекетшілдік сананың қайнар көзі. Қазақтың Алаш кезеңінде өмір сүріп, азаттық идеясын жүзеге асырған қуаты мол интеллигенциялық толқынның бірегейі Мұстақым Малдыбайұлы болатын.
Мұстақым – Әлихан Бөкейхан, Барлыбек Сырттанұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Отыншы Әлжанұлы, Жақып Ақбайұлы сынды оқыған тұстас, замандастарымен бірігіп, патшалық биліктің езгісін тартқан қазақ елінің тағдырына араша түскен, жерінің тұтастығы үшін күрескен ер. Алаш арысы ХХ ғасыр басындағы қазақтың әлеуметтік, қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, түйіні шешілмеген мәселелерді көтеріп, мерзімді басылымдарға жүректен шыққан отты сөздерін бастырды. Қараңғы қазақ баласы үшін оқулық, кітап жазып, ұлттық педагогика мен оқыту әдістемесінің негізін салды. Ел аралап, ауыл кезіп, қара домалақтарды оқуға шақырды. Алға жылжыған заманның жалына жабысып, қазақ қоғамына еуропалық мәдениет, прогрессивті леп әкелген, мектеп пен зауыт, өнеркәсіп ашқан жаңашыл көзқарастағы оқыған еді. Биыл осы азаматтың туғанына мерейлі 140 жыл. 1880 жылы туып, 1927 жылы өмірден өткен. Есім-сойы советтік билік үстемдік еткен кезеңде халық жадынан өшіп кеткен-ді. Оның істеген ісі, ұлт-азаттығы жолындағы мұраты мен қоғамдық-саяси қызметі, әдеби-ғылыми және публицистикалық мұрасы шовинистік билікке «аса қауіпті саяси элемент» болған соң, рухани өмірімізден қалыс қалды. Қазақстан советтік колониядан шығып, өз алдына дербес мемлекет болып, демократиялық ұстанымын жария еткенде ғана кешегі «халық жауы» атанған Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мұстафа есімдері тұғырына шығып, еңбектері орала бастады. Сол қайта «оралу» кезінде есімі жиі болмаса да, ара-тұра аталған қайраткер осы – Мұстақым Малдыбайұлы. Сөз басында айтқандай, тарихи тұлға тағдыры – ел тарихы болып саналса, онда Мұстақымның өмір жолы, санаулы ғұмыры – ел тарихының бөлінбес бір бөлшегі емес пе?! Көпшілік назарына Мұстақым Малдыбайұлын тану, зерттеу мәселесі туралы ой-толғанысымызды ұсынамыз.
Мұстақымтану мәселесі
Мұстақым Малдыбайұлының жарқын бейнесін тануда ұрпақтары, көзін көрген замандастары, тәлімін алған шәкірттерінің естеліктері маңызды. Қайраткер ұрпақтарын іздеп тауып, хат-хабар алысу арқылы құнды естелік деректер жазып алған қаламгер Кәрім Сауғабайдың еңбегі ерен. Б.Ысқақұлы, М.Темірұлы сынды елшіл тұлғалар негізін қалаған «ЕСЕП»-ті (Елін сүйген ерлер партиясы) қолдап, Қарағандыда «Жас қазақ» ұйымын құрған қоғам қайраткері К.Сауғабай жоғары оқу орындарында Кеңес өкіметіне қарсы үндеулер, ұран-парақшалар таратқаны үшін оқудан шығарылып, әміршіл-әкімшіл жүйе қысымын өткерді. «Мойындау», «Көктем келді, алақай!», «Ақша қар», «Сылдырмақ», «Күдеріңді үзбе», «Балқантаудың басында», «Үшқара оттары» жинақтары, «Мәди» көркем ой-толғау кітабы басылған жазушы Алаш зиялылары ғұмырынан «Атақты Ақайдың Хасені», «Тектінің теңі – Мұстақым...», «Мәдидің жан досы болған Мұстақым» т.б. танымдық мақалаларын жазды. Ата тарихын қадірлеп, Алаш қозғалысын қастерлеп өткен Мұстақым Малдыбайұлы перзенттеріне Сүйімбике, Әлихан сынды тарихи тұлғалар есімдерін берді. Міне, Әлихан Мұстақымұлы (1929 ж.т.) 1992 жылы 4 қарашада К.Сауғабайға жазған хатында «Неше жасында екенін білмейміз, әкем Троицкіге жылқы айдаушылармен барып, сонда оқуға түсіпті. Кейінірек Уфадағы Ғалия медресесінде оқып, ауылда өзінің ағайындарының, жерлестерінің балаларын оқытыпты. Семейде де мектепте сабақ берген болу керек. Уфада оқып жүргенде Ғазиза Ғайнулла деген татар қызына үйленіп, елге алып келіпті. Шешеміз Ғазиза 1891-1893 жылдары туып, 1928 жылы қаңтар айында әкеміздің қырқының алдында қайтыс болыпты. Күйеуінің сүйегін еліне апарып қайтқанда өкпесіне суық тиген болу керек. Әкем мектепте ағарту жұмысымен бірге газет-журналдарға мақала, өлең жазып тұрған. Ол уақыттағы қазақ газеттері арап әрпімен жазылған. ...Талдықорған облысында Ақсу ауданы Қара-Ағаш ауылында Маман Тұрысбектің мектебі болған. Сол мектепті ашардың алдында Қазан, Уфа қалаларындағы оқу орындарына хат жазылыпты. Ондағы тілек жаңа мектепке мұғалімдер жіберу. Сол тілекке сәйкес әкемді Уфадан осы мектепке жіберіпті. Ол кісі айтушылардың сөзіне қарағанда, 1910-1911 оқу жылында сол мектепте директор, мұғалім болыпты... Әлихан Бөкейхановпен де байланысы болуы керек. Себебі, ол кісі Мәскеуге кеткен соң, әкем барып жолығыпты» деген бағалы деректер келтіреді. Ал Сүйімбике Мұстақымқызының (1915-1992) қаламгерге жазған хатындағы «Менің әкем туралы әңгіме өте көп. Әкемнің бейіті бұрын Сарықияқ дейтін жерде болатын. Қазір қалай аталатынын білмеймін, көп өзгеріп жатыр ғой. Әкем 1928 жылы 47 жасында Семейде қайтыс болған. 1914-1916 жылдары «Айқап» деген журналда жұмыс істеген. Сәулеев Ризабек болып жазған әңгімелері бар. «Бекетбаев Таған деген кісі іздеп жүр» деп сіңілім Өзбике алып кеткен. Әкемнің суреті Әлихан деген бауырымның қолында... Сенің әкең Жұмабектің менің әкем өлгенде шығарған өлеңі сақтаулы еді: Атадан артық туған бір гауһар тас, Айтқаны бұрынғының болады рас. Кім келіп, бұл дүниеге кім кетпеді, Пендесі өкінеді болған соң жас. Дүние айтып болмас, қайтып келмес, Ахыреттік алыпсың, тауып жолдас. Шын жолдас қайғыңменен өліп кетті, Өлмегенмен артында бақытты болмас. Тұлпардан тұяқ қалды өмір берсін, Кемдігі ер жетпеген болып тұр жас, Қайғыға қайрат көрсет, Сәулей аға, Бұрын да өзгеше ең нәрің жуас. Бұл өткелден адамзат бәрің де өтер, Сен қайғырсаң, балалар жұмсап кетер. Тұлпардың жолына сал балаларды, Өнбейтін ой ойлама босқа бекер. Сұңқар ұшып жиырма сегізінші жылы, Мұстақымдай Шаншардан тумайды ұл. Менің есімде жатталып қалған жыр осы...» деген жансырының айтары мол. Біріншіден, М.Малдыбайұлының өмірден өткен уақыты 1928 жыл екені атап көрсетілсе, екіншіден, ағартушы өмірінің белесті кезеңдері, бүркеншік есіміне қатысты нақты мәліметтер берілген. Қазақ тіліндегі алғашқы оқулықтардың бірі «Қазақша ең жаңа әліппе» (1912) атты кітап жазған ағартушы тұңғыш ұлт баспасөзінің бірі «Қазақстан» басылымының жұмысына атсалысты. Мұстақым Малдыбайұлы «Хайырлы сағат» мақаласында «Иә, Қазақ балалары! Істі бастаушы табылды, енді сіздер қошдаңыздар! «Айқаб» менен «Қазақстанның» екеуі жиылғанда бір қозының құны ғой... Ойлаңыз! Әлбетте, санасы, намысы бар адамдар, осындай жарлы күнде жәрдем етер. Қазақ арасында білікті адамдар моллалар, мұғалімлер, халықға айтсаңыз, халық тілегіңізді алады. «Айқабқа» алушы жиған жігітдер, «Қазақстанға» да жәрдем етер. Тағы да айтамын, қазақ байлары, мырзалары, жаслары, аз нәрсе үшін халықдың көб ісін тоқтатбаңыз» деп ұлт басылымдарын қолдауға шақырды. М.Малдыбайұлы «Туған жеріме» өлеңінде кең даланы ен жайлаған қазақтың сәні мен салтанаты келіскен еркіндік дәуірі «Түрленткен масатыдай көк даласын, Көбейттік һәм семірттік мал баласын. Өзіңде емін-еркін жүрген шақта, Асырдың қалпынан жұрт шаруасын. Көкорай, көк шалғында жатушы еді, Көлдердің жылқы қаптап айналасын», «Қасына жиырма-отыз жігіт ерткен, көруші ек құс аңдыған бай баласын. Бүркітші, қаршығашы, тазы ерткен, Байлардың арттырушы еді салтанатын» деп сағынышпен жырлап, ел өміріндегі күрделі өзгерістердің саяси-әлеуметтік астарына үңіледі. Кемдіктен арылып, теңелудің жолын нұсқайды. «...Сол дәурен басымыздан кетті барлық, Жылдан-жыл келе жатыр, тосып та алдық. Пайда жоқ өткен күнді сағынғанмен, Бір іске өнер керек тұтынарлық Жарлылық, жалаңаштық жалтаң көздік. Халыққа келді бәрі ұрлық, қарлық. Арсаңдай басқа келген көп пәледен, Бір ғылым, бәрімізді құтқаралық». Табиғат құбылысын бейнелі де астарлы тілмен пернелеп, отаршылдар ойранындағы қыр өмірінің сүреңсіз кейпіне күйінеді. Азаттықтан айырылған қыр перзенттерінің қайғы-қасіретіне егіледі. «Жайлауды шегіртке алып, қыстауды – құрт, Жазы жау, қысы жұтау күнге қалдық. Ауаны қара сұрғұлт бұлт қаптап, Қолайсыз ашылмайтын түнге қалдық». Қазақтың тұңғыш журналы «Айқапта» ағартушының «Қайырлы ниет, жақсы ырым», «Денсаулық» мақалалары басылды. Ұлттық ояну дәуірінің рухын әлеумет санасына сіңіруде жанкештілік танытқан М.Малдыбайұлы алғашқы қазақ журналының ел ішіне таралуы, жазылуы сынды көкейкесті мәселелердің басы-қасынан табылды. Бұған қатысты жазушы Сапарғали Бегалин «Замана белестері» (Алматы, 1975) естелік кітабында: «...Қояндыға айдаған малымыз жоқ. Әкемнің ескіше хат біліп, шаһар тіліне жатықтығы – біздің базарға апарар байлығымыз да сол. Өйткені әкем немере тәтемнің күйеуінің малын базарлап бермек... – Біз де қайтамыз Сапарғали, сен бүгін өзіңе бір етік, кемзал-шалбар алшы. Магазинге баралық, – деді Әғкем. Мен ол кісіні Әғкем дейтінмін... – Жарайды, – деген ризашылық білдіріп, базарға жүруге дайындалдық. Менің өз ойым бар. Ол осы жәрмеңкеге келісімен көкейдегі бір мақсат еді. Жәрмеңкенің үлкен магазиндері бар көшесіне кіреберіс жағында кішкене үйшік дүкенше тұратын. Оның маңдайында араб әрпімен жазылған жарнама ілінген. Жарнаманың жазуын қасынан өткен сайын қызығып оқитынмын. Ол жазу: «Осы дүкенде «Айқап» журналына жазылуға болады. Жылдық бағасы үш сом» деп әдемілеп жазылған. Мені қызықтыратын осы жазу, «шіркін, «Айқап» журналына жазылып, жыл бойына алып тұрсам» деймін. Оған төлейтін ақшаның есебін таба алмайтынмын. Осы ойымды Әғкеме айтып, бір киім орнына осыған жазылсам деп қоя жаздадым. Базарға аттанып, тап сол дүкеннің қасына келгенде Әғкеме: – Мына бір дүкенге соға жүрелік, – дедім. – Онда киім-кешек жоқ қой, – деп Әғкем бұрылғысы келмеді. Мен оған: – Киім болмаса, басқа бір нәрселер бар шығар, – деп еркіндеу сөйлеп бастап алып келдім, Әғкем арабшаны жақсы танитын кісі, дүкеннің маңдайшасындағы жазуды оқып: – Журнал сататын жер осы екен ғой, – деп маған күлімсірей қарады.Оған ішім жылып еркелей бастадым. – Әғке, осы журналға мен жазылайын, киімге деген ақшадан бір үш сом берсеңіз, – деп еркелей айттым. – Сапекеш-ау, журнал киім бола ма? Оны жылдап жазылмай-ақ алып оқымайсың ба? Ана оқып жүрген школыңда жоқ па? – деп Әғкем өз ұғымындағы сұрақты қойды. Ол кісінің ұғымында школда болмайтын кітап, журнал жоқ деп ұғады. – Әғке, сіз қызықсыз, орыс мектебінде қазақ журналы қайдан болады. Бұл журнал Троицкий қаласында шығады. Қазақтың азаматтары ол журналға қазақ жайын, жер жайын, білім жайын үзбей жазады, – деп бар жақсылықты журналға тіркеп жатырмын. – Ондай көп білім берсе жазыла ғой. Алла өзі жеткізер, – деп өзінің тәуекелшіл сенімін де айтып қойды. Қуанышым қойныма сыймай Әғкемнен үш сом ақша алып «Айқаптың» уәкіліне келдім. Ол өзіме аздап таныстығы бар мұғалім Мұстақым Малдыбайұлы екен. Ол кісіні Нұрғали ағайдың үйіне келгенде көргенім бар-ды. Жөн айтып сұрасып, журналға жазылып, адресін жаздырып құлақ қағаз алдым. Журнал алдыратын оқыған кісі болып мақтана атыма міндім...» деп қазақтың тұңғыш журналы «Айқапты» қалың қауымға таратудағы Мұстақым Малдыбайұлы еңбегін тарихи шындыққа сай бағалады. «Сарыарқа» басылымындағы «Оқу», «Алаш партиясы», «Агитаторлар», «Ұлт қазынасы», «Областной земство тақырыпты», «Семейдің үйезный земствосы», «Тұңғыш құрбан», «Жетісу, Сырдария облысындағы аш-босқын» қазақ-қырғыздарға жылу жинайтын комитет ережесі», «Аш-жалаңаш қазақ-қырғыздарға жылу берушілер» атты мақала, хабарламаларда М.Малдыбайұлының Алаш автономиясындағы қызметі, елдік мәселелердегі азаматтық тұлғасы шынайы көрініс тапты. Мәселен, «Алаш партиясы» атты хабарламада Алаш партиясының Семей облыстық комитеті ашылып, комитетке Ә.Бөкейхан, Ә.Ермекұлы, Р.Мәрсекұлы, И.Әлімбекұлы, А.Қозыбағарұлы, Т.Құнанбайұлы, Х.Ғаббасұлы, С.Дүйсембіұлы, Ә.Молдабайұлы, Б.Сәрсенұлы және М.Малдыбайұлының мүшелікке өткені хабарланған. Барша ғұмырын ұлтының оянуы, рухани кемелденуіне арнаған тұлға большевиктер қысымына алынды. Дүние-мүлкі тәркіленіп, Қарқаралы түрмесіне қамалады. Асыл ерді абақтыға іздеп барған ақын Мәди Бапиұлы қапыда оққа ұшты.Мұстақым Малдыбайұлын насихаттау мәселесі
Мұстақым Малдыбайұлы шын мәнінде саналы ғұмырын ұлт-азаттығы жолына бағыштады. Ол бар білімі мен жиған ілімін қазақ жастарының келешегіне жаратқан Алаш қозғалысының рухы биік тұлғасы. Ер Мұстақым – біртуар, дегдар болмысты, нағыз елсүйер азамат болған. Олай дейтініміз, біздің ел – жетпіс жылға жуық советтік биліктің бодандығында, саяси езгісінде жүріп, өзінің төл әдебиеті мен мәдениетінен, тарихынан, ұлттық құндылықтары мен руханиятынан айырылып, ұлтжанды ұлы перзенттерінен көз жазып қалған. Есім-сойлары жермен-жексен болып, тарих күнпарағынан сызылып кеткен, советтік идеологияның «құбыжығына» айналған көп азаматтардың қатарында Мұстақым Матақ баласы да бар еді. Бүгінгі тәуелсіз мемлекеттің алтын кү-ні – өткенге түрен салдырды. Сондай-ақ құпия қойма мен шаң басқан архивтің, сирек кітаптар мен қолжазбалар сақталатын қорлардың есігін ашуға негіз болды. Бұл – аңсар-арманға толы еркіндіктің құдіреті. Қайта оралған ұлылар шоғырында Мұстақымдай дара бітім де бар. Мұстақым – тек Қарқаралы атырабының ғана емес, бүткіл қазақ ұлысының бәріне ортақ Алашшыл үлкен қайраткер. Архивтен сарғайған дерек тауып, Мұстақымның жүрек сөзі жазылған «Қазақша ең жаңа әліппе» (1912) кітабын қолға ұстап көргенімізде, құдды бір өткен тарихпен сырласып, Алаш сайыпқыранымен қол алысып, құшақтасқандай ерекше бір күйге түсіп едік. Міне, сол сәттен бері Мұстақымның артында іздеушісі жоқ. Сардардың әдеби-ғылыми мұрасын түгендеу, ғұмырнамасын түзу, қоғамдық-саяси, әдеби-мәдени қызметін анықтау үшін қолымызға қалам алып, аруақ разылығы үшін үлкен бір іс бастап едік. Сүйіспеншілікпен бастау алған іс Мұстақым Малдыбайдың шығармалар жинағын құрастыруға негіз болды. Бұл – ұзақ уақыт есім-сойы айтылмай, атаусыз қалған, насихаты кемшін тұлғаның әдеби-ғылыми айналымға түсуі. Сосын, бұл – тұңғыш рет шыққалы тұрған, оқырман жұртқа Мұстақым Малдыбайды толық таныстыруға мұрсат беретін кітап. Алаш дегдарының 140 жылдық мерейтойына тарту, тұғырының биіктеуіне қосылған үлес. Бұл тұңғыш рет жарияланатын жинақ болған соң, әзірше тек қолымызға түскен, Қазақстан архивтері мен кітапханаларынан табылған деректер мен мәліметтерді ғана қосып отырмыз. Болашақта Ресей Федерациясының Омбы, Орынбор, Уфа, Қазан қалаларындағы архивтерге жол түссе немесе Мұстақым жүрген жолмен жүріп өтетіндей материалдық-қаржылық мүмкіндік болса тұлғаның өмір жолын хроникалық тұрғыда жіті қарастырып, артына қалған мұраларын шашау шығармай жинастырармыз деп жоспарлап отырмыз. Сосын алдын ала ескерте кетер бір жайт – Мұстақым Малдыбай өзінің публицистикалық еңбектерін «М.М», «Азамат Қорықпасов», «Мұстақым», «Ризабек Сәулеев», «Сұңқар» деген бүркеншік аттармен бастырған-ды. Осы жинаққа қайраткердің санаулы ғана мақалалары енгендіктен, алдағы уақытта оның бүркеншік атпен басылған, әлі қолымызға түспеген, таба алмаған басқа да мақалаларын кездестірерміз деген үміт бар. Осы жинақ қолыңызға түскенде Мұстақым туралы бізге жетпеген халық жадындағы есті сөзді, тарихи әңгімелерді білсеңіз немесе оның ұрпақтары, ата-тегі, өскен ортасы хақындағы мәліметтеріңіз болса, тұлғаны жаңаша тану мақсатында бірігіп жұмыс істеуге шақырамыз.Сөз соңында айтарымыз
Алаш педагогы, ана тілімізде алғашқылардың бірі болып оқулық жазып, кітап шығарған әдіскер, ағартушы, теңдік пен бостандық жолында білек түре күрескен қайсар саяси қайраткер, қаламгер, 47 жасында опат болған Мұстақым Малдыбайдың жұлдызы туып, ақ таңы жарқырап атар шақ жетті емес пе?! Бөрі мінезді ердің есімін көп болып, ел болып ұлықтап, өнегесін көтерейік!Сағымбай ЖҰМАҒҰЛ,
ф.ғ.д., Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры
Елдос ТОҚТАРБАЙ,
алаштанушы