Нұрбесік тұрғындарына әкімшілік неге қырын қарап отыр?
Нұрбесік тұрғындарына әкімшілік неге қырын қарап отыр?
Газеттің ATAJURT жобасы аясында 2020 жылғы 20 ақпандағы №7 санында «Нұрбесіктегі қандастар 12 жыл тұрған үйлерін заңдастыра алмай жүр» деген тақырыпта материал жарияланған болатын. Онда өздері салған үйлерін заңдастыра алмай отырған қандастардың мәселесін көтерген едік.
Елбасы Н.Назарбаевтың көші-қон саясатын дамыту және қандастарды баспаналы ету мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының іргесінен Нұрбесік ауылы бой көтерген.
Мұнда атажұртқа көшіп келген ғалымдар, мұғалімдер, журналистер және басқа да жас маман иелері қоныстанған. Үйлердің барлығы әкімшілік бекіткен тәртіпке сай жүзеге асқан. Үйлердің архитектуралық ауытқуы жоқ. Барлығы заң талаптарына сәйкес салынған. Тұрғындар бұл үйлерді «Асар» республикалық қоғамдық бірлестігі және әкімшіліктің үйді салып болғанша жерді жалға алу туралы жасасқан арнайы шарты негізінде салған. Қазір үйлер салынып болды, енді тұрғындар өз күшімен салып алған үйлерін өз аттарына заңды негізде құжаттандырып алғысы келеді.
Ал мемлекетке иек артпай өз күшімен үй салып, елордамыздың дамуына үлестерін қосқан қандастар жер телімдерін заңдастыра алмай отыр. Жерді заңдастыру үшін «Асар» республикалық қоғамдық бірлестігі және Нұрбесік тұрғындары Сарыарқа аудандық сотына шағымданған. Арызданушы тараптың құқығын қорғаушы заңгердің айтуына қарағанда, тұрғындар мен бірлестіктің бұл шағымдануы заң аясында жүзеге асқан. Алайда аудандық сот бұл арыз-талапқа негізсіз деген шешім шығарған. Бұдан кейін қалалық сотқа шағымданғанда қалалық сот тұрғындардың және «Асар» республикалық қоғамдық бірлестігі басшыларының қатысуынсыз шешім шығарған. Бұған тұрғындар наразы.
Біз Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мырзаның атына хат жазып, бұл мәселені шешіп беруге ықпал етуін және қандай шара қолдануға болатыны жайлы сұраған едік. Хатымызға Нұр-Сұлтан қаласының «Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқарма» басшысы Н.Ұранхаевтың атынан жауап хат келді. Өкінішке қарай, хатта тек заңға сілтеме жасалған қасаң сөйлемдер ғана. Хаттың толық мәтінін түсіну өте күрделі. Бір түсінгеніміз қандастар заңды түрде салып алған үйлерінің жерін тек қана жалға алады екен. Бұдан 12 жыл бұрын салына бастаған ауыл тұрғындары осы уақытқа дейін мемлекетке 40 миллион теңге жалға алу құнын төлеген. Ал енді тағы да жерді жалға алу құнын төлей бастаған ары қарай олардың тұрмысына қалай әсер ететінін есептеп көріңіз. Сондай-ақ хатта «Нұрбесік тұрғын үй кешеніндегі және бірлестіктің бұл арыз-талабы азаматтық-құқықтық мәселе, оған жергілікті атқарушы органдар араласа алмайды» деп атап өткен.
Бақытбек ҚАДЫР