Қасақана ұйымдастырылуы мүмкін: Алматыда белгілі адвокаттың көлігі өртенді
Қасақана ұйымдастырылуы мүмкін: Алматыда белгілі адвокаттың көлігі өртенді
Алматыда танымал адвокат Айман Омарованың көлігі өртеніп кетті. Полиция бұл дерекке қатысты тексеруді бастады, деп хабарлайды ТЖД баспасөз қызметі.
Оқиға 18 мамыр күні Медеу ауданындағы әл-Фараби көшесі мен Назарбаев даңғылының қиылысында болған. Айман Омарова Facebook парақшасында көліктің тежегіші істен шыққанын жазды. Қалалық төтенше жағдай департаментінің өкілдері оқиға орнына 7 минутта жеткен.
«Өрт сөндірушілер 22.00 келгенде «Lexus-350» көлігі өртеніп жатқан. Тілсіз жау 2 шаршы метрді шарпыған. Өрт 22:04-те ауыздықталып, 22:07 де толық сөндірілді. Өрттен жапа шеккендер жоқ», - делінген ТЖД хабарламасында.
Қалалық полиция департаменті аталған дерек бойынша ҚР ҚК 202-бабының 2-бөлімімен қылмыстық іс қозғады.
«Қылмыстық іс өндірісі Медеу аудандық полиция басқармасына берілді. Өрт бойынша техникалық сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысынан кейін өрттің неден шыққаны анықталады», - деді ПД.