Еуропаға экспорт көлемі артқан
Еуропаға экспорт көлемі артқан
Қазақстанның Еуропалық одаққа ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемі 219,8 млн долларды құрады
Өткен аптада ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков Ауыл шаруашылығы және ауылдық аймақтарды дамыту жөніндегі Еуропалық комиссар Фил Хоганмен кездесті. Кездесу барысында Еуропалық комиссия одағымен ауыл шаруашылығы саласындағы ұзақ мерзімді әріптестікті және ынтымақтастықты нығайту, сонымен қатар ЕАЭО шекарасы арқылы еуропалық ауыл шаруашылығы өнімдерінің транзиттік мәселелерін талқылады.
Еуропалық одақпен әріптестік – Қазақстан Республикасының сыртқы саясатындағы басым бағыттарының бірі. 2015 жылы Қазақстанның Еуропалық одақпен ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлікті қайта өңдеу бойынша сыртқы тауар айналымы 635,9 млн АҚШ долларын құрады. Қазақстан 2015 жылы Еуропалық одаққа 92 мың тонна астық, 247,7 мың тонна зығыр, 15,9 мың тонна мақта талшығы мен 5,9 мың тонна балық филесін экспорттады. Ал Қазақстанның Еуропалық одаққа ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемі 219,8 млн долларды құрады.
Қазіргі таңда Қазақстанда итальяндық, германдық және венгриялық ірі компаниялар өз қызметтерін белсене жандандыру үстінде. 2012 жылдан бастап Қазақстанда БҰҰ Еуразиялық экономикалық бірлестігінің және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының қаржылық қолдауымен жеке сектор, азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдардың қатысуымен су ресурстарын интеграциялауын басқару, өңдеу және іске асыру тұғырнамасымен су саясаты бойынша Ұлттық диалог жүзеге асырылып келеді.
Осы жылдан бастап су ресурстарын басқару саясатына үлес қосу аясында Еуропалық одақтың «Қазақстанның жасыл экономикаға көшуін қолдау» бойынша бірінші жобасы жүзеге асырылуда. Аталған бағдарламаны қаржыландыру Еуропалық одақтың жалпы бюджетінен жүзеге асырылады. Жоба аясында трансұлттық су ресурстарын басқару, су және денсаулық мәселелері жөнінде Протоколын енгізуге қолдау көрсету және өзендік бассейндерін басқару үшін институционалдық негізді жақсарту жұмыстары жүргізілуде.
Әсел МАҚСАТҚЫЗЫ