Қазақстанда Өнеркәсіпті дамыту қоры құрылады

Қазақстанда Өнеркәсіпті дамыту қоры құрылады

Қазақстанда Өнеркәсіпті дамыту қоры құрылады
ашық дереккөзі
Елімізде Өнеркәсіпті дамыту қоры құрылмақ. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлімдеді. «Өнеркәсіпті дамыту қорын құру ұсынылады. Қор арқылы 3 пайыздан артық емес мөлшерлеме бойынша өңдеуші кәсіпорындарға несие беру жоспарлануда», - деді министр. Сонымен қатар ол  Үкімет отандық өндірушілердің тауарларын өткізу бойынша бірқатар шараларды қолдағанын айтты. «Бұл - мемлекеттік сатып алуда квазимемлекеттік сектор мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуында оффтейк келісімшарттар жасау, жеңілдетілген қаржыландыруды алушыларға отандық материалдар мен жабдықтарды пайдалану бойынша міндеттемелерді белгілеу. Олар жеке инвесторлармен лицензиялық келісімшартта бекітілетін болады», - деді Руслан Дәленов. Оның атап өтуінше, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу кезінде инвестициялық субсидиялар беру тетігі жетілдіріледі. «Одан басқа, жоғары экспорттық өнім өндірушілердің тасымалдау шығындарын 80 пайызға дейін өтеуді ұлғайту жоспарланып отыр. Қосылған құн салығын жедел қайтару айналым қаражатын ұлғайтуға ықпал етеді», - деді министр.