Айдос Есмағамбетов: Голливудтан асып түсетін туынды жасағым келеді
Айдос Есмағамбетов: Голливудтан асып түсетін туынды жасағым келеді
Айдос Есмағамбетов – «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, елімізден шыққан алғашқы гиперреалист-мүсінші, суретші. Astana Musical мемлекеттік театрында гример болып жұмыс істейтін Айдоспен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Алғашқы тырнақалды жұмысыңызды Елбасының мүсінін жасауға арнауыңызға не себеп болды?
– Мен кішкентайымнан сурет салуға құмар болып өстім. Бұл қанмен берілген қасиет болса керек. Әкем сурет салып, мүсін жасаумен, анам кесте тігумен айналысады. Өзім Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтында «бейнелеу өнері және сызу» мамандығы бойынша кәсіби білім алдым. Мамандық таңдауда қателескен жоқпын деп ойлаймын. Өйткені сурет, мүсін өнеріне бала кезден ғашықпын.
– Жеке тапсырыспен жұмыс істейсіз бе?
– Жеке тапсырыспен әлі жұмыс істеп көрген емеспін, өз басым ондайды онша ұната қоймаймын. Елге еңбегі сіңген, халықтың сүйіктісіне айналған, мүсін жасауға лайық тұлғаларды сомдауға дайынмын.
– Бір мүсінді бастан-аяқ жасап шығуға қанша уақыт жұмсайсыз?
– Мүсіннің қанша уақытта бітетіні жұмыстың қиындығына байланысты. Мысалы, мадам Тюссо музейінің мүсіншілері бір жұмысты 4 айдан 1 жылға дейінгі уақытта жасап бітіреді. Мен де бір жұмысты жасауға дәл осындай уақыт жұмсаймын. Бірақ мадам Тюссо музейінде 1 жұмыспен 15 шақты адам айналысады. Біреуі көзін, екіншісі киімін жасайды. Ал үшіншісі шашын орнатады, яғни олар бір адамның мүсінін жасауға команда болып жұмылады. Мендегі ерекшелік бәрін бір өзім жасайтындығымда. Болашақта өзім командамен жұмыс істегенді қалаймын. Бұйырса осы жолда біраз еңбектеніп, тер төгіп, команда құрып, шәкірт тәрбиелеп, білгенімді үйретуді қолға аламын.
– Тұлғаның бейнесін жасау барысында қалай ізденесіз?
– Кейіпкерім тарихи немесе заманауи тұлға болсын, барынша шынайы мәліметтерді жинаймын. Мысалы, Абылай ханның бейнесін жасайтын кезде антропологиялық мәліметтерге, оған қосымша тарихи деректер, әдеби негіздерге сүйендім. Кейде әдеби суреттеудің де пайдасы тиеді. Тұлғаның сырт келбетін, болмысын, мінезін зерттеймін. Ал негізінен кейіпкердің шынайы, детальді көрінген фотоларына қарап отырып мүсінін жасаймын.
– Мүсін жасауға пайдаланатын материалды қайдан алдыртасыз?
– Мүсін жасауға пайдаланатын балауыз, силикон сынды материалдарды шетелден тапсырыспен алдыртамын. Өзім силикон материалымен жұмыс істегенді жақсы көремін. Әлемде жаппай тараған індетке байланысты шетелге материалға тапсырыс беру жағы қиын болып тұр. Бүгінде өзімде бар аздаған материалдарымды пайдаланып жатырмын. Өзім америкалық танымал компанияның өнімін пайдаланамын. Мұнай бағасының арзандауы мен доллар бағамының өсуіне байланысты алдағы уақытта материалдың бағасы қымбаттауы мүмкін. Импортқа тәуелді болғандықтан, көнуге тура келеді. Өйткені елімізде мұндай материалдар өндірілмейді.
– Силиконнан мүсін жасау өнерімен айналысып жүргеніңізге 10 жыл болды. Осы жылдар аралығында сіздің өнеріңізге қандай көзқарас қалыптасты?
– Бізде, өкінішке қарай, суретшілердің, мүсіншілердің жұмысы аса бағаланбайды. Десе де ақырындап халықтың көзі ашылып, қызығушылықтары қалыптасып келе жатыр. Бұл ақырындап дамитын процесс деп ойлаймын. Өзім осы өнерді бастап қолға алғаннан кейін бір нәтиже шығарғым келеді. Болашақта Қазақстанда мадам Тюссо музейі секілді музей ашқым келеді. Егер музей ашылатын болса, оған қоятын тарихи және заманауи тұлғаларымыз өте көп. Біздің елімізде де осындай өнер бар екенін шет мемлекеттің туристеріне ұялмай көрсете аламыз.
– Косметикалық протез саласындағы ізденістеріңізден де хабардармыз.
– Осыдан 3-4 жыл бұрын силиконмен жұмыс істейтінімді естіп, косметикалық протез жасап көрсеңіз деп ұсыныс айтқандар болды. Мен силиконмен жұмыс істегеннен кейін протезбен жұмыс істеу қиын емес екенін біліп, келістім. Адамның сау қолының бедерін көшіріп алып, екінші қолын жасап бердім. 1-2 саусағы жоқ жандар мұндай протездерді қолғап сияқты киіп алады, сырттай қарағанда ешбір ақау білінбейді. Болашақта осы бағыттағы жұмыстар біздің елімізде де сұранысқа ие болады деп ойлаймын.
– Карантин жағдайында немен айналысып жатырсыз?
– Бұрын ұсақ-түйек жұмыстар үлкен істерді бастауға кедергі келтіріп тұратын. Ойға алған шаруаңды межелі уақытта бітіруге мүмкіндік болмайтын. Карантиннің бір пайдасы идеяларымды толықтыруға, ойымды жинақтауға мүмкіндік берді. Өзім әдеттегідей жұмысымды жалғастырып жатқан жайым бар. Жалпы, менің жұмысым карантинге қарамай-ақ, былайғы кезде де шеберханада қамалып отырып істейтін жұмыс. Мүсін жасау дегеніміз – өте нәзік процесс. Есікті қатты жауып алып, бар махаббатыңды арнап, шынайы беріліп жасағанда жұмысың сәтті шығады.
Сұхбаттасқан Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ