Карантин – қауіп сейілгенше
Карантин – қауіп сейілгенше
Жаһанды қыспаққа алған кесірлі кеселдің екпіні әлі басылмай тұр. Сондықтан елімізде төтенше жағдай режимі аяқталғанымен, карантин сақталмақ. Бұл – ел тұрғындарының қауіпсіздігі үшін қабылданған мәжбүрлі шешім. Дүйсенбі күні Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысын өткізген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев карантиндік шектеулер өңірлердегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты біртіндеп алынатынын мәлімдеді. Сондай-ақ Президент елдегі экономикалық өсімді қалпына келтіруге бағытталған кешенді шараларды таныстырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимінің аяқталуына байланысты мемлекеттік комиссияның жұмысы өз мәресіне жеткенін, енді ел алдында тұрған жаңа міндеттерді шешуге жұмылу қажеттігін айтты.
– Індеттің шарықтау шегінен өттік. Мемкомиссия ауқымды жұмыс атқарды. Халық денсаулығын қорғау, ел табысын арттыру, бизнесті қолдау үшін 500-ге жуық шешім қабылданып, жүзеге асырылды. Енді бұл комиссия Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия болып қайта құрылады. Бүкіл еліміздегі төтенше жағдай режимі аяқталды, – деді Мемлекет басшысы.
Десе де, кей өңірлерде індеттің таралуы әлі де ушығып тұрғанына алаңдаушылық білдірген Президент пандемия қаупі сейілмегенін ескертті. Шектеу шаралары жеңілдетілгенімен, сақтық шараларын қатаң ұстану жалпыға ортақ талап екенін атап өтті.
Осы орайда Үкіметке жаңа санитарлық ережелерді дайындап, енгізуге тапсырма берілді. Шағын, орта, ірі компаниялар жаңа ережелерге сәйкес жұмыс істеуге міндеттеледі. Мемлекет басшысының пікірінше, әлеуметтік арақашықтықты сақтау, көпшілік жиналған жерде бетперде тағып жүру қалыпты жағдайға айналуы тиіс.
Мемлекеттік қызметкерлердің 50 пайызы әрі қарай қашықтықтан жұмыс істей бермек. Ал жеке компания басшылары қанша қызметкердің жұмысқа шығатынын өзі анықтауы тиіс.
– Жұрттың көбі әлі де үйде отыра тұрғаны дұрыс болар еді. Бұл – ең алдымен адамдардың қауіпсіздігіне байланысты мәселе. Жұмыс орнында әлеуметтік арақашықтық және қатаң санитарлық режим сақталуы қажет. Індеттің екінші кезеңі басталып кетуі мүмкін. Өзіміздің аман-саулығымызға ең бірінші өзіміз жауапты болуымыз керек. Індет қайта өршіген жағдайда Үкімет нақты шұғыл іс-қимыл жоспарын дайындайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қиындыққа тап болған ел азаматтарына жан-жақты қолдау көрсетілуде. 4,5 миллионнан астам адамға 42 500 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілген. 1 миллионнан астам азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлестіру жалғасуда. 2 миллионға жуық азаматтың несие төлеу мерзімі кейінге шегерілді. Қолжетімді несие беру, көктемгі егіс науқанын жүргізу, жұмыс орындарын ашу және сақтау үшін айтарлықтай қаражат бөлінді. 700 мыңнан астам компания мен кәсіпкердің салық жүктемесі азайтылды: олар 1 триллион теңгедей қаржы үнемдеуге мүмкіндік алды.
Президенттің атап өтуінше, коронавирус пандемиясы әлемдік рецессияның басталуына себеп болды. Тіпті, ұзаққа созылатын экономикалық дағдарысқа да алып келуі әбден мүмкін
– Жер-жерде протекционизмнің күшеюі белең алуда. Экономиканың тұтас салалары тоқырауға ұшырап жатыр. 400 миллионнан астам кәсіпорын банкрот болудың алдында тұр. Әлемдегі еңбекке жарамды халықтың жартысына жуығының табысы азайды. Сарапшылар жаһан экономикасы соңғы жүз жыл ішінде болмаған деңгейге түсетінін болжап отыр. Осындай жағдайға қарамастан, еліміз бірқатар басымдыққа ие болып отырғанын айтқым келеді. Бізде қаржы резерві жеткілікті және мемлекет қарызының көлемі мүмкіндігімізге орайлас. Ең бастысы, біз жаңа ахуал жағдайында жұмыспен қамтамасыз ету және экономикалық тиімділікті арттыру үшін ресурстарды қайда жұмсау керегін білеміз. Ең бастысы, барша азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау. Азаматтардың табысын арттыру. Бизнесті қолдау және оны дамыту. Білім және ғылым жүйесін жетілдіру, – деді Мемлекет басшысы.
Президент жақын арада шешілуі тиіс ең өзекті мәселелерге тоқталды.
Біріншіден, қазақстандық экономиканың өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттыруға күш жұмсалмақ. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл үшін қолданыстағы қуатты шикізат базасын пайдалана отырып, өнеркәсіптің жаңа түрлерін өркендеткеніміз жөн. Қазақстандық экономиканың болашақ құрылымына жаңаша көзқараспен қарап, оның басты секторлары-ның – өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы және сервис салаларының әрқайсысының рөлі анықталатын болады. Атап айтқанда, энергетикалық сектор ірі реформаны бастан кешпек. Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ саласының дағдарыстан кейінгі тағдыры өзгеше болатынын, алдағы жылдары әлемде оның орнын «жасыл энергетика» басатынын ескертті.
Екіншіден, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру тың серпінмен жалғаспақ. Бұл мақсатта қазынадан 1 триллион теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр. Президент осы күрделі кезеңде қаржыландырылып жатқан жобалар арқылы, ең алдымен жаңа жұмыс орындарын ашу міндеті тұрғанын баса айтты.
– Тұрақты экономикалық табыс әкелетін немесе адами капиталды дамытатын бастамалар қолға алынуы қажет. Осыған орай, мектеп, аурухана және басқа да нысандар салынып, жаңғырту жұмыстары жүргізілуі тиіс. Біркелкі нысандардың әр аймақтағы құны өте алшақ болуына жол бермеу аса маңызды. Өкінішке қарай, мұндай жағдай бізде көп кездеседі. Жүзеге асқан жобалардың әлеуметтік-экономикалық тиімділігіне талдау жасалады, – деп ескертті Мемлекет басшысы.
Үшіншіден, қолжетімді тұрғын үй құрылысы жанданады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, сол арқылы экономиканың дамуына, жұмыспен қамтуға қуатты серпін берілмек. Әлеуметтік қолдау шараларын күшейтіп, үй кезегінде тұрғандардың мәселелерін шешу үшін кредиттік баспанамен қамту үшін Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «5-10-20» жаңа жобасын іске қосуды тапсырды. Сондай-ақ Президенттің пәрмені бойынша елімізде жаңа банк пайда болады. Үкімет жыл соңына дейін «Тұрғын-үйқұрылысжинақбанкі» негізінде «Отбасы банкі» аталатын толыққанды даму және қолдау институтын құруы тиіс. Ол баспанаға зәру азаматтарды тіркеу, есебін жүргізу және тұрғын үйді үлестіру ісін бір орталықтан жүзеге асыратын болады.
Төртіншіден, Қазақстанда ел тұрғындарының жалақысына және басқа табыстарына жеке табыс салығын салудың прогрессивті шкаласы іске қосылады. Президенттің айтуынша, еңбекақысы аз адамдар салықты қазіргіден аз көлемде төлейді. Ал жоғары жалақы алатын адамдарға салынатын салық керісінше, арта түседі.
Бесіншіден, кәсіпкерлерді қолдау шаралары жалғасын табады. Мемлекет басшысы Үкімет пен «Атамекенге» «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында шағын бизнеске арналған арнайы шаралар қарастыру, осы бағытты қаржыландыру көлемін анықтауды жүктеді.
Алтыншыдан, ел экономикасының түрлі салаларына инвесторларды тарту ісіне тың серпін беріледі. Президенттің айтуынша, Үкімет әр инвесторды ынталандырудың жеке шараларын қолға алуы тиіс.
Жетіншіден, төтенше жағдай режимінің енгізілуі форс-мажорлық жағдай деп құқықтық-нормативтік деңгейде танылмақ. Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлердің мәселесін шешерде сот осы жайтты ескеруі тиіс екенін айтты. Адал емес кредиторлардың қысымына жол бермеу үшін Мемлекет басшысы биылғы 1 қазанға дейін заңды тұлғаларға және жеке кәсіпкерлерге қатысты банкроттау бойынша іс қозғауды тоқтатты.
Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккен мақтааралдықтар мәселесіне де арнайы тоқталды. Президент күзге дейін аудандағы қираған үйлердің орнына жаңа тұрғын үйлер салынатынын, зардап шеккен әрбір адамға 100 мың теңге өтемақы төленетінін жеткізді. Сондай-ақ мал шығыны, тасқынның ауыл шаруашылығы алқаптарына тигізген зияны өтелетінін айтып, ертеңіне алаңдаған жергілікті тұрғындардың күпті көңілін басты.
– Зардап шеккен ауылдардың әрбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды. Оларға жәрдем береміз. Зардап шеккен ауданға көмектесіп жатқан азаматтардың бәріне ризашылығымды білдіремін. Қазақстан-дықтар бұл жолы да бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білді. Біз бірге болсақ, барлық қиындыққа төземіз! Бұған дейін талай сынақтан сүрінбей өттік. Бұл қиындықты да еңсереміз деп сенемін, – деп аяқтады сөзін.