Алдын алған топан су тұрғындарға онша қауіпті емес

Алдын алған топан су тұрғындарға онша қауіпті емес

Алдын алған топан су тұрғындарға онша қауіпті емес
ашық дереккөзі
  Еліміздің бірқатар өңірінде су тасқынымен күрес жұмыстары күшейтілді. Бұл туралы жақында ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында мәлім болды. БАҚ өкілдерімен кездесуге келген ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер: «Ауа райы мәліметтерін ескере отырып, біз Ішкі істер министрлігінің Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы құтқарушылар топтарын жедел құтқару бөлімшелері, өрт сөндіру қызметі және апаттық құтқару жұмыстары есебінен күшейттік. Бүгінгі күні су басқан 535 үйдің 421-інен су сорылып алынды, төтенше жағдай аумағынан дер уақытында 969 адам қауіпсіз жерге көшіріліп, 17 адам құтқарылды. Қазіргі уақытта 504 адам өз үйлеріне оралды, 437-сі туған-туыстарының үйлеріне, ал 28-і эвакуация бекеттеріне орналастырылды», – деді. Комитет басшысының айтуынша, су тасқыны қаупі туындаған сәттен 2488 ірі қара мен ұсақ мал қауіпсіз жерге көшірілсе, бүгінгі күні олардың 1500 басы иелеріне қайта жеткізілді. «Бүгінгі күні төтенше жағдайлар аумағында 36 мыңнан астам уақытша бөгет тұрғызылып, 145 мыңнан астам қап инертті материал төселді, 1 млн текше метрден астам тасқын су айдалды», –  деді В.Беккер. Оның сөзіне қарағанда, су тасқынымен күрес жұмыстарына 4127 адам, 1140 техника, 259 су сорғыш құрылғы, 41 қайық жұмылдырылған. Айта кетерлігі, су тасқыны кезеңіне дайындалу мақсатында халық пен аумақты инженерлік қорғау үшін 90-нан астам шақырым қорғау бөгеті салынып, 455 шақырым қолданыстағы қорғау бөгетіне жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұған қоса, 180-ге жуық шақырым тасқын қауіпті өзен арналарында жаға бекіту және түбін тереңдету жұмыстары жүргізілді. Ағымдағы жылғы су тасқынының алдын алу және олардың салдарын жою мақсатында 27,5 мың тонна жанар-жағармай, 400 мыңнан астам тонна инертті материал, 1,3 миллион қап т.б. жұмсалмақ. Жиында белгілі болғандай ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер Астананы су басу қаупі жоқ екендігін жеткізді. Елорданың кейбір аймақтарында су басу қаупі жоғары жерлер бұған дейін де халықтың мазасын қашырған болатын. Сондықтан қала тұрғындары үшін алдын алу шараларының тиісті деңгейде орындалуы аса маңызды болмақ. Бұл турасында Владимир Беккер: «Вячеславск немесе Астана су қоймалары артық су көлемінен дер кезінде арылды», – деді. Оның айтуынша, 6 сәуірде Вячеславск су қоймасынан артық суды ағызып жіберу жұмыстары қолға алынған. «Бүгінде суды ағызу секундына шамамен 110 текше метр көлемінде жүргізілуде. Астанаға дейін жету уақыты  шамамен 2 күн. Есіл өзенінің қалалық тармағына секундына не бәрі 5 текше метр су жіберілуде. Қалған судың барлығы да Астана қаласын қорғау кешені деп аталатын қарсы реттегішке ағызылуда. Бүгінде ол жақта 20 млн текше метрден астам су жиналған. Сондықтан Астанаға еш қауіп төніп тұрған жоқ», – деді В.Беккер. Комитет басшысының сөзіне сенсек, бұл суды қарсы реттегіште ұстап тұру жоспарланған. Одан кейін бұл су бірқатар өңірдегі су тасқыны қаупі басылғаннан кейін өзенге жіберіледі. «Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облысындағы төтенше жағдай өткеннен кейін бұл суды біз біртіндеп, 30 текше метрге дейін көлеммен өзенге ағызатын боламыз», – деп түсіндірді комитеті басшысы. Жиында белгілі болғандай, топан судан зардап шеккен Солтүстік Қазақстан облысы республикалық бюджеттің қаражатына зәру. Бұлай деп мәлімдеген Төтенше жағдайлар комитетінің басшысы өңір әкімдігі қазір арнайы өтініш әзірлеп жатқандығын да айтты. «Менің білуімше, Солтүстік Қазақстан республикалық бюджеттің қаражатына зәру. Өтініш келсе, міндетті түрде қаржы бөлінеді. Жалпы, топан сумен күресу үшін қазынадан 14,5 миллиард теңге қарастырылған. Бұл сомма өткен жылдағы көрсеткішпен тең», – деді ол. Бүгінгі таңда қызыл су еліміздің бірнеше аймағына әлі де қауіп төндіріп тұр. Мәселен, Ақмола облысының Атбасар ауданында, Қызылжар қаласы мен Солтүстік Қазақстанның 8 өңірінде төтенше жағдай режимі сақталуда. Сонымен қатар, Қостанай, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстарының су қоймалары мен өзендері арналарынан тасуы мүмкін.  

Еркежан ЖҰМАТАЙ