Қандастарды еңбекпен қамтудағы түйткілдер

Қандастарды еңбекпен қамтудағы түйткілдер

Қандастарды еңбекпен қамтудағы түйткілдер
ашық дереккөзі
Қандастардың экономикалық және әлеуметтік қамсыздандырылуы немесе жұмыспен қамтылу деңгейі, еңбек нарығына қатысуы – көші-қон саласының маңызды мәселелерінің бірі. БҰҰ-ның даму бағдарламасы және ХКҚҰ (Халықаралық көші-қон ұйымы) Қазақстандағы мигранттардың проблемаларын зерттеу барысында этникалық қазақтардың еңбек нарығына араласу деңгейінің төмен екені айтылған. Көші-қон комитетінің ресми статистикасына сәйкес,  қандастардың 61,5 пайызы жұмыспен қамтылған. Бұл – 2005 жылғы көрсеткіш. 2000 жылғы көрсеткіш бойынша жұмыспен қамтылу деңгейі 32 пайыз болса, 2004 жылы 91,6 пайызға өскен. Сондықтан да жұмыспен қамту көрсеткіштері әр жылдары әртүрлі.  width= Қан­дастарды өңірлердегі жұмыс-пен қам­ту деңгейінде айырмашы­лықтар бар. Мә­селен, ресми деректерге сүйенсек, Нұр-Сұлтанда қандастардың 91 пайызы жұмыспен қамтылған. Ал Алматы облысында қандастардың 83 пайызында жұмысы бар. Солтүстік Қазақстан облысында – 79 пайыз. Оңтүстік өңірлерде жұ­мыспен қамту деңгейі бұл көрсет­кіш­терден төмен. Оңтүстік аймақтарда қан­дас­тардың 38 пайызы ғана жұмыспен қам­тылыпты. Мұндай төмен көрсеткіш Батыс Қазақстан облысында да байқалады. Ондағы қандастардың 41 пайызында ғана жұмысы бар екен.

Кейбір кедергілер

Қандастардың жұмыссыздық деңгейі­нің жоғары болуының себептері көп. Біріншіден, қандастардың жұмыс табуына әсер ететін құқықтық кедергілер. Көші-қон туралы заң оралман мәртебесін анықтағанымен, заңда осы статусты айқындайтын нақты құқықтары мен міндеттері көрсетілген нормалар жоқ. Сондықтан заңда оралманның статус алғаннан кейінгі құқықтық нәтижелері (еңбек шартына қатысты) бекітілмеген. Бұл нормалар басқа да заңдарда, атап айтқанда еңбек және салықтық заңдарда да көрсетілмеген. Мысалы, Қазақстанның еңбек туралы заңдарында жұмысшылар екі түрлі топқа бөлінеді (резиденттер жә­не резиденттер емес). Резидент емес деп са­налатын қандастарға арнаулы құқық­тық режим бекітілмейді. Сондықтан да жұмыс беруші қандастарды жұмысқа алса, онда оған арнайы лицензия алуы қажет, бұл оңай емес. Тағы да осыған ұқсас құ­қық­тық кедергілерге азаматтықты растау жатады. Ресми түрде Қазақстанда жұмыс істеу үшін қандастар азаматтық алу керек не­месе уақытша тұруға рұқсат қажет (Қа­зақстан азаматтығын ресми түрде және жұмыс істеу құқығын алу үшін). Бірақ аза­маттық алу үшін қандастар тұратын жеріне тіркелуі қажет. Сондықтан тұрақты мекенжайы жоқ қандастар үйіне тіркеуге тұрғызатын адамдарды іздеуге мәжбүр болады. Тұрақты тіркеуге тұрудың да машақаты мол. Бұл жерде қаржылық проблема да қабаттасады. Екіншіден, экономикалық ин­тег­рацияға кедергі болып отырған жайт тіл проблемасы. Орыс тілінде сөйлей ал­майтын немесе осы тілді нашар мең­гер­ген қандастар жұмыс іздеуде, әсіресе сол­түстік аймақтарда елеулі кедергілерге тап бо­ла­ды. Қазақ тілі жақсы дамыған оңтүс­тік аймақтарда тілге байланысты проблема жоқ, дегенмен ондай қиындықтар аздап кездеседі. Мысалы, Қытайдан, Ауған­станнан және Пәкістаннан келген қан­дастар төте жазумен (негізінде араб алфавиті кірген) жазады, ал Түркияда латын гра­фикасы қолданылады. Осы елдерден көшіп келген қандастар кириллица қар­пімен оқып, жазуға дағдыланбаған. Сон­дықтан бұл да қандастардың жұмыс табуына едәуір қиындық туғызады. Үшіншіден, шетелден алып келген дип­ломдардың стандарты да жұ­мысқа орналасуға кедергі келтіреді. Жо­ғары білімді дипломы елімізде мойындалмаса, жұмысқа қабылдамайды. Кейбір жағ­дайларда қандастар өз мамандығы бойынша (инженерлер, технологтар, дәрігерлер, экономистер) жұмысқа орналаса алмайды екен. Зерттеулердің нәтижесі бойынша, қан­дастардың 20 пайызы Қазақ­стан­ға көшіп келгенге дейін мемлекеттік қыз­метте жұмыс істеген (басқару, білім беру, денсаулық сақтау, ғылым және т.б.). Ал олардың елге келгеннен кейін 7,2 пайы­зы ғана сондай құрылымдарда жұ­мысқа орналасқан. Сондықтан да қан­дастардың арасында жеке қол өнерімен айналысатындардың саны 5 пайызға өскен. Ұсақ сауда-саттықпен айналысатын қандастар саны екі есе өскен (көшкенге дейін 1,9 пайыз, көшкеннен соң 4,9 пайыз). Ал көшіп келгенге дейін ауыл шаруа­шылығымен айналысқан қандастар са­ны 4 пайыздан 1 пайызға төмендеген.  width= Елдегі әртүрлі бағдарламалар, мемлекеттік деңгейдегі қолдауларға қарамастан, жалпы қандастардың жұмыссыздық дең­гейі азая қойған жоқ. Қазақстанның Көші-қон туралы заңы­­на сәйкес, мемлекет қандас­тарға жұмыс беруде, біліктілігін жоғары­латуда және жаңа мамандықты таңдауда көмек көрсетуге тиісті. Бірақ соның өзін­де, қандастарды жұмыспен қамтуға байла­нысты қолдау көрсету туралы интег­рация­лық бағдарламалар әлі де жетілмеген.

Кәсіптік оқытулар

Жергілікті жұмыспен қамту орындары ұсынатын жаңа маман­дық­ты игеру курстарын ұйымдастыратын кә­сіптік оқыту бағдарламалары бар. Бірақ мұн­дай курстар көбіне орыс тілінде жүргізілетіндіктен, қандастардың барлы­ғына бірдей тиімді деу қиын. Сонымен қатар оқу бағдарла­маларында қажетті ма­­мандықтар да аз. Мы­салы, алғашқы жыл­­дарда Алматыдағы жұмыспен қамту орталықтарында бухгалтерлік пен жүр­гізушінің курсы ғана ұйым­дастырылды. Мұндай мамандықтарға жұ­мыс іздеу­шілердің ішінде, әсіресе, қандастар арасында сұраныс аз. Қазақстан заңдарына сәйкес, қан­дас­­тар­дың жеңілдіктер мен төле­мақы алуға құқығы бар. Соның ішінде мүгедектерге, жұмыссыздарға арналған жәр­демақы мен зейнетақылар, атаулы әлеу­меттік көмек кіреді. Мұндай жеңіл­дік­терді алу үшін орал­­ман статусы қажет бол­ғанымен, жи­на­ған деректер бойынша кө­ріп отыр­ға­нымыздай, жергілікті органдар тіркеу қағаздарын талап етеді. Сөйтіп, жеңілдік­тер­ді алуға қиындықтар туады. Қандастар еңбек тәжірибесі және бұрынғы елде қан­дай жұмыс істегеніне қарамастан, төменгі мөлшерде зейнетақы алады. Осыған байланысты, кейбір қандастар, әсіресе Қытай мен Ресейден келгендер Қазақстан азамат­тығын алғылары келмей, бұрынғы азамат­тығында қалғысы келген де кездер болды. – Бұрын қандастардың зейнетақы алуы үлкен проблема болатын. Ол был­тыр шешімін тапты. Мемлекет тарапынан қан­дастарға қамқорлық аз емес. Байқа­ға­ным, шетелдегі ағайын көбінесе жастарды осы жаққа жіберіп, өздері екі жақта тұра бергісі келетін сияқты. Өйткені Қазақстан заң­дары оған кедергі келтіріп отырған жоқ. Жалпы алғанда, келген қандастар бас­пана және жер алуға, жұмыс табуға се­­німді болуы қажет. Сол мақсатта 2016 жылы нәтижелі жұмыспен қамту және әлеуметтік жаппай кәсіпкерлікті да­мытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы әзір-ленген, – дейді «Отандастар қоры» Бизнес және жо­баларды акселерациялау департаменті Қандастарды ақпараттық қолдау орталы­ғы­ның меңгерушісі Болат Зауытұлы. Ал кәсіпкер қандастардың айтуына қа­­ра­ғанда, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында жеке кәсіп ашу үшін шағын несие беру жөнінде де өзінің машақаты бар екені байқалады. Әсіресе, кепілдік қою мәселесінде. Себебі ауылдық жерлердегі жылжымайтын мүліктердің ба­ғасына сай өте аз мөлшерде ғана несие ала алады. Онымен шаруашылықты дөң­гелетіп кету қиын. Сонымен қатар оның өсімі де аз болып отырған жоқ. Жасұлан МҰХАНОВ, Қостанай облысы Рудный қалалық Жұмыспен қамту орталығының директоры:  width=

90 пайызы қызметке орналасады

– Рудный қаласы әкімдігінің Халықты жұ­мыспен қамту орталығы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламаларын жү­зеге асырады. Оның ішінде нәтижелі жұ­мыспен қамтуды және жаппай кәсіп­кер­лікті дамытудың 2017-2021 жылдарға ар­налған бағдарламалары бар. Ол жобалар сұранысқа ие кәсіби дағдылар мен бі­лік­тілік алудың тиімді жүйесін құруға, жап­пай кәсіпкерлікті дамытуға, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауды қоса ал­ғанда, еңбек делдалдығының тиімді моделін құруға бағытталған. Жұмыспен қамтудың жол картасы Пре­зиденттің тапсырмасын орындау мақ­сатында 2020-2021 жылдары Жұмыспен қамту жол картасының инфрақұрылым­дық жобаларын іске асыру жұмыстары бас­талды. Қандастарымыз да ел азаматтарымен бір­дей бұл жобаларға қатыса алады. Соны­мен бірге кәсіптік оқытулар бар. Қазір ка­­ран­­тин жағдайына байланысты тоқтап тұр. Қостанай облысы бойынша қан­дас­тар­дың көп шоғырланған жері Рудный қа­ласы болғандықтан, біздің Халықты жұ­мыспен қамту орталығына жұмыс іздеп келуішілер көп. Біз қандастарға бос вакансияларды ұсынамыз және олардың 90 пайызы қызметке орналасады. Кейбір қандастардың орыс тілін білмеуіне байланысты жұмысқа орналаса ал­мауы мүмкін, алайда құжатқа байланыс­ты көп кедергі жоқ. Сонымен қатар қыз­мет­ке орналаса алмай қалған қандастарға ха­барласып, барынша қолдау білдіріп ке­леміз. Қарлығаш ҚОЖАМҰРАТОВА, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Нұр-Сұлтан және Ақмола облыстық бөлімінің жетекшісі:  width=

Жаңа бағдарлама қажет

– Біз бұл ретте, барынша шындықты жа­сырмай айтуымыз қажет. Елім-жерім, Отаным деп келген қандастардың көбі өз кү­шімен жұмыс істеп, жан бағып жатқаны жа­сырын емес. Мемлекет қандастарды қо­л­ынан жетектеп жұмысқа орналастыра­тын орын да, нақты көрсетілген заңы да жоқ. Баяғыдай еңбек шартымен келетіндер қазір мүлде аз. Дүниежүзі қазақтарының қауым­дас­тығы мен «Отандастар қоры» қолынан келген көмегін аянып отырған жоқ. Жұмыс сұраған қандастар жиі хабарласады. Жергілікті әкімшілікке хабарласып, жағдайды түсіндіреміз. Қазір кейбір әкімдер менің қоңырауымды көтермейтін болды. Ауылдық жерлердегі қандастар мал өсіріп, егін егейін десе, жерлері жоқ. Жергілікті әкімшіліктер бұл мәселеде барынша қолдау білдіруі қажет. Жалпы алғанда, мемлекеттік орындарда, білім, ғылым, денсаулық саласында қандастардың жұмысқа орналасу көрсеткіші төмен. Көбі өздері шетелде үйренген тәжірибелерімен жұмыс істеп, жан бағуда. Жер алып, ауыл шаруашы­лы­ғы­мен айналысып жатқан да қандас­тары­мыз көп. Қолөнермен және ұлттық этно бұйымдарды жасауда да қандастардың орны ерекше. Мысалы, Қытайда шағын өнер­кәсіп жақсы дамыған. Бізде де осы салаға көптеп көңіл бөлсек, қолынан іс келетін қандастар жетерлік. Бір ғана мысал, электронды киіз үй жасаған Ғалымбек Қызырбекұлының жобасы қандай әдемі еді. Қазақтың ән-күй өнерін бір кішкентай ойыншыққа сыйдырды. Қазақтың күллі мәдениеті бір шаңырақтың астына жиыл­ғандай символикалық мәні зор ойыншық еді. Балаларға арналған ондай ұлттық ойын­шықтар қазір жоққа тән. Оған да қол­дау көрсете алмадық. Бұл тек бір ғана қан­дасымыз Ғалымбектің жобасы, еліміз­де талай «Ғалымбектер» жүр, шіркін. Қандастарымыз Үкіметке алақан жайып, қарап отырмай барынша өз еңбе­гімен жұмыс істеп келеді. Тіптен, кәсіптері өрге басқан кей азаматтар жұмыс тауып беріп отырғандары да бар. Сондықтан да мұндай елге еңбегімді сіңірем, кәсібімді дамытамын деген іскер қандастарды жеке арнайы бағдарламамен қолдау қажет.