Қандастарды еңбекпен қамтудағы түйткілдер
Қандастарды еңбекпен қамтудағы түйткілдер
Қандастардың экономикалық және әлеуметтік қамсыздандырылуы немесе жұмыспен қамтылу деңгейі, еңбек нарығына қатысуы – көші-қон саласының маңызды мәселелерінің бірі.
БҰҰ-ның даму бағдарламасы және ХКҚҰ (Халықаралық көші-қон ұйымы) Қазақстандағы мигранттардың проблемаларын зерттеу барысында этникалық қазақтардың еңбек нарығына араласу деңгейінің төмен екені айтылған. Көші-қон комитетінің ресми статистикасына сәйкес, қандастардың 61,5 пайызы жұмыспен қамтылған. Бұл – 2005 жылғы көрсеткіш. 2000 жылғы көрсеткіш бойынша жұмыспен қамтылу деңгейі 32 пайыз болса, 2004 жылы 91,6 пайызға өскен. Сондықтан да жұмыспен қамту көрсеткіштері әр жылдары әртүрлі.
Елдегі әртүрлі бағдарламалар, мемлекеттік деңгейдегі қолдауларға қарамастан, жалпы қандастардың жұмыссыздық деңгейі азая қойған жоқ.
Қазақстанның Көші-қон туралы заңына сәйкес, мемлекет қандастарға жұмыс беруде, біліктілігін жоғарылатуда және жаңа мамандықты таңдауда көмек көрсетуге тиісті. Бірақ соның өзінде, қандастарды жұмыспен қамтуға байланысты қолдау көрсету туралы интеграциялық бағдарламалар әлі де жетілмеген.
Кәсіптік оқытулар
Жергілікті жұмыспен қамту орындары ұсынатын жаңа мамандықты игеру курстарын ұйымдастыратын кәсіптік оқыту бағдарламалары бар. Бірақ мұндай курстар көбіне орыс тілінде жүргізілетіндіктен, қандастардың барлығына бірдей тиімді деу қиын. Сонымен қатар оқу бағдарламаларында қажетті мамандықтар да аз. Мысалы, алғашқы жылдарда Алматыдағы жұмыспен қамту орталықтарында бухгалтерлік пен жүргізушінің курсы ғана ұйымдастырылды. Мұндай мамандықтарға жұмыс іздеушілердің ішінде, әсіресе, қандастар арасында сұраныс аз. Қазақстан заңдарына сәйкес, қандастардың жеңілдіктер мен төлемақы алуға құқығы бар. Соның ішінде мүгедектерге, жұмыссыздарға арналған жәрдемақы мен зейнетақылар, атаулы әлеуметтік көмек кіреді. Мұндай жеңілдіктерді алу үшін оралман статусы қажет болғанымен, жинаған деректер бойынша көріп отырғанымыздай, жергілікті органдар тіркеу қағаздарын талап етеді. Сөйтіп, жеңілдіктерді алуға қиындықтар туады. Қандастар еңбек тәжірибесі және бұрынғы елде қандай жұмыс істегеніне қарамастан, төменгі мөлшерде зейнетақы алады. Осыған байланысты, кейбір қандастар, әсіресе Қытай мен Ресейден келгендер Қазақстан азаматтығын алғылары келмей, бұрынғы азаматтығында қалғысы келген де кездер болды. – Бұрын қандастардың зейнетақы алуы үлкен проблема болатын. Ол былтыр шешімін тапты. Мемлекет тарапынан қандастарға қамқорлық аз емес. Байқағаным, шетелдегі ағайын көбінесе жастарды осы жаққа жіберіп, өздері екі жақта тұра бергісі келетін сияқты. Өйткені Қазақстан заңдары оған кедергі келтіріп отырған жоқ. Жалпы алғанда, келген қандастар баспана және жер алуға, жұмыс табуға сенімді болуы қажет. Сол мақсатта 2016 жылы нәтижелі жұмыспен қамту және әлеуметтік жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзір-ленген, – дейді «Отандастар қоры» Бизнес және жобаларды акселерациялау департаменті Қандастарды ақпараттық қолдау орталығының меңгерушісі Болат Зауытұлы. Ал кәсіпкер қандастардың айтуына қарағанда, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында жеке кәсіп ашу үшін шағын несие беру жөнінде де өзінің машақаты бар екені байқалады. Әсіресе, кепілдік қою мәселесінде. Себебі ауылдық жерлердегі жылжымайтын мүліктердің бағасына сай өте аз мөлшерде ғана несие ала алады. Онымен шаруашылықты дөңгелетіп кету қиын. Сонымен қатар оның өсімі де аз болып отырған жоқ. Жасұлан МҰХАНОВ, Қостанай облысы Рудный қалалық Жұмыспен қамту орталығының директоры:Жаңа бағдарлама қажет
– Біз бұл ретте, барынша шындықты жасырмай айтуымыз қажет. Елім-жерім, Отаным деп келген қандастардың көбі өз күшімен жұмыс істеп, жан бағып жатқаны жасырын емес. Мемлекет қандастарды қолынан жетектеп жұмысқа орналастыратын орын да, нақты көрсетілген заңы да жоқ. Баяғыдай еңбек шартымен келетіндер қазір мүлде аз. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отандастар қоры» қолынан келген көмегін аянып отырған жоқ. Жұмыс сұраған қандастар жиі хабарласады. Жергілікті әкімшілікке хабарласып, жағдайды түсіндіреміз. Қазір кейбір әкімдер менің қоңырауымды көтермейтін болды. Ауылдық жерлердегі қандастар мал өсіріп, егін егейін десе, жерлері жоқ. Жергілікті әкімшіліктер бұл мәселеде барынша қолдау білдіруі қажет. Жалпы алғанда, мемлекеттік орындарда, білім, ғылым, денсаулық саласында қандастардың жұмысқа орналасу көрсеткіші төмен. Көбі өздері шетелде үйренген тәжірибелерімен жұмыс істеп, жан бағуда. Жер алып, ауыл шаруашылығымен айналысып жатқан да қандастарымыз көп. Қолөнермен және ұлттық этно бұйымдарды жасауда да қандастардың орны ерекше. Мысалы, Қытайда шағын өнеркәсіп жақсы дамыған. Бізде де осы салаға көптеп көңіл бөлсек, қолынан іс келетін қандастар жетерлік. Бір ғана мысал, электронды киіз үй жасаған Ғалымбек Қызырбекұлының жобасы қандай әдемі еді. Қазақтың ән-күй өнерін бір кішкентай ойыншыққа сыйдырды. Қазақтың күллі мәдениеті бір шаңырақтың астына жиылғандай символикалық мәні зор ойыншық еді. Балаларға арналған ондай ұлттық ойыншықтар қазір жоққа тән. Оған да қолдау көрсете алмадық. Бұл тек бір ғана қандасымыз Ғалымбектің жобасы, елімізде талай «Ғалымбектер» жүр, шіркін. Қандастарымыз Үкіметке алақан жайып, қарап отырмай барынша өз еңбегімен жұмыс істеп келеді. Тіптен, кәсіптері өрге басқан кей азаматтар жұмыс тауып беріп отырғандары да бар. Сондықтан да мұндай елге еңбегімді сіңірем, кәсібімді дамытамын деген іскер қандастарды жеке арнайы бағдарламамен қолдау қажет.