Вице-министр: Мектеп түлектерінің мұғалімдерге сыйлық беруіне тыйым салынады

Вице-министр: Мектеп түлектерінің мұғалімдерге сыйлық беруіне тыйым салынады

Вице-министр: Мектеп түлектерінің мұғалімдерге сыйлық беруіне тыйым салынады
ашық дереккөзі
Түлектердің мектепке, ұстаздарына сыйлық беруіне тыйым салынады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова министрліктің Facebook парақшасында онлайн режимде өткен аппарат жиналысында мәлімдеді. «Биылғы оқу жылының бітуіне, мектеп шараларын өткізуге байланысты қаражат жиналмауы қатаң тәртіпте бақылануы тиіс. Оған әрбір мектептің басшысы жеке жауап береді. Мектептің әкімшілігі және қамқоршылық кеңесі барлық ата-аналармен мектепке немесе мұғалімдерге, сынып жетекшілеріне сыйлық жасауға болмайтындығы жөнінде жұмыс жүргізуі қажет», - деді министрдің орынбасары. Вице-министр түлектердің қатысуымен өтетін іс-шаралар жауапты ұстаздардың қатаң бақылауында болуы тиістігін ескертті. «Осы іс-шараларды өткізу барысында жасауға болмайтын жайттарға тағы бір назарларыңызды аударамыз. Біріншіден, іс-шараларды өткізу барысында әртүрлі агенттіктерді, жекеменшік студияларды не аниматорларды шақыруға болмайды. Мұндай іс-шаралар кең ауқымды болмауы да қажет. Мерекелік дастарқан жаяу мәселесі мүлдем қарастырылмауы тиіс. Мектеп бітірушілер бірнеше автомобиль жалдап, қала ішін, жергілікті жерлерді араламауы керек. Мейрамхана, дәмхана және басқа да көңіл көтеру орындарында түлектердің қатысуымен шаралар болдырмау үшін ата-аналармен тиісті жұмысты жүргізілуі қажет», - деді Шолпан Каринова. Еске сала кетейік, елімізде 11-сынып бітірушілерге аттестат тапсыру рәсімі 3-4 маусымда өтеді. Министрлік талабы бойынша іс-шара міндетті түрде мектеп аумағында, ашық ауада, қонақтарсыз, тек түлектердің қатысуымен және санитарлық нормаларды сақтай отырып өтуі тиіс.