Карантин – қауіп сейілгенше

Карантин – қауіп сейілгенше

Карантин – қауіп сейілгенше
ашық дереккөзі
Жаһанды қыспаққа алған кесірлі кеселдің екпіні әлі басылмай тұр. Сондықтан елімізде төтенше жағдай режимі аяқталғанымен, карантин сақталмақ. Бұл – ел тұр­ғын­да­рының қауіпсіздігі үшін қабылданған мәжбүрлі ше­шім. Дүйсенбі күні Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мем­лекеттік комиссияның қорытынды отырысын өткізген Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев каран­тиндік шектеулер өңір­лердегі эпидемиологиялық ахуалға бай­ланысты біртіндеп алы­наты­нын мәлімдеді. Сондай-ақ Пре­зидент елдегі экономикалық өсім­ді қалпына келтіруге ба­ғытталған кешенді  шараларды таныстырды. Қасым-Жомарт Тоқаев тө­тен­ше жағдай режимінің аяқ­талуы­на байланысты мемле­кет­тік комиссияның жұмысы өз мә­ресіне жеткенін, енді ел ал­дын­­да тұрған жаңа міндеттерді ше­шуге жұмылу қажеттігін айт­ты. – Індеттің шарықтау шегі­нен өттік. Мемкомиссия ауқымды жұ­мыс атқарды. Халық денсау­лы­ғын қорғау, ел табысын арт­тыру, бизнесті қолдау үшін 500-ге жуық шешім қабылданып, жү­зеге асырылды. Енді бұл ко­мис­­сия Экономикалық өсімді қал­пына келтіру жөніндегі мем­ле­кеттік комиссия болып қайта құры­лады. Бүкіл еліміздегі тө­тен­­ше жағдай режимі аяқталды, – деді Мемлекет басшысы. Десе де, кей өңірлерде індет­тің таралуы әлі де ушығып тұр­ға­нына алаңдаушылық білдірген Президент пандемия қаупі сейіл­­­­мегенін ескертті. Шектеу ша­ралары жеңілдетілгенімен, сақ­тық шараларын қатаң ұстану жал­пыға ортақ талап екенін атап өтті. Осы орайда Үкіметке жаңа са­ни­тарлық ережелерді дайын­дап, ен­гізуге тапсырма берілді. Шағын, ор­та, ірі компаниялар жаңа ере­же­лерге сәйкес жұмыс іс­теуге міндет­те­леді. Мемлекет бас­шысының пі­кі­­рінше, әлеу­мет­тік арақашықтық­ты сақтау, көп­шілік жиналған жер­де бетперде та­ғып жүру қалып­ты жағдайға айналуы тиіс. Мемлекеттік қызметкерлердің 50 пайызы әрі қарай қашықтықтан жұ­мыс істей бермек. Ал жеке ком­па­ния басшылары қанша қызмет­кер­дің жұмысқа шығатынын өзі анықтауы тиіс. – Жұрттың көбі әлі де үйде оты­ра тұрғаны дұрыс болар еді. Бұл – ең алдымен адамдардың қауіпсіздігіне байланысты мәселе. Жұмыс ор­нында әлеуметтік арақашықтық жә­не қатаң санитарлық режим сақ­талуы қажет. Індеттің екінші ке­зеңі басталып кетуі мүмкін. Өзі­міздің аман-саулығымызға ең бірін­ші өзіміз жауапты болуымыз ке­рек. Індет қайта өршіген жағ­дай­да Үкімет нақты шұғыл іс-қимыл жос­парын дайындайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысының тап­сыр­масы бойынша қиындыққа тап бол­ған ел азаматтарына жан-жақ­ты қолдау көрсетілуде. 4,5 мил­лион­нан астам адамға 42 500 теңге кө­лемінде қаржылай көмек көр­се­тілген. 1 миллионнан астам азамат­қа азық-түлік пен тұрмыстық зат­тар үлестіру жалғасуда. 2 мил­лион­ға жуық азаматтың несие төлеу мер­зімі кейінге шегерілді. Қолже­тім­ді несие беру, көктемгі егіс нау­қа­нын жүргізу, жұмыс орындарын ашу және сақтау үшін айтарлықтай қаражат бөлінді. 700 мыңнан астам компания мен кәсіпкердің салық жүктемесі азайтылды: олар 1 трил­лион теңгедей қаржы үнемдеуге мүмкіндік алды. Президенттің атап өтуінше, ко­ронавирус пандемиясы әлемдік рецессияның басталуына себеп болды. Тіпті, ұзаққа созылатын эко­номикалық дағдарысқа да алып келуі әбден мүмкін – Жер-жерде протек­цио­низм­нің күшеюі белең алуда. Экономиканың тұтас салалары тоқырауға ұшырап жатыр. 400 миллионнан астам кә­сіп­орын банкрот болудың алдында тұр. Әлемдегі еңбекке жарамды халықтың жартысына жуығының табысы азайды. Сарапшылар жаһан экономикасы соңғы жүз жыл ішін­де болмаған деңгейге түсетінін бол­жап отыр. Осындай жағдайға қа­рамастан, еліміз бірқатар ба­сым­дыққа ие болып отырғанын айт­қым келеді. Бізде қаржы резерві жет­­кілікті және мемлекет қарызы­ның көлемі мүмкіндігімізге орай­лас. Ең бастысы, біз жаңа ахуал жағ­дайында жұмыспен қамтам­а­сыз ету және экономикалық тиім­ді­лікті арттыру үшін ресурстарды қай­да жұмсау керегін білеміз. Ең бас­тысы, барша азаматтардың өмі­рі мен денсаулығын сақтау. Аза­мат­тардың табысын арттыру. Биз­несті қолдау және оны дамыту. Бі­лім және ғылым жүйесін жетіл­діру, – деді Мемлекет басшысы. Президент жақын арада ше­шілуі тиіс ең өзекті мәселелерге тоқ­талды. Біріншіден, қазақстандық эко­номиканың өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттыруға күш жұм­сал­мақ. Мемлекет басшысының ай­туынша, бұл үшін қолданыстағы қуатты шикізат базасын пайдалана оты­рып, өнеркәсіптің жаңа түр­ле­рін өркендеткеніміз жөн. Қа­зақ­стан­дық экономиканың болашақ құры­лымына жаңаша көзқараспен қа­рап, оның басты секторлары-ның – өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы және сервис сала­ларының әрқайсысының рөлі анық­талатын болады. Атап айтқан­да, энергетикалық сектор ірі ре­фор­маны бастан кешпек. Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ саласы­ның дағдарыстан кейінгі тағдыры өз­геше болатынын, алдағы жыл­дары әлемде оның орнын «жасыл энер­гетика» басатынын ескертті. Екіншіден, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын жү­зе­ге асыру тың серпінмен жал­ғасп­ақ.  Бұл мақсатта қазынадан 1 трил­лион теңгеге жуық қаржы бөлініп отыр. Президент осы күрделі ке­зең­де қаржыландырылып жатқан жо­б­алар арқылы, ең алдымен жаңа жұмыс орындарын ашу міндеті тұр­ғанын баса айтты. – Тұрақты экономикалық та­быс әкелетін немесе адами капи­тал­ды дамытатын бастамалар қол­ға алынуы қажет. Осыған орай, мек­теп, аурухана және басқа да ны­­сандар салынып, жаңғырту жұ­мыс­тары жүргізілуі тиіс. Біркелкі нысандардың әр аймақтағы құны өте алшақ болуына жол бермеу аса маңызды. Өкінішке қарай, мұндай жағдай бізде көп кездеседі. Жүзеге асқан жобалардың әлеуметтік-экономикалық тиімділігіне талдау жасалады, – деп ескертті Мемлекет басшысы. Үшіншіден, қолжетімді тұрғын үй құрылысы жанданады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, сол ар­қылы экономиканың дамуына, жұ­мыспен қамтуға қуатты серпін берілмек. Әлеуметтік қолдау шара­ларын күшейтіп, үй кезегінде тұр­ғандардың мәселелерін шешу үшін кредиттік баспанамен қамту үшін Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «5-10-20» жаңа жобасын іске қосу­ды тапсырды. Сондай-ақ Прези­дент­тің пәрмені бойынша елімізде жаңа банк пайда болады. Үкімет жыл соңына дейін «Тұрғын-үй­құры­лысжинақбанкі» негізінде «Отбасы банкі» аталатын толық­қан­ды даму және қолдау институ­тын құруы  тиіс. Ол баспанаға зәру азаматтарды тіркеу, есебін жүргізу және тұрғын үйді үлестіру ісін бір орталықтан жүзеге асыратын бо­лады. Төртіншіден,  Қазақстанда ел тұрғындарының жалақысына және басқа табыстарына жеке табыс са­лығын салудың прогрессивті шка­ласы іске қосылады. Президенттің айтуынша, еңбекақысы аз адамдар салықты қазіргіден аз көлемде тө­лейді. Ал жоғары жалақы алатын адамдарға салынатын салық кері­сінше, арта түседі. Бесіншіден, кәсіпкерлерді қол­­дау шаралары жалғасын таба­ды. Мем­лекет басшысы Үкімет пен «Ата­мекенге» «Бизнестің жол кар­тасы – 2025» бағдарламасы аясын­да шағын бизнеске арналған ар­найы шаралар қарастыру, осы ба­ғытты қаржыландыру көлемін анық­тауды жүктеді. Алтыншыдан, ел экономи­ка­сы­ның түрлі салаларына инвестор­лар­ды тарту ісіне тың серпін бері­леді. Президенттің айтуынша, Үкі­­мет әр инвесторды ынталан­дыру­дың жеке шараларын қолға алуы тиіс. Жетіншіден, төтенше жағдай ре­жимінің енгізілуі форс-мажор­лық жағдай деп құқықтық-норма­тив­тік деңгейде танылмақ. Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлердің  мә­селесін шешерде сот осы жайтты ес­керуі тиіс екенін айтты. Адал емес кредиторлардың қысымына жол бермеу үшін Мемлекет басшы­сы биылғы 1 қазанға дейін заңды тұлғаларға және жеке кәсіпкерлерге қатысты банкроттау бойынша іс қоз­ғауды тоқтатты. Қасым-Жомарт Тоқаев су тас­қы­нынан зардап шеккен мақ­таарал­­дықтар мәселесіне де ар­найы тоқталды. Президент күзге дейін аудандағы қираған үйлердің ор­нына жаңа тұрғын үйлер салы­натынын, зардап шеккен әрбір адамға 100 мың теңге өтемақы тө­ленетінін жеткізді. Сондай-ақ  мал шығыны, тасқынның ауыл шаруашылығы алқаптарына тигіз­ген зияны өтелетінін айтып, ер­теңі­не алаңдаған жергілікті тұр­ғындардың күпті көңілін басты. – Зардап шеккен ауылдардың әр­бір азаматы қамқорлықсыз қал­майды. Оларға жәрдем береміз. Зар­дап шеккен ауданға көмектесіп жатқан азаматтардың бәріне ри­за­шылығымды білдіремін. Қазақстан-дық­тар бұл жолы да бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білді. Біз бірге болсақ, барлық қиындыққа төземіз! Бұған дейін талай сынақ­тан сүрінбей өттік. Бұл қиындықты да еңсереміз деп сенемін, – деп аяқ­тады сөзін.