Жаңалықтар

Құнанбай қажының Қытайда тұратын ұрпақтары

ашық дереккөзі

Құнанбай қажының Қытайда тұратын ұрпақтары

2007 жылы қазан айы­ның соңында «Іле га­зетінде» «Шыңжаңда Құнанбай ұрпақтары бар ма?» деген тақы­рып­та қажының ата-бабалары мен аруағына құрмет етіп, ұрпақтары­на сұрау салып жа­зыл­ған мақала оқыдым. Осыған орай Құнанбай қа­жы Өскенбайұлының Шың­жаң­ға келген ұрпақтары жайын­да өзім естіп білгендерімді ор­та­ға салу­ды жөн көрдім. Артық-кем жер­лері болса зерттеуші ғалым­дар, тарихшылар түзете жатар. Себебі біз қажымен арғынның 12 ата­сы Әйтектен (кішік тобықты) та­­­­рай­мыз. Семей Шыңғыстауды (Қа­рауыл) мекен еткен. Қазан төңкерісінен кейін қызылдардың ел ішінде қатаң жазалау шаралары жүргізіліп жағдай ауырлай түскен кездер, жұрт ішінде «қара таяқ» деп аталатын қызыл үкіметке қыз­мет істейтін жансыздар көбейіп, жағ­дай­ды одан бетер ушықтырған. Мал-мүлік тәр­­кіленіп, онымен қоймай ел ішінде әкем Құсайын Тоқтыбайұлы «қара тізімде» бар деген хабарды естіп, амалсыз Қы­тай асуға мәжбүр болған екен. Бұл кез 1929-1930 жылдар шамасы. Менің айтайын дегенім қажының ке­­ліні Себеке және оның екі қы­зы жайында болмақ. Сталиндік қанқұйлы саясаттың аластау жүргізу науқаны Қазақ­стан­да әсіресе қазақ халқының басына небір зұлмат күндерді түсірді. Өміріне қауіп-қатер төнген небір ардагер азаматтар қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Тірі қалғандары шет елдерге одақтас рес­пуб­ликаларға қоныс аударып, баспана іздеп кетуге мәжбүр болды. Ел басына келген бұл нәубет тобықтының биі Кеңгірбай Өскенбайға ел билігін бергеннен кейінгі, соңғы болыс Біләл Кәкітайұлына дейін 120 жылдан артық ел билегендердің ішін­дегі ерекше тұлға Құнанбай қажы ұр­пақтарын да шарпыды. Олар ауыр қы­сымға ұшырады, мал-мүлкі тәркіленіп жер аударылды, түрмеге тоғытылды, атыл­ды. Міне, осындай жағдайда қажы ұрпақ­тарынан көршілес Қытай елінің Шың­жаң жеріне келгендері де болды. Құнанбай қажының үшінші әйелі Айғыз анамыздан екі ұл, бір қыз ту­ған екен, үлкен ұлы Қалиолла жастайынан білім қуып Семей, Омбы, Мәскеу қа­тарлы жерлерде оқып мол білім алып, әс­кери сапта қызмет атқарып жүріп ерте қай­тыс болыпты. Екінші ұлының аты – Сы­мағұл, қызының аты – Кәмшат. Ел ішіндегі әңгімелерге қарағанда Сымағұл зор тұлғалы, балуан денелі, бет пішіні жағынан да, дене бітімі жа­ғынан да қажының өзіне тартқан бала­сы екен. Сымағұлдың бетінде шешектен қалған азырақ қорасан дағы бар дейді. Сымағұл екі әйел алған, бірінші әйе­лінен төрт ұл туған, олар: Сә­лім­құл, Ырымқұл, Тұрысбек, Даулетбек. Ал екінші әйелі қырғыз қызы, аты Себеке. Себеке апамыздан Бурылқан, Бұрмақан ат­ты екі қыз туған. 1929 жылдары жағдай өзгеріп ел басы­на күн туғанда Сымағұл екінші әйелі Се­бекені мал-жанымен көшіріп Қырғыз Республикасына әкеліп орналастырады. Мал-мүлкіне қарауға Сексенбай деген но­ғайды жауапты етіп, өзі кері қайтып бала-шағаларына кеткен уақытта ел іргесі бұзылып, Қытай жеріне өте бастайды. Сексенбаймен Себеке мал-жанын алып, елмен бірге қашып Нарынқол шекарасынан өтеді. Шыңжаңның Іле өңірі Моң­ғолкүре ауданының Сынтас деген елді ме­кеніне келеді. Мұндағы Ұлы жүз үйсін­нің Қызай руының Жол болды деген елі ішіне кіріп қоныстанады. Артынан хабар-ошар келмейді. Сексенбай салт адам екен, бірер жылдан кейін Себеке екеуі бас құ­рап бір отбасы болады, бірақ ұрпақ көр­меген екен. Жылдар өте келе Сыма­ғұл­дан туған екі қыз бой  жетеді.  Бурыл­қан Сымағұлқызын Жолболды Қасей де­ген адамға ұзатады. Ал Бұрмақан Сы­мағұл­қы­зын Жолболды Болсанбек деген адамға ұзатады. Бурылқан Қасейге бар­ғаннан кейін бір ұл туады, аты Мей­манқан. Бұр­ма­қаннан жалғыз қыз туады, аты – Тоқ­тауқан, Тоқтауқан ержетіп, Сәбиқан деген адамға тұрмысқа шығып үш ұл, екі қыз ба­ланы өмірге әкеледі. Бурылқан Сымағұлқызы мен Бұр­ма­қан Сымағұлқызы Құнанбай қа­жы­ның туған немересі. Ал Бурылқаннан туған Мейманқан, Бұрмақаннан туған Тоқ­тауқан қажының немересінен туған жиендер. Сексенбай мен Себеке 1940 жылдың кү­зінде бірінен – кейін бірі көп ұзамай қай­тыс болады. Екеуін де Моңғолкүренің Ақаяз ауылы, Көлбұлақ деген жердегі үл­кен зиратқа жерлейді. Бурылқан 1976 жылы, Бұрмақан 1958 жылы қайтыс болып Моңғол­күренің Сарқобы деген жеріне жерлейді. Ал қазір көзі тірі – Бурылқаннан туған Мей­ман­қан 60 (2008) жаста Моңғолкүре­нің Қаратөбе деген жерінде тұрады. Бұрмақаннан туған Тоқтауқан қазір 70 (2008) жаста, Моңғолкүре аудандық ха­лық істері бөлімінде істейтін Серік деген ба­ласының қолында тұрады. Бұл жайды маған бірнеше жылдың алдында Іледегі зейнеткер шежіреші қарт Олжақан ағамыз айтқан еді. Олжақан арғын ішінде тобықты, Мейманқан мен Тоқтауқан Олжақан ақсақалды нағашы деп араласып тұрады екен. Мен бұл жайды естігеннен кейін Олжақан ағаға қайталай тексеріп нақтылауды тапсырған едім. Ол кісі мән-жайды нақтылап келді, содан кейін мен осы деректі жазып отырмын. Қазір «Арғын ұрпақтары» атты ша­ғын шежірелік кітапты құрас­тыру­да­мыз. Осы тұрғыда Құнанбай қа­жыға жақын келеміз «Ырғызбаймыз, Құ­­лыншақтың бес қасқасы боламыз» де­гендер бар, бірақ ұрпақ сабақтас­тығы­мен «Шыңғыстау тобықты шежіресіндегі» сызбалар мен салыстырып нақтылы дерекке қол жеткізе алмағанымыз үшін олар­ды жүйелі зерттеп, тексеріп біржақ­ты етуді жөн көрдік. Осы деректі жазған менің әкем Се­кен Құсайынұлы кіші тобықты Әйтек бабаның ұрпағы. 44 жыл оқытушы ұстаз, мектеп директоры, Білім департа­мен­тінің бастығы, аудан және қала әкімі қатарлы міндеттерді абыроймен атқарған белгілі қоғам қайраткері, ағартушы педагог, ҚХР білім саласының мемлекеттік еңбек ері. 2012 жылы қыркүйек айында өмір­ден өтті. Артына жазып қалдырған мұра­лары арнайы зерттелуде. Мен қа­зақтың рухани тірегі болған ұлы Абайдың 175 жылдығына арнап, Құнанбай қажы Өскенбайұлы бабамыздың қытай асқан ұрпақтары туралы осы шағын деректі әкем­нің еңбектерінен реттеп ұсынып отыр­мын. Бұдан бұрын Зият Шәкәрім тұралы шағын дерек берген едік. Меніңше бұл тақырып Қытайдағы қазақтар арасын­да да жан-жақтылы зерттелуі керек. Себебі аға сұлтан Құнанбайдың ел би­леудегі атақ-даңқы мен ықпалы сол дәуірде қытай қазақтары арасында да үлкен құрметке ие болған. Кейбір деректерде аға сұлтан Құнанбай Қытай жеріне барып ондағы қазақтың жағдайын көріп, керей руының игі жақсыларымен кездес­кен деген пікірлер бар. Әрине, бұл әлі де зерттеп, нақтылауды талап етеді.  

Адай СЕКЕНҰЛЫ,

география ғылымының докторы, профессор