Бюджеттің бүйірін ортайтқан індет үнемдеуге де үйретсе...
Бюджеттің бүйірін ортайтқан індет үнемдеуге де үйретсе...
Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік «ТАСС» агенттігіне берген сұхбатында Қазақстанда коронавирус инфекциясымен және пандемия салдарынан туындаған экономикалық қиындықтармен күрес шараларына бөлінген қаржының нақты сомасын жария етті. Президенттің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстарға шамамен 6 трлн теңге жұмсалған. Сұхбаттан соң көпшіліктің көкейінде мұнша қаржы қайда жұмсалды деген сауал туындады. Туындауы заңдылық. Қазына қаржысы туралы сөз болған жерде осы елдің әрбір азаматының сұрақ қоюға, жауап алуға хақысы бар.
Жеңістің 75 жылдығына орай «Әлем басшылары Ұлы жеңіс жайында» атты жоба ұйымдастырған Ресейдің «ТАСС» агенттігі өткен аптада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан сұхбат алды. Сұхбат барысында соғыс пен жеңіске қатысты сұрақтардан бөлек, бүгінгі күннің аса өзекті мәселелерінің бірі – коронавируспен күрес жағдайы да талқыланды. Агенттік тілшісі Қазақстан пандемияға қарсы қалай күресіп жатқанын және халықты қауіпті вирустан қорғау үшін билік қандай шараларды қолданғанын сұрады.
Мемлекет басшысы кесірлі кеселді ауыздықтау бағытында елімізде ерекше жұмыстар қолға алынғанын айтты.
«Жалпы, біз қабылдаған шараларға мемлекет бес жарым, тіпті шамамен 6 триллион теңге шығындады – бұл 13 миллиард доллар немесе жалпы ішкі өнімнің 8 пайыздан астам көлемі. Яғни, тағы қайталап айтамын, бұл бұрын-соңды болмаған, шұғыл әрекет етуді қажет еткен шаралар. Бұл шараларды мақсатты түрде қолға алдық, әрине ертең сын-ескертпелер болуы мүмкін. Мәселен, ақшаны желге шашты дегендей. Бірақ мен, ең алдымен, бұл жағдайда біздің азаматтарымыздың өмірі мен әл-ауқаты үшін аянбай күресуіміз керек деп санаймын. Себебі халықсыз экономика болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
6 трлн теңге: Қашан, қайда жұмсалды?
Президенттің айтқаны айдай келді. Сұхбаттан соң әлеуметтік желілерде «Мемлекет қыруар қаржыны желге ұшырды», «соншама ақша қайда жұмсалды?», «бәзбіреулер қалтасына басқан шығар» деген сарындағы сын көбейді. Үкімет бұл мәселе жөнінде мәлімдеме жасауға асықпаған соң көптің көкейіндегі сауалдарға әуелі Президенттің штаттан тыс кеңесшісі, экономист Олжас Құдайбергенов жауап берді. «Әрине, жұмсаған екен, демек ұрлаған деп ойлайды бәзбіреулер. Бұл соманы жіліктеп, шағып түсіндірер алдында, ең алдымен Президенттің бұл ретте айтқанына тоқтала кетейін: «Жалпы, біз қабылдаған шаралар мемлекетке 5,5 тіпті шамамен 6 трлн теңгеге түсті, бұл – 13 млрд доллар немесе жалпы ішкі өнімнің 8 пайыздан астамы». Мұнда «мемлекетке түскен салмақ» деген сөз мемлекеттік бюджеттік жоспарлау тұрғысында қолданылып тұр. Демек, бұл қаражат нақты шараларға бөлінді. Әрине, соған сәйкес әр шараның өз мерзімі бар, ең ұзақ дегенде ол жыл соңына дейін жалғасады», – деп түсіндірді Президент кеңесшісі. Олжас Құдайбергенов осы ретте әлгі сома қандай шараларға жұмсалғанын атап, түстеп берді. Ендеше, соларды жіпке тізіп көрелік: 1.«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша 1 триллион теңге жоспарланған, оның 700 млрд теңгесін әкімдіктер бағалы қағаздар шығару арқылы, ал қалған 300 млрд теңгесін республикалық бюджеттен алады. Негізінен құрылыс және инфрақұрылымды жаңарту саласы бойынша 7 мың жобаны жүзеге асыру көзделген. Олар сәуірден бастап желтоқсанға дейін игерілетін болады, бірақ негізгі төлемдер қыркүйек-желтоқсан айларында жүзеге асырылмақ. 2. Тағы 1 триллион теңге шағын және орта бизнесті 6 пайыздық жеңілдікпен несиелеуге бөлінген. Саясаттаушының айтуынша, әзірге бұл бағытта шамамен 300-350 миллиард теңге игерілген. Ұлттық банктің бұл 1 трлн теңгесінен бөлек бизнеске тағы 75 млрд теңге бюджеттен бөлініпті. Ол да жоғарыда атап өткен несие көлемін 6 пайызға төмендету үшін несие мөлшерлемесін қайта субсидиялауға жұмсалады екен. 3. «Бәйтерек» холдингі арқылы тұрғын үй құрылысына 390 млрд теңге қарастырылған. Бұл сома маусым-желтоқсан айлары аралығында бөлінбек. Бұдан бөлек, субсидия 60 млрд теңгеге дейін арттырылған және форвардты (тауар түріндегі) сатып алуға 23 млрд теңге бөлінген. «Сондай-ақ «ҚазАгро» АҚ арқылы несиелеуге деп 70 млрд теңге берді, бірақ бұл өткен жылы мақұлданған есеп, ал 2-тармақтан бөлек ауылға 100 млрд теңге бөлінді. Ақшаны бөлу процесі біршама кідіріп жатыр, бірақ оның жартысы жазда, тағы бір бөлігі күзде бөлінуі керек», – дейді Олжас Құдайбергенов. 4. Төтенше жағдайға байланысты жұмыссыз қалғандарға екі айда 42 500 теңгеден 386 млрд теңгенің төлемі жасалмақ. Жәрдемақыны алушылардың жалпы саны шамамен 4,5 млн адамды құрайды. Бұл соманың тең жартысы төленді, ал қалған жартысы осы күндері төленуде. 5. Шағын және орта бизнесті жалақы қоры бойынша төлейтін салықтарын нөлге теңестіру бюджетке 237 млрд теңгеге түскен. Бұл – сәуір-қыркүйек айларындағы шығын екен. 6. Медицина саласына арналған қосымша шығындар (дәрігерлердің сыйақысы, тамақ және тұрмыстық жиынтықтары, байланыс қызметтері, медициналық қызметтерге ақысы, медициналық модельдік кешендер салу және т.б.) 125 млрд теңгені құраған. 7. Зейнетақыларды, жәрдемақыларды, шәкіртақыларды ұлғайтуға 244 млрд теңге жұмсалмақ. Бұл қосымша шығындар сәуір-желтоқсан аралығында бөлінеді. 8. Сонымен қатар бірқатар мемлекеттік бағдарламаларды («Еңбек», «Ауыл бесігі») қаржыландыру көлемі 105 млрд теңгеге артқан. Бұл қаржы да сәуір-желтоқсан аралығында бөлінуі тиіс. 9.Төтенше жағдайлар кезінде (мысалы, су тасқыны) кейбір шығындарды шұғыл жабу үшін Үкімет резервтен тағы 150 млрд теңге бөлген. 10. Сондай-ақ бюджет кірістерінің шығынын өтеу үшін Ұлттық қордан қосымша 1,7 трлн теңге бөлініпті. Мұның бәрінен бөлек, қорғаныс, қауіпсіздік салалары, теңгенің құнсыздануына байланысты шетел валютасын қаржыландыруға бюджеттен кеткен қосымша шығыстар бар – шамамен тағы 200-300 млрд теңге жұмсалған. «Енді осының бәрін қосайық: 1 трлн + 1 трлн + 75 млрд + 390 млрд. + 60 млрд + 23 млрд + 386 млрд + 237 млрд + 125 млрд + 244 млрд + 105 млрд + 150 млрд + 1,7 трлн = шамамен 5,5 трлн теңге, ал басқа да азды-көпті шығындарды қосқанда шамамен ол 5,7-5,8 трлн теңге болып қалады», – деп О.Құдайбергенов қазынадан жұмсалған қаржының жайын бүге-шігесіне дейін түсіндіріп берді. Айтпақшы, сол күні сәл кешірек Қаржы министрлігі де 6 трлн теңгенің есебін жариялады. Цифрларда аз-маз өзгешелік болғанымен, тұтастай алғанда екі есептің айырмашылығы көп емес. Қызу талқыға түскен 6 трлн теңгенің айналасында шу басыла қоймаған соң дүйсенбі күні Үкімет үйінде өткен брифингте Премьер-Министрдің бірінші орынбасары-Қаржы министрі Әлихан Смайылов осы мәселеге арнайы тоқталды. «Интернетте кейбір блогерлер Қазақстанның коронавируспен күреске 13 млрд доллар жұмсағанын жазып, біршама аз қаражат бөлінген көрші елдердің кейбірімен салыстыруда. Бұл мүлдем қате ақпарат екенін айтқым келеді. Коронавируспен күреске немесе індетке қарсы шараларға республикалық бюджеттен шамамен 150 млрд теңге, долларға шаққанда 350 млн доллар бөлінді», – деді бірінші вице-премьер. Әлихан Смайылов аталған сома дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруға бағытталған 5,9 трлн теңгенің ішіне кіретінін нақтылады. «Бұл – жұмыспен қамту, әлеуметтік төлемдер, бизнесті қолдау, кәсіпкерлерді жеңілдікпен кредиттеу, тұрғын үй құрылысы және басқалары. Бұл қаражат жыл бойына жоспарланған. Мәселен, бизнесті жеңілдікпен кредиттеуге 1 трлн теңге жұмсалады. Бұл қайтарылатын қаражат, бизнеске төменгі мөлшерлемемен кредит түрінде беріледі», – деп түсіндірді министр.Тоқтатылған той, жұмсалмаған қаржы
Елімізде төтенше жағдай режимінің енгізілуіне байланысты мәдени іс-шаралар, бұқаралық жиындарды өткізу тоқтатылғаны белгілі. Қазақтың ұлық мерекесі – әз-Наурыз, Жеңістің 75 жылдығы секілді маңызды мерекелер тойланған жоқ. Сондай-ақ биыл Абайдың 175 жылдығы, Әл-Фарабидің 1150 жылдығы кең көлемде атап өтілуі тиіс-тін. Алайда пандемияға байланысты жоспарланған шаралардың көпшілігі өткен жоқ, кейбірі онлайн форматта өткізілді. Спорттық жарыстардың да жайы белгілі. Осы орайда, өтпей қалған шаралар, жиын-тойларға бөлінген қаржы қайда деген сұрақ туындайды. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, төтенше жағдайға байланысты тоқтатылған шараларға бөлінген қаражат қазынаға қайтарылған. «Карантин шараларына байланысты үнемделген қаражат туралы айтар болсақ, бұған дейін айтқанымдай, жоспарланған мәдени және спорттық іс-шаралар болмай қалғанын білесіздер. Тіпті, бүкіл әлем бойынша ірі спорттық дода саналатын жазғы Олимпиада ойындары, Паралимпиада ойындары да кейінге шегерілді. Әлем чемпионаттары да жоспарлы мерзімінде өтпей қалды. Қазіргі таңда біздің спортшылар үйде жаттығуда. Карантин режимі енгізілуіне байланысты спорттық шараларға бөлінген қаржы үнемделді. Қазір спортшыларымыз үйде дайындалып жатыр. Мәдени іс-шаралар да онлайн режимге ауысты. Бөлінген қаржы оңтайландырылып, республикалық бюджетке қайтарылды», – дейді министр. Ведомство басшысының сөзіне сүйенсек, карантин режимі енгізілген уақыттан бастап елімізде онлайн форматта 15 мың іс-шара өткізілген.«Ақшаны орынсыз жұмсауды тоқтатыңдар!»
Онлайнның озық тұстарын, әсіресе уақыт пен қаржы үнемдеуде таптырмас құрал екенін қашықтан жұмыс істеуге көшкендердің көбі мойындады. Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та пандемияға байланысты енгізілген жұмыс істеудің жаңа форматы өз тиімділігін көрсеткенін айтты. «Қашықтан жұмыс істеу форматы маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдау кезінде заманауи технологияларды қолдануға сұраныс барын көрсетті. Қалыптасып қалған жаңашылдық ретінде Үкіметтің, министрліктер мен әкімдіктердің отырысы мен кеңесін барынша қашықтан жүргізу форматында өткізуді ұсынамын», – деді Президент. Мемлекет басшысы жұмыс процесін барынша оңтайландырып, керексіз процедураларды алып тастау қажетін баса айтты. «Қажетсіз шараларды, келісімдер мен жиналыстарды, уақыт пен ақшаны орынсыз жұмсауды тоқтату керек. Шешімді жылдам қабылдап, ең бастысы, оны орындау қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент ахуалдың өзгеруіне жауап бере алатын жаңартылған, тиімді әрі ықшам мемлекеттік аппарат керек екенін айтты. Сондай-ақ мемлекеттің даму институттарын реформалау жалғасатынын жеткізді. «Менің халыққа жолдаған Жолдауымды жүзеге асыру аясында олардың құрылымдарын реформалау, міндеттері мен мақсаттарын айқындау жұмысы жалғасады. Функциялардың кейбірінің қосарлануы, жекешелендірудің кейбір сұрақтары, отандық кәсіпкерлердің квазимемлекеттік сектордағы сатып алуға қолжетімділігі секілді мәселелерді соңына дейін шешу керек», – деді. Қасым-Жомарт Тоқаев электронды үкімет тұжырымдамасын қайта талдап, кеңес, анықтама алу, өтінім беру операцияларының бәрін толығымен онлайн режимге көшіру, ал egov тілін халыққа қарапайым әрі түсінікті болатындай етуді тапсырды. «Бизнес пен мемлекет арасындағы қарым-қатынас толығымен цифрлық форматқа, яғни қарым-қатынассыз жүйеге көшеді. Осы орайда экономика мен қоғамды цифрландыру процестерінің бәріне жаңа серпін берудің маңызы зор», – деп түйді Президент. Түсіне білгенге Мемлекет басшысы өтпей қалған шара, тоқтатылған жиын-тойлардан үнемделген қаржыны қай салаға жұмылдыру керегін нұсқап көрсетті. Цифрландырудың қыр-сырын әлі игере алмай жүргенімізге қашықтан білім беру кезінде көз жетті. Әуелде оқушыларды онлайн оқытамыз деп жар салған Білім және ғылым министрлігі сабақ басталар сәтте бұл бастамасынан бас тартып, интернеттің мүмкіндігін ескермегендерін мойындады. Заманауи ақпараттық жүйеге артылуы тиіс жүк теледидарға, радиоға артылды. Министр тіпті шалғай елді мекен оқушыларын пошта қызметін пайдалануға шақырды. «Цифрлық Қазақстанның» 3 жылдағы «жетістігі» осындай. Пандемия ел дамуына көп кедергі келтірді. Десе де, пайдалы мен парықсыздың, бағалы мен құнсыздың аражігін айырып бергенін, осы күнге дейін көз жұмып келген қателіктерімізді әшкерелегенін мойындаған жөн. Бүкіл әлем мойындап отыр. Басымдықты анықтап, уақыт пен ақшаны бекер ысырап ететін қажетсіз дүниенің бәрін ысырып тастайтын уақыт келді. Түйгеніміз аз емес. Енді соны іске жұмылдыра білсек болғаны. Оразалы СӘБДЕН, экономика ғылымдарының докторы, профессор:Үнемделген қаржы жастардың болашағына жұмсалуы қажет