Ажарланамын деп ажал құшқандар аз емес
Ажарланамын деп ажал құшқандар аз емес
Елімізде әрбір оныншы әйел инеге әуес
Ботокс – сұлулық индустриясындағы сұранысы жоғары процедуралардың бірі. Беттегі ұсақ әжімді жойып, қыртысты қатпарларды сейілтуде күші біршама сеп. Оның диспорт, ксеомин және лантокс сынды түрлері де бар. Мамандардың айтуынша, бұл – бетті әжімнен арылтуға мүмкіндік беретін таптырмайтын әдістер. Инъекциялық екпе болғанымен, фармацевтикалық дәрі санатына жатпайды. Бейресми есепке жүгінсек, бүгінде Қазақстанда әрбір 10-шы әйел осы инеге әуес көрінеді. Сала мамандарының пікірінен ұққанымыз, қазір отандық қыз-келіншектер дидарын екпенің көмегімен әрлендіре түсу үшін медициналық білімі жоқ косметологтардың алдына барудан да жүрексінбейтін болған.
«Мен өз бетімен үйренген косметологтардан қорқамын. Себебі арнайы медициналық білімсіз бұл салаға келсе, онда адам өміріне қауіп төндіреді. Ал бұл аса сақтықты қажет ететін іс. Косметологтың қызметіне жүгінуші өз кезегінде маманның құжаты бар-жоғына көз жеткізіп алуы қажет. Бір өкініштісі, адамдардың өздері арзан әрі тез жасалатын процедураны қабылдауға құмар», – дейді Эстетикалық медицина және пластикалық хирургия қауымдастығының жауапты хатшысы, дерматокосметолог Құралай Әлібаева. Ал осы қауымдастықтың президенті Гүлнар Жұматованың сөзіне сүйенсек, косметологиялық процедураларды жасайтын орындарды ешкім тексермейтіндіктен, оңай олжаға кенелгісі келетіндердің саны көбейіп барады. Ал Орал қалалық Тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Қапиет Ғинаятұлы сұлулық салондарында медициналық шаралардың жасалуына тыйым салу керек деп есептейді: «Сұлулық салондары өздерінің құзірет шегіне сай жұмыс атқаруы керек. Шаш қиғызу, бет бояу, тырнақ әрлеу секілді істермен ғана айналысуы тиіс. Ал онда медициналық процедуралардың жасалуы заңбұзушылық болып табылады. «Звезда Востокадағы» қайғылы оқиғадан қыз-келіншектер сабақ алғаны жөн. Әсіресе, беттеріне екпе жасатқысы келіп жүрген арулар ойланса екен. Эльвира Юсупованың ісі қазір тергеушілер қолында. Кінәсі дәлелденсе, косметолог 5 жылға сотталуы мүмкін. Бұл оқиға «ине салғыштарды» да ойландырар деп ойлаймын». Қазір «Звезда Востоканың» есігінде қара құлып тұр. Оралдық сән салонындағы қайғылы оқиғадан кейін елдегі барлық косметологтардың қызметі мұқият қаралуы мүмкін. Әзірге ешқайсысы аяқтарын тартар емес. Ғаламторда сұлулық екпесін жасайтын орталықтардың жарнамасы жарап тұр. Солардың біріне хабарласып, қызметтерінің құнын сұрадық. Телефон тұтқасын көтерген Ирина есімді клиника қызметкері процедураның түрлері мен бағасын жіпке тізгендей айтып берді: «Процедура мезотерапия одной зоны стоит – 17 тысячи тенге. Одна зона – это либо лицо, либо шея, или декольте. Инъекция диспорта стоит – 30-36 тысячи тенге. От зависимости фитомина ее стоимость около 230 тысячи тенге». Қалтаға аз салмақ түсірмесе де, жас әрі сымбатты көрінудің осы тәсілін қолданатын сылқымдардың саны күннен-күнге артып келеді. Өткен ғасырдың орта шенінде пайда болған пластикалық ота алғашында бет-әлпеті зақымданған, жараланған, түрлі жағдайларда дене мүшелеріне зиян келген адамдарға жасалса, бүгінде отаның бұл түрі көріктілердің бөріктілер назарын жаулау құралына айналған.Сұлулық отасының алғашқы қадамдары
Пластикалық хирургия тарихының тереңіне үңілсек, сұлулық отасы туралы алғашқы жазбаларды біздің заманымызға дейінгі үш мыңыншы жылдықта жазылған Мысыр папирустарынан кездестіруге болады. Үндістанда пластикалық хирургияның екі мың жылдық тарихы бар. ХХ ғасырдың жартысынан бастап пластикалық хирургияның жаңа саласы – эстетикалық хирургия пайда болды. Осы уақыттан бастап адамдар пышаққа денсаулық үшін емес, сұлулық үшін түсе бастады және сұлулыққа деген мұндай құштарлық «синдромға» айналды. Эстетикалық хирургияға сұраныс өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары өрши түсті. Ең алғашқы сұлулық отасы Грузияда жасалды. Мұрындарының қоңқақтығын кемістік көрген тау қыздары ерлерін одан бетер ынтықтыра түсу үшін мұрын үсті сүйегін сындырып, оны түзетіп, қайта салдыртуға бел буған. Кешегі күнге дейін денесіне пышақ тигізіп көрмеген қазақ қыздарына да бүгінде сүт безін үлкейтіп, мұрын мен қабақты түзеу, беттің әжімдерін тарттыру сияқты операциялар таңсық емес. Пластикалық хирург Махан Тынышбаев Қазақстанда эстетикалық медицинаға сұраныстың артуын халық әл-ауқатының жақсаруымен байланыстырады. Яғни, тұрмысы түзелген сайын адамдар бет-әлпеті мен дене сымбатына көбірек көңіл бөле бастайды деп есептейді. Маманның айтуынша, елімізде пластикалық ота көмегіне жүгінетіндердің басым көпшілігін қабаққа қатпар салдыру, бет терісін жаңарту, мұрын, ерін, құлақ пішінін өзгерту сынды операция жасатқысы келетіндер құрайды. Одан кейінгі орында – беттің әжімін тартқызуға ниеттілер. Ал үшінші орында – артық майдан арылу, емшек бездерін үлкейту оталарын жасатуды құп көретіндер.5000 ота – 1 өлім
Сұлулыққа іңкәрлік адамға жаратылыстан берілген ерек қасиет. Сондықтан бет-әлпетінің, дене мүшелерінің кем-кетігін түзеп, әдемі көрінгісі келетіндерді жазғыра алмаймыз. Біздің көксегеніміз – жасанды сұлулықтың зардабы тым ауыр болатынын ескерту ғана. Соңғы зерттеулерге қарағанда, әлем бойынша жасалатын пластикалық операциялардың 25 пайызы сәтсіз аяқталады немесе күрделі асқынуларға ұласады. Ал әрбір 5 мыңыншы ота өліммен тынады. Құрбандар санын арттыратын сәтсіздіктің бастауында дәрігерлердің біліксіздігі мен қателіктері тұрары сөзсіз. Пластикалық хирургияның рақатынан гөрі азабы көп екенін тері ауруын емдеумен айналысатын мамандар да жоққа шығармайды. Астана қаласы Дермотология және ЖҚАААЕ орталығының директоры Жұлдыз Данбаева өз тәжірибесінде мұндай жандардың көп болғанын айтады. «Біздің орталыққа жуырда көзіне пластикалық операция жасатқан қыз түсті. Көзін тіккен жіп оның ағзасында кері реакция тудырған. Біз оны ұзақ уақыт емдеп, жаздық», – дейді ол. Тағы бір айта кетерлігі, пластикалық операцияны бір жасатқан адам міндетті түрде екінші рет қайта жасатады екен. Солай етуге мәжбүр. Өйткені дене мүшелеріне орнатылған жасанды силикондарды ары кетсе 10 жылдан соң қайта ауыстыруға тура келеді. Сұлулық отасының келеңсіз салдарлары көбейгенін Еуропа дәрігерлері де мойындап отыр. Себебі дәлел жеткілікті. Мәселен, пластикалық хирургия саласындағы ең сорақы қателік – атақты поп-жұлдыз Майкл Джексонның мұрнына жасалған операция. 1979 жылы сахнада өнер көрсетіп жүргенде абайсызда құлап қалып, мұрнын сындырып алған әнші хирургқа жүгінуге мәжбүр болды. Бұл оның келбетін өзгертудегі алғашқы қадамы еді. 1985 жылдан бастап оның терісінің түсі ағара бастайды, бірақ Майклдың шығармашылығына мұқият ден қойған көрермен мұны бастапқыда гримнің нәтижесі деп түсінді. Ал 1987 жылы Джексон түр-түсін толығымен ағартып, жаңа келбетін – витилиго дертінің салдары деп пайымдайды. Қайта-қайта жасалған оталар ағзасына кері әсер беріп, 2001 жылы әнші мұрнының пішінін жоғалтады. Бейресми деректерге сүйенсек, поп-жұлдыз 50-ден астам пластикалық операция жасатқан. Бұл – батыс өнерпаздарының арасындағы пластикалық ота жасату бойынша рекордтық көрсеткіш. Майкл операциялардың көбіне қара нәсілді белгілерінен арылу үшін барған екен. Рок-н-ролл королі Элвис Преслидің жұбайы 64 жасар Присцилла Пресли де біліктілігі төмен дәрігердің құрбанына айналды. Дәлірек айтсақ, Аргентинадан келген Дэниель Серрано Голливудтың көптеген жұлдыздарына әжімдерден сақтайтын жаңа препарат ойлап тапқанын жарнамалап, жаппай еге бастайды. Жарнамаға алданған актриса иненің зардабын өмір бойы тартуға мәжбүр. «Даллас» сериалы арқылы аты әлемге жайылған Присцилла Преслидің соңғы уақытта үнемі күлімсіреп жүретінін батыстық БАҚ жарыса жазды. Сансыз операциялардан қажығандықтан, оның бетінің бұлшықеттері жиырылу қасиетінен айырылған. Оны қалпына келтіруге заманауи медицина қауқарсыз. Тағы да ота жасатар болса, салдары тіпті ауыр болуы мүмкін. Жасанды сұлулыққа құмартқан арулар сұлулық екпесінің кесірінен көз жұмған оралдық келіншектің кебін кие ме деген үрей бізді пластикалық отаның тек көлегей тұстарын көрсетуге итермелегені рас. Алайда қоғам үшін оның игілігі де көп екенін мойындауға тиіспіз. Дене бітімінде туа бітті кемістігі бар балаларға, түрлі апаттардан жарақат алған адамдарға үміт сыйлайтын да – пластикалық хирургия. Жол апатынан, өрттен зардап шеккен адамдардың бетінде, денесінде қалған тыртықтардан, дақтар мен күйіктің іздерінен отаның көмегімен арылуға болады. Жасанды сұлулық үшін пышақтың астына түсетіндердің ісін құптамайтын қасиетті дінімізде мәжбүрліктен жасалған пластикалық операцияға рұқсат берілгенін айта кеткен жөн. Хадистердің бірі: «Алла бір ауру жіберген болса, оның емін де жіберген» дейді.