Елордалық терапевт: Әр адам өз денсаулығына жауапты болуды үйренуі керек

Елордалық терапевт: Әр адам өз денсаулығына жауапты болуды үйренуі керек

Елордалық терапевт: Әр адам өз денсаулығына жауапты болуды үйренуі керек
ашық дереккөзі
Бүкіл әлемді коронавирус пандемиясы жайлады. Жаңалықтарда бұл індетке шалдыққандардың статистикасы, оның алдын алу шаралары туралы жиі айтылады. Стационарда қауіпті дертпен күресіп жүрген елордалық терапевт дәрігер Гүлназ Жұмабекқызы вирустан қорғанудың негізгі жолдарын айтып берді.   Гүлназ Жұмабекқызы, сіздің стационарда жұмыс істеп жүргеніңізге қанша күн болды? Қазіргі жұмысыңыз туралы айтып берсеңіз.  – 6 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан қаласындағы Көпсалалы медицина орталығының инфекциялық бөлімінде жұмыс істеп жүрмін. Сәуір, мамыр айларында науқастар көбейе бастады. Ауыр жағдайда жатқан науқастарды тәулік бойы бақылап отырдық. Қазіргі жұмыс емханадағы (Нұр-Сұлтан қаласындағы № 1 қалалық емхана) күнделікті жұмысымнан ерекшеленеді. Ауруханаға келіп жатқан пациенттерде бастапқы кезде стресс, уайым, қорқыныш болды. Сондай қиын кезеңде бір-бірімізге қолдау көрсетуді үйрендік. Ауруханадағы пациенттермен күн сайын сөйлесіп, жағдайын біліп отырамыз.   Коронавирус инфекциясымен күресуде қарапайым халық нені ескеру керек?   – Жеке гигиенаны сақтау, маска, медициналық қолғап кию және қолды мұқият жуып жүру қажет. Егерде өзіңізді жайсыз сезінетін болсаңыз, тез арада дәрігерге қаралған жөн.  Мысалы, дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақ ауырған кезде жедел жәрдем шақыру керек. Сыртқа шыққан кезде өзімен бірге антисептикалық құралдарды алып жүруді, қоғамдық көліктерде маска киюді әдетке айналдыру керек. Мемлекет тарапынан карантин аймағында жүрген медицина қызметкерлеріне үстемеақы төленіп жатыр. Материалдық қолдаудың кез келген маманға тың серпін берері сөзсіз. Осыған байланысты сіздің ойыңыз қандай?  – Мені осы карантин аумағына жіберген уақытта үстемеақы төленетіндігі туралы айтылмаған еді. Әрине, бұл жаңалық үлкен қолдау болды.  Материалдық қолдаудан тыс халықтың дәрігерлерге деген сенімі және құрметі де бізге мол күш-жігер береді. Қазіргі таңда дәрігер ретіндегі басты міндетімді абыроймен атқарсам деген ойым бар. Өйткені коронавирустан емделіп шыққан әр пациенттің айтқан алғысы бәрінен де қымбат. Өз жұмысыңызда қандай ұстанымдарды сақтауға тырысасыз?  – Кез келген жерде және кез келген уақытта барлық адамға көмек көрсетуге тырысу. Мамандығымды осы үшін жақсы көремін. Адамдар дәрігерге өміріндегі баға жетпес байлығын – денсаулығын сеніп тапсырады. Бұл жұмысыма деген жауапкершіліктің жоғары болуын талап етеді. Одан бөлек жаңа білім үйренуге тырысамын. Себебі дәрігер үнемі ізденіс үстінде жүруі керек. Карантин аяқталған соң, ең бірінші кімге қоңырау шаласыз?  – Ата-анама хабарласамын. Мүмкіндік болса отбасыма барып келемін. Оларды көрмегелі біраз уақыт өтті. Осы тұста өзіңіз туралы айтып өтсеңіз. – Мен 1994 жылдың 28 наурызында Түркістан облысы, Шардара ауданында дүниеге келдім. 2011 жылы мемлекеттік грантты жеңіп алып, Қарағанды мемлекеттік медицина университетіндегі «жалпы медицина» мамандығына оқуға түстім. 2018 жылы университеттен терапевт мамандығын алып шықтым. Нұр-Сұлтан қаласындағы №1 қалалық емханада терапевт болып жұмыс істеп жүргеніме 2 жыл болды. Отбасыңызда сізден басқа дәрігерлер бар ма? – Отбасымда 4 қыз, 1 ұл. Әкем әскери салада жұмыс істесе, анам –бухгалтер. Үйде жалғыз дәрігермін. Өзімді тек осы мамандықта ғана көрдім. Анам дәрігердің жұмысы қиын әрі ауыр десе де, медицинаны таңдадым. Оған еш өкінбеймін. Қазіргі карантин кезіндегі халыққа дәрігер ретінде не айтар едіңіз? – Бұл күндер де артта қалады. Карантин күндері әр адам өз денсаулығына жауапты болуды үйренсе екен. Мына нәрсені естен шығармау керек. Сіздің денсаулығыңыз ­­– өз қолыңызда! Өзіңізді сақтаңыз! Уақыт бөліп сұхбат бергеніңіз үшін рақмет!

 Сұхбаттасқан Балжан Смаилова