Дерттен кейінгі депрессия
Дерттен кейінгі депрессия
Әлем елдерінің көпшілігі коронавирустың шарықтау шегін еңсерді. Қазақстан да індеттің қауіпті кезеңінен өтті. Эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, мемлекеттер карантин режимін жеңілдете бастады. Алайда карантиннен кейінгі өміріміз оған дейінгідей бола ма? «Бәрі өзгереді, бұрынғыдай болмайды» деп жүргендердің меңзегені не? Пандемияны жеңген соң әлемді тағы қандай күрес күтіп тұр? Карантин адамзатқа не үйретті, неге үйір етті? Осы сауалдарға жауап іздедік.
Жаһанды жұмыссыздық жайлады
Коронавирус әлемді әбден сынады. Індеттің өзімен күрес қаншалықты қиын болса, оның салдарымен күрес те соншалықты күрделі болмақ. Карантин кезінде шығынға шаш етектен батқан жаһандық экономиканың есін жиғызып, еңсесін тіктеу үшін қанша күш, қанша уақыт жұмсауға тура келетіні белгісіз. Сарапшылар жаһан экономикасы соңғы жүз жыл ішінде болмаған деңгейге түсетінін болжап отыр. Азия даму банкі мамандарының болжамынша, егер карантин жарты жылға созылатын болса, әлемдік қаржы жүйесі 8,8 трлн доллар жоғалтуы мүмкін. Ал экономика үш айдың ішінде қалпына келмесе, 5,8 трлн доллар шығынға батпақ. Пандемияның зардабы ауыр болатынын елімізде төтенше жағдай режимінің аяқталуына орай жасаған мәлімдемесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айтты. «Коронавирус пандемиясы әлемдік рецессияның басталуына себеп болды. Тіпті, ұзаққа созылатын экономикалық дағдарысқа да алып келуі әбден мүмкін. Жер-жерде протекционизмнің күшеюі белең алуда. Экономиканың тұтас салалары тоқырауға ұшырап жатыр. 400 миллионнан астам кәсіпорын банкрот болудың алдында тұр. Әлемдегі еңбекке жарамды халықтың жартысына жуығының табысы азай-ды», – деді Президент. Иә, бүгінде індет статистикасынан гөрі экономиканың кері кеткен көрсеткіштері көбірек үрейлендіреді. Пандемияның ең күрделі салдары – жұмыссыздық белең алып барады. Халықаралық еңбек ұйымының соңғы есептеуі бойынша, 2020 жылдың алғашқы жарты жылдығында әлемдегі жұмысқа қабілетті адамдардың жартысы, яғни 1,6 миллиард адам нәпақасынан айырылуы ықтимал. Ұйым мамандарының болжамынша, жұмыс сағаттарының қысқаратыны сондай, азаятын жұмыс уақытының ауқымы толық штаттағы 305 миллион адамның жұмыс ауқымына тең болмақ. Экономикалық белсенділік төмендейді, тіпті жұмыс істеп жүрген адамдардың арасында кедейлік өседі дейді сарапшылар.АҚШ: Соңғы 75 жылдағы ең үлкен құлдырау
Әлемнің барлық бұрышында жағдай мәз емес. Аузын айға білеген Американың өзі тығырыққа тірелді. Өткен аптада АҚШ-та 3 миллионға жуық адам жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алуға өтініш білдірген. Елдің еңбек министрлігі жариялаған мәліметке сүйенсек, соңғы екі айда олардың саны 36 миллионнан асып жығылған. Табысынан айырылғандардың көпшілігі – қонақүй бизнесі, сауда және өндіріс салаларының қызметкерлері. Жергілікті экономистердің айтуынша, бір ғана сәуір айында 20 миллионнан аса америкалық екі қолға бір күрек таппай қалған. Елдегі жұмыссыздық деңгейі бүгінде 14,7 пайызға жетіп отыр. Құрама штаттарда 1948 жылдан бері мұндай алаңдатарлық көрсеткіш тіркелмеген. Соңғы рет осыған ұқсас жағдай 1982 жылы болыпты. Алайда ол уақыттың өзінде жұмыссыздық деңгейі 10,8 пайыздан аспаған дейді мамандар. АҚШ-тың инфекциялық аурулар бойынша белгілі сарапшысы Энтони Фаучи «карантиннен тым ерте шықсақ, азаматтар зардап шегіп, өлім-жітім көп болады» деп, штаттарды шектеу шараларын асығыс алып тастамауға шақырды. Ал Ақ үй басшысының экономика бойынша кеңесшілері карантин жалғаса берсе, жұмыссыздық тіпті өршіп, мамыр-маусымда 20 пайыздан асып кетуі мүмкін деп дабыл қақты. Экономикаға жәрдем беру үшін АҚШ үкіметі 3 триллион долларға жуық түрлі көмек пакеттерінен тұратын жоспар ұсынып, бюджетті ұлғайтты. Наурызда қабылданған ел тарихындағы ең ірі көмек жоспарының бюджеті 2 триллион болған еді. Оның үстіне, үкімет азаматтарға көмек ретінде тікелей тарату үшін 500 миллиард, ірі өнеркәсіп орындарына несиеге 200 миллиард, ал шағын өнеркәсіпке 300 миллиард доллар бөлуді ұйғарған. Заң шығарушылар көмектің жаңа пакетін әзірлеуді талқылап жатса, өкілдер палатасындағы демократтар азаматтарға тікелей жәрдем беру, бизнесті қаржыландыру, жағдайы қиын штаттар мен қалаларға көмектесу, студенттерге несие беру және пәтер жалдау мен ипотека төлемдерін жеңілдету бойынша жаңа заң жобасын дайындауға кірісті. Әйтсе де, бұл шаралар республикалықтар тарапынан қолдау таппауы мүмкін. Демократтар арасында да «бұл шаралар азаматтарға толық жалақы төленеріне кепіл бола алмайды» деп санайтындар жоқ емес.Германия: Kurzarbeit' құрдымнан құтқара ала ма?
Дағдарыс Германияның еңбек нарығын да айналып өткен жоқ. Елде жұмыссыздық деңгейі 5,8 пайызға көтерілді. 10 миллионнан астам қызметкер қысқартылған жұмыс кестесіне көшкен. Германияның Еңбек жөніндегі федералды еңбек агенттігінің дерегінше, елде еңбек етіп жүрген 33 миллионнан астам адамның әрбір үшіншісінің жұмыс сағаты қысқартылуы мүмкін. Германия Еуроодақтың ең қуатты экономикасы саналатындықтан, немістердің тынымсыз тірлігіне көз тігушілер жай күндері де аз емес. Ал дағдарыс жағдайында тығырықтан шығудың тиімді жолын көрсетер деп бұл елдің қимылын баққандар қатары тіпті артты. Германияда қабылданған Kurzarbeit' (неміс тілінен аударғанда «қысқамерзімді жұмыс» деген мағынаны білдіреді – автор) бағдарламасына көптің құлағы қанық. Қысқа мерзімдік жұмыс бағдарламасы бойынша мекемелер жұмыс уақыттарын қысқартқанымен, жұмысшыларға жалақысының 60 пайызын төлеп отырады, бұл үшін оларға субсидияны үкімет береді. Kurzarbeit' 2008-2009 жылдардағы қаржы дағдарысы кезінде де Германияны көп қиындықтан құтқарған. Тиімділігін дәлелдеген бағдарламаның әртүрлі нұсқасы кейіннен Ұлыбритания, Италия, Нидерланд елдерінде пайда болып, кеңінен қолданыс тапты. Жұмыссыздық мәселесін шешудің бұл әдісін Халықаралық еңбек ұйымының басшысы қолдап, өзге елдерге үлгі ретінде ұсынды. Оның айтуынша, Kurzarbeit' өндірістің тұраламауына және мекемелердің тұрақты түрде жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Десе де, кейбір сарапшылар бұл бағдарлама тиімді болғанымен, ұзақ уақыт жұмыс істей алмайтынын алға тартады. Мюнхендегі Экономикалық зерттеу институтының дерегі бойынша, Германиядағы компаниялардың жартысы шамамен 10 миллиондай адамның жалақысын субсидиямен жабу туралы өтініш берген. Kurzarbeit' концепциясы бойынша компания жұмысы қайта жанданғанда жұмысшылар іске кірісуге дайын болады. Ал егер компания аяқтан тік тұра алмаса, жұмыссыздықтың өсуінен қашып құтылу мүмкін емес. Сарапшылар жылдың қорытындысы бойынша Германияның ішкі жалпы өнімі 6,5 пайызға төмендеуі мүмкін деп болжап отыр. Яғни ел экономикасына рецессияға түсу қаупі төніп тұр. Қазірдің өзінде автокөлік, қонақүй, мейрамхана, саяхат салаларындағы компаниялар жұмысшыларын қысқартуға мәжбүр. Карантиндік шектеулер тағы үш айға созылса, Германиядағы компаниялардың үштен бірі құрдымға кетуі мүмкін.Украинада 10 млн адам жұмыссыз қалуы мүмкін
Карантин кезінде Украинадағы жұмыссыздар саны 200 мыңға артып, жарты миллион адамға жетті. Елдегі жұмыссыздық қазынаға айтарлықтай салмақ түсірді. Шектеу шараларына байланысты Украинада әр бесінші бизнес көзі жұмысын толығымен тоқтатуға мәжбүр болған. Әсіресе, кіші бизнес иелері: кафе, мейрамхана, спорт залдар мен шаштараз және сауда орындарын жалға алғандар жұмысшылар айлығын төлей алмай, дағдарысқа тап болған. Украина билігі 12 мамырдан бастап карантин тәртібін жеңілдету жолдарын енгізді. Атап айтқанда, сұлулық салондары мен ашық аспан астындағы мейрамхана жұмысын жалғастыра алады. Ресми статистикада жұмыссыздар саны жарты миллион деп көрсетілсе, елдегі экономика және бизнес саласының тәуелсіз сарапшылар карантин кезіндегі Украинада табысынан айрылғандар 1 миллионнан 10 миллионға дейін артуы мүмкін деп болжап отыр. Елде дағдарысқа қарсы бірқатар шара қабылданды, оның ішінде еңбек нарығын тұрақтандыруға бағытталған бағдарламалар да бар. Премьер-министр Денис Шмыгальдің айтуынша, үкімет жұмыспен қамту орталықтарына құжат өткізу тәртібін жеңілдеткен. «Сондықтан карантин уақытында жұмысынан айырылған азаматтарды алдағы уақытта да тіркеуге тұруға шақырамын. Экономика министрлігіне жұмыспен қамту орталықтарына жұмыссыздыққа байланысты жәрдемақы төлеуді жеделдету жөнінде тапсырма беруді жүктедім», – деді үкімет басшысы. Жәрдемақы – тығырықтан шығатын жол емес. Оны Украина үкіметі де, жергілікті тұрғындар да жақсы түсінеді. Жұмыссыздықпен күрестің стратегиялық жолы ретінде ел билігі табысынан айырылғандарды ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру ісіне тартуды көздеп отыр. Сәуірде жол-құрылыс компаниялары өкілдерімен кездесуінде Денис Шмыгаль кәсіпкерлерді украиналықтарды барынша жұмыспен қамтуға шақырды. Мердігерлер құрылысқа ең әуелі жергілікті тұрғындарды тартуы тиіс екені ескертілді. Тек украиналық компанияларға ғана емес, шетелдік компанияларға да осындай талап қойылмақ. Қазіргі таңда елдегі жұмыспен қамту орталықтары екі қолға бір күрек таппай отырған азаматтарға қашықтан жұмыс іздестіруде. Сәуірдегі дерек бойынша, халықты жұмыспен қамту қызметінде небәрі 54 мың бос жұмыс орны тіркелген. Яғни, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 30 пайызға кеміген. Халықаралық перспективті зерттеулер орталығының сарапшысы Егор Киянның айтуынша, жұмыссыздықпен күресу үшін жұмыс орындарының құрылатыны туралы жариялау жеткіліксіз, экономиканың негізгі салаларында жаңа жұмыс орындарын ашуға жедел кірісу керек. «Апострофқа» берген сұхбатында Егор Киян Украина үкіметінің бұл міндетті мүлтіксіз орындай алатынына күмән келтірген.Қазақстан: Экономиканы түлетудің кешенді жоспары әзірленді
Карантин Қазақстан экономикасына да аз шығын әкелген жоқ. Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, әсіресе сауда-саттық, туризм, жылжымайтын мүлік, көлік салалары көбірек зардап шекті. Ведомствоның болжамынша, 2020 жылы ел экономикасының өсімі 0,9 пайызға төмендеуі мүмкін. ІЖӨ 69,7 трлн теңге көлемінде болады деп бағаланып отыр. Бұл алдыңғы болжамнан 4,8 трлн теңгеге төмен. Десе де, мамандардың айтуынша, ел экономикасының бірқатар саласында өндіріс көлемі арта түспек. Ауыл шаруашылығында – 3,2 пайыз, азық-түлік өндірісінде – 1,4 пайыз, құрылыста 1,1 пайыз өсім болады деп күтілуде. Елімізде пандемия салдарымен күрес шараларына 5,9 трлн теңге бөлінгені белгілі. Төтенше жағдай режимінің аяқталуына байланысты жасаған мәлімдемесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қаржының қай салаларға бағытталғанын түсіндіріп берді. Президент экономиканы қалпына келтіру үшін бірінші кезекте шешілуі тиіс жеті міндетті белгілеп, Үкіметке сол міндеттерді шешетін кешенді жоспар әзірлеуді жүктеген. Жоспар әзірленді. Құжат сейсенбі күні Үкімет отырысында таныстырылып, мақұлданды. Асқар Маминнің айтуынша, кешенді жоспар 6 млн адам еңбек ететін салалардың жұмысын жандандыруға жол ашады. Мәселен, азаматтық авиацияны қолдау үшін Үкімет отандық компанияларды осы жылдың соңына дейін ұшақтарға қосалқы бөлшектерді импорттауда уақытша қосылған құн салығынан босатты. Сондай-ақ әуежайлар жер салығынан және оны пайдаланғаны үшін төлемнен босатылады. Ал резидент еместер авиация саласындағы техникалық қызмет көрсету және басқа да қызметтерге қосылған құн салығын төлемейді. Кешенді жоспарда отандық туризм мен логистиканы қолдау шаралары да қамтылған. Атап айтқанда, әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жолаушылар автобусының қызметтеріне қосылған құн салығы алынып тасталмақ. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, туристік инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде басым туристік аумақтарда салық преференциялары берілетін болады. Бұл – корпоративтік табыс салығы, мүлік салығы және жер салығы бойынша жеңілдіктер. Сондай-ақ транзит кезінде контейнерлік пойыздарды кедендік тексеруден өткізу жеңілдетіледі. Ал импорттау кезінде тексеру соңғы стансада бір рет жүргізілетін болады. Үкімет отырысында ел құлағына жеткен тағы бір жаңалық – Қазақстанда Өнеркәсіпті дамыту қоры құрылмақ. Қор арқылы өңдеуші кәсіпорындарға 3 пайыздан аспайтын мөлшерлеме бойынша несие берілетін болады. Шағын және орта бизнес те мемлекет қолдауынан қағылмайды. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасына микро және шағын кәсіпкерлікті қолдау бойынша жаңа бағыт енгізіліп, жеке кәсіпкерлерге 6 пайыздан аспайтын мөлшерлемемен несие беріле бастайды. Руслан Дәленовтің түсіндіруінше, бизнес иелері айналым қаражатын толықтыру мақсатында 5 миллион теңгеге дейін және өндірістік мақсаттарға 20 миллион теңгеге несие ала алады.Пандемия сабақтарын салмақтағанда...
Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі комиссияның соңғы отырысында Президент COVID-19 және соған ұқсас вирустар бір реттік құбылыс емес екенін ескертіп, түрлі оқыс жағдайларға практикалық тұрғыда ғана емес, сонымен бірге ғылыми көзқарас тұрғысынан да үнемі дайын болу қажетін айтқан болатын. Сондай-ақ Мемлекет басшысы карантин кезінде жұмыс істеудің пайдаланылған тиімді әдіс-тәсілдерін карантиннен кейін де жетілдіре түсуді тапсырған. Үкімет бұл тапсырманы да орындауға кірісіпті. Ұлттық экономика министрінің айтуынша, білім беруде қашықтан оқыту әдістемесі жетілдіріледі. Оқулықтар мен әдістемелік құралдар цифрлық форматқа көшіріледі. Сондай-ақ жыл соңына дейін Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі кеңес құрылады. Оған беделді ғалымдар мен сарапшыларды тарту көзделген. Бұдан былай елімізде бизнес пен мемлекет арасындағы қарым-қатынас толығымен цифрлық форматқа, яғни қарым-қатынассыз жүйеге көшпек. Президенттің тапсырмасы бойынша карантиннен кейін де Үкіметтің, министрліктер мен әкімдіктердің отырысы мен кеңестері барынша қашықтан жүргізіледі. Мемлекеттік органдардың жұмысы барынша оңтайландырылып, ақша мен уақытты шығындайтын қажетсіз жиындар, басы артық процедуралар алынып тасталады. Пандемия отандық компаниялардың кадр саясатына да бірқатар өзгерістер енгізді. Бұдан былай мамандардың санын емес, сапасын арттыруға ден қойылмақ. Мәселен, пандемия кезінде табысы 3 есе азайған «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы дағдарысты тезірек еңсеру үшін орталық аппараттағы қызметкерлер санын 34 пайызға, яғни 729-дан 480-ге дейін қысқартты. Сонымен қатар департаменттерінің санын үш есе азайтты. Компанияда басқарушы директорлар лауазымы жойылды. Осылайша, «ҚазМұнайГаздың» орталық аппараты нарықтағы өзгерістерге тез әрі тиімді жауап бере алатындай жинақы болып қайта құрылды.Карантин үйреткен әдеттер
Карантин өмірімізді қалыпты ырғағынан жаңылдырғанымен, жай күнде елемейтін пайдалы әдеттерге үйір етті. Мәселен, көп уақытымызды үнемдейтін онлайн-қызметтерді пайдалануға дағдыландық. Дүкендер мен дәмханаларда сағаттап кезекте тұрмай, керек тауарды, тағамды үйге тапсырыс беру арқылы уақытты ғана емес, кептеліс кезінде жүйкені де артық жүктемеден құтқарары анық. Пандемия кезінде аты әлемге әйгілі Amazon компаниясы иесінің табысы 5 есе артқан. Қазір Джефф Безостың жиған-тергені 138 млрд долларға жетті. Мұның бәрі – онлайн сауданың арқасы. Жіпсіз байланып отырған ел керек-жарағын интернет арқылы алады. Тапсырыстың көбейіп кеткені сонша, басқа кәсіпкерлер қызметкерлерін қысқартып жатса, Безос 200 мың адамды жұмысқа алмақ. Карантин кезінде әлем бойынша цифрлық өнімдерге сұраныс артты. Мәселен, Netflix-ке жыл басында 8 млн жаңа жазылушы қосылады деп болжанған. Алайда жаңа тұтынушылар қатары компания жоспарынан екі есе артып, 15 миллионнан асып түсті. Адамдар карантиннен кейін де көңіл көтерудің онлайн платформаларынан алыстай қоймайды дейді сала мамандары. Өйткені індет жұқтыру қаупі сейіле қоймағандықтан, халық көпшілік орындарға жиі бармауға тырысады. Оның үстіне, карантиндік шектеулер кезінде туындаған қаржылық қиындықтарға байланысты бұдан былай ақшаны ең негізгі қажеттіліктерге ғана жұмсауға тура келері анық. Шектеу шаралары қаржы үнемдеудің, қор жинаудың маңызын ұқтырды. Үнем демекші, бірнеше қабаттық кеңсені жалға алып отырған компаниялар да осы уақытқа дейін көп қаржыны желге ұшырып келгенін түсінді. Еңбек нарығы мамандарының айтуынша, карантиннен соң кәсіпорындардың көпшілігі кеңселерін барынша ықшамдап, қашықтан жұмыс істеп жатқан қызметкерлерінің біразына сол тәртіпте қызметін жалғастыруға рұқсат береді. Карантиннің тағы бір игілігі – ішкі туризмнің дамуына жол ашылмақ. Туризммен жан бағып отырған мемлекеттер шекарасын ашқан соң шетелдік саяхатшыларды тартудың түрлі әдістерін, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін түрлі қызметтерді ұсына бастайтыны анық. Десе де, шекара сыртынан індет тасымалдаудан сескенетін жұрт әзірге шетел аралауға асыға қоймайтын секілді. Оның үстіне, біраз уақыт тұралаған кәсібін аяқтан тік тұрғызып, ортайып қалған қорын толтыру үшін көпке дейін демалыссыз жұмыс істеуге тура келмек. Сондықтан сала мамандары әр ел тұрғындары жергілікті демалыс орындарын аралап, ішкі туризмнің дамуына үлес қосады деп болжап отыр. Жыл сайын демалыс маусымында шекара асатын миллиардтар биыл өз қазынамызға құйылса, ел туризмінің тірлігі түзеліп, өңірлердің өрісі кеңі-мек. Мөлдір РЫСАЛИЕВА, Lamoda.kz интернет-дүкенінің бас директоры:Карантиннен кейін де онлайн-саудаға сұраныс кемімейді
– Елімізде төтенше жағдай режимі жарияланған алғашқы күндері логистикалық кедергілер туындап, тапсырыстарды жеткізу мәселесі қиындады. Әуе тасымалы тоқтаған соң өңірлерге тауарларды жеткізу уақыты кешеуілдеді. Бұрын республика аумағында тапсырыстарды 3-4 күн ішінде жеткізсек, қазір 10-14 күн күтуге тура келеді. Десе де, карантинге және елдегі экономикалық қиындықтарға қарамастан, наурыз-сәуір айларында дүкеніміздің қызметіне сұраныс 20 пайызға артты. Бұған сауда орталықтары мен базарлардың жаппай жабылуы себеп болғаны белгілі. Карантин енгізілгелі спорттық киім мен аяқ киімге тапсырыс күрт көбейді. 2020 жылдың ақпан айымен салыстырғанда наурыз-сәуір айларында жаңа клиенттеріміздің қатары 35 пайызға көбейді. Офлайн-шопингті ұнататындар карантин уақытында онлайн-сауданың анағұрлым тиімді әрі ыңғайлы екеніне көз жеткізді деп ойлаймын. Сондықтан біздің қызметімізге жүгінгендердің көпшілігі карантиннен кейін де тұрақты тұтынушымыз болып қалмақ.