Электрондық үкіметке – 10 жыл
Электрондық үкіметке – 10 жыл
Үкімет порталын 5 млн қазақстандық үзіліссіз пайдаланып келеді
Биыл Қазақстанның электрондық үкімет порталының іске қосылғанына 10 жыл толды. Осыған орай, egov қалыптасуы мен оның даму жоспары туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг болып өтті. Аталған шараға инвестициялар мен даму вице-министрі Сәкен Сарсенов пен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасының электрондық қызметтер және сервистер жөніндегі орынбасары Бағлан Бекбауов қатысты. С.Сарсенов өз сөзінде Қазақстанда 10 жыл ішінде электрондық үкіметтің нормативтік-құқықтық базасы құрылғанын атап өтті. Қазіргі таңда еgov.kz порталын 5 млн қазақстандық үзіліссіз пайдаланып келеді. Еліміздегі халықтың жартысынан жуығы тіркелген бұл порталдың берері мол. Вице-министр өз сөзінде Қазақстандықтар «egov.kz» мобильдi қосымшасы арқылы 80-ге жуық қызметтi пайдалана алатындығын жеткізді. Оның айтуынша, халық арасында мобильдi байланыс пен мобильдi технологиялар жылдам тарап жатыр, бұл ретте мобильдi үкiмет құру электрондық қызмет көрсету инфрақұрылымын дамытудың маңызды кезеңi болып табылады. «Қазiргi таңда азаматтар «egov.kz» мобильдi қосымшасы арқылы 80-ге жуық қызмет пен сервистi пайдалана алады. Мысалы, оның көмегiмен медициналық мекемеге тiркелiп, шетелге шығарда өзiңдi борышкерлер тiзiмiнен тексере аласың, сондай-ақ неке қиюға электронды өтiнiш беруге болады. Қазiргi таңда осы жүйе арқылы 2,3 млн қызмет көрсетiлдi», ̶ дедi вице-министр. Бұған қоса, осы уақытқа дейін «egov.kz» порталы арқылы барлығы 130 млн электронды қызмет көрсетiлген. Үкiмет порталында 240 қызмет жүзеге асса, ал электронды үкiмет инфрақұрылымы арқылы барлығы 900 электронды сервис қызметi көрсетiлген. Өз кезегінде «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бағлан Бекбауов: «Биыл «еgov.kz» порталының іске қосылғанына он жыл толды. Электронды үкімет порталы бір күнде құрыла салған жоқ. Мемлекеттік органдардың бір-бірімен өте тығыз байланыс орнатып, мемлекеттік қызмет түрлерін барынша электронды жүйеге ауыстыру керек деген бір мақсатты көздегенінің арқасында жақсы нəтижелерге қол жеткіздік. Осы уақыт ішінде серверлік ифрақұрылым құрылды, бірыңғай транспорттық желілер құрылды. Сондай-ақ электронды қолтаңба пайда болды. Статистикаға тоқталар болсақ, қазір 900-ге жуық қызмет түрлері мен сервистер автоматтандырылған. Соның ішінде, 240 қызмет түрі электронды үкімет порталының төңірегінде автоматтандырылған», ̶ деді Б.Бекбауов. Электронды үкіметтің бір дамыған қызметі – бизнесті онлайн тіркеу қызметі екен. Себебі бүгінгі брифингте белгілі болғандай, 2013 жылдан бері еgov порталы арқылы 73 мың компания ашылған. Ал, жалпы портал арқылы мекен-жай анықтамасы мен зейнетақы аударымдары туралы анықтама алуды қазақстандықтар əдетке айналдырғаны баса айтылды. Тағы бір назар аударатыны, электрондық үкіметтің төлем шлюзі арқылы 18 млрд артық теңге сомасына 3 млн-ға жуық транзакция өткізілген. Олардың ішінде 10 млрд. теңгеге төлемдер өткен жылы жүзеге асқан. Электрондық қызметтерді көрсету инфрақұрылымын дамытудың жаңа маңызды сатысы ҚР Мобильдік үкіметін қалыптастыру. Қазір «egov» мобильдік қосымшасы арқылы iOS, Android және Windows Phone платформалары үшін 80 әр түрлі қызмет пен сервисті алуға болады. Мемлекеттік органдар жұмысының айқындығы, есеп беру тиімділігі «Ашық үкіметте» толық көрсетілген. Бес компоненттен тұратын бөлімде: «Ашық деректер», «Ашық НҚА», «Ашық бюджет», «Ашық диалог» пен «Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау» сынды бөлімшелер бар. Сонымен қатар, қазіргі таңда 1470 ашық деректер жиынтығы бекітілген, олар осы жылдың қыркүйегіне қарай жарияланатын болады. Ашық бюджет порталында алғашқы ақпар осы жылдың мамыр айында жарық көреді. Сөйтіп, портал арқылы қазақстандықтар 2015 жылғы бюджеттік бағдарламалардың жүзеге асуы туралы есепке қол жеткізе алады.Еркежан ЖҰМАТАЙ
Астана қаласы