21 Мамыр, 10:01 261 0 Саясат Túrkistan Gazeti

Стратегия қайта пысықталады  

Мемлекет басшысы Жо­ғары Еу­разиялық экономи­ка­лық кеңес­тің бейне конфе­рен­ция фор­матында өткен ке­зекті оты­рысына қатысты.

Онлайн саммитке Армения Рес­пуб­ликасының премьер-министрі Ни­кол Пашинян, Беларусь Рес­пуб­ли­касының президенті Александр Лу­кашенко, Қырғыз Респуб­лика­сы­ның президенті Сооронбай Жээн­бе­ков, Ресей Федерациясының пре­зиденті Владимир Путин және Еу­разиялық экономикалық одақ жа­нындағы бақылаушы мемле­кет­тің басшысы ретінде Молдова Рес­публикасының президенті  Игорь До­дон, сондай-ақ Еуразиялық эко­но­микалық комиссия алқасының төра­ғасы  Михаил Мясникович қатысты.

Жиынның күн тәртібінде 2025 жыл­ға дейінгі еуразиялық эко­но­ми­калық интеграцияның страте­гия­лық дамуы туралы мәселе тал­қы­лан­ды. Отырыс барысында Мемле­кет басшылары Еуразиялық эко­но­микалық одақ аясындағы ын­ты­мақ­тастықтың басым бағыттарын, со­ның ішінде, Кубаға Еуразиялық эко­номикалық одақ жанындағы ба­қылаушы мемлекет мәртебесін беру мәселесін қарастырды.

Қазақстан Президенті өз сө­зінде «2025 жылға дейінгі еура­зи­я­лық экономикалық интеграцияның стратегиялық даму бағыттары тура­лы» құжаттың жобасына ерекше назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл маңыз­­ды құжатты қабылдау идея­сын қолдай отырып, стратегия­ның кей­бір бөлімдерін қайта тал­қы­лап, әлі де пысықтай түсу керек екенін айт­ты.

Қазақстан Президентінің ай­туынша, интеграциялық жұмыс ұлт­тық құқықтық жүйенің ерек­ше­ліктерін ескеруге тиіс әрі ұлттық заң­наманы үйлестіру және біріз­дендіру мәселелерін қарастыру ке­зінде «жеткілікті қажеттілік» қағи­датын ұстануы керек.

– Стратегияда  ұсынылған заң­наманың «үйлестіруге және біріз­дендіруге» қатысты құқықтық жауап­кершілік орнату бөліміндегі әкім­шілік және қылмыстық, кеден ісі, техникалық реттеу, тұтынушы­лар­дың құқығын қорғау сияқты бір­қатар сала біздің пікірімізше, ақылға қонымды жеткіліктілік қағидатына әлі де толық жауап бер­мейді. Ал бұл ұлттық қоғамдық ой-пікірдің стратегияны қабыл­да­мауына алып келеді. Өйткені стра­тегия Үкіметтер мен Парламент­тер­дің дербес құқығын шектейді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы өзара сауда, бизнесті қолдау, цифрландыру жә­не көліктік логистика салаларын­да­ғы ықпалдастық мәселелерін одан әрі нығайту жөніндегі нақты ұсы­ныстарын ортаға салды.

Біріншіден, Қазақстан Прези­ден­ті пандемия кезінде пайда бол­ған барлық шектеулер мен кедер­гілер­ді кезең-кезеңімен алудың жос­парын жасау қажет деп санай-ды.

– Біздің денсаулық сақтау, са­нитарлық, ветеринарлық және өзге де бақылаушы ведомстволарымыз дағдарыстан сабақ алып, сондай-ақ бір жағынан азаматтарымыздың ден­саулығын сақтайтын, екінші жа­ғынан тауарлардың кедергісіз қоз­ғалысын қамтамасыз ететін ық­палдастықтың тиімді механизмде­рін ұсынуы қажет. Пандемияға қар­сы күрес кезінде, одан кейінгі шек­теулер алынған кезеңде де көлік құрылымдарының, санитарлық қыз­меттердің, шекаралық ведомс­тво­лардың жұмысы жүйелі болуы маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы екінші мәсе­ле ретінде Еуразиялық эконо­ми­калық одақтың ақпараттық жүйесін біріктіру жұмыстарын қолға алудың маңызын айтты.

– Мемлекеттік органдары­мыз­дың ықпалдастық орнатқан негізгі аспектілерін цифрландыру арқылы біздің елдеріміз бизнес-процестерді жеңілдетуге, өзара тауар айналымын арт­тыруға, бизнеске әкімшілік жүк­темені азайтуға қол жеткізеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Үшіншіден, Қазақстан Прези­ден­ті көлік-логистика қызметін да­мыту қажет деп санайды.

– Аталған бастама аясында біз ұлт­тық тауар өткізу жүйесін құруды бас­тап кеттік. Ол 2022 жылға қарай 24 көтерме-тарату орталығынан тұ­ра­­тын болады. Бұл 5 миллион тон­на ауылшаруашылық өнімін сақ­тап, өңдеп, таратуға мүмкіндік бе­реді. Одақ­қа мүше мүдделі елдер­дің ара­сында тауар таратудың ор­тақ жүйе­сін құру мүмкіндігін қа­рас­тыруды ұсы­намын, – деді Мемлекет басшы­сы.

Саммит қорытындысы бойын­ша Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсы­нысымен «2025 жылға дейінгі еу­ра­зия­лық экономикалық интегра­ция­ның стратегиялық даму бағыттары туралы» құжат негізінен мақұл­дан­ғанымен, қабылданған жоқ. Одаққа мүше мемлекеттердің үкіметтері мен комиссияға стратегияны пы­сықтау тапсырылды.

«Еуразиялық бестіктің» көшбас­шы­лары Жоғары Еуразиялық эко­но­микалық кеңестің келесі отыры­сын 2020 жылдың күзінде Минск қаласында өткізуге уағдаласты.

 

 

Соңғы жаңалықтар