Дәстүрлі Ислам жауһарлары

Дәстүрлі Ислам жауһарлары

Дәстүрлі Ислам жауһарлары
ашық дереккөзі
Дін сенімнің тірегі десек те, оның мәнін ұқтырып, жүрекке сіңіретін – сөз. Жай сөз емес, өлеңсөз. Ислам дінінің өркен жайып, ғаламды өз құшағына алуына ақындардың үлесі аз болған жоқ. Осыдан болса керек, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) өз хадисінде «Сөзде сиқыр бар, ал өлеңде даналық бар» дейді. Соңғы кездері діни тақырыпқа өлең жазатын ақындар қатары көбейді. Дегенмен Исламды, мұсылмандық негіздерін жырлау – ертеден бар құбылыс. Шығыстың атақты шайырларының бәрі де дін тақырыбына соқпай кетпеген. Бірақ оның бәрі бір жерге жиналып, бір қатырма мұқабаның ішіне топтастырылмаған соң былайғы жұрттың біле бермеуі заңдылық. Міне, осы олқылықтың орнын «Дәстүрлі Ислам жауһарлары» (Орта ғасырларда (X-XVI ғғ.) жазылған діни еңбектер мен шығармалардан үзінді) деген кітап толтырып отырғаны сөзсіз. Биыл ғана Астана қаласының «Таңбалы» баспасынан 3000 таралыммен жарық көріп отырған көлемі 25 баспа табақ бұл кітап негізінен «Қараһандықтар тұсындағы шығармалар (Х-ХІІІ ғғ.), «Алтын Орда – Қыпшақ дәуіріндегі шығармалар (ХІІІ-XV ғғ.)», «Ортағасырлық қолжазбалардан үзінділер», «Қазақ хандығы тұсындағы шығармалар XV-XVI ғғ.)» атты төрт бөлімге бөлініп, онда Ахмет Иүгінекидің «Ақиқат сыйы», Қожа Ахмет Йассауидің «Хикметтер жинағы», Сүлеймен Бақырғани (Хакім ата) «Ақырзаман» дастаны, Насриддин Бұрһануддин Рабғузи «Пайғамбарлар тарихы», Махмұд әл-Кердерінің «Жұмақтардың ашық жолы», Исламның «Мүридке көмекші», Сайф Сараидің «Түркише Гүлістан», Хусам Кәтіптің «Жұмжұма», Мәмлүк-қыпшақтардың «Патшалар мен сұлтандарға нұсқаулық», Алтын Орда тұсының туындысы «Көңілдер шырағы», 1464-65 жылдар шамасында дүниеге келген «Ислам шырағы» және Захриддин Мұхаммед Бабырдың «Фиқһты баяндау­шы» атты шығармаларынан үзінділер берілген. ҚР Ұлттық кітапханасында аталмыш кітаптың тұсаукесер рәсімі болып, онда сөз алған ҚР Бас мүфтиі Ерлан Малғажыұлы, Қазақстан Ғылымдар Академиясының академигі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Өмірзақ Айтбайұлы және көптеген ақын-жазушылар, ғалымдар, БАҚ өкілдері жаңа кітап жайында өз ой-пікірлерін айтып, ұсыныстарымен бөлісті.   А.ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ