Алматыда танымал адвокат Айман Омарованың көлігі өртеніп кетті. Полиция бұл дерекке қатысты тексеруді бастады, деп хабарлайды ТЖД баспасөз қызметі.
Оқиға 18 мамыр күні Медеу ауданындағы әл-Фараби көшесі мен Назарбаев даңғылының қиылысында болған. Айман Омарова Facebook парақшасында көліктің тежегіші істен шыққанын жазды. Қалалық төтенше жағдай департаментінің өкілдері оқиға орнына 7 минутта жеткен.
«Өрт сөндірушілер 22.00 келгенде «Lexus-350» көлігі өртеніп жатқан. Тілсіз жау 2 шаршы метрді шарпыған. Өрт 22:04-те ауыздықталып, 22:07 де толық сөндірілді. Өрттен жапа шеккендер жоқ», – делінген ТЖД хабарламасында.
Қалалық полиция департаменті аталған дерек бойынша ҚР ҚК 202-бабының 2-бөлімімен қылмыстық іс қозғады.
«Қылмыстық іс өндірісі Медеу аудандық полиция басқармасына берілді. Өрт бойынша техникалық сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысынан кейін өрттің неден шыққаны анықталады», – деді ПД.