Қазақстанда вакцинациялау шарасы жүргізілмек: 62 млн тағдырды ажалдан арашалап қаламыз

Қазақстанда вакцинациялау шарасы жүргізілмек: 62 млн тағдырды ажалдан арашалап қаламыз

Қазақстанда вакцинациялау шарасы жүргізілмек: 62 млн тағдырды ажалдан арашалап қаламыз
ашық дереккөзі
ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова министрліктің Facebook парақшасында сарапшылармен онлайн кездесу өткізді. Онда мамандар адамдағы папиллома вирусына, жатыр мойны обырына қарсы вакцина мәселелерін талқылады. ҚазАқпараттың жазуынша сарапшылар аталған вакцинаны қолданудың халықаралық тәжірибесін талқылап, жатыр мойны обырын зерттеу бойынша өткізген скрининг нәтижелері жайында сөз қозғады. «Бұл вакцинаны 2021 жылғы Ұлттық вакцина күнтізбесіне қосуды жоспарлап отырмыз. Ол ата-аналары тарапынан толық келісім болған жағдайда қыз балаларға ерікті түрде егілетін болады», – деді кездесуді ашқан вице-министр. Талқылауға қатысқан ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Вячеслав Локшиннің дерегінше, бүгінде әлемде жыл сайын шамамен 600 мың жатыр мойны обыры тіркеліп жатады. Ол обыр жағдайларының арасында төртінші орында тұр. Сонымен қатар, жыл сайын дәл осы жаман аурудан әлемде 300 мың әйел көз жұмады. «Қазіргі уақытта жатыр мойны обырын төмендетудің оң оңтайлы жолы – бұл вакцина салу, скрининг әдістемен ерте диагностикалау. Вакцина бізге не береді? Ол қыз балалардың 90 пайызында жатыр мойны обырының дамуын болдырмауға ықпалын тигізеді. Бұған қоса, біз келесі ғасырда жатыр мойны обыры ажалынан 62 млн тағдырды арашалап қаламыз», – деді ғалым. Ал «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы Диляра Қайдарованың айтуынша, Қазақстан жатыр мойны обырына шалдығу көрсеткіші жоғары елдердің тізіміне кіреді. Еліміздегі бұл көрсеткіш 18,7 пайызды құрап отыр. «Соңғы 15 жылда жатыр мойны обырына шалдығу дерегінің артқаны байқалғанымен аурудың бұл түрінен өлім-жітім төмендеген. 10 жылда Қазақстанда жатыр мойны обырына скрининг жүргізіліп келеді және обырдың алғашқы сатысын анықтау 62 пайызға дейін жетті. 2008 жылдан бері скрининг өткізіп келеміз. Бүгінде әйелдер кез келген жасында тест тапсыра алады. Қазақстанда жыл сайын 600-ден астам әйел жатыр мойны обырынан көз жұмады. Яғни, күн сайын 2 әйел қайтыс болады деген сөз. Сондықтан қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан бағдарлама осынау қатерлі аурдың алдын алуға септігін тигізеді», – деді Диляра Қайдарова.