Тағдырмен тайталас

Тағдырмен тайталас

Тағдырмен тайталас
ашық дереккөзі
1969 жылдың жазы. Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Ауыл шаруашылық құрылысының министрі Қорған Нұрқанұлы Мусин бөлу-тарату басқармасының бас инженері Стахан Белғожаевты қабылдауына шақырды. Министрдің өзінен екі-үш жас кішілерге «замандас» деп сөйлейтін әдеті. − Замандас, министрлікте біраз жылдардан бері қызмет етіп келесің. Осындағы білікті маман екеніңді білемін. Өзіңді жоғарылату жағы ойымда бар еді. Алайда жақсы маманға кім көз тікпейді. Сені Алматы обкомының бірінші хатшысы Асанбай Асқаров шақырып жатыр. Бұған қалай қарайсың? Сол кісінің қарамағына барасың ба, әлде осы қызметіңді атқара бересің бе? Өзің шеш. – Ол осылай қалауды өзіне салды. −Қорған Нұрқанұлы, бірден кесіп айта алмаймын. Ойлануға мұрсат беріңіз, − деді Белғожаев. Ертеңіне Алматы обкомының екінші хатшысы Александр Флилппович Клинковтың көмекшісі телефон шалды. Ол Клинковтың қызмет мәселесінде сөйлескісі келетінін, бүгін уақыт тауып келіп кетуін өтінді. Ол кезде республика обкомдарының құрылыс бөлімдері министрліктің есебінде тұратын. Белғожаев түс мезгілінде обкомға қарай бет алды. Клинков зор денелі, жуан дауысты кісі екен. Сібірден осында келген соң ба обкомдағылар «сибиряк» деп атап кетіпті. Кабинетіне кірген бойда Клинков оны тосын келген біреуге балады ма: − Сен кімсің? – деді өрескел үнмен тіксіне қарады. − Сіз шақырған министрліктен  келіп едім. Клинковтың өңі лезде өзгеріп сала берді. Әйтсе де сөз ләмін өзгерте қоймады. − Ия, сені шақыртқаным рас. Сен Ауыл шаруашылығы құрылыс министрлігінде не жоғалттың? Жалпы саған онда не бар? Естуімше, осы облыстың тумасы екенсің, − деп бастырмалата жөнелді. Оның бұлай көтеріңкі сөйлегені Белғожаевтың шамына тиді. Ол да сыпайылықпен сызылуды қойып, жүзіне тіке қарады да: − Александр Филиппович, қандай мәселемен шақырдыңыз? – деді қатқыл үнмен. Клинков өзінің өктем кеткенін сезді ме, пәті қайтып қалды. − Біздің облысқа қызметке келуге қалай қарайсың?. − Сіздер өз облысыма қызметке шақырып жатсаңыздар келісімімді беруге дайынмын, − деді. − Ендеше, Асанбай Асқаровтың қабылдауына барайық. – Клинков жол бастады. Асқаровтың кабинеті Коммунистер даңғылы бойындағы шынымен қапталған биік үйдің алтыншы қабатында екен. Стол басында ұзын шашын артына қарай қайырған, мол денелі, бидай өңді кісі отыр. Бұрын жиналыс-жиындарда сыртынан көруші еді. Мұның берген сәлемін байсалды қалпымен алды. Клинков бұл жайында қысқа баяндады. Асқаров ден қойып тыңдады. − Стахан, бізге қазір өзіңдей білікті маман аса қажет-ақ. Облысқа келіп, өзіңнің іскерлігіңді көрсетсең жақсы болар еді. – Асқаровтың жайдары жүзі мен қоңырқай үні жанға жайлы естілді. − Асеке, қазақ «Туған жерге туыңды тік» демей ме. Сіз шақырсаңыз, неге тартынамын. Өз облысымның әлеуетін көтеруге жан аямас едім, − деді бұл. − Міне, мұның жөн. Қандай жұмыстар атқаратыныңды мына Клинков айта жатар. Ал, бауырым, іске сәт!, − Асқаров жылы шыраймен шығарып салды. Белғожаев араға бір апта салып, облыстағы жаңа қызметіне кірісті. Аудандардың шаруашылықтарын аралап, жай-күйімен танысты. Жұмыс шаш-етектен екен. Апталық, айлық жоспар жасады. Тиісті құрылыс мекемелерімен байланысқа шығып, кейбір түйінді мәселелерді бірлесіп шешу жағын қарастырды. Ол Асқаровтың басшылықтағы іскерлігін бұрын ұзынқұлақтан еститін. Обком бюросының мәжілістерінде оның сол қасиетін өз көзімен көріп, жұрт бекер айтпайды екен-ау деген ойға қалды. Бюрода тыныштық орнағаны сондай залдан шыбынның ызыңы естіліп тұрды. Төрде Асқаров шылымын тартып отырып, мәселе бойынша мінберде сөйлеп тұрған мекеме басшысын мұқият тыңдап алып, ал содан кейін шешілсін бір. Сөзге шешендігін дөп айтқан ұтқыр сөздерінен сезді. Мәселенің шешілуіне қатысы бар мекеме басшыларын бірінен соң бірін орнынан тұрғызып, сұрақ астына алғанда шаруашылықтың қай саласын да, өндірісті де, жетік білетіні байқалып тұрды. Егер бірінші басшы қаралып жатқан мәселені жетік білмейтін болса, соған қатысты кейбір мекеме жетекшілері ылпың-жылпың қызыл сөзбен сылап-сипап, айласын асырып, жауапкершіліктен құтылып кетіп те жататын. Ал Асекеңнен ешкім де айласын асыра алмады. Жайшылықта өздерін тәкаппар ұстап, өзгелерді менсіне бермейтіндердің Асекең алдында жандары қысылғаннан терлеп-тепшіп кеткендерін де көрді. Соңынан Асекең мінберге көтеріліп, көп сөзбен емес, дөп сөзбен кемшіліктерін айтып, оларды түзету жолдарын көрсетіп, нақты тапсырма беріп, орындалу мерзімін де белгілеп барып түйіндейді. Сын ескертпе алғандар келесі бюроға дейін берілген тапсырмаларын орындауға жанталасып жатқаны. Сәуірдің бел ортасынан ауған шақ. Асқаров бүкіл аудан мен облыс басшыларын шұғыл жинап, тосын мәжіліс өткізді. − Талдықорған обкомының бірінші хатшысы Алыбаев қуаң жерді суландыруды қолға алып жатыр. Біздің облыстағы Шеңгелді алқабында да сондай жер аз емес. Соны суландырып, Алматыны неге жеміс-жидекпен қамтамасыз етпейміз? Көкөністерді қашанғы көрші республикалардан тасимыз? Су жоқ емес, бар. Анау Қапшағайдың суы қанша жерді суландырсаң да жетеді. Алдағы аптада Шеңгелдіге барып, суландыратын жерді анықтап қайтамыз. Ал қалай суландырамыз? Соны ойланыңыздар. Соған дайын болыңыздар, − деді. Сенбі күні Асқаров бастаған облыс басшылары Шеңгелдіні бетке алды. Ұлы сәскеде діттеген жерге жетіп, биік төбенің басына шықты. Асқаров көз ұшында сағым ойнаған Шеңгелді алқабын шолып шықты. Қуаң дала керіліп, көсіліп жатыр. Тау жақ қапталдағы еңістікте Қапшағай су қоймасының толқынымен шалқыған айдыны көрінеді. Асқаров оң қолын алқапқа қарай созып, жергілікті аудан мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығына: − Ал, мына даланы қалай игереміз? Сендердің қандай ойларың бар? – деді. Олар табан астында не дей қойсын. Алдын ала жасалған жобалары жоқ. Жыл басында бюджеттен оған ақша бөлу жағы да қарастырылмаған. Біріншіге қалай жауап берерлерін білмей тосылып қалды. Ал Асқаров жұрттың үш ұйықтаса да түсіне енбейтін Шеңгелдіні тосыннан суландырып, жеміс-жидек өсірмекші. Оның сол тұрысы Белғожаевқа майдан шебінде шабуылды бастағалы тұрған қолбасшыдай әсер қалдырды. Үнсіздікті Асқаровтың өзі бұзды. Жұрттың бәріне естірте дауыстап: − Иә, бұл жоспарда жоқ шаруа. Бірақ түйіні шешілмейтін мәселе жоқ. Шындап ойластырсақ, қиыннан жол табуға болады. Әр қайсысың өз салаларыңнан резервтер іздестірсеңдер, істің көзін табасыңдар. Алқап Қапшағайдан биікте жатыр, оған қалай су шығарамыз деп ойлайтындарыңды да білемін. Қазір мұндай биікке де су шығаруға болады. Елімізде су айдағыш қуатты қондырғылар бар. Соларды пайдаланамыз, − деді. Қалаға қайтар жолда басшылардың ойында: «Манкенттегі зауыттың су айдағыш қондырғылар шығаратынынан хабардармыз. Бірақ оның қуаттылығы мүлдем төмен ғой. Сонда Асекең ондай қондырғыны қайдан алмақшы? Басқа республикалардан алу үшін қыруар қаражат керек емес пе? Бұл кісі жоқтан бар жасауға қалай тәуекел етіп отыр?» деген жауапсыз сауалдар болды. Асқаров айтты ма, бітті. Айтқанынан қайтпайды. Бір істі бастап, тастай салатын басшының сортынан да емес. Қашан істі жүзеге асырғанша жаны тынбайды. Оған Белғожаевтың көзі жеткен. Екі күннен соң обкомның кезекті бюросы болды. Асқаров аудандар, мекемелер және құрылыс трестері басшыларының жұмыстарын талқылай келіп, олардағы резервтер көздерін ашты да, нақты тапсырмаларын жүктеді. Бәрін бес саусағындай білетініне қалай таң қалмассың. Ондай тапсырмаларды істі білетін, түйінін шеше алатын адам ғана бере алады. Сол күннің ертеңіне ол Белғожаевты қабылдаған. − Стахан, Дінмұхамед Қонаевтың Медеу шатқалындағы көтерілген суға қандай су айдағыш қондырғыны пайдаланғанын білесің бе? − Иә, естуім бар, Асеке. − Білсең, бізге дәл сол қондырғы қажет. Сондай қондырғы Украинаның Сумыа деген қаласынан шығатынын маған Матыжанов айтты. Сонда іс-сапармен барасың. Жолға дайындал, − деді. − Мақұл, Асеке. − Ол шығып кетті. Кеңсесіне келіп, тиісті министрліктерге телефон шалып, зауыттың қондырғыны бірден бере салмайтынын білді. Әуелі КСРО Жоспарлау комитеті мен КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігінің арнайы рұқсаты керек екен. Белғожаев мінген ұшақ Мәскеу аэропортына қонды. Қазақстан өкілеттігіне барып, Пірімбетовке мән-жайды айтты. Екеуі істі КСРО Жоспарлау комитетінен бастауды жөн көрді. Бұл мәселені комитет төрағасының орынбасары шешеді екен. Қабылдауына келгендер көп. Көмекшісіне Қазақстаннан келгендерін ескертіп, ары-бері әрекеттеніп еді, онысынан ештеңе шықпады. Жуық арада қабылдай қоймайтыны анық болған соң Алматыға телефон шалуға тура келді. − Күте тұр. Бір амалын табамыз, − деді Асқаров. Аздан соң өзі қарымта телефон шалды. − Стахан, КСРО Ауыл шаруашылығы министрі Месяцқа барыңдар. Мен онымен қазір ғана сөйлестім. Ол сендерді қабылдайды. Месяц бұрын Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде екінші хатшы болған. Асекеңмен сыйлас дос-жаран. Кезінде қызмет бабымен Қонаевтың қабылдауында жиі болған. Сонда Қонаевтың келген жандарды орнынан тұрып, есігінің алдында қарсы алатынын көріп, өзіне өнеге тұтса керек. Сол қасиетпен Месяц кеңсесіне енген Белғожаевты есігінің алдында құшағын жайып, қарсы алды. − Ал, жерлесім, − деп бастап, Қазақстанның және бірге қызметтес болғандардың жағдайларын тәптіштеп сұрады. Сөзінің соңында ол: −Асанбай Асқарович сізді маңызды шаруамен жұмсағанын айтып еді. Ол қандай шаруа? Бізден қандай көмек қажет? – деді бар зейінімен бұрыла қарап. Белғожаев келген шаруасын қысқаша баяндады. − КСРО Жоспарлау комитеті төрағасының орынбасарының қабылдауында бола алмадық. Және су қондырғыларымен бірге арнайы кабель де қажет-ақ. Месяц басын изеп, езу тартты. − Асекең тағы да тосыннан үлкен істі қолға алған екен ғой. − Иә, Валентин Карпович. − Ендеші сіз болып, біз болып болысуымыз керек. Месяц қапталындағы тізілген телефондардың бірінің тұтқасын көтеріп, әлдекіммен сөйлесті. − Стахан Белғожаевич, қазір Мемлекеттің жабдықтау комитеті төрағасының бірінші орынбасары Игилов келеді. Екеуіңіз Мемлекеттік жоспарлау комитетіне қайта барыңыздар, − деді. Игилов көп күттірген жоқ. Бірақ Жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары оларды тағы да қабылдамай қойды. Олар Мемлекеттік жабдықтау комитетінің төрағасы Иван Павлович Морозовтың қабылдауына барды. Игилов оларды қабылдау бөлмесінде қалдырып, өзі кабинетіне кетті. Оң жақтағы есік көзінде отырған көмекшісі: «Төраға Орталық Комитетке кеткен. Қашан келетіні белгісіз», − деді. Ұзақ уақыт күтуге тура келді. Сәлден соң Игилов қайта келді де Белғожаевтың құлағына сыбырлай сөйлеп: − Стахан Белгожаевич, ол өз орнында отыр, − деді. Содан соң көмекшінің көзін ала бере. – Сірә, әдеттегідей ұйықтап жатқан болар. Игиловтың сөзі рас екен. Морозов ұйқысы қанған кезде Пірімбетов екеуін қабылдады. Кабинеті ат шаптырымдай үлкен. Төрдегі стол басында шөккен нардай болып төраға отыр. Жас шамасы сексенге жуықтап қалған-ау шамасы. Сәлемдерін салқын алды. Белғожаевқа бажырая қарап: − Қайдан келдің? – деді. − Қазақстаннан. − Қандай шаруамен?.. Ол шаруасын айта бастағаны сол еді Морозов киіп кетіп: − Қайдан келдің, сонда қайта бер, − деп зірк ете қалды. Сөз сонымен бітті. Олар Қазақстан өкілділігіне қайтып келді. Пірімбетов Алматыға телефон шалды. Мән-жайға қаныққан Асқаров аздан соң өзі қайта телефон шалатын болды. Көп күттірген жоқ. КОКП ОК-нің салалық хатшысы Федор Давыдович Кулаковпен сөйлескенін айтып, соның қабылдауына баруларын жеткізді. Кулаковтың қызмет орны Орталық Комитеттің алтыншы корпусында екен. Бұларды бойшаң, келбетті келген кісі қарсы алды. Белғожаевты тыңдап алды да екі жерге телефон шалды. Содан соң шығарып салып тұрып: − Стахан Белғожаевич, шаруаларыңыз оң шешілді. Сумыадағы зауыт басшыларына тапсырма берілді, − деп жымиды. − Сіз Морозов ақсақалға ренжімей-ақ қойыңыз. Ол Кагановичтің кадры ғой. Оның дөрекі мінезіне біз үйреніп қалғанымыз соншалық көңілімізге ала бермейміз. – Ол арқасынан қағып, шығарып салды. Өкілеттікке келсе Асқаров олардың атына бір жәшік Алматының апортын салдырып жіберіпті. Көз жауын алған қып-қызыл алманың хош исін айтсайшы. Дәмі тіл үйіреді. Пірімбетовке телефон шалып: «Стахан бұл алмаларды Қазақстаннан сәлемдеме ретінде зауыт басшыларына берсін», − депті. Сол күні Белғожаев жүрдек пойызға отырып, ертеңіне Киев қаласына жетті. Сумыа Киевтен алыс емес. Зауыт басшылары тарапынан Мәскеудегідей бюрократтық кедергілер болған жоқ. Оның үстіне Асқаров беріп жіберген Алматының апортын көріп, исі мен дәміне таңдайларын қағысты. Дайын су айдағыш қондырғылар жүк таситын ұшаққа артылды. Белғожаев зауыт басшыларымен қоштасып, елге оралды. Қапшағайдың жағасына бірнеше жерден су айдағыш қойылды. Қуатты қондырғылармен Шеңгелдінің 25-30 мың гектар қуаң жері суландырылып, бірер айдың ішінде көк жасыл алқапқа айналды. Бұл басқа республикалардан тасымалданатын көкөніс өнімдерін азайтып, бағасын арзандатты. Алматы жұртшылығы отандық көкөніске дән риза. 1978 жылы Асанбай Асқаров қызмет бабымен Шымкент обкомына ауысатын болды. Облыстағы барлық аудандар мен мекемелер басшыларын шақырып, толғана сөз сөйледі. − Сіздермен біраз жыл бірге қызмет еттім. Еліміздің игілігі үшін жан аянбадық. Қызмет бабында артық кеткен жерім болса, маған ренжімеңіздер. Енді міне Шымкент облысы обкомына ауысып бара жатырмын. Алматы астаналық облыс. Қайда жүрсем де сіздермен жүрегім, тілегім бір. Еңбектеріңіз жемісті болсын, − деді. Ол кезде социалистік қоғам еді. Қоғамдық меншік болатын. Бар күш-жігеріңді қоғамның дамуына жұмсайсың. Таңның атысы, күннің батысы тыным жоқ. Белғожаевтың денсаулығы сыр берген. Дәрігерлердің нұсқауымен емделуге Сарыағаш шипажайына барды. Тез жазылғысы келіп, минерал суын шамадан тыс қабылдап қойса керек, науқасы күрт асқынып, төсектен тұруының өзі мұң болып қалды. Сол жерде бір азамат жанашырлық танытып, Асқаровқа оның қатты науқастанып қалғанын жеткізіпті. Сол-ақ екен Асқаров «Жедел жәрдемді» жіберіп, оны Шымкентке алдырып, арнайы ауруханада білікті дәрігерлерге қаратты. Асекеңнің көмекшілері Мұсабек, Жармахан, Қадыр ауруханаға күн құрғатпай келіп, жағдайын біліп тұрды. Бір айдан соң сауығып шықты. «Асекең соншалық құрмет көрсететіндей мен кіммін? Оның айналасында мендей жандар аз ба еді?». Белғожаевты ұшақ ішінде осындай ой меңдеді. «Айтпақшы Алматыдан ауысарында «Қайда жүрсем де сіздермен жүрегім, тілегім бір» деді емес пе. Демек маған жасаған қайырымдылығы облысқа жасаған құрметі екен ғой.   *** 1985 жылы мәскеулік генерал Владимир Калиниченко республикаға келіп, «Казахское дело» бойынша Асқаров пен оның кадрларының үстінен жалған қылмыстық іс қозғағаны жұрттың есінде. Қылмысы дәлелденбеген соң 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырған деп қосымша айып та тақты. Тергеу жұмыстары Мәскеудің «Матросская тишина» мен «Бутырка» түрмелерінде жүгізілді. Горбачевтың қайта құру саясаты қарқын алған кез. Мәскеудің қысымымен Алматы обкомының бірінші хатшысы Кеңес Аухадиев қызметінен негізсіз босатылып, орнына солтүстік облыстың өкілі Марат Самиевич Меңдібаев тағайындалды. Орта бойлы, қоңырқай өңді, көкшіл көз ол салған жерден «Асқаровтың кадрлары» деген желеумен жазықсыз жандардың соңынан жарық күнде шам алып түсіп, жөн-жосықсыз қуғын-сүргінге ұшыратып жатты. Горбачевқа жағыну үшін бір жолы обкомның ауылшаруашылығы құрылыс саласын басқаратын хатшы Всеволод Павлович Грицайды, облыстық Атқару комитеті төрағасының құрылыс жөніндегі орынбасары Геннадий Анатольевич Мальцевті және Стахан Белғожаевты өзіне шұғыл шақырды. Михайл Горбачев Ресейдің Ставрополь өлкесін басқарып тұрған кезінде ауыл шаруашылығында құрылыс жүргізудің жаңа тәсілі деп біраз бастама көтерген. Сол бастама нәтижесіз болса да оларға іс-тәжірибесімен танысып келу керектігін айтып, үшеуін сонда жұмсайды. Грицай Украинаның Ставропольға жақын Днепетровскі қаласында туып өскен. Ставрополь басшылары оларды бірқатар аудандардағы құрылыс барысымен таныстырды. Жалпы іс-сапары он күнге созылған. Алматыға қайтып келген соң Меңдібаев Грицайды шақырып алып: − Всеволод Павлович, мына Стахан Белғожаев Асқаровтың кадры екен ғой. Ол мұнда не істеп жүр? Сен оны қызметтен босататын материал тап, − деп тапсырма берген. Грицай мен Белғожаев көп жылдардан бері бірге қызметтес болып, талай сындардан өткен. Ол Белғожаевтың ұйымдастыру қабілетін жақсы біледі. Сондықтан құрметі де ерекше. Грицай біріншіден ондай тапсырманы күтпесе керек. Сәл тосылып барып, тамағын кенеп алып: − Марат Самиевич, бұл кісі өте іскер. Облыста құрылыс саласын одан артық білетін жан жоқ. Ауыл шаруашылықтарындағы барлық құрылыстар осы кісінің қолымен жүзеге асырылуда. Нысандарды дер кезінде бітіреді. Құрылыс технологиясын, қыры мен сырын бәрімізден жақсы білетін айтулы маманның өзі. Оны қызметтен босатсақ, құрылыс жұмыстары ақсап қалатыны анық. Өйткені оның орнын басатын іскер маман қазір бізде жоқ. Белғожаев істі тиімді ұйымдастыра білетін, таптырмайтын маман, – деп келіспейтінін білдірді. Меңдібаев оған жалт қарап: − Онда сен де Асқаровтың кадрысың, − деді көкшіл көздерінен ызғар шашып. Грицай үндеген жоқ. Меңдібаев өрекпіген кеудесін басып алды да, екпіндей сөйледі. − Белғожаевтың қандай адам екенін сен білмесең де, жемқор екенін мен жақсы білемін. Алматының Карл Маркс пен Абай көшелерінің қиылысындағы бес қабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізген. Соны тексеріп, қосып жазғандарын қалайда тауып, әшкерелеңдер. Ол Ақан Қойшыманов тұрған үйге де күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген. Оны да тексеру керек. Егер осы тапсырманы орындамасаң, саған да обкомда орын жоқ. Белғожаев сол үйде тұратын. Кезінде обкомның бірінші хатшысы Кеңес Аухадиев пәтері тарлық етіп жүргенін біліп, әрі облысқа қажетті маман ретінде басын бағалап берген. Ертеңіне Грицай оны өзіне шақырып, Меңдібаевпен болған жайды жеткізді. − Стахан Белгожаевич, сіздің сол күрделі жұмыстарды таза жүргізгеніңізге еш күмәнім жоқ. Меңдібаевтың пәті қатты. Өзіне сенімді адамдардан комиссия құрып отыр. Олар ананың ықпалымен істі бұра тартпаса игі еді, − деп дос көңілін білдірді. − Всеволод Павлович, комиссия тексере берсін. Менің арым да, қолым да таза. Арада бірнеше күн өткен соң Стахан Белғожаевты обкомның құрылыс бөлімінің меңгерушісі Тайыр Мансұров шақырды. − Стеке, бізге үстіңізден арыз түсті. Оқып танысыңыз, − деп бірнеше парақ қағазды алдына қойды. Ол көз жүгіртіп оқып шықты. Істелген жұмысқа жұмсалған қаражаттың шығынын артық қылып көрсеткен. − Тайыр, мынаның бәрі жала. Ойдан құрастырылған, − деді ол. − Біз қалайда осы құрылысқа жұмсалған қаражаттың түбіртегін тауып, Меңдібаевқа көрсетуіміз керек. Ол сол күннен бастап, тиісті мекемелерден түбіртектер жинады. Күрделі жұмыс пен оған жұмсалған қаржы бірдей болып шықты. Мансұров сол түбіртектерді Меңдібаевқа алып барып: − Белғожаев күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде жұмсалған қаражат жағынан ауытқу жоқ, − деді. Меңдібаев шарт кетіп: − Ендеше сен де Асқаровтың кадрысың, – деп столды жұдырығымен қойып жіберді. − Марат Самиевич, кінәсіз адамды қалай жазалаймыз? Обал емес пе? – дейді Мансұров. – Ол кісінің іскерлігін жақсы білемін. Оны жазықсыз жазаласақ облыстағы құрылыс жұмыстары ақсап қалады. Белғожаев барлық қиын жағдайлардан жол тауып, өз міндетін мінсіз орындап жүрген жан. Меңдібаев киіп кетіп: − Жолдас Мансұров, ол кім болғанда да Асқаровтың кадры. Оны қызметтен босату керек, − деп өз ойын кесіп айтты. Грицай мен Мансұров Белғожаевпен оңаша жерде кездесіп: − Стахан, мына Меңдібаевтың сөз тыңдар түрі жоқ. Сізге бұл облысқа қатысы жоқ мекемелердің бірінен жұмыс қарастырайық, − деп жанашырлық танытты. Мендібаев оны қызметтен жай босата салса мақұл-ау. Обкомның бюросына салса амал бар ма. Ол бюрода екілене сөйлесін бір. − Бізге Белғожаевтай ескіше ойлайтын, істі ескіше тәсілмен жүргізетін кадр керек емес, − деп соқты. − Белғожаевқа партиялық сөгіс жарияланып, қызметінен босатылсын. Бюро мүшелері үнсіз. Бірі қарсы сөз айтайын десе, жағдайды одан бетер ушықтырып жіберетіні кәміл. Белғожаев әділетсіз жазаға одан әрі шыдай алмады. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқтың» керімен орнынан атып тұрды. − Марат Самиевич, маған қандай кінәм үшін сөгіс беріп, қызметтен босатасыз? – Ашынған үні қатты шықты. Меңдібаев қолын ербеңдете сөйлеп: − Сен Қойшыманов пен өзің тұрған үйді күрделі жөндеуден өткізгенсің, − деді ақиланып. − Марат Самиевич, ол үйлерді жоспар бойынша күрделі жөндеуден өткізудің уақыты келген. Жыл сайын мұндай жұмыстарды жоспарлы түрде жүргізіп келеміз. Өз міндетімді таза орындадым, − дей бергенде ол ақырып, сөзін бөліп жіберді. − Белғожаев, сен кімсің? Сол үйлерді сен Үкіметтің қаржысымен жөндеуден өткіздің. Белғожаев та қатты дауыстап, оның сөзін бөлді. − Марат Самиевич, өткен айда ғана мына отырған Всеволод Павловичпен бірге мені мақтап-мақтап, Саврополь өлкесіне іс-сапарға жіберіп едіңіз. Сонда болған он күннің ішінде біз біраз құрылыс нысандарын көрдік. Бізден асып бара жатқан ештеңесі жоқ екен. Енді құрылысты жаңаша ұйымдастыруға маған мұрсат бермей жолымды кесіп отырсыз. Турасын айтқанда, менің 40 жыл еңбегімді, іс-тәжірибемді сызып тастап, жоққа шығарып отырсыз. Жарайды, сол жұмысты атқаратын маман тапсаңыз мақұл-ау. Бәлкім өзіңіз атқарарсыз. Менің бұл облысқа 40 жыл еңбегім сіңді. Ал сіз облысқа кеше келе салып, бүгін бәрін де бұра тартып отырсыз. Шешіміңіз сол болса, білгеніңізді істеңіз, − деп есіктен шығып кетті. Белғожаевтың мәселесі мұнымен бітпеді. Облыстық Атқару комитетінің мәжілісінде тағы қаралды. Ондағылар Меңдібаевтан асып қайда барсын. Партия бюросының шешіміне шарасыздық танытып, жазаны мақұлдағандай сыңай танытты. Арада бір жеті өткен соң Тайыр Мансұров шақырды. Көңіл күйі жоқ. Ол біраз қызметті ұсынды. Белғожаевтың сүйікті ісі құрылыс қой. Оның ұсынған қызметтері қолайына келмейтін болған соң бас тартты. Кейіндеу облыстық дирекциялар бірлестігіне қызметке тұрды. Ал Меңдібаевтың сырттан алып келген кадрлары ауыл шаруашылығы мен құрылысын мүлдем қожыратып жіберді. Колбин оның іскерлігін емес, өзіне берілгендігін бағалап, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне екінші хатшы етіп тағайындады. Алматы обкомына бірінші хатшы болып Қасым Қажыбайұлы Төлебеков келді. Дене бітімі еңгезердей, қоңырқай өңді кісі. Бұрын Солтүстік Қазақстан облысында қызмет еткен. Қазақшаға тілі шорқақ. Орыс тілінде сөйлейді. Ол облыс шаруашылықтарын аралап, жағдаймен танысқан. Қай ауданға барса да тұралаған шаруашылықты көріп, хатшыларын жинап, мәселені талқыға салған. Обкомның ауыл шаруашылығы жөніндегі хатшысы Бақыт Оспанов: − Қасым Қажыбайұлы, облыстағы ауыл шаруашылығы құрылыстары қазір мүлдем сын көтермейтінін өзіңіз көріп келдіңіз. Белғожаевты қайта орнына қою керек. Сол ғана тұралаған істі қайта көтере алады, − деп ұсыныс жасады. − Белғожаев деген кім? Ондай білікті кадр неге орнынан босатылған? − Меңдібаев жолдас артық қыламын деп тыртық қылды. Асыра сілтеді. − Ендеше, сіздер сенім артқан Белғожаевты қайта қызметке шақырайық. Белғожаев кеңсесінде құжаттарды ретке келтіріп отырған. Алдындағы телефон шырылдады. Ол тұтқасын көтерді. Обкомнан екен. Өзін біріншінің көмекшісімін деп таныстырып, Төлебековтің ертең таңертең қабылдауына келуін өтінді. «Жаңа басшы ғой. Неге шақырды екен?». Баруға ұйғарды. Кабинетте Төлебековтен басқа салалық хатшылар мен облыстық Атқару комитетінің төрағасы Романов отыр. Төлебеков еңсесін тіктеп алып: − Стахан Белгожаевич, қызметтен қалай кеткеніңізді естідім. Ішіп-жеп қойғаныңыз болмаса да Меңдібаев орынсыз босатқан көрінеді. Сіздің іскерлігіңізді де естіп жатырмын. Меңдібаевқа өкпелегенмен халқыңызға өкпеңіз жоқ шығар. Бұрынғы қызметіңізге қайта оралсаңыз дұрыс болар еді, − деді. Белғожаев салған жерден не айта қойсын. Ой басып, үнсіз отыр еді, қапталдағы телефондар бірінен соң бірі безек қақты. Төлебеков: − Жолдас Романов, бұл істі шешуді сізге тапсырамын. Мына Белғожаев жолдаспен өзіңіз сөйлесіңіз. Егер ұсынысымызбен келіспейтін болса, мәселесін бюрода қарайтын боламыз, − деп сес көрсете сөйледі. Біріншіден шыққан соң салалық хатшылар да мұны қаумалап, бірінен соң бірі жан-жақтан жамырай сөйледі. Олар: «Өкпеңіз орынды. Бірақ кезінде сіз жөніндегі пікірімізді Меңдібаев тыңдады ма. Өзім білемділікке салып, артық кетті. Өткен іс өтті. Енді оны ұмытып, қызметке қайта келгеніңіз жөн. Шаруашылықтардағы қиюы қашып, кенеуі кеткен құрылыс жұмыстарын қайта қолға алыңыз», − деп жатты. − Меңдібаев дүниенің бәрін өзі ғана жөндейтіндей болып еді. Мен неге өкпелемейін. Оның бюрода мені жерден алып, жерге салғанын білесіздер. Бәрінен де қырық жылдық еңбегімді жоққа шығарып, нақақтан-нақақ сөгіс жариялады, − деді. Романов: − Стахан Белгожаевич, сол өкпеңізді өзіңе тілеулес біз үшін ұмытыңыз. Сіздің мәселеңізді бюрода қаратпаймыз. Қызметіңізге қайта оралыңыз. Сіз сол орныңызда облыс экономикасына көп пайда келтіресіз, − деді. «Битке өкпелеп, тонын отқа тастасын ба». Келісімін беріп, бұрынғы «Алматыоблагропромстройдың» төрағасы қызметіне қайта кірісті. Облыс шаруашылықтарындағы құрылыс жұмыстарын көріп, төбе шашы тік тұрды. Ойдағысы ойда, қырдағысы қырда бей-берекет шашылып жатыр. Бейне көшкен жұртта қалған иесіз мүліктердей. Соларды жинап, түгендеп, құрылысты қайта жолға қоюдың қиындығын айтсайшы. Шошынғаны соншалық, қос қолын төбесіне қойып, безіп кеткісі де келді. Бірақ артынша ақылға салып, өзін-өзі сабырға шақырды. «Облыс басшылары маған сенім артып отыр. Бұл да бір сынақ шығар. Қиындықтан қашып, тайқып кеткенім болмас. Нар тәуекел!». Іске белсене кірісті. Екі аптадан соң Романов оны Төлебековке алып барды. Белғожаевтың келісіп, іске кіріскенін жеткізді. Төлебеков көңілденіп: − Стахан Белгожаевич, қызметіңізге оралғаныңызбен құттықтаймын. Білемін, сіздің алдыңызда қыруар жұмыстар тұр. Бүлінгенді қайта қалпына келтіріп, жолға қою оңай шаруа емес. Алайда сіздей қолынан іс келетін қабілетті жанға қолдау көрсете отырып, бар қиындықты жеңеміз деген ойдамын. Оның үстіне екеуміз құрдас екенбіз. Бірлесе қимылдасақ біз алмайтын қамал бар ма? Ісіңізге сәттілік тілеймін! − деді. Уақытта тоқтау бар ма. Жылдар жылжып өтіп жатты. Облыстың ауыл шаруашылығындағы құрылыс жұмыстары да ретке келтірілді. 1989 жылдың жазында Колбин Мәскеуге қызмет бабымен ауысты да, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. Меңдібаевтың үстінен Алматы облысының бір топ еңбекшілері шағым түсірді. Тексеру барысында оның билікті асыра пайдаланғаны анықталып, екінші хатшы қызметінен босатылды да, Жоғарғы Кеңеске ауыстырылды. Ол онда да көп тұрақтай алмады.   *** 1989 жылы мамырдың соңғы күндерінде Қырғыз республикасының Жоғары соты Шымкент облысының бұрынғы жеті басшысының үстінен «Асқаровтың ісі» деп аталған қылмыстық іс қарады. Он жеті айға созылған сотта олардың еш қылмыстары дәлелденбеді. Бірақ судья Найла Алимовна Ибрагимова мәскеулік айыптаушы прокурор Борис Иванович Романюктің ықпалынан шыға алмай әділдікті белден басып, оларды қылмыскер деп тауып, әрқайсысына әрқалай жаза кесті. Қырғызстанның сол кездегі Президенті Асқар Ақаев 1991 жылы 31 тамызда Асанбай Асқаровқа рахымшылық жасап, кесілген жазадан босатты. Асанбай Асқаров түрмеден шығатын күні Алматыдан Стахан Белғожиев пен Асқар Тоқпанов бастаған бірнеше адам қарсы алуға Бішкекке барды. Қыркүйектің басында ауа райы күрт өзгеріп, бірден суытып сала берді. Олар түрменің алдында Асекеңмен қауышты. Жасы ұлғайған жанға төрт жылдан артық түрме азабын тарту оңай ма. Сағы сынбаса да, еңсесі түсіп, мойып қалғандай екен. Оннан астам жеңіл көліктер тізбегі Қордайдағы жол айрығына келіп тоқтады. Алматылықтар: «Асекеңді Алматыға алып кетеміз», − деп еді, жамбылдықтар: «Жоқ, біз Асекеңді елге алып барамыз», − деп тұрып алды. Шымкенттен келген Төлепбек Назарбеков те өздеріне қарай тартты. Олар Асқаровты ары тартып, бері тартып жатқанда жарты сағаттай уақыт өтті. Таластың төрелігін Асекеңнің өзі айтты. Әуелі бетін Шымкенттен келгендерге бұрып: − Ай, айналайын асыл бауырларым! − деді қоңырқай үнін көтере сөйлеп. – Менің етім, қаным алматылықтардікі, ал сүйегім жамбылдықтардікі. Сондықтан сендер ренжімеңдер. Мен әуелі сүйегімді еліме алып барып келейін. Сендер маған рұқсат етіңдер. Асанбай Асқаров Жамбылдан  араға біраз күн салып Алматыға оралды. Біртуар жан дос-жарандардың құрметіне бөленді.  

 Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ