Жаңалықтар

Сізге рахмет, сэр Бобби!

ашық дереккөзі

Сізге рахмет, сэр Бобби!

Англия ардагерлерді құрметтеуде талайларға үлгі

2016 жылдың 3 сәуірі – Англия футбол құрамасы мен «Манчестер Юнайтед» футбол клубының аты аңызға айналған ойыншысы сэр Бобби Чарльтон үшін ерекше күн. Дәл осы күні «Манчестер Юнайтед» өз матчтарын өткізетін «Олд Траффорд» стадионының оңтүстік трибунасына сэр Бобби Чарльтонның есімі берілді. Салтанатты шараға ардагер футболшы да қатысты. Өзі өнер көрсеткен стадионға Чарльтонның есімін беру 78 жастағы ардагер футболшының «Манчестер Юнайтед» құрамына қосылғанына 60 жыл толуына орайластырылған. Осылайша, ағыл­шындар Чарльтонның «Манчестер Юнайтедке» арнаған 60 жылы үшін алғыс білдірді. Бобби Чарльтон Англия құрамасы үшін 106 рет жасыл алаңға шығып, 49 рет қарсыластар қақпасын дәл көздеген. Англия құрамасының сапында жүргенде 1966 жылы Чарльтон өз еліне халықаралық футболдағы маңызды титул – әлем чемпионы атағын сыйлады. Ал «Манчестер Юнайтед» фут­бол клубының құрамында 758 ойын­ға қатысып, 249 гол соққан екен. Кәсіби футболшы ретінде ол­ клуб құрамында жүріп, 3 рет Англия чемпиондығын, Англия Кубогын және Еуропа чемпио­на­тының Кубогын иеленді. Команда сапындағы 758 ойынның тең­ жартысын Бобби Чарльтон «Олд Траффорд» стадионында өт­кізген. Ал енді бұл алаңның оң­түстік трибунасы ресми түрде сэр Бобби Чарльтонның есімімен аталады. Салтанатты шара Англия чемпионаты 32-турының алдында өткен болатын. Сэр Бобби Чарльтон мансап жолының ұзақ уақытын «Манчестер Юнайтедке» арнағаны сөзсіз. Ол командада жартылай қорғаушы функциясын орындайтын. Чарльтон дәлдеп пас берудің және қашық­тық­тан доп тебудің шебері ретінде жанкүйерлерінің ойында жатталып қалды. Оны ағылшындар талай жылдан бері елдегі ең үздік ойыншы ретінде мойындап келеді. Чарльтон алғаш рет «Манчестер Юнайтед» командасының негізгі құрамы үшін 1956 жылдан ойнай бастап, екі маусым ішінде негізгі құрамнан ойып тұрып орнын алды. Үздік ойыншы «Манчестер Юнайтед» командасынан 1973 жылы кетіп, «Престон Норт Энд» командасының бапкері атанды. Дегенмен, араға екі жыл салып Чарльтон жаттықтырушылық мансабын да тоқтатты. 1983 жылы сэр Бобби «Уигана» футбол клубының директоры атанып, бір жылдан кейін «Манчестер Юнайтедке» қайта оралды. Бұл жолы Чарльтон клубтың директорлар кеңесінің мүшесі болып тағайындалды. «Манчестер Юнайтедтің» аңыз­ға айналған ойыншысы мен Англия құра­масында белді өнер көрсеткен сэр Бобби Чарльтон бір кездері өзі өнер көрсетіп, командасына талай рет жеңіс сыйлаған алаң трибунасына есімі берілгенін үлкен құрмет санайды. «Бұл – мен үшін үлкен құрмет. Оңтүстік трибунаны менің есіміммен атағанына мен де, менің отбасым да қуаныштымыз. Әрі мұны мақтан тұтамын. «Манчестер Юнайтед» – өмірімнің маңызды бір бөлігі. Бұл клубқа қатысты талай естеліктер жадымда жатталып қалды. Футболшы ретінде қарсыластар қақпасына салған голдарым, жасыл алаңда өзіммен бірге үздік өнер көрсеткен әріптестерім күні бүгінге дейін есімде. Ал директор ретінде команданың, мықты ойыншылардың шебер ойындарын трибунадан бірнеше рет тамашаладым. Бұл алаң мен үшін ыстық», – деді сэр Бобби Чарьлтон салтанатты жиында. Сонымен қатар, аңызға айналған футболшы «Манчестер Юнайтед» клубына қатысы бар барлық жандарға ризашылығын білдірді. Оның ай­туынша, клубтың жұмысын бә­сең­детпей, үздіктер қатарынан шығып қалмау мақсатында тер төккен жандар өте көп. Айта кетейік, солардың бірі – Алекс Фергюсон. Фергюсон «Манчестер Юнайтед» командасын 25 жылдан астам уақыт жаттықтырған. Бүгінде «Олд Траффорд» стадионының солтүстік трибунасы ширек ғасыр бойы қызметін адал атқарған бас жаттықтырушының есімімен аталады. 2011 жылдың 5 қарашасында бас бапкердің көп жылдық еңбегіне алғыс білдірген ағылшындар трибунаға Алекс Фергюсон есімін берген болатын. Чарльтонның есімін иеленген трибуна «Олд Траффордтағы» басты трибуна болып саналады. Бұл трибуна бір қабатты болғанымен, аса маңызды қонақтарға арналған VIP-орындар осында орналасқан. Сэр Бобби Чарльтон атындағы трибунада 1993 жылға дейін қолданылған ойыншыларға арналған ескі туннель бар. Ескі туннель – 1910 жылы іргесі қаланған көне стадионнан қалған жалғыз бөлік. Бұл туннель 2008 жылы 6 ақпанда Мюнхендегі әуе апатына 50 жыл толуына байланысты «Мюнхен туннелі» деген атауға ие болды. Айта кетейік, 1958 жылдың 6 ақпанында ағылшындық «Манчестер Юнайтед» клубының ойыншылары мінген ұшақ Мюнхен әуежайында апатқа ұшыраған болатын. Әуе кемесінің бортында болған 44 адамның 23-і қаза тауып, 19 жарақат алған еді. Апатқа ұшыраған ұшақта сэр Бобби Чарльтон да болған. «Адам сенгісіз жағдай. Аты дардай клуб пен оның жанкүйерлерінің аңызға айналған ойыншыларын ұмытпағандығын көрудің өзі бір ғанибет. Ойыншылар мен жанкүйерлердің сэр Бобби Чарльтонға көрсеткен құрметіне қайран қалдым», – деді салтанатты шара барысында «Манчестер Юнайтед» клубының бас бапкері Луи ван Гал. Бобби Чарльтонға ағылшындардың көрсеткен мұндай құрметі оның ағылшын футболына және «Манчестер Юнайтед» клубына сіңірген еңбегінің айқын айғағы болғандай. Бобби Чарльтон мұндай құрметке әбден лайық. Осы шара барысында сэр Бобби Чарльтонды стадиондағы 75 мың адам тік тұрып, ерекше қошеметпен қарсы алды. Ардагер ойыншының ойындарын мұрағаттық бейнежазбалар арқылы тамашалаған «Манчестер Юнайтедтің» қазіргі жанкүйерлері «Олд Траффорд» стадионын «Рахмет, сэр Бобби!» деп жазылған плакаттармен толтырды. Бұл кезекті рет ардагер футболшының жанкүйерлер жадынан ешқашан өшпейтіндігін дәлелдеді.  

Әсел МАҚСАТҚЫЗЫ