Митинг мәдениеті қалыптаса ма?
Митинг мәдениеті қалыптаса ма?
Былтыр Мемлекет басшысы Ұлттық кеңестің екінші отырысында Президенттің Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі жоспарды орындау аясында бейбіт жиындар туралы заң жобасы әзірленгенін айтқан болатын. Қ.Тоқаев осы отырыста Үкімет заң жобасын Парламенттің қарауына енгізу керек деп тапсырған.
«Қоғамдық санаға митинг өткізу мәдениетін сіңіретін уақыт келді. Қоғамға да, мемлекетке де өз ұстанымдарын ашық айтуға бейімделетін кез жетті. Бірақ митинг өткізу тек өз құқы емес, жауапкершілік екенін де түсінген жөн», – деген болатын Мемлекет басшысы.
Жақында Парламент «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» жаңа заң жобасын бекітті. Бейбіт жиналыс түрлерін ұйымдастыру мен реттеу мәселелерін қарастыратын жаңа заң қоғамдық қауіпсіздікке басымдық береді.
Заң қабылдау барысында АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Австралия, Сингапур, Жапония, Швеция және Ресей сияқты елдердің аталған саладағы заңнамалары мұқият зерттелді. Демократияны ту еткен әлемнің көптеген бейбіт елі митингті ұйымдастыру және өткізуде қауіпсіздік мәселесіне баса мән береді. Тіпті, демократиялық елдердің кейбірінде әлемдегі қоғамдық-саяси жағдайдың ушығуына байланысты бейбіт митинг өткізу жөніндегі заңнамасын біршама қатаңдатқан.
Халықаралық Túrkistan газеті жаңа заңның еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі алар орны туралы сарапшылардың пікірін білген болатын.
Мадина БЕКТЕНОВА, Қазақстан Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері:
Мемлекеттің демократиялық қағидаларға деген жауапкершілігін көрсетті
– Былтыр желтоқсан айында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында Мемлекет басшысы қазіргі саяси жүйені реформалау саласында маңызды қадам жасау қажеттігін, заңды және қоғамдық тәртіпті бұзбайтын әрі рұқсат етілетін митингілерді ұйымдастыруда ескерту қағидатын енгізуді қолға алу керегін айтқан болатын. Жаңа заң жобасы қоғамның ашық талқылауына түсіп, жан-жақты зерттелді. Бүгінгі заман талаптарына сай реттелген жаңа заң нәтижелі диалогтың нақты мысалы екенін көрдік. Жақында қабылданған «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» жаңа заң Президент саяси реформаларындағы маңызды бастамалардың бірі деуге болады. Жаңа заңның ерекшелігі – бейбіт жиналыстарды өткізу үшін жергілікті атқарушы органның келісімін алу және митинг өткізу үшін баламалы орынды ұсыну құқығы көзделген. Бейбіт жиындарды ұйымдастыру мен өткізу тәртібіне енгізілген өзгерістер мемлекеттік органдардың халықпен байланысын күшейтуге оң ықпал етеді. Демократиялық қоғамның азаматтары ендігі жерде кез келген мәселені ашық және еркін жеткізе алады. Осыдан 20 жыл бұрын қабылданған ескі заң бойынша митинг өткізу үшін бірінші кезекте рұқсат алу керек болатын. Жаңа құжатта бейбіт жиынға қанша адам қатысатыны, қандай мәселе көтерілетіні және қайда өтетіні алдын ала ескертіледі. Сонымен қатар ұйымдастырушылар мен қатысушылардың, мемлекеттік органдардың жауапкершілігі қаралып, журналистердің құқығы мен міндеттері белгіленді. Бұл мемлекет үшін де, қоғам үшін де өте қажет.