Жұмыссыз мәртебесін алу тәртібі жеңілдейді
Жұмыссыз мәртебесін алу тәртібі жеңілдейді
Жұмыссыз мәртебесін алу үшін тіркеуді оңайлату шаралары қабылданады.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында еліміздің экономикасын қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды таныстырған ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпартат.
«Еңбек нарығындағы жағдайды жедел жақсарту мақсатында жұмыссыз мәртебесін алу үшін тіркеуді оңайлату шаралары қабылданады. Жұмыспен қамту жол картасын іске асыру кезінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты тартуға және шағын және орта бизнесті кеңейтуге баса назар аударылады», - деді министр.
Оның атап өтуінше, білім беруде қашықтан оқыту әдістемесі жетілдіріледі. Оқулықтар мен әдістемелік құралдар цифрлық форматта қолжетімді болады.
«Денсаулық сақтау саласында шаралар азаматтардың денсаулығын сақтауға және қорғауға бағытталған. Осы жылдың соңына дейін Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі кеңес құрылады. Оған беделді ғалымдар мен сарапшыларды тартылады. Ұлттық санитарлық-эпидемиологиялық қызметті күшейту бойынша шаралар қабылданады. Бұл - материалдық-техникалық базаны нығайту», - деді Руслан Дәленов.