Түркістан облысындағы сел: Төлеби ауданына 27 үй құлағалы тұр
Түркістан облысындағы сел: Төлеби ауданына 27 үй құлағалы тұр
Түркістан облысының Төлеби ауданындағы сел жүруіне байланысты жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланып, арнайы штаб құрылды. Бұл туралы апат болған аймаққа барған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді.
Мамандардың айтуынша, таулы аудандағы арық-атыздар мен қыр-сайлардан жиналып аққан жаңбыр суы елді мекендерге жайылған. Салдарынан 6 елді мекендегі 260 тұрғын үйдің ауласына су кіріп, ондағы тұрғындар мектептерде ашылған эвакуациялық орталықтарға көшірілген. Ауданда 27 үйге құлау қаупі төніп тұр.
Апат салдарын көзбен көру үшін арнайы келген аймақ басшысы жағдай реттелетінін айтып, тұрғындарды сабырға шақырды.
«Төлеби ауданында айналасы 40 минуттың ішінде 1 айлық жаңбыр жауған. Бұл соңғы жылдары алғаш рет орын алған табиғи құбылыс. Қауіпсіз аумаққа көшірілгендеріңіз дұрыс болды. Үйлерді полиция қызметкерлері күзетеді. Ол жағын уайымдамаңыздар. Саман үй құласа, өздеріңіз үшін қауіпті. Барлық аудандар осында көмекке келіп жатыр»,- деді Өмірзақ Шөкеев.