2015 жылы әлемде 1634 адам өлім жазасына кесілген
2015 жылы әлемде 1634 адам өлім жазасына кесілген
Жуырда Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымының 2015 жылға арналған есебі жарияланды. Ұйым деректеріне сүйенсек, өткен жылы әлем елдеріндегі өлім жазасына кесу үкімі соңғы 25 жылдағы рекордтық көрсеткішке жеткен. Аса ауыр жазаға жаһан бойынша 1634 адам кесілген. Бұл 2014 жылғы көрсеткіштен 50 пайызға артық. Яғни, дүние жүзіндегі аса ауыр қылмыстар саны да соншалық өссе керек.
Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымының мәліметінше, өлім жазасына кесу үкімдерінің 89 пайызы Иран, Пәкістан және Сауд Арабиясына тиесілі. 2014 жылы тәлібтердің мектепке жасаған шабуылынан кейін Пәкістанда өлім жазасы қайта қолданыла бастады. Алайда Amnesty International ұйымының мәліметі бойынша аса ауыр жазаға кесілгендердің көбісінің лаңкестікке қатысы жоқ. Ал Иран мен Сауд Арабиясында жазаның бұл түрі саяси күрестің құралына айналған көрінеді. Amnesty Іnternational ұйымының Таяу Шығыс және Солтүстік Африка бойынша директорының орынбасары Джеймс Линчтың айтуынша, Сауд Арабиясының үкіметі өлім жазасын лаңкестікке қарсы күрес пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі жолы деп есептейді. Associated Press агенттігі таратқан дерек бойынша 2016 жылдың алғашқы екі айының өзінде бұл мемлекетте 69 қылмыскер өмірмен қоштасты. Өлім жазасына кесу үкімінің басым бөлігі 2 қаңтарда орындалды. Бұл – «Аль-Каидаға» қатысы бар деп айыпталған 47 адам өлтірілген күн. Ал 2015 жылы –153, 2014 жылы – 87 өлім жазасы іске асырылған.
Өткен жылдың көрсеткіші бойынша аса ауыр жазаға кесу көрсеткіші жөнінен Иран, Пәкістан және Сауд Арабиясынан кейінгі орынға АҚШ жайғасқан. Дегенмен, Құрама Штаттарда өлім жазаларының саны жылдан-жылға кеміп келе жатқанын және былтыр соңғы 25 жылдағы ең төменгі көрсеткіш тіркелгенін айта кеткен жөн.
Баяндамада Қытай деректері есепке алынбаған. Өйткені Қытай үкіметі жазаланған адамдардың санын мемлекеттік құпиялар санатына жатқызады. Десе де, құқық қорғаушылардың пікірінше, бұл мемлекет өлім жазасының көрсеткіші бойынша көшбасшы болуы ықтимал. Ал өзге елдерде соңғы бір жылда аса ауыр жазаға кесілгендердің саны 1,5 есеге артқан. 2015 жылы әлемнің 4 мемлекеті өлім жазасынан бас тартып, бүгінде мұндай елдердің саны 102-ге жетті.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003 жылдың 17 желтоқсанындағы «Қазақстан Республикасында өлім жазасына мораторий жариялау туралы» Жарлығына орай 2004 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанда да өлім жазасына шектеу қойылды. Мораторий жарияланғаннан кейін Қазақстанда өлім жазасы (ату) тек айрықша ауыр қылмыстар (лаңкестік, геноцид, айуандықпен кісі өлтіру, т.б.) үшін тағайындалды. 18-ге толмаған жасөспірімге, әйел адамға, сот үкімі шыққанға дейін 65 жасқа толған ер адамға қолданылмады. Ал 2004 жылдан бастап өлім жазасы өмірлік бас бостандығынан айыру жазасымен алмастырылды.
Өлім жазасы қылмыскерді қорқыта ма?
Соңғы жылдары адамилық қағидаларға жат педофилдік, адамды жауыздықпен өлтіру, лаңкестік сияқты аса ауыр қылмыстар саны артқандықтан елімізде өлім жазасын қайта енгізу туралы ұсыныс бірнеше рет көтерілді. Ауыр қылмыс жасағандарға аяушылық танытпау керектігін мемлекет және қоғам қайраткерлерінің аузынан жиі естіп жүрміз. Солардың бірі – Сенаттың бұрынғы депутаты Ғани Қасымов. «Елімізде кейінгі кездері ешбір мораль шеңберіне сыймайтын қорқынышты қылмыстар жасалып жатыр. Қылмыскерлер болмайтын аз ғана ақша үшін зейнеткерлерді, тіпті тұтас бір отбасыны асқан қатыгездікпен өлтіруде. Аяусыз өлтірілгендердің ішінде бейкүнә сәбилер де бар. Осындай жағдайларды көріп-біле тұра кейбіреулер «Жаратқанның өзі берген адам өмірін кенеттен қиып жіберуге мемлекеттің ешқандай да құқы жоқ» дейді. Иә, адамды Алла берген өмірінен мемлекеттің айыруға құқы жоқ, әрине, өлім жазасына мораторийдің енгізілгені сондықтан. Бірақ әлем елдерінің барлығында бұлай емес. Менің ойымша, егер қылмыскер біреудің өмірін қиятын болса, мемлекет те оған дәл сондай шара қолдануға тиісті. Біздің елімізде әзірге гуманизм нормалары орындалып жатқан жоқ, сондықтан мен ату жазасын қолдаймын», – дейді Ғ.Қасымов. Қазақстан ғана емес, осы күні көршілер де бұл мәселені жиі талқылайтын болған. Мәселен, жуырда Ресей Тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкин Ресей Федерациясының сот-процессуалдық саласына өлім жазасын қайтадан енгізуді ұсынды. «Либералдар бұл мәселеге «өлім жазасы керек пе, жоқ па, не жоғары, не артық, бұл христиандыққа келе ме, келмей ме?» деген тұрғыдан қарап, талқылап жатыр. Жеке пікіріме келсек, мұндай жаза керек деп есептеймін. Аса ауыр қылмыс жасаған адамдардың жер басып жүруге қақысы жоқ. Осындай пікір білдіргенім үшін мені, мен сияқты ойлайтындарды сынайтындар көп. Жәдігөйліктің керегі не? Зұлымдық жазалануы керек. Бөтеннің өмірін қидың ба, әсіресе, кішкентай қорғансыз баланы өлтірдің бе, сол үшін дәл сондай жазаны сен де алуға тиіссің», – дейді Александр Бастрыкин. Ресей Тергеу комитетінің төрағасы өзінің құқық қорғау органдарында 1975 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқанын, сондықтан көп жылдық тәжірибесі арқылы мұндай адамдардың «бәрінен де аттап өте беретіндерін, тек өз өмірлерінен ғана аттап өте алмайтындарын» жақсы білетінін айтты. Мұндай мәлімдемені Бастыркин қарындасын қанішер педофилден қорғау барысында қаза тапқан удмуртиялық 13 жасар бала Андрей Касимовті еске алуға арналған шара барысында жасады. Марқұм жасөспірім осы жанқиярлық ерлігі арқылы Ресей президенті Владимир Путиннің жарлығы бойынша «Қаза табушыларды құтқарғаны үшін» медалімен наградталған болатын. Оқиға Удмуртияда 2014 жылғы қазан айында орын алған. Бала өзінің 11 жастағы қарындасымен бірге жоғалып кетеді. Кейінірек олардың мәйіттері Белезино кентінің жанынан табылады. Тергеу нәтижесінде қылмыскердің ағалы-қарындасты балаларды орманға алдап апарғаны белгілі болды. Жасөспірім сол жерде өздерінен әлдеқайда үлкен еркектен қарындасын қорғаймын деп жүріп жантәсілім еткен. Екі баланы айуандықпен өлтірді деген күдік бұрын сотты болған Константин Русскихке түсті. Ол көп ұзамай қолға түсті. Өткен жылдың мамыр айында Удмуртия жоғары соты Русскихке өмір бойы түрмеде отыру жазасын кесті. Алайда Александр Бастрыкиннің айтуынша, ол өлім жазасына лайықты. Қалай десек те, өлім жазасына қатысты дау ешқашан толастамайтын сияқты. Оны қолданатын және қолданбайтын елдерде де пікір екіге жарылған. Өлім жазасын қолданатын елдер оның екі негізгі мақсатын атап көрсетеді. Біріншіден, өлім жазасы – ең алдымен қылмыскердің көзін жою арқылы жаңа ауыр қылмыстардың алдын алу тетігі. Яғни, өзге қылмыскерлерге ауыр қылмыстың жазасы ауыр болатынын ескертуді көздейді. Алайда қылмыс пен өлім жазасы қолданылған уақыттағы қылмысты салыстырған зерттеулер жазаның ауыр түрін қолдану не қолданбаудың қылмыстың азаюына ешқандай қатысы жоқ екенін дәлелдеді. Өйткені қылмыскер ауыр қылмыс жасау үстінде ертеңгі күні ұсталатынын ойламауы мүмкін. Қылмысқа мас күйінде, есірткі заттарын пайдаланған не болмаса қатты ашудың үстінде барған болуы ықтимал. Оның үстіне, кейбір жан түршігерлік қылмыс жасағандардың өлімнен еш қорықпай, әртүрлі мақсатпен өз өмірлерін құрбандыққа шалатыны туралы да жиі естиміз.Ізгілікке көшкен мемлекеттер
Өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап өлім жазасынан бас тартуға бағытталған халықаралық іс-шаралар қолға алынды. Адам құқықтары мен бостандығын қорғау туралы конвенцияға қосымша Еуропа Кеңесі 1983 жылғы 28 сәуірде өлім жазасын жою туралы №6 хаттама қабылдады. БҰҰ 1989 жылы 15 желтоқсанда өлім жазасын жою туралы екінші қосымша хаттама қабылдап, әлем елдерін сол хаттамаға қосылуға шақырды. Соның нәтижесінде бүгінде әлемнің 102 мемлекеті өлім жазасынан бас тартты. Ең бірінші болып өлім жазасынан бас тартқан еуропалық мемлекет – Ұлыбритания. Бұл ел сонау 1969 жылы-ақ қылмыстық заңдарына өзгеріс енгізіп, өлім жазасын өмір бойы бас бостандығынан айыруға ауыстырған. Мұндай қадамды 1987 жылы Германия да жасады. Ал Франция тек 2007 жылы өлім жазасына мораторий енгізді. 1997 жылы ресейліктер де қылмыскерге ең қатал жазаны тағайындаудан бас тартты. Елдің түрмелері қылмыскерлерге толы болғанымен, ресми Мәскеу өлім жазасына мораторий жариялауға мәжбүр болды. Ең соңғы рет бұл елде өлім жазасы «Фишер» деген лақап атпен көпке таныс Сергей Головкинге тағайындалды. Мәскеу айналасында бірнеше бүлдіршінді айуандықпен өлтірген қаскөйдің аты осылайша тарихта жазылып қалды. Тарихта қателікпен өлім жазасына кесілген жандар туралы деректер де көп. Мәселен, 1973 жылы АҚШ-та өлім жазасына кесілген 113 тұтқын қамаудан босатылды. Өйткені олардың кінәсіз екендері анықталды. Сол сияқты 1977 жылы АҚШ-та өлім жазасы тағайындалған тағы бір қылмыскердің жазықсыз екені белгілі болып, ақталды. Осыдан кейін-ақ сол кездегі Иллинойс штатының губернаторы Джордж Райан өлім жазасына мораторий енгізді. Бүгінде АҚШ-тың 17 штатында жазаның бұл түріне тыйым салынған. BBC дерегіне сүйенсек, 17-ші болып өлім жазасына мораторий жариялаған АҚШ-тың Коннектикут штатының 62 пайыз халқы бұл шешімге наразы болған. Аталмыш штатта соңғы 51 жылда бір адамға ғана өлім жазасы қолданылды.Беларусь өлім жазасынан бас тартқысы жоқ
Өлім жазасының қажеттігі туралы ең алғашқы теоретикалық тұжырымдама 1764 жылы итальян заңгері әрі ағартушысы Ч. Беккарианың «Қылмыстар мен жазалар туралы» деген еңбегінде кеңінен көрініс тапты. Ал өлім жазасына қарсы шыққандардың арасында Вольтер, Гегель, Милль және Монтескье сынды білімдарлар болды. Беккариа бастаған топтың пайымынша, өлім жазасын қолдану мен оның аясын кеңейту барысында қылмыстар саны азаяды. Үкім орындалған сәтке куә болған адамдардың басым бөлігі өлім жазасына қарсылық білдіреді екен. Есесіне, жазаның орындалуын көзбен көрмегендер ауыр қылмыс жасағандардың өлтірілгенін қуаттайтын көрінеді. Көне замандарда негізінен патшаның әмірін орындамаған адамды, иесіне қарсыласқан құлды, ұрлық жасаған адамды, бұйрықты орындамаған жауынгерді өлім жазасына кескен. Шыңғысхан әскерінде бір адам шайқас кезінде шегінсе немесе қашса құрамына сол жауынгер кіретін ондық түгел өлтірілген. ХІІІ ғасырда Еуропада басталған инквизиция католик шіркеуінің ілімінен дүниетанымы өзгеше адамдарға өлім жазасын (өртеу) қолданды. Ислам елдерінде кісі өлтірушілер, зинақорлар осы жазаға кесілді. Қазақ қоғамында да жазаның бұл түрі ауыр қылмыс жасағандарға қолданылды. «Қанға – қан» қағидасын бірте-бірте құн төлету жазасы ығыстырғанымен, соғыс кезіндегі сатқындық, туыс адаммен көңіл қосу сияқты бірқатар қылмыстар үшін өлім жазасына кесті (ат құйрығына байлау, таспен атқылау). Қоғамды ізгілендіру ағымының қарқын алуы нәтижесінде әлемнің барлық елдерінде БҰҰ -ның өлім жазасын жоюға бағытталған шаралары жолға қойылғанымен, дүниежүзінің кейбір мемлекеттері ең ауыр жазаны қолданудан бас тартқысы жоқ. Қанша құзырлы болса да, Біріккен Ұлттар Ұйымы көп жағдайда мемлекеттердің ішкі шаруасына араласа алмайды. Әйтсе де, халықаралық ұйым әлемдік қауымдастықтың атынан өлім жазасын қолдану барысында бірқатар шектеулердің болғанын өтінген болатын. Біріншіден, өлім жазасына қолданылатын аса ауыр қылмыстар тізімі қысқаруға тиіс. Ең әуелі, «адам өліміне абайсызда әкеп соқтырған қылмыстар» тізімнен шығарылуы керек. Екіншіден, өлім жазасына 18-ге толмаған және 70-тен асқан адамдар тартылмауға тиіс. Үшіншіден, БҰҰ емшек жасындағы сәбиі бар аналар мен жүкті әйелдер де өлім жазасынан босатылуын ескертеді. Жазаның бұл түрін ең көп қолданатын мемлекеттердің көшін Қытай бастап тұр. 2009 жылға дейін қытайлықтар аса ауыр қылмыстыны атып өлтірсе, бертін келе инъекцияға жүгінді. Зерттеушілердің айтуынша, әлемде өлім жазасының негізгі жеті түрі бар. Олар – ату, дарға асу, таспен ұрып өлтіру (кейбір мұсылман мемлекеттерінде әлі күнге дейін кездеседі), дәрі салып өлтіру (АҚШ, Филиппин, Таиланд, Қытай), электр орындығына отырғызу (АҚШ), басын алу, газ камерасын қолдану. Жапония, Иран, Ирак, Ауғанстан және Солтүстік Кореяда қылмыскерді дарға асып өлтіру заң бойынша бекітілген. Сауд Арабиясында, Йемен мен Катарда айыптының басын алу оқиғалары жиі тіркеледі. Ал атып өлтіру жазасы әлемнің санаулы мемлекетінде ғана сақталған. Солардың арасында Солтүстік Корея мен Белоруссияның аты ерекше аталады. Белоруссия – өлім жазасынан бас тартпаған Еуропадағы жалғыз мемлекет. Беларусь Республикасы жазаның ең ауыр түрін «геноцид», «соғыс ұйымдастыру», «лаңкестік әрекет», «Отанға опасыздық жасау», т.б қылмыстар үшін қолданып келеді. 1996 жылы бұл елде өлім жазасын алып тастау мәселесі жалпыхалықтық референдум талқысына салынған болатын. Референдумға қатысқандардың 80,5 пайызы ауыр жазаның сақталуын қолдады. Өлім жазасының қолданылуы Белоруссияның Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясына арнайы шақыру мәртебесін алуына кедергі келтіруде. Мемлекеттің Бас прокуратурасының ресми мәліметтері бойынша, 2009 және 2010 жылдары екі-екіден, 2011 жылы үш, 2013 жылы төрт адам өлім жазасына кесілген. 2012 және 2014 жылдары белоруссиялық сот мұндай үкім шығарған жоқ. 2015 жылы екі қылмыскерге өлім жазасы тағайындалды. Ал 2016 жылдың алғашқы қатал үкімі қаңтар айында шығарылды. Өзімен бірге тұратын әйелді аса қатыгездікпен өлтірген белоруссиялық азамат соттың шешімімен өлім жазасына кесілді. Вилейки тұрғынына өлім жазасын Минск облыстық соты тағайындады. Қылмыскер бұрын да өлімге әкеп соққан ауыр дене жарақатын салғаны үшін сотталған екен. КСРО кезінде ол адам өлтіргені үшін ату жазасына кесілген, алайда үкімді жоғарғы инстанция бұзды. Тиісті мерзімін өтегеннен кейін ол бостандыққа шықты. Бұл жолы кісі өлтіруші ауыр жазадан құтыла алған жоқ. Қазақстанда өлім жазасының қайтадан қалпына келтірілуін қолдайтындар тарихтың көне беттерінен мысал келтіріп, «Жеті жарғыда» аса ауыр қылмыс жасағандарға жан жазасы берілгенін, яғни өлім жазасына кесілгенін алға тартады. Тәуке хан тұсында қолданылған әдет-ғұрып заңы бойынша көтеріліс жасап, бүлік шығарған, өреде тұрған немесе тұсаулы сәйгүлікті ұрлаған, туыс түркі халықтарының мүддесін сатып, елге опасыздық жасаған адамдарға, Құдайға тіл тигізгені жеті адамның куә болуымен расталған мүмінге, некедегі күйеуін нақақтан нақақ өлтірген әйелге, біреудің әйелін күш қолданып, алып қашып кеткен еркекке жазаның ең қаталы тағайындалғаны рас. Би-қазылар «Жеті жарғы» заңы бойынша қылмыстың ауырлығына қарай өлім жазасының ағашқа асу, асау аттың құйрығына байлап жіберу, садақпен ату, қыларқан салып қылқындырып өлтіру секілді түрлерін қолданғаны да шындық. Ата-бабамыздың салтын ұлықтап, дәстүрді дәріптейтін халықпыз. Алайда БҰҰ бастаған халықаралық ұйымдардың мүшесі бола тұра, әлемдік қауымдастық қолдап-қуаттаған шаралардан тыс қала алмаймыз. Заңдарымыз солармен қабысып, саясатымыз сабақтасып жатуы керек. Әлі күнге дейін өлім жазасынан бас тартпай отырған ТМД мен Еуропадағы жалғыз мемлекет – Белоруссияға бүгінде оң қабақ танытатындар көп дей алмаймыз. Сондықтан демократиялы, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде әлемдік аренадағы абыройымыз бен беделімізді сақтау аса маңызды. Өйткені бүгінде айбынымыз абыройға, берекеміз беделге тәуелді болып тұр.Анар ЛЕПЕСОВА