Қанға сіңген қайырымдылық еді...

Қанға сіңген қайырымдылық еді...

Қанға сіңген қайырымдылық еді...
ашық дереккөзі
Мақтаарал ауданында жарияланған төтенше жағдай ұлтымыздың ұйыса түсуіне ықпал еткендей. Коронавирус індеті республика бойынша кеңінен тарап жатқан тұста бір жағынан су келіп, үй-жайы, мал-мүлкі суға кеткен оңтүстік  халқы абдырап қалды. Тосыннан келген апаттан адам шығыны болмағанына тәуба дейміз. Алайда бұл су тасқыны оңтүстік жұртының бар тапқан-таянғанын алып кеткені анық. Су астында қалған тұрғын үйлер, мал-жайлар мен бау-бақшалар, егістік аймақтардың қалпына келуіне әлі біраз уақыт керек. Осындай қысылтаяң шақта ресейлік этникалық өзбек кәсіпкері Әлішер Усманов су тасқынынан зардап шеккен Мақтаарал ауданының халқы үшін 5 млн 202 мың АҚШ долларын аударғанын естідік. Кәсіпкерден келген қаражат эвакуацияланған 5 202 отбасының жеке шотына түседі екен. Өзбек кәсіпкерінің жомарттығына тәнті болып, таңдай қағып отырғанда кәсіпкер, меценат Болат Өтемұратовтың Мақтаарал ауданына 150 үй салу үшін 6 млн АҚШ долларын аударатыны жайлы ақпарат тарады. Одан бұрын коронавирус індетіне байланысты елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде Болат Өтемұратовтың қоры адам ағзасында COVID-19 вирусының бар-жоғын анықтайтын тест сатып алуға және жедел сараптама жасайтын мобильді пункттерді ұйымдастыруға  200 млн теңге бөлген болатын. Мұнымен қоса қазақ­стандықтарға қолдау ретінде республика-лық көмек қорына 1 миллион доллар қос­қан еді. Елімізде мұқтаж жандарға қол ұшын со­зып, жақсылық жасап, пәтер сыйлап, үй салып беріп жүрген кәсіпкерлер аз емес. Алакөлдің атымтайы атанған Бауыржан Оспановты танымайтын жан жоқ шығар. Туған ауылына мешіт салып, Мәдениет үйін күр­делі жөндеуден өткізіп, Спорт кешенін аш­ты, жастарға тұрғын үй салып берді. Жы­ландының ауыл аты бар демесеңіз, қаладан еш кемі жоқ деседі көргендер. Ауыл халқын жұмыспен қамтамасыз етіп отырған меценат тіпті ауылдастарының ішімдіктен бас тартуына ықпал етіп, оның орнына те­гін қымыз тарататынын естідік. Бауыржан Оспановтың бокстан екі дүркін әлем чем­пионы Назым Қызайбайға үй салып бергені, ма­тематик Асқар Жұмаділдаевқа көлік мін­гізгені ел ішінде әлі күнге аңыз боп ай­ты­лады. Міне, бүгінгі заманда халқына, елі­не, туып-өскен жеріне көрсетілетін ма­хаб­бат пен қамқорлықтың үлгісі осындай болса керек. Қызылорда облысы Сырдария ауданын­дағы Нағи Ілиясов ауылын көрген жұрт құм ішіндегі оазис секілді деп жатады. Ауылды түлеткен осы ауылдан түлеп ұшқан Абзал Ералиев есімді кәсіпкер азамат. Ауылын адам танымастай өзгертіп, жолын жөндеп, көшелерін самаладай жарқыратып, сквер с­алып, субұрқақ орнатып, әлеуметтік ны­сандарды күрделі жөндеуден өткізген. Азаматқа ауылдастары «Азамат болсаң осындай бол» деп дән риза. Туған ауылының тұғырын биіктеткен Абзал Жұмашұлы бүгінде 400-ге жуық адамды жұмыспен қам­тамасыз етіп, Сырдың күрішін Ресей, Әзербайжан, Украина, Түркіменстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия, Қырғыз Республикасы, Ауғанстан мемлекеттерінің нарығына экспорттап отыр. Дүниесін игілікке жұмсаған, елдің құ­тына айналған, бір ауылды асыраған байлар та­рихта да аз болмаған. «Бұрынғының бай­лары мұқтаждарға қалай көмектесті?» деген сауалға жауап іздеп көрген едік. Талас ОМАРБЕК, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

Халықты асыраған хандар емес, қазақтың байлары

 width= – Қазақ қоғамын қоғам еткен, аяғынан тік тұрғызған қазақтың жеке меншік малы. Қазақ байлары жарлы-жақыбайларды асы­рап келген. Қазақ хандығы кезінде дәстүрлі шаруашылық басымдық алып, жартылай көшпелі тұрмыс дамыған кезде қазақ бай­лары малдың күшімен халықты асыраған. Бүкіл қазақты асыраған хандар емес, қа­зақтың байлары. Байлар тұтас қазақ ауылын асыраған. Қазақ хандарының кейбірінің малының саны қазақтың көптеген байларынан әлдеқайда аз болған. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ байлары­ның халыққа қалай қарайласқаны туралы ар­найы жазған мақаласы бар. Мысалы, қа­зақтың байлары көшіп-қонған кезде жар­лы-жақыбайға ыңғайлы болсын, көштен қалмай ілессін, мал қарауға көмегі тисін деп астына мінуге ат берген. Оны қазақ көлік-май (ат-май) деп атаған. Байлар жарлыларға көлік-майды ақысыз береді. Өйткені жарлы сол байдың атын мініп мал бағып, шаруасын тындырып қана қоймайды. Ол сонымен бірге астындағы мініп жүрген жылқыны байдың бергенін әрқашанда есінде ұстайды. Яғни, байға реті келген кезде қарайласып, көмектесу қажет екенін түсінеді. Сонымен қатар қазақтың байлары қоң­сы отырған жарлыға, сырттан келген кір­меге сауып  ішуге бие немесе сиыр берген. Бы­лайша айтқанда, қазақ даласында жалға алу жүйесі қатты дамыған. Бірақ бай ешуа­қытта «сауынды қайтар», «астыңда мініп жүр­ген атымды қайтар» деп қысым жаса­маған. Өйткені жарлы-жақыбайлар – қазақ ауы­лының бір құрамдас бөлігі. Бұрынғының байлары байлықты мал­мен жинаса, бүгінгінің байлары байлықты банк­те жинаған ақшасымен, сатып алған зәулім сарайымен  есептейді. Қазіргі кезде бауырыңның жағдайы қалай болып жатыр, кедей-кепшіктің хәлі нешік, қандасыңның халы қалай деп бас ауыртатын байлар азайды. Мұның себебі байлыққа құнығуда жатыр деп ойлаймын. Індет кезіндегі төтенше жағдай бәрімізге бір нәрсені дәлелдеді. Байлық ешуақытта адамзатты құтқара алмайды. Дамыған елдер қатарына кіреміз деп алдымызға мақсат қойдық, бірақ сол дамыған елдердің дағ­дарыс кезіндегі қазіргі жағдайы қандай болып жатыр? Меніңше материалдық, эко­номикалық жағдай, байлық бірінші орында болу керек, ал рухани, идеологиялық, мә­дени өмір содан кейінгі жерде өзінен-өзі қа­лыптасады деген көзқарас ақталған жоқ. Тосыннан келген апат жағдайында хал­қына көмек қолын созып, жәрдем етіп жат­қан бірен-саран меценаттар болса, олар­дың бұрын қандай адам болғанына және саяси көзқарасына назар аудармай қызу қолдап, жарнамалап, көтермелеу керек. Ол не үшін керек? Ол ақшасын тығып отырған, өзінің туғанына, қандасына жаны ашымай­тын басқа байларға түрткі болу, ой салу үшін керек.  Сұлтан Хан АҚҚҰЛЫ, Л.Гумилев  атындағы ЕҰУ  «Алаш»  ғылыми-зерттеу институтының директоры:

Қайырымдылық –  қазақтың төл мәдениеті

 width= – Көрші Ресей империясының отаршыл билігіне душар болған ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін қазақ қоғамында кедей деген ұғым болған емес. Қазақ қоғамында үй­реншікті, сырт көзге ғажап болып кө­рін­ген ол құ­­былысқа XVIII-XIX ғасыр­ларда А.Левшин, В.Ни­кольский, Н.Коншин сы­н­ды орыс зерттеушілері өз ең­бек­те­рін­де ерекше на­зар ау­­дар­­ған. ХІХ ғасыр­дың соңы ХХ ға­сыр­­дың ба­сын­да Алаш қайраткерлері ұлт мә­дениетінің осындай игі, қасиетті эле­мент­терін қайта тірілтуге ұмтылды. Мы­салға ХХ ғасыр ба­сын­дағы ұлт көсемі, «Алаш» ұлт-азаттық қоз­ғалысының, партиясының және авто­номиясының жетекшісі Әлихан Бө­кейхан жас күнінде, 1889 жылы «Дала уалая­тының газетінде» жазған «Бұрынғыдан қалған жақсы мұра» атты мақаласында былай деп жаз­ды: «Қазақ халқының бір жақсы мұрасы «жылу». Бір нәрседен зиян тауып қал­ған­дарға беретін осы жақсы әдеттің қашан шық­қаны белгісіз. Осы күнде өзгеріп кетті, қазақ халқының не әдеті өзгермеді?!» Міне, осы «жылуды» қаз қалпында қайта тірілтпек мақсатымен Әлиханның өзі 1898 жы­лы Қарқаралы оязындағы бірнеше болыс жұтқа ұшырап, талай қазақ отбасы аштыққа ұры­нады. Әлихан сол кезде Омбыда педагог, журналист болып жұмыс істеп, қазақ об­лыс­тарын зерттеген Ф. Щербинаның ғы­лы­ми экспедициясына араласып жүрген кезі еді. Әлихан жәрмеңкеден өз қаражатына 40 бұзаулы сиыр сатып алып, ашыққан бірне­ше болыс қазақтарына үлестіріп береді. Ту­ған інісі Смахан төренің 1996 жылы «Жұл­­дыз» журналына басылып шыққан есте­­лігіне қарағанда, бұзаулы сиыр алған­дардың кейбірі сол көмектің арқасында байып та кетіпті. Ұлы дала елінде «Алаш» ұлт-азаттық қоз­­ғалысы бой көтерген 1905-1907 жыл­дар­дан 1917 жылғы патшалық билікті құлатқан Ақпан төңкерісіне дейін «Алаш» қайрат­кер­лерінің бастамасымен «Жылу» қайта тіріліп, қазақ облыстарында қазіргі терминмен айт­қанда, қайырымдылық, меценаттық, де­­­­­меушілік іс-шаралары кеңінен көрініс тапты. Атақты Маман бай мен оның ұлдары Тұрысбек, Есенғұл жақы және Сейітбаттал, немерелері Құдайберген, Тәңірберген ұста­ған Жетісу өңірінде қазақ ұл-қыздарын оқыт­қан, кәсіпке үйреткен мектебі, Ақ­молада Баймұхамед (Байкоп) Қосшығұлұлы мен екі ұлы Құрманғали мен Нұрмағамбет тұрғызған қазақ мектебі мен мешіті және т.б. оқу ме­кемелері «Жылудың» қайта жаң­ғыруына жар­қын дәлел бола алады. Қазіргі елордадағы Абай мен Әзірбайжан Мәмбетов көшелерінің бұрышында тұрған бұрынғы «Қазком­мерц­банк» ғимараты – сол Байқоп пен оның екі ұлы салған қазақ мектебінің шаңырағы. Кеңес дәуірінде Байқоптың бай мұра­сынан  аман қалған жалғыз тарихи жәдігер. ІІ Мемлекеттік дума күштеп таратылған 1907 жылы 3 маусым күні Ресей патшасы ІІ Николай сайлау ережеcінің жаңа редак­ция­сына қол қойып, 6 миллионға тақаған қа­лың қазақты сайлау құқы мен Дума мін­берінен, яғни өзінің жерін, құқын заң жо­лымен қорғау мүмкіндігінен айырды. Сөй­тіп, 1917 жылға дейін Думада қазақтың өз өкілі болмайды. Сол кезде егер қазақ өкілі Думада (яғни Ресей парламенті) болмаса да, Дума құрамындағы мұсылман фракция­сы­ның бюросында қазақ болсын, ағайынды Ора­зайұлдары фракция бюросында екі қазақ өкілін ұстауға жылына 8 мың пат­ша рублі қажет деп есептеп (ол кезде 5-6 рубльге жылқы сатып алуға болатын. Әли­ханның өзін Санкт-Петербор Орман инсти­тутында оқытуға жыл сайын 200 рубль ақша бөлінетін. – С.А.), бірінші өкіл Әлихан болсын деп, өз қалталарынан 2 мың рубль бөлетінін «Қазақ» газеті арқылы қоғамға жария етеді. Бұл үндеуге басқа да қалталылар үн қосып, ақырында Әлихан Бөкейханның ұсынуымен мұсылман фракциясы бюро­сына қазақтың екінші өкілі болып Мұстафа Шоқай белгіленеді. Олардың бар шығынын Үкімет емес, қазақтың байлары көтерді. «Қазақ» газетіне дербес баспахана ашу ке­рек болғанда Шығыс Түркістанда тұра­тын қазақтар 600 сом ақша жинап Орын­борға жібереді. Сол «Қазақ» газеті ақырында дербес баспахана сатып алды. Сөйтіп «Қа­зақ» тек газет редакциясы ғана емес, бүкіл қа­­­зақтың ұлттық-ағартушылық орталы­ғына айналды. Газет редакциясының өзінің же­ке автокөлігі, баспаханасы, орыс­ша, татарша, арабша барлық әліпбилердің шрифттері болған. Санкт-Петерборда 1907 жылы бір-ақ са­ны шы­ғып үлгерген «Серке» газеті, 1911 жылы бірнеше саны жарық көрген «Қа­зақ­стан» газеті, 5 жыл шығып тұрып (1911-1915), жабылып қал­ған қазақтың тұң­ғыш «Айқап» журнал­дары қаржы тапшылығынан жа­был­ғанын көпшілік біле бер­мейді. 1914 жылдың күзінде Орын­борда отаршыл әкімшілік нақақ айыппен «Қазақ» газетіне 3 мың рубль айыппұл төлеттірмек болады. Сон­шама айыппұл тө­ленсе, газеттің жа­былатынын білген А.Бай­тұрсынұлы ден­сау­лығының әлсіздігіне қарамастан түрмеге отырмақ болады. 1906 жылы М.Дулатұлы абақтыға жа­был­ғанда, Семей азаматы Қаражан Үкібай­ұлы 2 500 рубль кепілдікке босатып алса, Мір­­жақыпты екінші рет жапқанда, Хасен Ақайұлы 5 мың рубль кепілдік беріп, шыға­рып алды. Әлихан 1908 жылы «Выборг» үндеуіне қол қойғаны үшін сотталып, Семей түрмесінде отырғанында, Шыңғыстау оязы­ның белгілі байы Медеу Оразбайұлы: «Әл­и­хан қазаққа керек адам» деп түрме маңайы­на 10 бие байлап, күнде Алаш көсеміне бір саба қымыз бен жаңа сойылған бағлан қой­дың етін пісіріп жеткізіп тұрды. Самар­дан Әлихан жетіп келіп, бүкіл елден оқыр­ман жұртшылық ақша жинап, айыппұлды өтеп, Ахаңды шығарып алды. Ал 1913 жыл­дың ақпанынан патшалық билікті құла­тып, «Алаш» партиясы мен Алаш Ұлт­тық Жерлі Автономиялық Республи­касын құрып, оның үкіметі Алаш Орда іске кіріскен 1918 жылға дейін үзбей шығып, 6 млн қазақтың мұң-мүддесін шағып, қас-көзі, үні болған тұң­ғыш ұлттық басылымның ғұмыры неге ұзақ болды? Оның бар сыры – тұңғыш басылымды «Алаш» қайраткерлері іскерлігі өз алдына, ең бастысы – қазақтың сол кез­дегі қалталы, іскер, кәсіпкер байлары мен ақ­сүйектері және бүкіл зиялы қауымы (оқы­тушы, мұғалім, қызметкерлер, тілмаш­тар), бұқара халқы да тиын-тебенін бөлісті. І дүниежүзілік соғыс тылына қара жұмысқа алу туралы 1916 жылғы 25 маусым жарлығы бойынша Батыс майданға алынған бірнеше жүз мың қазақ жігіттеріне қамқор болып жүр­ген Ә.Бөкейхан бастаған Алаш зиялы­лары мен жастары майданда жүрген қазақ жұмысшыларының бала-шаға, отбасылары­на деп өз ортасынан ақша жинап, «Қазақ» редак­циясы арқылы елге аударды: «Басқар­мадан өтінеміз: халыққа еркіншілік, бостан­дық алып беру жолында алысып, абақтыға түс­кен, айдалған, қазір босатылған сарбаз­дардың һәм жұмысшылардың үйде қалған жарлы бала-шағаларының пайдасына ақша жинауды. Өзіміз азат етілген азаматтар пай­дасына 10 сом һәм жұмысшылардың бала-шағаларының пайдасына 100 сом жібердік. Жұрт жұрттығын қылмай қалмас деген дәмеміз зор». Бүкіл елді, бүкіл әлемді коронавирус дерті алқымнан алған сәтте, бізге қайырым­дылық, меценаттық, демеушілік шаралары­ның ауадай қажет екенін айқын көрсетті. Меніңше, билік қалталы, ұлттық бизнес өкілдерін, ірі компанияларды қайырым­дылық­қа, меценаттыққа, демеушілікке ынта­ландыратын, оларға салық жеңілдігін қарастыратын арнайы заң қабылдайтын уақыт әлдеқашан келді.