Жаңалықтар

Ресейдегі режиссер қазақ қызы: Еуропаны емес, елді аңсаймын

ашық дереккөзі

Ресейдегі режиссер қазақ қызы: Еуропаны емес, елді аңсаймын

Жанына жақын  кәсіпті игеріп, жүрегі қалайтын сүйікті маман­ды­ғын табу жолында төрт университет, төрт мамандық ауыс­тыр­ған Гүлназ Балпейісова есімді жерлесіміз қазіргі таңда Мәс­кеу­дегі Е.Вахтангов атындағы мем­лекеттік академиялық театрында режиссер болып қызмет етеді. Мәскеу сахнасынан бөлек, Вильнюс, Будапешт, Алматы театрларында қойылым қойған, сондай-ақ алдағы уа­қыт­та қазақтың тарихи, эпостық туындылары мен ертегілері негізінде спектакль қою­ды мақсат тұтып отыр. Режиссура секілді күрделі кәсіптің қыр-сырын меңгеріп әрі бұл тек ерлердің ісі деген стереотипті теріске шығарып жүрген Гүлназбен әңгі­мелескен едік. – Еліміздің батысындағы қара­пайым ауылда дүниеге келген Гүл­наз­дың не себепті Ресейге көшуді ұйғар­ға­нын білгіміз келіп отыр. – Бес жасыма дейін Батыс Қазақстан об­лысындағы Шыңғырлау ауы­лында тұр­дым, сосын анам қалада өсіп, өнсін деген мақ­сатпен Ақтөбе қа­ласына көшіріп әкелді. Бас­тапқыда мені қазақ мектебінде оқытуды қа­лаған екен, алайда енді тәуелсіздігімізді алып жатқан сол уақытта қазақ тілінен гөрі, орыс тілі үстемдік құрып тұрған кез. Сол се­бепті орыс мектебінде оқуға мәжбүр бол­дым. Әуелгіде орыс тілін білмегеннен қи­нал­дым, себебі ол уақыт­та орыс тілін білмеу ұят еді. Тіпті, мазақ болатындай көрінетін. Бас­қа са­бақ­тардан үлгерімім орташа болса да, сурет салу өнері мен дене тәрбиесінен ға­­на жақсы баға алатынмын. Себебі бұл са­бақтарда орыс тілін білудің қажеті ша­­малы еді (күліп). Сол кезден бастап сурет салу өнеріне қызыға бастадым. ке­ле­­шекте суретшілік кәсіппен шұғылданамын деп шештім. 7-сыныптан соң орта мек­теп­тен көркемөнер мектебіне ауысып, бұл өнер түрін үйрену ісіне шындап кірістім. Сөйтіп, Ұлыбритания астанасы Лон­донда орна­лас­қан Сент-Мартинс өнер және дизайн кол­лед­жінде білім алуды мақ­сат еттім. Алайда анам екеуміз мұның бізге оңай соқпасын біл­дік, себебі мұн­дағы оқу бағасы өте қым­бат болды. Сосын 10-сынып оқып жүргенде анам екеуіміз Санкт-Петерборға он күнге қы­дыруға бардық. Сол кезде мек­теп бітірген бойда дәл осы қалада білімімді шыңдағым келетінін түсіндім. Сөйтіп, Ақтөбедегі көр­ке­мөнер мектебіндегі ұстаздарым мені Санкт-Петер­борға оқуға түсуге жан-жақты әзірледі. Сосын мен оқуға тапсыру үшін осын­­да келдім. – Сіздің мамандық таңдау жо­лыңыз­ға қарап таңғалып отырмын. Бір­неше оқу орнын аяқтамастан тастап ке­те беріпсіз. Бұл қалай? – Бастапқыда Санкт-Петербордағы А.Шти­глиц атындағы мемлекеттік көркем өнер­кәсіп академиясына дизайнер-мо­дельер мамандығы бойынша оқуға түстім. Мұн­да екі жарым ай оқыдым да, артынша бұл оқудан шығу туралы шешім қабылдадым. Себебі курста оқитын әрқайсымыз екі жүзден астам эскиздер сызып алып келе­тінбіз. Бұған жауапты оқытушы оның төртеуін ғана қабылдап, қалғанын көз алдыңда жыртып тастайды. Ал сол уақытта әр салған суретім мен үшін алтынмен тең болатын (күліп). Сосын «Мұнда ешқашан келмеймін!» деп тәкаппарлығым ұстап, кетіп қалдым. Мұны анама хабарлағанымда: «Неғылған мінез бұл?! Студент атанбайынша хабарласпа!» деп кесіп айтып, тұтқаны қоя салды. Жаңа оқу жылының екі айы енді өтті, басқа ешқайда тапсыра алмаймын. Сөйтіп, келесі оқу жылына дейін туризм бойынша менеджер болып жұмыс істедім. Сосын костюмердің оқуына тапсырамын деп ойла­нып, осы бағыт бойынша дайындалып жүр­дім. Кейіннен «Неге мен басқа біреуді киін­діруім керек? Неге өзім сахнаға шықпасқа?» деп, ол ойымнан бас тарттым. Оның үстіне костюмер мамандығына тап­сыру үшін алдымен колледжді бітіруің ке­рек екен. Сөйтіп, Мәскеуге барып, мұндағы Ресей мемлекеттік театр өнері институтына (ГИТИС) әртістің оқуына түстім. Бұл оқу барысында режиссер болғым келетінін ұқтым. Ал режиссура бөліміне ауысу мүмкін емес. Қайтадан басынан тапсыру керек екенін білген кезде екінші курста бұл оқу­дан да шығып кеттім. Осыдан соң ре­жис­сураға түсуге барымды салдым, алайда бірінші конкурстан өте алмай қалдым. Содан Санкт-Петерборға қайтып оралып, мұндағы Ресей мемлекеттік сахна өнері инс­титутының (ГАТИ) театр сыншысы оқуына түстім. Бірінші курс оқып жүр­генім­де әйгілі театр режиссері, мықты маман Римас Туминастың курс жинап жатқаны туралы хабарламаны оқып, бірдеңені сез­гендей, тура сол жерде жылап алғаным бар. Сөйтіп бұл мүмкіндікті мүлт жібермейін деп, өнер институтындағы оқуымды тастап, Мәскеуге қайта келіп, мұндағы Б.Щукин атын­дағы Мәскеу театр институтының ре­жиссер оқуына, соның ішінде Римас Туми­настың курсына түстім. Сөйтіп мұнда бес жыл оқып, диплом алып шықтым. – Әдетте мамандығына деген сүйіс­пеншілігін сезбейтін адамдар соңына дейін оқып шығып, артынша диплом бойынша жұмыс істемей, басқа кәсіпті игеріп кетеді. Мұнымен қоса төрт уни­верситет түгілі, бір университет ауыс­тыруға жүрегі дауаламайтындар да бар. Ал қалауы мен таңдауы дөп келмегенше оқу ауыстыра берген сіз мамандық таң­даудың машақатын бір кісідей көр­ген екенсіз... – Иә, «оқуды орта жолдан тастап кету – ұят» деген стереотип, наным-сенім ата-ана­мыз­дың бойына әбден сіңіп қалған ғой. Де­сек те, қазіргі таңда мұндай келіс­пеу­шілік­тер сирек болатын секілді. Өз басым әр университетке түсуге барған сайын өзіме: «Мұнымен өмір бойы шұғылдана аламын ба? Өзімді бақытты сезіне аламын ба? Бұл маған қажет пе?» дегендей сұрақтар қоюмен бол­дым. Ойлана келе, көңілім соқпаған соң құжаттарымды алып, шығып кете бере­тінмін. Режиссерлікті оқып жүргенде де кетемін деп байбалам салған сәттер болды (күліп). Алайда маңайымдағы мені біле­тіндер бұл ойымнан айнытып, бұл маман­дық мен іздеген кәсіп екенін түсінуіме се­беп­ші болды. Оның үстіне екінші курстан бас­тап режиссердің көмекшісі қызметін атқару арқылы бұған деген ынтам арта түсті. Сізге мынаны айтайын, мынадай бейбіт заманда өз ісімізді табуымызға, іздеуімізге, мұны таппағанша тау мен тасты қо­паруымызға құқымыз бар. Қазір өз жо­лыңды таба алмай жүрсең, ерте ме, кеш пе, түбі бір арнаға түсетінің белгілі. Кейбір адам­дар тіпті қырық беске тақаған жаста бас­қа бағыттағы пойызда келе жатқанын тү­сініп, орта жолдан бұрылып, өмірін тү­бегейлі өзгертіп жатады. Сол себепті өзіңді қолайсыз сезінетін жерде тұрып қалмай, басқа жылы жерге жайғасып, сол жылудың рахатын көргенге не жетсін?! – Қоғамда «режиссер болу – әйел адам­ның қолынан келмейтін, ырқына көн­бейтін іс» деген пікір тағы бар. Мұны сіз оқу барысында сезген де бо­лар­сыз? – Әлбетте. Негізі, мен оқыған курсқа түсу үшін үлкен конкурс болды, бір орынға жүз­ден астам үміткер тапсырды. Сол жүздің ішінде тек жетеуіміздің бағымыз жанып, оқу­ға түссек, соңында төрт адам ғана абы­рой­мен тамамдап шықтық. Айта кетерлік жайт, сол төртеуінің ішінде мен жалғыз қыз режиссермін. Жалғыз қыз болған соң, маған сыни көзбен қарайтыны түсінікті жағдай. Оқу барысында бәрі де болды, өздерін мық­ты жағынан көрсетіп, менің әлсіз тұс­тарым­ды тауып, мысымды басып тастағысы ке­ле­тін кездер болды. Менсінбей қараған сәттер де жоқ емес. Десек те, уақыт өте келе көз­қара­сы түзеліп, тең қарай бастады. – Қоржыныңыздағы өзіңіз атаған сегіз туындының ішінен «Всё будет» спек­таклін Венгрияға, «Аллезді» Лит­ваға барып қойсаңыз, «Горе от ума» қойы­лымын Қазақстанда, соның ішін­де Алматыдағы М.Лермонтов атындағы орыс драма театрының шақыртуымен сах­налапсыз. Еуропаның театрында қойылым қою бір бөлек, десек те Ал­ма­тыдағы театрсүйер көрерменнің жө­­ні тіпті бөлек екені айтпаса да тү­сі­нікті. Алматыда атқарған жұмы­сыңыз­дан қандай әсер алдыңыз? – Алматыдағы жұмыс барысында қатты қо­­бал­жыдым. Туған жердің сахнасына алып шыққалы тұрған алғашқы туындым болған соң, бұл қобалжуым заңдылық. Десек те, бас­қа театрлармен салыстырғанда кәсіби дайын­дық өзгеше болды. Оның үстіне мен­талитет те ықпал етпей қоймады. «Біздің қыз әрі жас, әрі режиссер бола тұра бізге ақыл айтады» дегендей пікірлер айтылды, мұн­дайда «Онда несіне шақырдыңыздар?» деп айтқым келді. Сөздің ашығы керек, жас ма­мандардың бағасын кеміту, оларға мұры­нын шүйіру, жас деп санаспау бізде әлі де бар екен. Алайда бастапқыда басқаша қара­ған олар ақырында түсіністік танытып, спек­такльдің сәтті шығуына зор үлес қосты. – Көрерменнің ыстық ықыласына бө­ленген бұл жұмысыңыздан кейін отан­дық театрлар тарапынан қойылым қою туралы ұсыныс түсіп те жатқан бо­лар... – Иә, ұсыныстар бар. Алайда олар за­ма­науи драматургияға сай спектакльдер қой­ға­нымды қалайды. Ал бұл маған жақын емес, мен қазақ тілінде баллада немесе эпос­тық туынды не болмаса ертегілеріміздің кейбірін сахнаға алып шыққым келеді. Жо­ғарыда айтып өткенімдей, орыс мек­тебінде оқығаным бар, соңғы он бес жылда орыс­тілді ортада жүргенім бар, мұның бар­лығы ана тілімді білу деңгейімді төмендетіп алуы­ма септігін тигізді. Қазақ тілінде сөйлеуге қы­сыламын. Әсіресе, күрделі сөйлемдерді дұрыс құрай алмайтын болыппын. Алдағы уақытта қазақтілді спектакль қою мақса­тым­ды жүзеге асыру үшін қазақ тілін қайта оқып жатырмын. Бүгінде елдегі театрдың бірінде әртіс болып жұмыс істейтін Жанел Серғазинадан қазақ тілін қайта үйреніп жа­тырмын. Өткенде ол екеуміз С.Қожы­қов­тың «Қыз Жібек» киносын қазақ тілінде та­машаласақ, жуырда А.Қарсақбаевтың «Ме­нің атым Қожа» киносын көрмекшіміз. Сә­тін салса, келешекте қазақтілді ауди­то­рия­ға қазақ тіліндегі спектакльдерді ұсы­натын боламын.