Екпе жайлы екіұдай көзқарас

Екпе жайлы екіұдай көзқарас

Екпе жайлы екіұдай көзқарас
ашық дереккөзі
Өткен аптада Парламент Мәжілісінің депутаттары «Халық денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесі туралы» заңға өзгерістер енгізу жайлы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, Сенаттың қарауына берді. Мақұлданған Кодекс жобасына 717 түзету енгізілген және ендігі жерде барлық екпелер міндетті және ерікті түрде болып екіге бөлінеді. Аталған мәселеге байланысты әлеуметтік же­ліде қызу пікірталас жүріп, елдің пікірі екі­ге жарылды. Халықтың екпе турасындағы пі­кірі екіұдай, үміттен гөрі күдік, үрей мен қор­қыныш басым, ел арасында алып-қашпа сөз желдей есіп тұр. Сапасыз вакциналар, са­тып алулар және вакциналарды дұрыс тасы­мал­дамау, медициналық қиындықтар туралы пі­кірлерді Денсаулық сақтау министрі «қо­ғам­дық санаға ашық манипуляция жасау» деп атады. «Қазақстанда вакцина мәжбүрлі түрде са­лынбайды және бұл жағдай сақталады! Бүкіл әлемдегідей біздің елде де ерікті және мін­детті вакциналар болады. Әрбір жағдайда ата-ананың ақпараттандырылған келісімі не­месе егуден бас тарту құқығы болады. Балалар құқығын шектейтін ешқандай норма жоқ. Ұжым­дық иммунитетті қамтамасыз ететін бір ға­на норма бар, яғни балабақшаларға баратын барлық баланың денсаулығын қорғау», – деп жазды Елжан Біртанов өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында. Сәуір айының соңында азаматтар Президентке кодекске өзгеріс енгізуге қарсы петиция жариялаған болатын. 15 мамыр күнгі дерек бойынша кодексті бұрынғы қалпында қалдыруды (осыған дейін екпе салуға ата-ананың келісімі немесе жазбаша қарсылығы қажет болатын және ешқандай айыппұл салынбайтын) сұраған петицияға 167 мыңнан астам адам қол қойған. Ал Денсаулық сақтау министрі Елжан Бір­танов аталған петицияға білдірген пікірінде елімізде соңғы 5 жылда 85 жағдайда ек­пе­нің кері әсері байқалғанын және оның тек екеуі­нің салдары біршама қиын болғанын ай­тады. «Салдары қиын болған екі жағдайдың бірін­шісі расталған жоқ, екіншісінде терінің асты іріңдеген. Соңғы бес-он жылда Қазақ­станда екпеден ешкім қайтыс болған жоқ. Ата-аналар мен дәрігерлерден екпеден кейінгі асқынулар туралы ресми хабар түскен жоқ. Қалған жағдайлар – көбіне кез келген дәріден кейін болатын тері реакциясы. Өкінішке қарай, «бала екпе салдырған соң көз жұмды» деген мазмұндағы шағым көп. Тағы да айтамын: Қазақстанда не денсаулық сақтау министрлігі, не басқа ведомство адам өлімі екпе салдарынан болғанын растайтын фактілер тіркемеген. Екпенің сапасына кепілдік береміз. Денсаулық сақтау министрлігі кез келген жағдай бойынша тәуелсіз зерттеу жүргізуге дайын», – деді министр Е.Біртанов. Ресми дерек бойынша, 2019 жылы екпе егіл­ген 4 841 334 адамның 143-інде дене қы­зуы­ның көтерілуі, ісіну, терінің қызаруы сын­ды кері әсерлер байқалған, бұл екпе сал­дырғандардың – 0,003 пайызы.  Біртановтың ай­туынша,  2019 жылы Қазақстанда вакцинадан бірде-бір бала көз жұмбаған. Десе де, соңғы жылдары баласына екпе сал­дырудан бас тартып жатқан ата-аналар саны бұрынғыдан көбейген сыңайлы. Оған себеп – екпе салғаннан кейін мүгедек болып қал­ған балалардың қиын жағдайы. Бұл өзге ата-аналардың міндетті екпеге қарсылық танытуына себеп болып отыр. Бірақ министр вакцинадан бас тартқан­дар­дың саны көп деген ақпарат шындыққа жа­наспайтынын алға тартады. Мысалы, 2019 жы­лы шамамен 4,5 миллион адамның ішінде 6 мыңға жуық адам екпе салдырудан бас тарт­қан, бұл жалпы екпе салдырғандардың – 0,12 пайызы екен.   Әйгерім ЖҮМӘСІЛ, жалпы тәжірибелік дәрігер:

Екпеден текке қашамыз

– Қазақ «Ауырып ем іздегенше, ауыр­май­тын жол ізде» дей­ді. Ауруды емдегеннен оның алдын алған оңай. Балаларымызды қауіпті ау­рулардан сақтау үшін профилактикалық керекті екпелерді салдырған жөн. Әсіресе бұл ауыр гепатит, полиомиелит, туберкулез, дифтерия, сіреспе, қызылша ауруларының алдын алуға қатысты. Ал екпе алмаған адам­дарға дер ке­зінде медициналық көмек берілмесе пневмония, бронхит, энцефалит сияқты асқынулардың соңы өлімге әкеліп соғатынын тә­жірибеден білеміз. Екпелерді салдырудың арқасында қазіргі таңда полиомиелит, дифтерия, көкжөтел аурулары жоқ деуге болады. Мысалы, міндетті екпеге кіретін қызылша ауруының жұғу статистикасы өте жоғары. Ауа-тамшылы жолмен сөйлегенде, түшкір­ген­де, науқаспен қатынас болған кезде де жұға­ды. Вирус ауада таралатындықтан, денеге бөрт­пелер шыққанша 4 күн бойы басқа адам­дарға жұға береді. Былтырдан бастап әлем елдерінде қызылшадан көз жұмғандар саны артып отыр. Елімізде өткен жылы  қызылша вирусын жұқтырып көз жұмған балаларға бұрын екпе жасалмағаны белгілі болды. Мұн­дай жұқпалы аурулардың нақты кімге жұға­тынын ешкім дөп басып айта алмайды, сон­дықтан бұл вакцинаны бүкіл әлем қабылдап отыр. Жаппай екпе егілген кезде ғана иммун­дық қабат пайда болып, қауіпсіздік орнайды. Өз тәжірибемнен мысал келтірсем, 1 емделушім туғаннан антибиотиктерге, әртүрлі тағамдарға аллергик. Сол себепті ата-анасы еш­қандай екпе салдырмаған. Сол емделуші қы­зылша жұқтырып, 1 апта бойы қызуы 40 гра­дустан түспей, басы ауырып, қалшылдап, құ­сып, жағдайы нашарлап кетті. Ауруханаға түс­кеннен кейін тек 7-күні ғана денесіне бөрт­песі шығып,  диагнозы анықталды. Оның қызыл­шадан жазылып шығуына қабылдаған амбулаториялық емі мен анасының медици­налық білімі әсер етіп, асқынулар орын алмады. Екпені салдыртуға қарсы болып жатқан ата-аналар саны жылдан-жылға артып отыр. Олардың ойынша екпе әртүрлі неврологиялық ауруларға әкеліп соғады. Шындығында олай емес, оның себебі көп: ата-аналардың жүкті­лік­ке дейінгі денсаулығы, жағымсыз әдеттері, зиянды тағамдарды тұтынуы, т.б. әсер етеді. Екпеден соң балада қандай да бір асқы­нулар мен аурулар пайда болмас үшін, алдымен, екпені салдырар алдында баланың жал­пы жағдайын жан-жақсы тексеру керек. Ең алдымен баланың қызуы көтеріліп тұрмауы қажет. Егер балаңыздың қызуы көтерілсе, суық­тап ауырса, үйіңізде жұқпалы аурумен ауы­рып жатқан адам болса екпені кейінге қал­дырған дұрыс. Екпеге шақырды екен деп ауы­рып тұрған балаға оны салдыртуға бол­май­ды. Тіпті, ЖРВИ-мен ауырғаннан кейін кемінде екі апта өткен соң екпе жасауы керек. Екпенің қарсы көрсетілімдеріне жедел қа­быну аурулары, неврологиялық және онко­логиялық ауруларды жатқызамыз. Балаға екпе жасатуда ата-анамен қатар дә­рігер де немқұрайлы қарамауы керек. Дәрі­гер баланың денсаулығына ұқыпты қарап, анализдерін дұрыс сараптап, баланың дені сау екеніне көз жеткізіп барып екпе жұмысын жасағаны дұрыс.   Назгүл ӘБУШӘРІПҚЫЗЫ, декреттегі ана:

Міндетті вакцинаға қарсымын

– Менің балам дү­ниеге келгенде пер­зент­ханада БЦЖ, яғни туберкулезге қар­с­ы екпесін салды. Бір айдан кейін балам­ның қолтығында лимфа түйіні пайда болды. Бұны маған БЦЖ екпесіне реакция деп түсін­дірді. Сол түйін анық­талған сәттен бастап фтизиатр дәрігер­дің бақылауында болдық. Бірақ ешқандай ем-дом жүргізілмеді, 3 ай бойы тек сыртынан компресс жасап жүрдік. Лимфа түйіні дененің ішінде болса да, біздің сыртынан компресс жа­сауы­мызды түсінбедім. Балам 4 айға кел­ген­де УЗИ-ге түсірдік, сол кезде қолтығындағы түйіннің үлкейіп кеткені анықталды. Сонда біздің 3 ай бойы жасаған компресіміз еш­қан­дай көмек бермеген. Дәрігер бізді медицина ғылымдарының кан­дидатына кеңес алуға жіберді. Ол кісі бізге туберкулезге қарсы дәрілерді ішуге нұс­қау берді. Оны ішпесе болмайды, қолты­ғын­дағы ісік кетпейді, ол туберкулезге айналып кетуі мүмкін деп айтты. Сонымен туберкулезге қарсы дәріні 2-3 ай ішесіңдер деп берді. Дәріні бере бастағаннан кейін 5 күннен соң бала­ның әлсіреп қалғанын байқадық, күндіз-түні ұйықтай береді, бет-ауызы ісіп кетті.  Тубер­кулезге қарсы деп берген дәрілердің балаға жанама әсері өте қатты байқалды. Ба­лам­ның жағдайынан қатты қорықтық, сон­дықтан ары қарай дәріні ішуден бас тарттық. Бірақ анализдерін үнемі тапсырып жүрдік. Ендігі жерде мен баламның денсаулығын қалыпқа келтіру үшін басқа жол іздей бастадым. Ағзаны табиғи жолмен тазартып, иммунитетін көтеретін БАД өнімдерін ішіп жатырмыз. Қазір ұлыма 10 ай толды. Балам бұрын­ғыға қарағанда жақсы болып қалды, бірақ түйіні әлі толық кеткен жоқ. Қолтығының ас­тын­­дағы түйін кете ме, кетпей ме, бұл сұ­рақ­­қа ешқандай дәрігер нақты жауап бере ал­­м­ады. Жоғарыда айтқан өзімнің және баламның басынан өткен жағдай менің міндетті екпеге толық қарсы болуыма себеп болды. Әр ата-ана өз баласы үшін шешім қабылдауы қажет. Ме­нің ойымша, қауіп бар жерде таңдау болуы ке­рек. Министр мырза екпе салдарынан адам өлімі болмады деп жатыр. Бүгінгідей ашық қо­ғамда әлеуметтік желі арқылы дәл менің ба­ламның басындағыдай жағдайға тап болған келіншектердің жанайқайын оқып, естіп, көріп отырмын. Баласының қолтығындағы түйін кетпей, іріңдеп, соңында операция жа­сатқан ата-аналар бар, тіпті қайтыс болып кет­кен балалар жайында да естіп жатырмыз. Сон­дықтан мен әр екпе салдырған сайын осы жо­лы менің балама ештеңе болмай ма деген күмән­ді оймен, қауіппен өмір сүргім келмейді.