Мақтааралдағы орталық қоймаға 600 тоннадан астам азық-түлік жиналды

Су тасқыны болған Мақтаарал ауданындағы орталық қоймада 608 тонна азық-түлік жиналған. Төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғындарға 126 тоннадан астам азық-түлік таратылған. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады. 

Аудандағы орталық қоймаға күнделікті Қазақстанның әр өңірінен гуманитарлық көмектер келуде. Қазіргі таңда қоймада 200 тоннаға жуық ұн, 22 тонна ет, 70 тоннадай көкөніс, сондай-ақ, көрпе-төсек пен киім-кешектер бар.

Бұдан бөлек, жаңадан құрылысы жүретін тұрғын үйлерге қажетті құрылыс материалдары да жинақталған. Атап айтқанда, қоймаға 20 мың дана кірпіш, 100 тонна цемент, 700 данадан астам ағаш, 108 қорап гипсокартон және құрылыс ұнтақтары жеткізілген. Аталған материалдар Мырзакенттегі бой көтеріп жатқан жаңа мөлтекауданның құрылысына жұмсалмақ.

Айта кетейік, «Біз біргеміз» акциясы аясында Мақтааралға Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы, Алматы және Жамбыл облысы, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс және Шығыс Қазақстан облыстарынан және Қазақстан халық Ассамблеясы тарапынан көмектер келген. Сондай-ақ, еліміздегі жекелеген кәсіпкерлер мен азаматтар да атсалысуда.

 

Back to top button