20 Сәуір 2016, 11:00 5910 0 Әлеумет "Түркістан" газетінің авторлары

Қазақ фермерлігі қандай болмақ?

көрнекі сурет
көрнекі сурет

Өткен аптада Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Ұлттық аграрлық ғылым-білім орталығы» КАҚ, Халықаралық ауылшаруашылық экономистері ассоциациясының (IAAE), Өтпелі экономикалы елдердегі аграрлық дамудың Лейбниц институтының (IAMO, Германия) бірлесуімен ынтымақтастық-ықпалдастық жағдайында «Жібек жолы бойында ауыл шаруашылығын жандандыру: Орталық Азия аймағында ресурстар мен сауданы қайта құрылымдау» атты тақырыпта халықаралық ғылыми конференция-симпозиумы өтті.

Конференцияның ашылуында Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов: «Бүгінгі таңда Қазақстанда 191 мыңнан астам агроқұрылымдар мен 1,5 миллионнан астам үй шаруашылықтары бар. Ал агроқұрылымдардың 183 мыңнан астамы, яғни 95 пайызы – кәдімгі шаруа қожалықтары. Сол шаруа қожалықтарының 40 пайызының ауыл шаруашылығына пайдаланатын жерлерінің көлемі 10 гектардан аспайды. Ал қалғандарының жер көлемдері 50 гектардай болады. Мұндай шағын қожалықтармен ауыл шаруашылығын қалай дамыта аламыз? Оның үстіне олардың өндіріп отырған тауарларының бәсекеге қабілеттілігі төмендеу. Сондықтан мұндай құрылымдарды кооперацияға біріктіріп, елімізде ірі аграрлық құрылымдар қалыптастыруымыз қажет. Сонда ғана, оларға инвестиция арқылы инновациялық технологияларды ендіре отырып, қазақстандық брендке айнала алатын ет-сүт өнімдерін экспортқа көптеп шығара аламыз», – деді.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен өткен Халықаралық конференция жұмысына 30 елден 200-ге жуық белгілі ғалым-зерттеушілер қатысты. Жиын барысында ұйымдастырылған 27 сессия жұмысына 150 баяндама ұсынылды. Жиын барысында әр елден келген ғалымдар сөз сөйлеп, ауыл шаруашылығын жаңа бағытта дамыту жөніндегі пікірлерімен бөлісіп, тәжірибелерін ортаға салды.

Үш күндік халықаралық конференция-симпозиум жұмысында аграрлық білім мен ғылымның әр саласы бойынша семинар-талқылаулар өткізіліп, қорытынды жиында қатысушы елдер аграрлық білім, ғылым саласын әріптестік жағдайында дамыту мақсатында бірлескен Меморандумға қол қойды.

Цви ЛЕРМАН, Еврей университетінің профессоры (Иерусалим):

Соңғы он жылдың көлемінде Израиль мемлекеті дүние жүзіне «аграрлық ғылымның негізгі ошағы» ретінде танылды. Біз үшін түрлі ғылыми зерттеулер академиялық өміріміздің негізгі секторы. Ғалымдарымыздың жүргізіп отырған ғылыми зерттеулерінің арқасында мемлекетіміздің ауыл шаруашылығы саласы барынша дамып, осыдан 20-25 жыл бұрын қолданысымызда мүлде болмаған дәнді дақылдарды өндіріске шығарып отырмыз. Мысалы, көптеген елдерде бидай, мақта сияқты өнімдер өндірілсе, біз түрлі субтропикалық жемістерді, қызанақ пен қиярдың жаңа сорттарын, сонымен қатар Еуропа елдеріне жылыжай гүлдерінің үлкен топтамасын экспорттаймыз.

Отандық аграрлық ғылымнан бөлек Израиль – ұйымдастырушылық тәжірбиесі мол, ауыл шаруашылығы кооперативі жақсы дамыған ел. Дегенмен, біздің елдегі кооператив түсінігі мен бұрынғы КСРО елдеріндегі, соның ішінде Қазақстандағы кооператив түсінігінің арасында айырмашылықтар байқалады. Бізде сервистік кооперация жүйесі бар. Ол ­кәсіп­орын, қожалықтардың бірігуі арқылы емес, шағын қожалықтар жұмысын дамыту, ірілендіру арқылы жүзеге асады. Өткенге көз жүгіртсек, осыдан шамамен 34 жыл бұрын Израиль өте кедей мемлекеттердің қатарында болды. Ғылымды, ауыл шаруашылығы секторын дамыту арқылы бүгінде біздің ел дамыған, бай елдердің дәрежесіне көтерілді.

Дәл қазіргі уақытта бидай экспорттаушы елдердің көшбасшыларының бірі саналатын Қазақстанның ғылыми зерттеу мен аграрлық секторды жаңаша ұйымдастыру арқасында егіннің өнімділігін одан әрі арттыруға барлық мүмкіндік бар. Мемлекеттің қолдауы, аграрлық секторды дұрыс ұйымдастыру арқылы Қазақстан әлемдік нарыққа тек дәнді дақылдар ғана емес, өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттай алатын әлеуеті зор.

Мартин ПЕТРИК, Өтпелі экономикалы елдердегі аграрлық дамудың Лейбниц институты, Ауыл шаруашылығы саясаты Департаменті басшысының орынбасары (IAMO, Германия)

Қазақстанның ауыл шаруашылығына қолайлы жерлері көп болғандықтан, әлем нарығында бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіп секторын дамытуға барлық мүмкіндігі бар. Мұнда астық, көкөніс өндіріс және мал шаруашылығы жақсы дамыған. Біздің ойымызша, мемлекет ауыл шаруашылығы өндірушілеріне бақылауды азайтып, фермерлердің өздігінен дамуына, әлемдік нарықта сұранысқа ие тауарлардың өнімділігін арттыруына мүмкіндік бергені дұрыс деп есептеймін.

Қазіргі кезде шаруалар мен кәсіпкерлерді кооперацияға біріктірудің тиімді жақтары көп айтылуда. Ол үшін ең алдымен кооперацияға біріккен жеке шаруа қожалықтары тиісті дәрежеде пайда көре алатындай етіп арнайы стандарттар үлгісін дайындап алған дұрыс. Қазақстан күннен-күнге ерекше қарқынмен дамып келе жатқан, мүмкіндігі әлдеқайда жоғары мемлекет. Аграрлық секторды жандандыру үшін мемлекет тарапынан да арнайы шаралар уақытылы қолданылады.

Алайда кез келген нәрсе бірден жүзеге аспайды, мемлекет шағын кәсіпкерлерге қысым жасамауы керек. Олардың дамып, нарыққа көп көлемде өнім шығарып, ел экономикасына айтарлықтай үлес қосуы үшін бірнеше жыл уақыт керек. Фермерлерге қай салада сұраныс бар, сол қызметпен айналысуына қолдау көрсеткен дұрыс. Жалпы өзге мемлекеттермен салыстырып қарасақ, Қазақстанда мал шаруашылығымен кәсіпкерлер жеке-дара, мемлекеттің қолдауынсыз өз күшімен айналысады. Олардың еңбек өнімділігін арттыру үшін шағын кәсіпкерлікке деген қалыптасқан көзқарасты өзгерту керек, мемлекеттік қолдау мен шағын пайызды несиелерге қолжетімдігін қамтамасыз етуі тиіс. Міне, осындай қолдаулар болған кезде ғана шаруалар өз кезегінде бойында бар барлық күш-қайратымен жұмыс істеп, фермалардың өнімділігін арттыруда, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және халықты отандық өндірістің экологиялық таза өнімімен толықтай қамтуда үлкен жұмыстар атқарады.

Томас ХЕРЦФЕЛЬД, IAMO директоры:

– Қазақ ұлттық аграрлық университетінде ұйымдастырылып отырған конференция барысында Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Қазақстан ғалымдарының жасаған баяндамаларынан бұл елдердің барлығына ортақ проблеманы аңғардық. Негізінен бұл техникалық, технологиялық құралдарға байланысты болып келеді. Ұсақ тауарлы өндіріс орындарының басым бөлігі заманауи техникамен жабдықталмаған. Бұл кәсіпорындардың ақпарат алмасу, кейбір салалар бойынша өзге де өндіріс орындарымен, шетелдік компаниялармен тәжірибе алмасуға мүмкіндіктері аз. Мысалы, азық-түлік бойынша әріптестік арқылы ­кәсіп­орындар сүт, ет сияқты өз өнімдерімен, техникалық құрал-жабдықтармен, түрлі ақпарттармен алмасуына болады. Осылайша фермерлер бірігіп, импортқа тауар шығарады. Бұл соңғы 20 жыл көлемінде қолданыста жүрген әдіс болып табылады. Менің ойымша, фермерлердің бірінші кезекте қызмет көрсету, яғни сервистік саласы бойынша бірігуі тиімді. Себебі ұсақ шаруашылықтар жеке-дара нарықты жаулай алмайды.Қазақстан кооперацияның дәл осы түрі бойынша біріктіруді қолға алуы керек деп ойлаймын, болашақта фермерлер бұл әріптестіктің тиімділігін, пайдасын біртіндеп түсінетін болады.

Александр ПРИЩЕПОВ, Копенгаген университеті профессоры:

– Қазіргі таңда Украина, Ресей, Қазақстан аумағындағы ауыл шаруашылығы бағытында пайдаланылмай, яғни бос жатқан жерлерді бағалау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл мемлекеттердің территориясында 60-70 млн гектар жердің игерілмей, бос жатқандығы анықталды.  Солардың ішінде игерілмеген жерлер Ресейде 50 млн гектардан астам болса, Қазақстанда шамамен 10 млн гектар. Әрине, оларды біртіндеп, ауыл шаруашылығы айналымына қайта енгізу шаралары қолға алынды. Тұтынушы тағаммен қамтамасыз ету үшін, осы жерлерді тиімді пайдаланып, астық, дақылдар егу үлкен пайда әкелетіні даусыз. Себебі ұзақ жылдардан бері ешқандай өнім егілмеген жердің құнарлылығы да жоғары болуы мүмкін. Әрине, қараусыз қалған, игерілмеген жерлердің барлығын дерлік пайдалана алмаймыз. Бұл ретте ауыл шаруашылығын дамытуға жерсеріктік мониторинг жүйесін енгізу маңызды рөл атқарады.

Қазақстан бүгінгі таңда негізінен бидай экспортына, дәнді дақылдар өсіруге көп көңіл бөлуде. Ал бұдан біраз жыл бұрын ­Қазақстанда ауыл шаруашылығындағы негізгі кәсіп пен кіріс көзі мал шаруашылығы болған. Меніңше, бұл келешегі мол сала болып табылады. Оның үстіне Қазақстанда ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған «Агробизнес-2020» сияқты тиімді бағдарламалар енгізілуде. Сондықтан сапалы мал өнімдерін экспортқа шығару үшін Қазақстанның әлеуеті өте жоғары деп есептеймін.

 

Маржан ҒАБДЫСАТТАР

Соңғы жаңалықтар