COVID-19: Нұр-Сұлтанда көз жұмған әйел 10 күн бойы өзін-өзі емдеген

Елордада коронавирус инфекциясынан қайтыс болған екі адам туралы мәлімет жарияланды. 

«Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус індетінен екі адам қайтыс болды. Осы орайда марқұмдардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз. Бірінші науқас 1958 жылы туған әйел адам он күндей үйінде өзін-өзі емдеген. 31 наурыз күні жағдайы ауырлағанда жедел жәрдем арқылы жұқпалы аурулар ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылып, жасанды өкпені желдету аппаратына қосылды. Жағдайының ауырлығына байланысты 18 сәуірде республикалық қарқынды терапия орталығына ауыстырылды. Емдеу хаттамасына сәйкес, науқасқа қажетті ем-дом шаралары жүргізілді. Бірақ реанимациялық шараларға қарамастан, науқас 13 мамыр күні көз жұмды», – деді Қисықова.

Оның сөзіне қарағанда, екінші науқас – 1977 жылы туған ер адам. Отбасында коронавирус жұқтырған жанмен жақын қатынаста болған.

«Осы орайда төрт күн үй карантинінде болды. 17 сәуірде жедел жәрдем қызметі арқылы жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілді. Оған тиісті емдеу шаралары жасалды. Алайда жағдайы ауырлағандықтан, 22 сәуірде жансақтау бөліміне ауыстырылды. Науқас соңғы екі жылда қосымша аурулары бойынша емханада тіркеуде болған. 13 мамырда қарқынды терапияға қарамастан, науқас қайтыс болды», – деді басқарма басшысы.

 

Back to top button