Жаңалықтар

42 500 теңге: Бүгіннен бастап азаматтардан өтініш қабылдау тоқтатылды

ашық дереккөзі

42 500 теңге: Бүгіннен бастап азаматтардан өтініш қабылдау тоқтатылды

Бүгіннен бастап 42 500 теңге әлеуметтік төлемді алуға өтініштер қабылдау тоқтатылды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мәлімдеді.  «42 500 теңге төлем - төтенше жағдай режиміндегі шектеулерге қатысты жұмыс істеп жүрген азаматтардың табысынан, жалақысынан айырылған жағдайда төленеді. Осы күнге дейін барлығы 4 млн 539 мың адамға осы төлем тағайындалып, төленді. Оның жалпы сомасы 193 млрд теңге. Оның ішінде осы төтенше жағдайдың бірінші айында, яғни 16 сәуірге дейін 3 млн 735 мың адам өтініш берген. Осы адамдар екінші айға да төлем алуға құқылы. Мамыр айының басында ол төлемдерді іске асыра бастадық», - дейді министр. Б.Нұрымбетовтің айтуынша, 5-6 мамыр күндері 2 млн-ға жуық адамның шотына төлем аударылған. «11 мамырда төтенше жағдай режимі аяқталды, сондықтан бүгіннен бастап 42 500 теңгеге қатысты өтініштерді қабылдауды тоқтатамыз. Ал 11 мамырға дейінгі өткізілген өтініштер міндетті түрде қаралып, ережеге сәйкес болса тағайындалып, төленетін болады», - деді ведомство басшысы. Еске сала кетейік, бүгін ТЖ режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев 42 500 теңге алған азаматтар қайтадан "көлеңкеге" кетіп қалмауы керегін айтты. Мемлекет басшысы мемлекеттік қолдауға, күрделі шақта әлеуметтік қолдауға, келешекте лайықты зейнетақыға – тек ресми жұмыс істеп, салық төлейтін азаматтар ие болатынын еске салды.