Бәсі биік басылым, бағалы еңбек

Бәсі биік басылым, бағалы еңбек

Бәсі биік басылым, бағалы еңбек
ашық дереккөзі
Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде өз энциклопедияларын шығара бастағанда бұрын назардан тыс қалған талай мәліметтер мен деректерді молынан пайдалана бастады. Өйткені Кеңес одағы дәуірінде қазақ ұлтының тарихы, тұлғалары, діни наным-сенімдері, салт-дәстүрі мен кәсібіне қатысты мәселелер назардан тыс қалып, ол тұста шыққан энциклопедиялардан бұл жайында толық мәлімет алу мүмкін болмайтын. Дегенмен, «Жаңа энциклопедия» сериясы деген атпен біраздан бері түрлі тақырыптағы энциклопедияларды шығарып келе жатқан «Арыс» баспасы жоғарыда айтып кеткен олқылықтардың орнын толтырып келеді. Аталмыш баспа өткен жылы көлемі 48 баспа табақ энциклопедияны 3000 данамен шығарып («Маңғыстау облысы ауылшаруашылығы: энциклопедия. Алматы: «Арыс» баспасы, 2015. – 768 бет + 48 бет түрлі түсті жапсырма), бір кезде еліміздің мал шаруашылығының дамуына және қазірде сол салаға салмақты үлес қосып келе жатқан Маңғыстау өлкесінің табиғаты, мал шаруашылығы мен ондағы халқымыздың ата кәсібінің дамуына тиянақ болған тұлғалар жайында бағалы мәліметтер берген. Шын мәнінде, ауыл шаруашылығының барлық салалары, атап айтқанда, мал, егін, балық, аң, су, орман шаруашылығына қатысты негізгі ғылыми-танымдық мәліметтер мен терминдер жүйесі толық қамтылған, тарихи-этнографиялық және ареальдық зерттеу бағытын ұстанған мұндай кітап Қазақстанда алғаш рет жарық көріп отыр деуге негіз бар. Кітаптың беташар алғысөзінде Маңғыстау облысының әкімі Алик Серікұлы атап көрсеткеніндей: «Ежелгі тарих пен бүгінгі өркениетті сабақтастыра пайымдайтын өрелі зерде Маңғыстау жерінен түрлі кезеңдердің іздерін табады. Қойнауы мұнай мен газға бай бұл өлкенің төсінен өрген төрт түлігі мен теңізінде балығы тайдай тулаған табиғи байлығы қашаннан халқының ырзық-несібесін айырып келеді. Сол байлықты молайтып, елдің игілігіне айналдыру жолында тер төккен талай майталман малшылар мен балықшылардың, ауыл еңбеккерлерінің еңбегі ұшан-теңіз». Сүбелі ғылыми еңбекте Қазақстанның ең батыс аймағында, бір жағы Каспий теңізімен ұштасқан, шөл және шөлейт белдеуде орналасқан Маңғыстау облысының табиғаты, климаты мен ауа райы, флорасы мен фаунасы және осы жергілікті ерекшеліктеріне сай қалыптасып, дамыған тұрғындардың дәстүрлі тұрмыс-тіршілік сферасын жалпыұлттық және ареальдық деңгейде жан-жақты талдауға талпыныс жасалған. Мәселен, Маңғыстау түйелері (жалпы түйе шаруашылығы түйіткілі) мен Адай жылқысы (жылқы шаруашылығы) туралы ғасырлық халық тәжірибесі мен бүгінгі ғылымның нәтижелері кеңінен қамтылған. Сондай-ақ өңірге тән ең басты түйіткіл – су тапшылығы мен жайылымның жетіспеушілігі екендігі нақты көрсетіле отырып, Үстірттің үсті малға толған өткен ғасырлардағы көшпелі шаруашылық жүргізу формасы ғылыми тұрғыдан қайта қалпына келтірілген. Дәстүрлі мерзімдік қоныстар – қыстау, көктеу, жайлау, күздеуді пайдаланудың аймақтық ерекшеліктері, байырғы қазақ қауымының қыстаудан жайлауға көшуі барысында қалыптасқан Адай және Табын жолы сынды басты көш жолы-маршруттары, олардың бойындағы бекет, суат, құдық, шыңыраулар жайында тарихи әрі заманауи деректер қамтылған. Бұрынғы кезеңде өлкеде қанша мал саны болғандығы және барлық табиғи, агрономиялық мүмкіндіктерді толық пайдаланғанда Маңғыстау облысындағы мал санын қаншаға дейін көбейтуге болатындығы ғылыми зерттеулермен негізделген. «Қазақ гидрогеология ғылыми-зерттеу институтының Маңғыстау аймағын 1977, 1985, 1987 жылдардағы зерттеген ғылыми сараптамасы бойынша, облыстағы суланған жайылымның 1 га жеріндегі өсімдіктен орташа есеппен 1,1 ц азықтық өлшемге тең келеді. Бір кездегі осы ғылыми тұжырымдарға негізделіп аймақтың жалпы мал өсіру мүмкіндігі 1 млн 600 мың шартты қойға тең деп жобаланса... » (120-бет) деген жолдардан көп сыр аңғаруға болады. Өйткені 1 түйе – 10 қой, сиыр мен жылқы – 8 бас қойға баламаланғанда 1990 жылы өлкеде 1 млн 366 мың шартты қойға тең мал болғаны, ол көрсеткіштердің 1941 жылы – бар-жоғы 334500 шартты қой (оның 11300-і түйе, ­11600-і жылқы, 101500-і қой-ешкі, 3400-і сиыр) болса, 1960 жылы – 930700 шартты қой (түйе – 19600, жылқы – 31200, қой-ешкі – 468300, сиыр – 2100) болғандығы нақты көрсетілген. Ал архивтік деректер (72-бет; 1 түйе – 10 қойға, жылқы мен сиыр – 6 қойға баламаланғанда) Маңғыстауда төрт түлік аса көбейген 1903-1907 жылдары барлық мал басы 2,5 млн шартты қойға дейін көбейгенін, түйенің саны ғана – 750 мың шартты қой болса, ал қой-ешкі – 1,5 млн-ға дейінгі шартты бірлікке көбейгендігін көрсетеді. Осы беттегі деректерден мына жолдарды оқи отырып, таңданбасқа шара жоқ: «Өлкеде 1870 жылы 817 тұщы, 322 ащы, барлығы 1139 құдық болса; оның саны 1899 жылы – 1211 тұщы, 2957 ащы, барлығы 4168 болып көбейген». Сондай-ақ жалғыз Маңғыстау емес, барша қазақ даласын ақсүйек қылып, малдан айырған жұт деректері де, мәселен, 1910-11-дің Ит жұты, 12 жылдан кейін қайталанған 1921-22-нің жұты туралы деректер де жанды түршіктіреді. Бірақ одан кейінгі жылдар қайырлы болып, жұтаған малдың орны өсімімен толығып отырған. Осылайша кітап беттеріндегі самсаған цифр-сандардан тек қана мал санын ғана біліп қоймаймыз, сол кездің тұрмыс-тіршілігінің деңгейі де анық көрініс табады. Халық басына түскен нәубет жылдары тігерге тұяқ қалмай, ел босып, маң дала қаңырап қалғанына куә боласыз. Сондай-ақ 1994-98 жылдары аймақтағы мал басының екі есе кемуі де (120-бет) өткенді саралап, келер күнді болжауға септігі тиер ойланарлық жағдаят. Халық қолөнері, үй кәсіпшілігінің дамуы, тұрмыстық бұйымдардың тіршілікте, шаруашылықта қолданылу аясы көрсетілген. Сондай-ақ қазақ халқының сан ғасырлық дәстүрлі малдәрігерлік білімі (мал аурулары мен жұқпалы індетке қарсы тәжірибесі), халық календары, табиғатты тұтастай танып-білудегі халықтық таным-білім аясы, т.б. бүгінгі жаһандану заманында жойылып бара жатқан фактілерді хатқа түсіруімен, жас буынға нақты сурет күйінде түсіндіруімен құнды. Энциклопедияның арнаулы «Қосымшалар» бөлімінде дәстүрлі шаруашылықтан қазіргі заманауи ауыл шаруашылығына дейінгі кезеңдердегі дамуы мен негізгі салаларына қатысты фотодеректер шежіресі берілген. Қорыта айтқанда, еліміздегі мал шаруашылығының дамуына үлкен әсері бар өлке жайында қызғылықты деректер мен дәйектерге толы бұл бағалы басылымның ел тарихына бейжай қарамайтын әр азаматтың төрінде тұрар жөні бар. Өйткені онда кіндігі ауылмен байланысқан талай отбасының шежіре-тарихы, атакүлдік баба қонысы, жайлауы мен құдығы, ата-әкелері тер төгіп, еңбек еткен ТОЗ, артель, колхоз, совхоздардың баяны, мыңжылдықтарға ұласқан ата кәсіптің қыр-сыры, сан ғасырлық халықтық таным-білімі, т.б. мәліметтер шоғырланған. Әрине, ешбір кітап, тіптен заманауи энциклопедияның өзі мозайкалы өмірдің барша қыр-сырын ашып бере алмайтыны хақ. Ол қашанда толығып, жетіліп отырмақ. Ал оны толықтыру, жетілдіру әркімнің, жалпы жұртшылықтың шаруасы. Өйткені бұл – халықтық, көпшілікқолды энциклопедия. Барша қауым білек қосып атсалысқанда, шама-шарқынша ой-пікірлерімен бөліскенде ғана ол толығып, жаңа басылым жасалмақшы. Бұл бағалы еңбекті дайындап, келер ұрпаққа аманаттап отырған Ақтау қалалық «Қазақ тілі» қоғамы мен «Арыс» баспасы (қоры) үлкен іс тындырған. Енді мұндай елеулі еңбектің ғылыми бағасын беріп, көпшіліктің кәдесіне жарату ғалымдардың еншісіндегі іс болса керек.  

Ахмет ӨМІРЗАҚ