Жаңалықтар

АҚШ-та жұмыссыздық деңгейі 14,7 пайызға жетті

ашық дереккөзі

АҚШ-та жұмыссыздық деңгейі 14,7 пайызға жетті

 АҚШ-та өткен аптада 3 миллионға жуық адам жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алуға өтініш білдірген. Елдің еңбек министрлігі жариялаған мәліметке сүйенсек, соңғы екі айда олардың саны 36 миллионнан асып жығылған. Табысынан айырылғандардың көпшілігі –  қонақ үй бизнесі, сауда және өндіріс салаларының қызметкерлері. Жергілікті экономистердің айтуынша, бір ғана сәуір айында 20 миллионнан аса америкалық екі қолға бір күрек таппай қалған. Елдегі жұмыссыздық деңгейі бүгінде 14,7 пайызға жетіп отыр. Елде 1948 жылдан бері мұндай алаңдатарлық  көрсеткіштер тіркелмеген. Соңғы рет осыған ұқсас жағдай 1982 жылы болған. Алайда ол уақыттың өзінде жұмыссыздық деңгейі 10,8 пайыздан аспаған дейді мамандар. Еске сала кетейік, өткен айда АҚШ президенті иммиграцияны 60 күнге тоқтату туралы қаулыға қол қойған.  Коронавирустың таралуына байланысты жұмысы тоқтап, нәпақасынан  айрылған америкалықтардың қорқынышын сейілту үшін Трамп бос жұмыс орындарына бірінші кезекте жергілікті азаматтарды қабылдауға пәрмен берді. Ақ үй басшысы коронавирустың әлемді жайлауына Қытай айыпты деп есептейді. Сәйкесінше АҚШ-тың дағдарысқа тап болуына да ҚХР-дың кінәсі  бар деген пікірде. Індетті дер кезінде ауыздықтай алмағаны үшін Пекинді жазалау мақсатында Трамп Қытаймен байланысты біржола үзуге дайын екенін мәлімдеді. Айта кетейік, Джонс Хопкинс университетінің соңғы дерегі бойынша, АҚШ-та коронавирус жұқтырғандар саны 1,45 миллионнан асып жығылды. Соңғы тәулікте елде 20,5 мың науқас тіркелді. Індет таралғалы Құрама штаттарда 86,5 мың адам көз жұмды.