__Басты слайдер__Редакция таңдауыРуханият

«Қазақ үшін жүрек майын шам қылған»

Алматыда Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойына арналған мемлекеттік деңгейдегі конференция өтті. Биыл ЮНЕСКО көлемінде мерейтойы тойланып жатқан ұлт қайраткеріне арналған жиынға ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин және алаштанушы ғалымдар қатысты.

Ғылыми-практикалық конфе­рен­ция әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Әлихан Бөкейханов және «Алаш» мұ­расы» атты тақырып аясында өтті. «Әлихан Бөкейхан өзінің саяси серіктестерімен бірлесіп, 1917 жылдың желтоқсанында «Алаш» ұлттық территориялық ав­тономиясын жариялап, өзі төра­ғасы болып сайланды. «Алаш» қоз­ғалысын іргелете жүріп, та­рихи тұлға қазақ халқының жаз­баша тарихын тасқа басуға, оны жұрт­шылыққа танытуға байланысты ір­гелі істермен айналысты. Тәуелсіз қазақ мемлекетін құруды ал­дына мақсат етіп қойды. Осы мақ­сатқа жетудің жолдары мен әдістерін айқындады. Оның халық алдындағы сіңірген ерен еңбегі әрқашан айтылып, насихатталуы қажет», ‒ деді Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова. Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы алдағы уақытта да мемлекеттік деңгейде бірқатар шаралардың өтетіндігін атап өтті. Ал Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек: «Елбасы бағыттаған көшімізге сын келтірмей бой түзей білсек, Әлихан идеясын ақтауға қосқан үлесіміз. Дәл осылай, ЮНЕСКО аясында аталып өтетін бабамыздың мерейтой шаралары аясында да қаламызда кең ауқымдағы жиындар мен өнер шеберлерінің мағыналы кон­церттері, түрлі танымдық кезде­су­лер, жасөспірімдерге арналған арнайы сабақтар өткізіліп, Әлихан шығар­машылығынан сыр шертетін кітаптарға тапсырыс берілмек. Алаш ардақтысының мерейтойы аласапыран тойға емес, керісінше бабамыздың өз өсиетіне сай жас ұрпақты ойға жетелейтін тойға айналуы мақсат», ‒ деді.

1992 жылы орнатлыған
1992 жылы орнатылған

Алматы ‒ қазақ зиялылары көп шоғырланған, ұлттық бастамалар жиі көтерілетін қазақтың рухани астанасы. Сондай-ақ, талай нәубетті, қасіретті бастан өткерген қазақ халқының Тәуелсіздік туын тіккен алғашқы қала. Сондықтанда зиялы қауымның Алматыдан Алаш арыстарына арнап ескерткіш аллеясын ашу, метрополитенге Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлерінің есімін жекелей немесе топтап беру ұсынысы орынды. Бұл туралы, «Түркістан» газеті бұған дейінгі жарық көрген сандарында алаштанушы ғалымдар мен зиялы қауым, айтыскер ақындар тарапынан айтылған ұсыныстарды жазған болатын. Айта кетер тағы бір жайт ‒ Алматыдағы Наурызбай (бұрынғы Дзержинский) көшесінің бойындағы шағын саябаққа 1992 жылы «Осы жерде Ашаршылық құрбандарына ескерткіш қойылады» деп қара тас орнатылған, алайда 24 жыл өткенмен сол күйі тұр. Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарының трагедясы бір. Ашаршылық құрбандарына арналып, 2012 жылы Астана қаласынан «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына тағзым» атты ескерткіш ашылып, Президент баяндама жасаған болатын. Бас қаланың бастамасын неге өзге өңірлер үлгі етпейді?!

Біздің қоғам Алаш арыстарын то­лықтай танып білген жоқ. Әсіресе, қазақ жастары Алаш қайрат­керлерінің еңбегімен толықтай та­ныс емес. Ал бұл олқылықтың орнын толтыратын жалғыз жол, универ­ситеттердегі үгіт-насихат шара­ларын жиілету екені анық. ЮНЕСКО көлемінде мерейтойы аталып жатқан Алаш көсемі Әлихан Бөкей­ханның 150 жылдығына арналған алғашқы мемлекеттік деңгейдегі конференцияны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті басшылғының қолға алуы қуантады. Жиында уни­ве­ристет ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов: «ХХ ғасырдың басындағы қазақ тарихын зерттеген Оксфорд және Сорбонна университетінің профессорлары Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш қозғалысының қайраткерлері күрескен тарихи кезеңге «Мәдени ренессанс дәуірі» деген баға берген. Әлихан Бөкейханов – Сұлтанмахмұт ақынша айтсақ, «Қазақ үшін жүрек майын шам қылған» Ұлт қайраткері», ‒ деді. Алайда қайраткер Әлихан тұлғасын ұрпаққа насихаттауда, көзден кетпейтін, көңілден өшпейтін нақты бір істі университет ұжымының қолға алмағаны таңқалдырды. Аталған университетте 15-тен астам оқу ғимараты, жүздеген аудитория, арнайы спорт кешені, дербес кітапханасы, мұражайы, арнайы жабдықталған конфренция залдары және саябақтар, спорттық алаңдары бар. ҚазҰУ еліміздегі бірегей жоғары оқу орыны са­налады. Қазақтың маңдай алды оқу ордасының басшысы өз баяндамасында Алаш ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың жырымен «Қазақ үшін жүрек майын шам қылған» деп ұлықтаған Ұлт қайраткері Әлихан Бөкейханның есімін әл-Фараби атындағы университеттің бір дәрісханасына берер болса құба-құп болар еді. Универистетте Әлихан бастауында тұрған бірқатар ғылымдардан, абайтану, әдебиеттану ғылымының қара шаңырғы ‒ филология, Әлихан негізін қалап, алғашқы газетін шығарған ‒ журналистика факультеті бар.

13022447_518803271578154_1536420762_n

 

Конференцияда тарих ғылы­мы­ның докторы Мәмбет Қойгелді, профессор Талас Омарбек, М.О.Әуе­зов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижанұлы, ҚР БҒМ Тарих және этнология институтының директоры Хангелді Әбжанов т.б ғалымдар арнайы баяндама жасады. Сондай-ақ, «Алаш» қозғалысы туралы деректі фильм көрсетіліп, Әлихан Бөкейханов шығармашылығы мен «Алаш» қозғалысы туралы кітап көрмесі және Мұхамеджан Сералиннің «Айқап» журналының жалғасы болып саналатын журналдың тұсаукесер рәсімі өтті.

Back to top button