Ғалым Жайлыбай: Мемлекеттік сыйлықты тағайындау ережелерін өзгертетін уақыт жетті
Ғалым Жайлыбай: Мемлекеттік сыйлықты тағайындау ережелерін өзгертетін уақыт жетті
«Кейде өлеңді жоба деп қарау керек. Махаббатты өмір бойы жырлай беруге болады. Бірақ ел бар ғой, оның тағдыры бар ғой...». Қадыр ақынның бұл сөзін Ғалым Жайлыбай өлеңіне ғана емес, өміріне де бағдаршам етті. Елдің тағдыр-талайы, жердің тыныс-тіршілігі, ұлттың уайым-қайғысы – оның шығармаларының негізгі өзегі. Әр өлеңінен қазаққа деген шексіз махаббатты, жасандылықсыз жанашырлықты көресің. Сұхбат барысында да ақынның ұлтына деген құрметі ешбір өлшемге сыймайтынын аңғардық.
– Ғалым аға, қаламгерлер болмысынан еркіндікті, кеңдікті сүйетін қауым ғой. Төрт қабырғаға қамап қойған карантин шығармашылығыңызға кесірін тигізбеді ме?
– Бұл індет – адамзаттың басына түскен сынақ кезеңі. Кейбіреулер карантинді жаңа мүмкіндіктер уақыты деп қабылдап жүр. Тарихқа көз жіберсек, әлем бұған дейін де бірнеше пандемиямен күресіп, талай індетпен алысты. Сондай күрделі кезеңдердің өзінде адамзаттың игілігіне айналған қаншама ғылыми жаңалықтар ашылып, талай ғұмырлы шығармалар туған. Мәселен, Ньютон бүкіләлемдік тартылыс заңын карантин кезінде ашқан екен. Ал тырысқақ ауруына байланысты жарияланған карантин кезеңі А.Пушкиннің шығармашылығына «Болдино күзі» деген атпен еніп, отты өлеңдер, тұғырлы поэмалардың тууына себеп болды.
Төрт қабырғаға қамалған бұл күндері өткенімізге ой жіберіп, болашағымызды бағамдап, көптен бері қол бармай жүрген шаруаларды ретке келтірдік. Өз-өзіңмен оңаша қалғанның азабы да, рахаты да бар екен. Карантин басталғалы көп кітап оқыдым. Латын Америкасының бүгінгі поэзиясымен таныстым. Грузиннің белгілі ақын қызы Маквала Гонашвилидің «Кешіккен кездесу» атты кітабын қазақшаға аудардық. Біраз өлеңін өзім, бірнешеуін шәкірттерім тәржімалады. Жалпы көлемі жеті баспа табақтай аударма басуға даяр тұр. Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, қазақ қаламгерлерінің қолдаушысы Жансейіт Түймебаев аудармамен танысып шығып, кітаптың басылып шығуын өз мойнына алды.
Бұдан бөлек, карантин уақытында тоғыз бөлімнен тұратын «Сұрақ белгісі» атты поэмам жарық көрді. Жуырда «Әдебиет порталында» жарияланды. «Жұлдыз» журналының алдағы санына да басылмақ. Бұл поэманы жазу көптен бері ойда жүрген. Көктен түскен төрт қасиетті кітап – «Зәбур», «Тәурат», «Інжіл» мен «Құранда» айтылған ортақ құндылықтарды бір дастанға тоғыстырғым келетін. Оқшаулану кезеңінде сол мұратым орындалды.
– «Сұрақ белгісін» әлі оқып үлгермедік. Есесіне, жұртшылық арасында үлкен резонанс тудырған «Қара орамалмен» жете таныспыз. Бүгінгі күнге дейін бұл поэма он үш тілге аударылыпты. Швециядан бәйге алғанын білеміз. Қазақ әдебиетінің шеңберінен асып, әлемдік әдебиет биігінен көріну өкшеңізді басып келе жатқан жас қаламгерлердің көбіне арман. Бүгінгі әлем оқырмандарын қандай шығармалар елең еткізеді?
– Әлем бойынша шығармалары ең көп оқылатын жазушы саналатын бразилиялық Пауло Коэльоның кітаптары қаншама тілге аударылып, жаһанның түкпір-түкпіріне 300 миллионнан астам данамен тараған екен. Көптің қызығушылығын тудырған Коэльоның сол аңыздарын қазақ жазушыларының көбі жаза алады. Меніңше, бұл жерде танымалдылық көтерген тақырыптық өзектілігіне емес, насихат жұмыстарына байланысты болып тұр.
Өкшемізді басып келе жатқан жастар «әлем оқырманына не ұсынамын?» деп емес, «қазақ оқырманына не бере аламын?» деп ізденгені жөн. Ұлттың жанына, табиғатына үңіліп, болмысына жақын дүние жазғанда ғана қазақ ақыны, қазақ жазушысы ретінде қалам ұстауға қақы бар деп ойлаймын. Әр ұлттың өз қазынасы, ардақтайтын асылы, ешкімге лайлатқызбайтын тұнығы бар. Оның бағасын сол ұлттың өзінен басқа ешкім бағамдай алмайды. Мәселен, арғымақтың дүбіріне, бұлақтың сылдыры мен жусанның жұпарына дәл қазақтай ешкім елітіп, елеңдей қоймас. Қазақ ақынының өлеңінен, қазақ жазушысының әңгімесінен ең әуелі ұлтымыздың кең пейілін, аңғал көңілін іздеймін.
Кезінде «Киік қашқан» деген поэмамды жазарда киіктердің табиғатын әбден зерттедім. Киік бір-бірінің төлін емізетін жалғыз аң екен. Ақбөкендердің қазақ даласын мекендеуі тегін емес екенін сол кезде ұқтым. Қазақ та жетімін жылатпаған ел, жақыны түгіл жатты өзектен итермеген халық. Қиын-қыстау кезеңдерде қаншама ұлт пен ұлысты шаңырағының астына алып, барын бөліп берді. Міне, қазақтың осындай асыл қасиеттерін туындыларына темірқазық етіп алса, жас қаламгерлер бағыт-бағдарынан жаңылмас еді.
Бүгінгі жастар нарық заманына, құндылықтар өзгерген уақытқа тап келді. Ақша табу бірінші орынға шықты. Оның үстіне, жас буын баяғы біз көрген есігі күндіз-түні ашық тұратын үйлерді, маңдайыңнан еміреніп сүйетін ауылдың аналарын, алыстан келген балаға арнайы барып сәлем беретін ақсақалдарды көрген жоқ. Аласапыран заманның ала-құла құндылықтарын қабылдады. Мұны олардың кем-кетігін ақтау үшін айтып отырғаным жоқ. Сол кем-кетіктің орны толса деген ой. Қазақтың шығармасы дүниенің қай бұрышына да қазақтың иісін ала барса деген тілек. Адамзатқа қызмет ұлтыңа қызмет етуден басталуы тиіс.
– «Жаратқан хақтың әмірі қалай – Сен көрген қазақ – сол қазақ!..» дейсіз «Абаймен сырласу» атты өлеңіңізде. Қазақтың бойынан қандай өзгеріс көргіңіз келеді?
– Бүгінгі ғасыр – ақыл-ой аламанының заманы. Қоғам өмірінің қай саласын алып қарасақ та, топ бастайтын, жол көрсететін серкелердің сиректігі сезіледі. Расул Ғамзатовтың «Ұлтының қамын ойламаған адамның қамын ұлты да ойлауға міндетті емес» деген сөзі бар. Кез келген саналы адам өзі үшін ғана емес, қоғам үшін не істей аламын деп ойлануы керек. Мен қазақ қоғамының жұдырықтай жұмылған бірлігін көргім келеді, қазақ жастарының көптің игілігі үшін жасаған толымды тірлігін көргім келеді.
Жұмыс бабымен шетелге көп шығамыз. Мәселен, соңғы жылдары Мәскеуге екі рет жол түсті. Сонда байқағаным, қазақтың ұл-қыздары Ресейдің белді оқу орындарында білім алып жүр. Тілдессең, ой-өрістері биік, арман-мұраттары асқақ екенін аңғарасың. Ресейге Орта Азияның өзге мемлекеттерінен баратын жастар көбіне қара жұмыс істеп, нәпақа табуды көздейді. Олардың арасынан қазақтың балаларын кезіктіре қоймайсың. Соған қуанамын. Уақыттарын ілім-білімге, өзін-өзі дамытуға арнап жүрген жастарды көрсем, елімнің келешегі кемел боларына сенімім арта түседі. Өйткені қай заманда да білімдінің болашағы жарқын.
– «Кеңес кезеңінде үш томдығы шыққан ақын бәлки өмір бойы жұмыс істемей кетуі мүмкін еді» депсіз баспасөзге берген бір сұхбатыңызда. Қазір ше? Бүгінгі қазақ қоғамы қаламгерлерін қадірлей алып жүр ме?
– Бала күнімізде ауылға ақын немесе жазушы келсе, халықтың бар ықылас-пейілі соған ауып, ерекше қадірлейтін. Қазір баспа да көп, жазушы да көп болған соң, қадіріміз кемігендей. Зейнетке шыққан соң ақшасы бардың бәрі ғұмырнамалық кітап жазатын болды. Кітабы шыққаннан кейін әкім-қараның алдына барып, өткізіп бер деп салмақ салады. Олар «қаласаң да, қаламасаң да сатып ал» деп өзінің қоластындағыларын қинайды. Кітаптың қадірін осылай кетірген соң, қоғамда жазушыға құрмет қайдан болсын?
– Ресейде мемлекеттік сыйлық берілерде қоғамдық мәселелерге, елдің әлеуетіне үн қосқан, бұқара мұңын жырлаған ақын-жазушы алдымен ескеріледі екен. Ал бізде Мемлекеттік сыйлыққа үміткерлер қалай іріктеледі? Үздіктер қандай талаптар бойынша анықталады?
– Украинаға бірнеше мәрте жол түсті. Соңғы рет Тарас Шевченконың тойында болдым. Сол жиында әдебиет бойынша мемлекеттік сыйлық иегерлерін марапаттау салтанатына куә болдық. Украинада мемлекеттік сыйлықты тағайындау жөніндегі комиссия жыл бойы жұмыс істеп, әр сала бойынша жемісті еңбек еткен азаматтарды, көпшіліктің ықыласына бөленген үздік шығармаларды іріктейді. Лайықты деп танылғандарды марапаттайды. Ал бізде Мемлекеттік сыйлыққа қоғамдық ұйымдар арқылы әркім өзін ұсынады. Марапатты тағайындау жүйелі, ашық түрде жүргізілмегендіктен, оның айналасында күбір-сыбыр да, дау да көп.
2014 жылы бұл бәйгеге мен де «Тобылғыжарған» атты жыр жинағымды қосқам. Әдебиет секциясы бойынша ең жоғары дауыс жинасам да, өтпей қалдым. Үзеңгілестерімнің бәрі жинағым бұл марапатқа бірден-бір лайық еңбек екенін айтып, тұғырымды биіктетті. Мұхиттың арғы жағынан Мұхтар Мағауин ағамыз жоғары бағасын беріп, «Жас Алашқа» арнайы мақала жазды. Соған марқайып, сыйлықтың бұйырмағанына өкіне қойған жоқпын. Алайда әдебиеттің, өнердің бақ-талайы үшін Мемлекеттік сыйлықты тағайындау ережелерін өзгертетін уақыт жетті деп ойлаймын.
– Биыл бұл марапатқа қай қаламгерлер ұсынылды?
– Бүгінгі қазақ прозасының көш басында тұрған есімдердің бірегейі Тынымбай Нұрмағамбетов, қазақтың көрнекті жазушысы Несіпбек Дәутайұлы, ерек стилімен қазақ әдебиетіне соны сүрлеу салған Асқар Алтай, ақындардан Серік Аңсұңқарұлы, Жүрсін Ерман, Ханбибі Есенқарақызы, орыс тілінде жазатын Бақытжан Қанапиянов, тағы да басқа мықты қаламгерлер марапатқа ұсынылып отыр. Аталған ақын-жазушылардың қай-қайсысы да қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алған азаматтар. Бұл марапатқа барлығы да лайық. Алайда сыйлық біреу-ақ. Абайдың аты берілген мемлекеттік марапатты жалғыз сыйлыққа байлап қою дұрыс емес секілді. Комиссия осы мәселені қарастырып, қоғамға еңбегі сіңген азаматтардың лайықты бағалануын ескерер деген ойдамын.
– Қарап отырсақ, әдебиеттегі қарымды қаламгерлер, өміршең шығармалар саяси дүрбелеңдер тұсында туған екен. Бұған Ахмет пен Міржақып, Мағжан ақындардың шығармашылығы дәлел. Сыртқа көз тастасақ, Гете, Шекспир, Байронды да толқулар мен төңкерістер шыңдаған. Тұғырлы роман, ғұмырлы өлең тууы үшін біздің қоғамға да дүмпу керек пе?
– Арыға бармай-ақ, жиырмасыншы ғасырдан бастасақ, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, 1917 жылғы Қазан төңкерісі, 1932 жылғы ашаршылық, сталиндік қуғын-сүргін, 350 мыңдай қазақты жалмаған Екінші дүниежүзілік соғыс, полигон зардаптары, бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан зымыран сынақтары – менің ұғымымда мұның бәрі дүрбелең. Шығармашылық адамы болған соң, мұның бәрі жүрегіңде із қалдырады. Жаныңды ауыртқан дүниелерді қағазға төгесің. Қоғамның дертін, қасіретін өлеңмен жеңілдете алардай боп аптығасың. Жасығанға жырыңмен жігер бергің келеді.
Протон құлаған кезде біздің Үкімет «бұл әуеде жарылып кеткен гептил, оның адамға зияны жоқ» деп жылы жапты. Алайда кейін олай еместігіне көзіміз жетті. Арқада адамдардың ерте қартаюы жиіледі. Қаншама аң-құс қырылды. Сол жылдары «мұның зияны үш мың жылға дейін кетеді екен» деген пікірлер де айтылып жатты. Көргеніміз бен естігеніміздің бәрі жүректі езді, еріксіз қалам ұстатты.
– Арқам-ай, арқаға батты,
Ауыл тұр шайқала…жүдеп.
Құрдасым тартады арақты,
– Уды у қайтарады, – деп.
Қасіретті жырлау арқылы жан дүниенің шырылын жеткіздік. Мұндай дүниенің бәрін жаздым, әлі де жаза беремін. Қадыр ағамның: «Кейде өлеңді жоба деп қарау керек. Ғалым, айналайын, махаббатты өмір бойы жырлай беруге болады. Бірақ ел бар ғой, оның тағдыры бар ғой» деген сөзі жадымда жатталып қалды. Сол сөз шығармашылықтағы бағдаршамыма айналғанын енді ұққандаймын.
– Ахмет Байтұрсынұлы жырлаған «Аққу, шортан һәм шаянның» әурешілігінен әлі арыла алмай келеміз. Қазақ қайтсе бірігеді? Сіздіңше халықты жұдырықтай жұмылдыратын ұлттық һәм мемлекеттік идея не болуы керек?
– Кезінде әр ауылда ақсақалдар кеңесі болды. Олар ауылдың тентектерін тезге салып, ішкі дау-дамайларын шешіп отырған. Ауыл басшылары қандай да бір мәселені шешерде ақсақалдармен ақылдасатын. Сондай құрылымдарды қайта жандандыру керек деген ойдамын. Қазақ үлкенді сыйлайтын, сөзге тоқтайтын халық қой. Ақсақалдар институтын жаңғырту арқылы бүгінгі қоғамның кері кеткен көп әдетін жөнге салуға болар еді.
Мұхтар Әуезовтің «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөзінің астарында үлкен мән жатыр. Ұлттық тәрбие тал бесіктен басталуы керек.
Қазақта балалар жазушысы саусақпен санарлық. Жуырда Смағұл Елубай ағамыз бастама көтеріп, қазақтың барлық қаламгерлерін балаларға арнап шығарма жазуға шақырды. Өзі «Балалық шақ баяны» деген әңгімелер топтамасын жазыпты. Біз үшін бұл үлкен жаңалық болып, ағамыздан жазғанын сұрап алып, «Жұлдыз» журналына жариялағалы жатырмыз. Бұл бастама әрі қарай жалғасын тапса, қазақ балаларына арналған туындылар көбейе түссе дейміз.
Бүгінгі аналар бесік тербетіп отырғанда берісі орыстың, арысы ағылшынның «әлдиін» әндететін болған. Өйткені қазақта заманауи бесік жыры жоқ. Немерелеріміз қызыға көретін қазақи мультфильм де жоқ. Оларды «Алдар көсемен» қашанғы алдаймыз?
Екінші сыныпта оқитын немеремнің оқулықтарын парақтаймын кейде. Онда жазылғандарды бала түгілі, біздің өзіміз түсіне алмай қиналамыз, шыны керек. Тапсырмалар баланың ұғымына жеңіл, түсінікті болса, оқушылар ықыласпен орындар еді. Сәйкесінше оқу процесінің де жемісі артады. Мектеп бағдарламасы – ұлттық, мемлекеттік идеологияны өрістетудің ең тиімді құралы. Балалардың бойына отансүйгіштікті сіңіру, ауызбіршілікке тәрбиелеу, әріп пен есеп үйрету секілді күнделікті дағдыға айналуы қажет.
– «Жырларымның жұлдызын жандырам деп Алматыға Арқадан көшіп келгем» деген өлең жолдарыңыз есіме түсіп отыр. Жырларыңыздың жұлдызы жанған соң Арқадан алыстап кеткен жоқсыз ба? Туған жерге ат басын жиі бұрасыз ба?
– Мына сұрағың бір керемет оқиғаны еске түсірді. Осыдан төрт-бес жыл бұрын «Келбет» деген бағдарлама кезекті санын менің өмір жолыма арнамақшы болды. Түсірілімді ауылда жасайық деп шештік. Біздің ауылда сарқыраған өзен де, аспанмен таласқан тау да, жайқалған орман да жоқ. Жазық дала. Бауырларымды жинап, «түсірілім тобына не көрсетеміз?» деп асып-сасып жүрсем, інілерімнің бірі: «Аға, саспаңыз, бір жылқыны сойып, киіз үй тігейік те, осы елден шыққан белгілі азаматтарды, ауылдың мақтаныштарын шақырайық» деген ұсыныс айтты. Дереу Астанаға телефон соғып, Қайрат Байбосыновты, Аманжол Әлтаевты, Жаңаарқадан Қорабай Есеновті, Жезқазғаннан Ғалым Мұхамедин, Береке Көшенов секілді әншілерді, ұзын саны 20 шақты азаматты шақырдым. Шақырған кісілердің бәрі жолдың шалғайлығына қарамастан межелі уақытта жинала қалды. Сонда таңғалған журналист: «Аға, сіздің еліңізде қашықтық деген ұғым болмайды екен» деген еді. Расында да, Арқа – ешқандай шеңбермен шектелмейтін, ешқандай жікке бөлінбейтін болмысы бөлек өлке. Даласы қандай дарқан болса, адамдарының пейілі де сондай кең. Туған өлкені, балалығың өткен өңірді жақсы көрмеу, сағынбау мүмкін емес. Қолым қалт етсе, сол жаққа тартып кеткім келеді де тұрады...
Сұхбаттасқан Анар ЛЕПЕСОВА