Мен көрген Гейдар ӘЛИЕВ (эссе)

Мен көрген Гейдар ӘЛИЕВ (эссе)

Мен көрген Гейдар ӘЛИЕВ  (эссе)
ашық дереккөзі
Қайран дүние-ай! Содан бері табаны күректей ширек ғасырдан асып бара жатқанын қарашы. О кезде Қазақстан Жазушылар одағының жанында жұмысы дүрілдеп тұрған көркем әдебиетті насихаттау бюросы қаржыландырып отыратын командировка, жолсапарлары дегендер жиі болатын. Сондай жолсапарлардың айрықша есте қалғандарының бірі жаймашуақ тамыз айында болды. – Мәке, жолығып кетсеңіз қайтеді? – деді Одақ хатшыларының бірі Қалаубек Тұрсынқұлов телефон соғып. – Құп болады, – деп келе қалдым. Шалғай сапарға Олжас Сүлейменов пен Қалтай Мұхамеджановты арнайы шақырған екен. Бірі Мәскеуде, екіншісі денсаулығына байланысты алыс сапарға жүре алмайтынын айтыпты. Секретариат шешімімен «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы Оралхан Бөкеев екеумізге жүктелген аманат Әзірбайжан еліне сапар шегу. Ертеңіне таң азанда Бакуге ұшып баруға тиіспіз. Ұйымдастыру ісімен шұғылданатын хатшының сөзі осы. – Мәселенің басын ашып айтшы, Қалаубек – деуім сол екен, жұлып алғандай: – Мирза Фәтәли Ахундовты білесіз бе? – деді. – Білгенде қандай, Әзірбайжанның сатиригі, әрі драматургы емес пе! – Әлбетте, – деп күлімсіреді Қалаубек. – Сол көрнекті жазушы-дра­матургтың туғанына 170 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтетін көрінеді. Барлық республикалардан өкіл ретінде қаламгерлер қатыспақ. ...Оралхан екеуміз «Ту-134» лай­нерімен ұшып келеміз. Үш орындық креслоға жайғасқан едік. Оралхан оң жақ шеттегі орынға жайғасты. Мен ортадағы орындамын. Сол жағымдағы лайнер иллюминаторына жапсарлас жерде қасы-көзі қиылған бір әдемі келіншек отыр. Қазаққа да, орысқа да ұқсамайды. Кавказ өңірінде туған келіншек болар шамасы деген жорамалым дұрыс боп шықты. – Ұлтым әзірбайжан, – деп жүге­рі­дей тізілген аппақ тістерін жарқ еткізіп сөзге араласып кетті. – Бакудегі доғанларыма бараятырмын, – деп қойды жылыұшырай сөйлеп. «Доғанларым» дегені «туғанда­рым» екенін ішім сезе қойды. – Қайда тұрасыз? – «Лучвостокада». – Е, Алматының қақ қасында екен ғой. – Солай! – деді, қызылшырайлы өңіне қыр мұрыны әбден жарасқан келбетті келіншек күлімсіреп. ... Ақтау аэропортына аялдап, ас­пан­ға көтерілген лайнердің біркелкі мазасыз үні құлақты бітегендей күйде келе жатқанбыз, әлгінде ғана ері ауған бестідей оң мен солға ауытқи қозғалған ұшақ жерден алыстап, биіктей берді. Түтілген ақ меринос жүніндей бұлт атаулы астымызда қалды. – Хозар теңізіне таяп қалдық, әне шеті көрінді, – деді келіншек көңілді кейіпте. – Қазақша судай екенсіз есіміңіз кім? – деп сауал қойдым. – «Луч востокта» қазақтар көп, әлдеқашан туыс боп кеттік қой. Атым – Гүлшатай, күйеуім Қасен деген қандастарыңыз, – деді ол. – Бәрекелді! Қасен ініміз әзірбайжандықтарға күйеу бала екен ғой? – Солай. – Ол неге сапарға сізбен бірге шықпады? – Шаруашылық бригадирі, қолы тие бермейді... Әне-міне дегенше Бакуға да таянып қалдық. – Ұшақ төмендей бастады. Енді жиырма минөттен соң лайнер Әзір­бай­жан республикасының астанасы Баку қаласына келіп қонады. Белбеушелеріңізді берік тағынып оты­ры­ңыздар, – деген стюардессаның саң­қылдаған дауысы естілді селектор­дан. ... Тарихи қалалардың бірі саналатын Баку аэропортына да жеттік. Жүгімізді алып, аэропорттан қалаға қарай аяқ баса бергенде: – Қазақстаннан келген жазушылар, сіздерді пәленінші нөмірлі жеңіл мәшине күтіп тұр! – деген дауыс құлағымызға шалынды. ...Аумақты алаңдағы 26-Баку ко­миссарлары кесенесіне қарсы орна­лас­қан көпқабатты «Әзірбайжан» мей­манханасына келдік. Оралхан екеуміз бір бөлмеге жатсақ деп ұйғарған едік. Жоқ, олай болмады. Үшінші қабаттағы жеке-жеке екі люксті әрқайсысымызға дайындап қойыпты. – Мейлі, – деді Оралхан, – көрші екенбіз, жиі хабарласып тұрармыз... Оралхан көп сөйлеуді ұнатпайды. Томаға-тұйық. Орайы келгенде сөзге араласады да қояды. Ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермейтін қайсыбір желөкпелердей емес. Біртоға мінезді жігіт. Бірер сағаттан соң астыңғы қабат­та­ғы кілем залы (ковровый зал) аталатын мейрамханаға шақырды. Басы Мәскеу, өзгесі басқа республикалардан арнайы шақырылған меймандар кең жайылған дастарқан басында табысып, шүйіркелесе кеттік. Менің көзіме бірден шалынғаны – ұзын бойлы, алпамса денелі, «Огонек» журналының Бас редакторы әрі КСРО Жазушылар одағының хатшысы, Социалистік Еңбек Ері Анатолий Сафронов. Қасында ұлты әзірбайжан, Мирза Фәтәли Ахундов жайлы ғылыми зерттеу еңбектерін жазып, том-том етіп жариялап жүрген Мәскеудегі шығыстану институтының профессоры, әдебиеттанушы Гусейнов мырза, өзгелері Стамбұлдағы түрік бауырластар елінен, Армения, Грузия, Өзбекстан, Иран, Тәжікстан, Қырғызстан елдерінен келген қонақтар. ...Түстен кейін қала орталы­ғын­дағы алаңдардың біріне орнатылған Мирза Фәтәли Ахундовтың кесе­несіне жер-жерден келген өкілдер гүлшоқтарын қойып, еске түсіру рәсімі өтті. Мерейтой басталар алдында әуелгі келісімімізден айнып, Оралхан бауырым желкесін бір сипап алды да: – Мәке, жас жағынан үлкен ақса­қал­сыз, мәтін мінеки,  жүрегім ежелгі сырқаты бойынша сыздаңқырап тұрғаны, Қазақстан Жазушылар одағы атынан сіз сөйлесеңіз қайтеді? – деп қолқа салғаны бар емес пе! – Оралхан бауырым-ау, сен лауазымы жоғары әрі Одақ хатшыларының бірісің ғой.., – дей беріп едім, ол жұлып алғандай: – Жоға, Мәке, сіздің жолыңыз мүлде бөлек, Фәтәли іспетті сатириктің тойында біз тарапынан да сықақшының сөйлегені дұрыс болады, – деп сәл жымиды Оралхан. Сөз тапқанға қолқа жоқ. Өңі боп-боз. Сырқат сызаты байқалып-ақ тұр. Аяп кеттім. Қалтасынан жүрек дәрісін алды да, арасан суынан бір ұрттап қойды. – Қорықпа, бауырым, айтқаның-ақ болсын, көре жатармыз! – дедім. ... Мерейтойға арналған салтанат сәті басталып кетті. Әзірбайжан ком­мунистік партиясының бірінші хатшысы, КСРО жоғарғы кеңесінің депутаты Гейдар Әлиев қысқаша сөз сөйледі. Сонан кейін ЮНЕСКО-дан келген өкіл ағылшынша төпеді. Әредік Мирза Фәтәли есімі қайталанып жатыр. Келесі сөз сөйлеушілер кезегі Мәскеу жазушылар тобын басқарып келген Анатолий Сафроновқа берілді. Ол қатырма папканың ішіндегі Одақтық жазушылар одағы басқармасы атынан жазылған құттықтауды оқыды.Төралқада онымен жапсарлас Оралхан, оған іргелес мен отырғанмын. (Біздің аты-жөніміз алдын ала қатырма қағаздарға үлкен әріптермен жазылып қойылыпты. Оралхан ескертіп қой­ғанға ұқсайды. Гейдар Әлиев тағы орны­нан тұрып: – Келесі сөз Қазақстан Жазушылар одағының өкілі, сатирик-жазушы Мыңбай Рәшке беріледі! – деді. Манағы Оралхан қолыма ұстатқан мәтін жайына қалды. Тәуекелге сыйы­нып, өзімше гәпіре жөнелдім. Сөз басын мұсылман қауымының «бісімілләсінан» бастап: – Ассалаумағалейкүм, доғанлар! Хозар теңізі арқылы екі арамызды табиғат өзі жалғастырып жатқан қалың елім, қандас Әзірбайжаным, армысыздар! Діні мен тілі бір туғандарым! Тойларың құтты болсын! Жауһар жырлы Низами елі, орта ғасырдың сақа сатиригі атанған Мирза Фәтәли Ахундов елінің мерейі арта берсін! – дегенім есімде. Жиналған жұрт «доғанлар» сөзін айтуым мұң екен, қызу қол шапалақтап жіберді. Онан сайын арқаланып кеттім. Әлгі сөзді және қайталадым. – Доғанлар! Күн сәулетті Қазақстан, Абай мен Шоқан, Жамбыл мен Мұхтар, Сәкен мен Сәбит, Дінмұхаммед Қонаев елінен ыстық сәлем! Әрі қарай тәңірім аузыма салған жырымды есе жөнелдім:   Әзірбайжан! Қазақстан! – өз елім. Туысқандық түп тамырын сеземін. Мәңгі бақи жаттауменен келемін Жыр жауһары Низамидың гөзелін. О, Тәңірім, қосып қойған теңіз де, Туыс елдер талмасын деп өзегі!   Ерекше тебірене толқыған күйі өз орныма барып жайғасқанша жұрт қол шапалақтаумен болды. Анатолий Сафронов мені қапсыра құшақтап, бетімнен сүйіп, аса бір ризашылықпен: «Мыңбай, ты меня превзошел!» – деп әзілдеді. Оралхан інімнің екі езуі құлағына жеткендей қуанып: – Ой, Мәке, айттым ғой, тартын­ба­ңыз деп. Өйдә, қатырдыңыз! – деді. Сол сәтте оның мана бір кездегі бозғыл тартқан өңіне қан жүгіріп, әрлене түсіп, шаттық шұғыласына шомылғандай еді. ... Салтанатты кеш концертке ұлас­ты. Грузин әншілері мен бишілері сахнаны дүрілдетіп жіберді. Бәрін айт та, бірін айт, Әзірбайжан бишісі Каландарова ханымның өнерін айтсайшы! Салалы саусағынан бастап, бақайына дейін, бөксесі мен өкшесіне, кеудесі мен мойнына дейін, жарқ-жұрқ еткен жанарына дейін жайнап кеткен. Ол жалғыз Әзірбайжан емес, бүкіл шығыс түркі елдерін, Мысыр шаһарын өз өнерімен тәнті еткен талант көрінеді. ...Концерт тәмамдалысымен қонақ­тарға арналып ас берілді. Бойы сырықтай ұзын, келбеті келіскен Гейдар Әлиев маған жақын келіп, мейірлене арқамнан қағып қойып: – Мыңбай, сен әзірбайжанша да сөйлеп кеттің-ау, – деп әзілдеді. Сөйтті де, айналасындағы қонақтарға қарап қойып: – Кәне, туыстас елдердің талант­тары үшін тост көтерейік, – деп фу­жер толы шарабын түбіне дейін төңкерді. Сөзін әрі қарай жалғас­тырып: – Сен еліңе барғанда Фәтәлиді есіңнен шығармай, оған арнап дастан жазатын бол, кейін әзірбайжан тіліне де аударылады, – деп қойды. Бұл оның әншейін ғана айта салған әзілі емес, нағыз ойдағысы екенін бірден сездім. Гейдар Әлиевич, бұйырса жаза жатармыз, – дедім.   * * * Жол Қарабахқа қарай ойысты. Қонақтар пойызға отырып, Мирза Фәтәлидің туған шаһары – Шәки қаласына бой түзеп келеміз. Шәки (бұрынғы «Нұхи») бағзы заманда сауда орталығына айналған әйгілі тоқыма, жібегімен шалғайға таныс шағын шаһар екен. Ол күні бүгінге дейін дау-дамай басылмай келе жатқан таулы Қарабахтың жасыл торғынды баурайы­на орналасыпты. Бау-бақты, көркіне көзің тоймайды... Міне, мынау екі бөлмелі шымнан салынған аласа там үйде Мирза Фәтәли дүниеге келіпті. Оның үйіне таяу жердегі көшеге орналасқан орысша-татар оқытатын көне медресе тұр. Сонда сауатын ашып, молдадан дәріс алған. Шәки қаласы орналасқан тау баурайлары мен шексіз созылған жазық даласы толған бау-бақ. Шабдалы, алма, алмұрт, анар, өзге де толып жатқан жемістер өседі екен. Бір ғажабы, бұл жерде өскен жаңғақтар жас баланың жұдырығындай үлкен, ағаштар көшелердің ұзына бойларында қаптап тұр. Мирза Фәтәли бейнесі өрнектеліп тоқылған кілемше, шығармаларының төрт томдығын алып, елімізге оралдық. «Мирза Фәтәли Ахундов хақында дастан жаз!»... Гейдар Әлиевтің осы сөзі асыл аманаттай көкейімнен кетпей қойды. Осыдан ширек ғасырға жуық болған Фәтәли тойындағы сұхбаттасқан сәттерім кинолентадай тізбектеліп өтіп жатыр. Айтпақшы, Ахундов тойы бас­талар алдында Әзірбайжан Орталық комитетінде арнайы қабылдау болған-ды. Қабылдауға әртараптан келген қонақтармен бірге Әзірбайжанның атақты ақын-жазушылары қатысып отырды. Жаңылмасам, кеуделеріне алтын жұлдыз таққандарының өзі үшеу еді. Сол сәтте біздегі өнер саласындағы жалғыз Серке Қожамқұловты айтпағанда Қазақстан қаламгерлерінен Еңбек Ері атанған жалғыз Ғабит Мүсірепов ойыма оралды. Тәжікстанның Тұрсын Заде мен Түркіменстаннан Берді Кербабаев, Башқұртстаннан Мұстай Кәрім, өзге елдерде де жұлдызы жанғандар жеткілікті-тұғын. Ал біздің Қазақстанда осы атаққа лайықты қаламгерлер санатында Сәбит Мұқанов бастаған біраз саңлақтар тобы болса да, бірде-біріне кезінде батыр атағы бұйырмай-ақ қойды. Ғабеңнің өзіне республика тойына байланысты берілген болатын. Ғабеңнің жан досы Ғабиден Мұстафин: «Әу, Ғабит, бұл жұлдыз саған Сәбит бақиға озған соң лажсыз бұйырып отыр ғой», – деп әзілдегені де есімізде. ...Иә, кері қарай шегініс жасайық. Гейдар Әлиев ақыл-парасаты мол, бі­лім­дар, жан-жақты азамат екен. Ираннан келген өкілмен парсы тілінде, түрік ағайындармен түрік тілінде сұхбаттасқанын байқап қалдым. – Тіл ерекшеліктері деген қызық қой, кейде оңтүстікте тұратын ирандықтар солтүстікте тұратын­дардың айтқандарын түсіне бермей­тінін талай аңғардым, – деп қойды бір сәт Гейдар Әлиев.   * * * 80-жылдардың орта тұсында «Жазушы» баспасынан жеке кітап болып басылып шыққан жинағымның ішінде «Сабухи» атты дастаным да жарық көрді. «Гейдар Әлиевтің аманатын орындаған секілдімін» деп ойладым ішімнен. Бас-аяғы 1400 жол дастан Мирза Фәтәли Ахундовтың өміріне арналып жазылған. Оның балалық, жастық шағы, шығармашылығы, орта ғасырдағы оспадар, озбыр ойлы төрелердің тұрпайы мінездері мен қым-қуыт алаяқтарды әшкерелеуге бағытталған драмалық шығармалары, «Шығыс дастаны», Пушкин өліміне арналып жазылған Лермонтовтың әйгілі «Ақын ажалы» өлеңін әзір­байжан тіліне тәржімалаған алғаш­қы қаламгер екендігі хақында тегіс қамтып жазған дастанымды оқыр­мандар жылы қабылдады. ...Бір күні сәті түсіп Мәскеуге сапарға шықпақ болдым. Ол кезде «Қазақстан» баспасының Бас редакторы едім. – Мәке, Бас редакторлардың мамандығын жетілдіруге арналған бір айлық курсқа барасыз, орталық комитетпен келісілді, – деп сөзін қысқа қайырды сол кездегі баспа директоры Ерік Сыздықов. ... Мәскеуде Кудрин көшесі, 9-үйде жоғарғы партия мектебінің жатақханасына жайғастық. Күн сайын небір білгір академиктердің дәрісін тыңдаймыз. Қолымыз сағат 2-ден кейін ғана босайды. Бір күні дәрістен соң асыға-ап­ты­ға шағын бөлмеме келсем телефон безілдеп жатыр екен. – Маған Мыңбай Рәш керек! – деді телефоннан. – Тыңдап тұрмын. – Мен Гейдар Әлиевтің көмекшісі Жапаровпын. Ертең Кремльдің Покровский қақпасына келіп, рұқсат қағазыңызды алуды ұмытпаңыз. Гейдар Әлиев сізді сағат үштен кейін қабылдайды. Жүрегім алып-ұшып, дүрс-дүрс соғып, қуанып кеттім. «Сабухи» дастаны жарық көрген кітабымды сақадай-сай дайындап қойдым. Дәрістің соңғысын тастап, қабылдауға асықтым. Айтылған қақпаға жеткенде сағат үшке таяп қалған еді. – Қабылдауға ертерек келу қажет! – деп ескертті рұқсат қағаз беруші әйел мұздай көкпеңбек көзін төңкере тастап. Кремль алаңындағы үш қабатты көне кеңсенің бірінші қабатында да тексерді. Төлқұжатыма бір, маған бір қарап қояды. Гейдар Әлиев ол кезде жоғарғы лауазымдағы қайраткер, Сая­си Бюро құрамында әрі министрлер кеңесі төрағасының орынбасары: – Кәне, кіріңіз. Сізді күтіп отыр, – деді Жапаров сәлден кейін. Жүрегім дүрсілдеген бойы қып-қызыл кілем төселген атшаптырым кабинетке бас сұға бере, «Ассалаумағалейкүм!» деуім сол екен: – О-о, Мыңбай, Ағалейкүмас­са­лам! – деп бейнебір туысындай құшақтай қарсы алды. Қысқаша хал-жағдайымды, Мәскеуге арнайы курсқа келгенімді баян еттім. Бір сәт ол үлкен қоңырқай ойлы көзімен сағатына қарап қойды. – Кәне, келген шаруаңды айт! – деді. – Шаруа сол, сіз тапсырған аманат­ты орындадым, – деп Мирза Фәтә­лиге арналған дастан басылған кітабымды ұсындым. – Бәрекелді! Өте жақсы болған екен. Қалай тез жазып үлгергенсің, – деп қошаметтеп қойды да: – Мыңбай Ахметкәрімұлы, Михаил Сергеевичте жиын бар еді, сенімен ұзағырақ сөйлесе алмағанымды кешірерсің, – деп қолсағатына және қарағыштады. Сөйтті де: – Қалай, жатақханадағы жағдайың дұрыс па, ешқандай көмек керек емес пе? Ұялмай айт! – деді. – Жо-ға, Гейдар Әлиевич! Бәрі жақсы, сізге үлкен рахмет, – дедім. – Саған рахмет, дастаныңызды әзірбайжанша тәржімалатамыз, – деп қолымды мейірлене қысты. – Көріскенше күн жақсы болсын! – деп қоштастым. ...Арада тағы бірнеше жыл өтті. Гейдар Әлиев қайтадан Әзірбайжан респуб­ликасы Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы болған кез. О баста Мәскеуге Леонид Ильич Брежнев арнайы шақыртып алып, Саяси Бюро мүшелігіне дейін көтерілген Гейдар Әлиевті Горбачев көп ұзамай бес бөлмелі үйінен, қызметінен айырған. Еліміздің аса көрнекті басшысы Димаш Ахметұлы Қонаевқа деген қыжылының ақыры неге әкеп соққанын барша жұрт жақсы біледі. ... Сол бір аумалы-төкпелі жылдар Гейдар Әлиевтің денсаулығына сызат түсірмей қойған жоқ. Қатарынан екі рет Кремль ауруханасына түсіп шықты. ... Соңғы рет Гейдар Әлиевке Алматыдағы Республика сарайында өткен еліміздің мүшел тойы салтанатына арналған кеште жолығып, сәлем бердім. Сол баяғысындай қарапайым қалпы. Тек сәл жұқалау тартып, қартайған іспетті. Аумалы-төкпелі кезеңнен хабар бергендей әжімі де тереңдей түсіпті. Кейінірек шет елде шипагерлер емдеген соң да біраз уақыт қуатты қалпында жүрген еді. Көп ұзамай ол бақиға озды. Ел тізгінін саясаткер ұлы Илхамның қолына біржола тапсырып кетті. Гейдар Әлиевтің көрікті тұлғасы мен мол парасаттылығы күні бүгінге дейін көз алдыма елестейді.  

Мыңбай РӘШ, жазушы