Жаңалықтар

Түркияда тағы да коменданттық сағат енгізіледі

ашық дереккөзі

Түркияда тағы да коменданттық сағат енгізіледі

Түркия билігі коронавирустың таралуына тосқауыл қою үшін  23-26 мамыр аралығында бүкіл ел аумағында тағы коменданттық сағат енгізбек. Бұл туралы Анадолы хабарлады. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған елдің коронавируспен қолдан келгенше күресіп жатқанын жеткізді.  Оның айтуынша, ел билігі 5,5 млн астам аз қамтылған халыққа қаржылай көмек көрсеткен. Түрік көшбасшысы азаматтарға әлеуметтік арақашықтықты сақтау қажеттігін еске салды. Әйтпесе ауру қайта өршиді, ол жағдайда шектеу шараларын қайтадан қатаңдатуға тура келеді. Елде  эпидемияға байланысты 15 провинцияда кіріп-шығуға қойылған шектеу тағы 15 күнге ұзартылады. «29 мамырдан бастап мешіттердің жұмысы біртіндеп қалпына келе бастайды. Covid-19 – бүкіләлемдік қатер. Проблема жаһандық деңгейде шешілгенде ғана бұл қатерден құтыламыз», - деп атап өтті Ердоған. Соңғы дерек бойынша Түркияда 151 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырған. Індет жұқтырғындардың 112 мыңнан астамы дертінен айықса, 4171 адам көз жұмды. Айта кетейік, 20 мамырдан бастап Түркия емханалары 31 елдің азаматтарына қызмет көрсете бастайды. Оның ішінде қазақстандықтар да бар. Ал  Түркияның демалыс орындары шетелдік туристерді шілдеден бастап қабылдамақ.