Алматыда 700 орындық жаңа инфекциялық госпиталь салынады

Алматыда  жаңа инфекциялық госпиталь салу мәселесі талқылануда. 

Бұл туралы қалалық Қоғамдық кеңестің бейнеконференция форматындағы отырысында қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді.

Басқарма басшысының айтуынша, қалада қазір 2 инфекциялық стационар жұмыс істеп тұр. Алайда екеуінде де инфекциялық бақылау талаптарына сәйкес желдету жүйесі толық жұмыс істемейді.

«Осыған байланысты қазір қала әкімдігі мен қала әкімінің жеке өзінің тарапынан барлық талаптарға сай келетін 700 орындық жаңа госпиталь салу туралы шара қабылданып жатыр. Бұл сауал Мемлекет басшысының Алматыға сапары барысында көтерілді. Аталған сауал кезең-кезеңімен шешімін табатын болады», – деді Т.Әбілдаев.

Сондай-ақ, басқарма басшысы, кеңес кезінде салынған ауруханалардың барлығы дерлік талапқа сай келмейтінін атап өтті.

Еске сала кетейік, 24 сәуірде Алматыда коронавируспен ауырған науқастарды емдеуге арналған мобильді аурухана ашылды.

Бүгінгі таңда Алматыда коронавирус жұқтырғандар саны 1678-ге жетті. Эпидемия басталғалы қалада 9 науқас көз жұмды.

 

Back to top button