Клара Төленбаева: «Жібек сезім» әні менің төлқұжатыма айналды

Клара Төленбаева: «Жібек сезім» әні менің төлқұжатыма айналды

Клара Төленбаева: «Жібек сезім» әні менің төлқұжатыма айналды
ашық дереккөзі
– Клара Төленбаева дегенде, есімізге «Жі­бек сезім» әні түседі. Халыққа кең та­раған әнді жолдасыңыз, Қазақстан­ның ең­бек сіңірген қайраткері, әнші, бел­­гілі саз­гер Медет Салықов жазғанын біле­міз. Бар­ған жерде халық әлі күнге дейін осы әнді тыңдамай сізді жібер­мейді дей­ді... – Ол рас, ел-жұрт «Жібек сезім» әнін орын­дамасаң, міндетті түрде қолқалап сұрап айтқызады. Әйтпесе, бұл ән сонау 2003-2004 жылдан бері қарай орындалып ке­леді. Әуел баста әннің ел көңілінен шы­ғып, танымал болатынын ешкім білмеді. «Жі­бек сезім» әні менің төлқұжатыма ай­нал­ды. Бұл әнді орындағанға дейін сыр­най­мен дәстүрлі және халық әндерін орындап жүр­дім. Эстрадаға алғаш қадам басқанымда Е.Хасанғалиевтің әні мен Т.Оразбаеваның сө­зіне жазылған «Гүлсезім» әнін орын­да­дым. Одан кейін айтқан әнім осы – «Жібек се­зім». Бұл ән бір күнде туған жоқ. Толғағы же­тіп, әбден пісіп, іштен жетіліп барып өмір­ге келген ән. Медет біраз уақыт өлеңін ыңыл­­дап айтып жүрді, ал сөзін жазуды до­сы­м­ыз Қалқаман Саринге тапсырды. Қал­қаман бір жылдай әнге сөз жазбай жүрді. Бір күні аяқ астынан Қалқаман Медетке ха­бар­ласып «әннің сөзі дайын болды» деді. Бар­сақ, шынымен алып-қосары жоқ, бас-аяғы бү­тін, жұп-жұмыр өлең туыпты. Әні мен сө­зі бір кісінің қолынан шыққандай қабы­сып, үйлесіп тұр. Бір жерін өзгерту туралы тіпті сөз де болған жоқ. Тілге жеңіл, жүрекке жы­лы тиетін, мөлдіреген әдемі өлең жа­зы­лыпты. Мен сахнаға орындап шыққан кезде халық бірден жылы қабыл­дап, ұнатты. Әнге бейнебаянды 2-3 жылдан кейін ба­рып түсірдік. Тіпті, басында ел әнді та­нығанымен, орындаушысын танымай жат­ты. Кейіннен осы ән арқылы мен танылдым. «Жібек сезім» композитор ретінде Медеттің ба­ғын жандырған, атын шығарып, абы­ройын көтерген ән болды. Қалқаманның да ең тұңғыш өлеңдер жинағы «Жібек сезім – жүрек сөзім» деп аталды. Құдайдың қа­лауы­мен бір сәтте ақынның да, орындаушының да, сазгердің де атағын шығарған, елге та­ныт­қан ән болды. – Осы «Жібек сезім» әнін отба­сыңыз­бен үйде, көлікте орындаған видео­ларыңызды интернетте мыңдаған адам көріп, алғыс білдіріп, жылы пікірлерін де жазып жатқандар баршылық. Бі­реу­лер әуезді әннің құдіретіне тамсанса, енді біреулер отбасының татулығына, жа­расымдылығына қызығады. Жұ­байыңыз Медет Салықовпен арадағы жі­бек сезім қай кезде бас­та­лып еді? – Медет екеу­міз өнердің қара шаңырағы Құр­ман­ғазы атындағы Қа­зақ ұлттық кон­серва­то­рия­сында таныстық. Ол менен 1 курс жоғары оқыды, екеуіміз де белгілі әнші, қоғам қайраткері Бекболат Тілеуханның класында білім алдық. Бес жылдық студенттік шағымыздың алғашқы жылдарында дос болып араласып, кейін достығымыз үлкен сезімге ұласты. Консерваторияны бітіріп, еңбекке араласа бастағанда Медет «менің болашақ жарым сендей болу керек» деп, бел байлап ұсыныс жасады. Медеттің бо­лашақ азаматым ретінде өнерімді қа­дірлейтініне, жеке басымды сыйлай­ты­нына, мені алақанына салып аялап өте­тініне сендім. Біз бір-бірімізге деген осындай сеніммен отбасын құр­дық. Сол сенім мен сезім біз­ді алдаған жоқ. Елордада еңбек ете жүріп, ел қатарлы үй бол­­дық. Бір-бі­рі­міздің қыр-сы­рымызды өте жақсы білгендіктен болар, біздің қандай отбасы болатынымыз, сыйластығымыздың қандай дәрежеде бо­латыны қыз бен жігіт болып жүре бастаған кезден-ақ белгілі бола бастады. Біз кон­серваторияда қалай араласып жүрсек, күні бүгінге дейін сол сыйластығымыздан ажы­рамадық. Бет жыртысып қатты рен­жіскен, жүз шайысқан, жүрегімізді ауыртатындай сөздер айтқан кезіміз жоқ. Ал бала-шағаның ортасында қатты дауыс көтеріп сөйлеу, сөзге келіспеу, жанжал, ұрыс-керіс деген болған емес. Бір отбасы болғанымызға 18 жыл­дың шамасы болды, Медеттей аза­маттың кездескеніне Аллаға шүкір айта­мын, тәуба деймін. Тұрсынбек Қаба­тов Медетке «Клара үнемі жаныңда жүреді, жалықпайсың ба?» деп әзілдеп жатады. Жұмысымыз, араласатын ортамыз, өмірлік мақсатымыз бір бол­ған­дықтан жалығу деген нәрсе тіпті ойымызға да келмейді. Қыз баланың бақыты – отба­сындағы ана­дан көрген тәрбиесіне және болашақ аза­матының дұрыс адам болып жолығуына байланысты. Қыз баланың барған жерінде жылама­ғаны, қиналмағаны, еңсесінің түспей жүр­гені ата-анаға да үлкен мәр­тебе. Бұл орайда мен өзімді өмірде де, өнер­де де жолы болған жанмын деп ой­лаймын. – Байқауымызша, көбіне әншінің баласы әнші болады. Көзін ашып көр­ге­ні сахна, өнер адамдары болған соң ба екен әлде ата-ананың ықпалы бола ма? Сіздерде қалай? – Балаларымыздың бойында ананың сүті, әкенің қанымен келген өнер бар. Тұң­ғышымыз Ақкербез Назарбаев интеллек­туал­дық мектебінің 10-сыныбында оқиды, аспапта ойнау қабілеті өте жақсы. Кез келген аспапты өзі шұқылап отырып, тез меңгеріп алады. Гитараны интернеттен қарап жүріп меңгеріп кетті. Басында біл­мейтін жерін әкесі үйрететін, қазір әкесі Ақкербезден сұрап жатады. Жете ден қойса сырнай аспа­бын да меңгеріп кететін жағ­дайы бар. Кәсіби деңгейдегі сырнайшы, баянистер сияқ­ты меңгермесе де, әннің әуенін салып, өзі қо­сылып айтып кете­тіндей қабілеті бар. Бү­­гінде жетіген ас­па­бында еркін ойнап, ән сала береді. Екінші қызымыз Айкерім нағыз орындаушы, әншілік қабілеті басым. Ал ұлымыз Нұрсамат «Дарын» ма­ман­дандырылған лицейінде оқиды, әнмен бірге биге деген қабілетін карантин уақытында байқап жатқан жайымыз бар. Әкесі мен анасының биге деген қабілеттері керемет болмаса да ұлымыздың бойынан бишілік қырын байқағанымызға қуаныш­тымыз. Ата-ананың балаға ықпалы міндетті түрде болады, бірақ таңу, міндеттеу тұрғы­сынан емес. Балаларымыз неге қызығып, не­мен айналысқысы келеді, оған шектеу қой­маймыз.  width= – Карантин режимі шығарма­шы­лықтарыңызға қалай әсер етті? – Карантиннің алғашқы аптасында аздап қиналдық. Күнде таңертең тұрып, боя­нып, жасанып, киініп жұмысқа барып жүрген адамға аяқ астынан ешқандай мақ­сатсыз, жоспарсыз таңертең үй тірлігіне кі­рісу өзгеше әсер етті. Алғашында бұл қа­лай болады екен деп елестете алмадық, бірақ үйдің тірлігі, бала-шаға, отағасының күтімін жасаудың өзі бір бақыт екенін се­зіндік. Карантин кезінде де шығарма­шы­лығымыз тоқтаған жоқ. Осы уақытта отба­сынан жырақ, өз жанын шүберекке түйіп, халыққа көмек қолын созып жүрген ақ ха­латты абзал жандарға арнап Д.Кәпұ­лы­ның сөзіне жазылған «Жаны ізгілерім» өлеңіне Медет ән жазды. Әлеуметтік желі арқылы таралған әнге халық өзінің жақсы бағасын беріп жатыр. Сондай-ақ Нұр-Сұл­тан қаласы әкімдігі­нің ұйымдастыруымен, Мемлекеттік академиялық филармония­сының қол­дауымен онлайн концерт өткіз­дік. Содан соң Мәдениет және спорт ми­нистрлігі ұйымдастырған «Карантиндегі жұлдыз» атты жобаға қатысып, концерт бер­дік. Үй жағдайында отырған халықты бір сәтке сергітіп, көңілін аулап, ойын жақ­сы бағытқа бұрып, әнімізді салып, көңілінен шығып жат­сақ, өнер адамы үшін одан асқан мәр­тебе жоқ. Сонымен қатар репертуары­мыз­дағы әндерді отбасымызбен бірге орын­дап, әлеуметтік желілерде тараттық. Жалпы, карантин жағдайы репертуары­мызды то­лықтыруға, жаңартуға мүмкіндік берді. Бұ­рынғы орындап кеткен әндерімді үнтас­падан қайта тыңдап, басқаша айтуға бола­ты­нын байқап жатырмын. Кезінде орын­далған әндерге бүгінгі көзқарас басқаша болып тұр. Онлайн концерт берудің де өзіндік қиын­дығы бар екен. Ешбір көрерменсіз, ха­лықтың ықыласын сезінбей, бірақ сах­нада халықтың қошеметі мен махаббатын сезіп тұрғандай әсермен ән салу басқа дүние екен. Оған да үйрендік. Осы ретте жас орын­даушылардың әлеуметтік желінің қыр-сырын меңгеріп, өзін жан-жақты танытып, жарнамасын жасап, өзінің танымалдығына жұмыс істегені дұрыс екенін байқадым. Әсіре­се, дәстүрлі әншілеріміз осы жағына көңіл бөлсе деген ойға келдім. – Сырнаймен ән айту мектебін ашсам деген арманыңызды жүзеге асыру жағы қалай болып жатыр? – Қазақ ұлттық Өнер университетінде сырнаймен ән айту дәстүрі бойынша дәріс беріп, шәкірт тәрбиелеп жатқаныма да 15 жылдан аса уақыт болыпты. Болашақта сырнаймен ән айту мектебін ашу жос­парымда бар. Ойымды жетілдіріп, ішімде пі­сіріп, жоспарымды жан-жақты ойлас­тырудамын. Сырнай мектебін ашқаннан кейін балаларды бастауыш сыныптан бастап қабылдау керек. Осы ретте бастауыш сынып оқушыларының дене бітімі, күші сырнай аспабын ойнауға қалай келеді, қиналып қалмай ма деген мәселелерді ой­ластырып жатқан жайым бар.

Әңгімелескен

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ